Тіл – ұлттық құндылық
БАЛҒАБЕК ҚАРЛЫҒАШ МҰРАТҚЫЗЫ
Алматы қаласы білім басқармасының
«№ 174 мектеп-гимназия» КММ
Ұлт – төлқұжаттағы жазба да, тамырымыздағы қан да емес, рух пен туған жердің бірлігі. Тілге құрмет – ұлтқа міндет. Ұшы-қиыры жоқ мына үлкен әлемде 6000-ға жуық тіл бар. Қазақ тілі – әлемдегі 6000-ға жуық тілдердің ішіндегі тіл байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында тұр. Тіл – ең ұлы қару. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр.
Қазақ тілі – ақындар жырының сүйкімділігін, даладағы шөптердің сыбдырын, тау өзендерінің ағысын, көлдердің үнсіздігін жеткізе алатын құдіретті тіл.
Қазіргі таңда елімізде 8 мыңға жуық орта мектеп бар. Оның 5 мыңға жуығы мемлекеттік тілде, 1.5 мыңы орыс, 2 мыңға жуығы аралас орта білім беретін оқу орындары. Сонымен қатар, былтыр тілдерді дамыту мақсатында мемлекеттен 7 млрд. теңге бөлінген болатын. Өз Отанында тұрып, өз тілін білмейтін мәңгүрттердің саны күн санап артуы жүрекке найзадай тиетіні хақ.
Баласын өзге тілде оқытатын мектепке беріп отырған ата-ана, әрине, Қазақстанда мемлекеттік тілдің кең қанат жайып кететініне сенімсіз. Сол себептен де баласының өзге тілде оқығанын жөн санайды. Дегенмен, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екендігін естен шығармау керек.
Тілі өлген ел – тірі өлген елге тең.
