
Көреген Бағила Орынханқызы
«Жан-Нұр» жалпы орта білім беретін мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
Туыстық жүйенің ең басты негізгі бел ортасы – отбасы. Қазақ отбасы үш ұрпақтан тұрады. Ол: ата, әке және бала. Әке әулеттің басшысы.
Алайда, әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына ысыра салатын әкелер жетерлік. Осындай олқылықтың алдын қалай алуға болады?
Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің орны қандай? Елімізде декреттегі әкелер саны көбейген. Оған не себеп? Осы сауалдар төңірегінде айтыскер ақын, Аманжол Әлтаев және психолог маман, Балабек Кеніштайұлынан сұрап көрген едік.
Әке – ұлы күш пен сабырлықтың иесі іспеттес. Әке баласының физикалық және рухани тұрғыдан мықты болып өсуіне көп мән беру керек. Сондай-ақ ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау секілді адами қасиеттерді ұзын- сонар әңгіме немесе ақыл айтып емес, әке өзінің іс-әрекетімен көрсетсе бала санасында мәңгі есте қалады. ¬¬Отбасындағы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындауда ата- ананың рөлі ерекше. Себебі, бала тәрбиесі тек қана әкеге немесе анасына байланысты емес. Ал, кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың бала тәрбиелеу мәселесінде өзгешеліктер бар. Мысалы біздің әке-шешеміздің кезінде бала санасында әсіресе ер баланың санасында әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі ерекше еді. Анамыз әкеміздің қабағына қарап өсуге бейімдеп бізді тәрбиелеген болатын. Мысалы: «Әкең жұмыстан келеді», «әкеңмен ақылдас», «әкеңнен сұран», деген секілді қарапайым ғана тәрбиені біздің санамызға аналарымыз құйып отыратын еді. Ал, қазіргі кезді салыстырып қарасақ, әрине айырмашылығы көп. Қазіргі таңда, әкенің рөлі сәл төмендеп қалғандай көрінеді. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне иек артуы басым болып кетті. Меніңше, ұл рухты, намысты болып ер жетуі үшін, мейлінше әкесінің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанған принциптеріне қарап, бой түзейді..
Әкелеріміз бізге кезінде қандай ақыл, өнеге айтты, сол тәрибені біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп есептеймін. Әке тек қана ақылымен, сөзімен ғана емес, баласына жүріс тұрысымен, мінез- құлқымен тәрбие беруге тырысу керек. Ауыздың ұшымен, ақыл айтумен шектелу жеткіліксіз. Мен енді өзімнің отбасымда балаларым мен әке болып ақыл беріп, керек кезінде олардың досы секілді сырласып ой бөлісуге тырысамын. Әке болып балаға жөн көрсету деген аса маңызды және жауапты міндет деп есептеймін. Сондықтан бүгінгі қоғамда отбасындағы әкенің рөлі төмендеп бара жатқандығы ақиқат. Ол үшін, тек қана әкелер ғана емес, отбасының ұйытқысы аналар да жауапты. Баланың санасында әкесін тұлға ретінде қалыптастыруда ананың рөлі басым екені белгілі. Сондықтан әкенің тәлім тәрбиесін, ақылын алып өскен ұл қашанда мінезді, намысты болып ер жетеді деп ойлаймын. Отбасындағы кез-келген бала әкесінің тәлім- тәрбиесін, ақыл-кеңес алып өссе екен деп тілеймін.