Абай тынысы – заман тынысы

Абай есімі – қазақ халқының рухани жаңғыруы мен мәдениетінің символы.
Абайды қазақсыз, қазақты Абайсыз елестету мүмкін емес. Абай – біртуар азамат, дара ақын. Алып ақын өзінің бар ғұмырын қолына қалам ұстап, жүрек сырын ақ қағазға түсіруге сарп еткен. Абайдың бар болмысы шығармашылыққа жаралғандай. Жастайынан қолына қалам алған, қазақтың маңдайына біткен дана ақын әрбір оқырманның жүрегінен ойып тұрып орын алған. Абай шығармалары күні бүгінге дейін өз құндылығынан айырылған жоқ.
Хакім Абайдың шығармаларының құны артпаса, кемімесі анық. Қазақтың нар тұлғасы Абайдың есімін тасқа қашап жазу да артық етпес.
Өз заманының көрнекті өкілі Мұхтар Әуезов “Абай үні, Абай лебі, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні” – деп Абайдың қоғамдағы орны мен бар болмысын айқындап бергендей. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Абайдың шығармаларынан нәр алып отыр.
Қазақ пен Абай тұтас бір ұғымға айналғандай. Осы тұрғыда Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы: “Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек” – деген болатын. Мұхтар Әуезовтың өзі “Абай мұхит, мен сол мұхиттың бетін шөміштеп қана қалқып алдым” – деген екен.
Хакім Абайдың сөздері кесіп түсер қылыштан да өткір болды. Кемеңгер тұлғаның еңбектері әрбір оқырманның жанына сая, көңіліне пана болды. Әр заманның өз ақындары болған. Дегенмен, Абайдай тұлғаны көптің бірі деуге келмейді.
Абай – жалғыз, қайталанбас тұлға. Өз еңбектерінде адалдық пен әділдікті дәріптейтін Абай тарих сахнасында өшпес із қалдырды.
Дананың сөзі – ақылдың көзі. Абай Құнанбаевтың қалдырған өсиет әңгімелері, білім нәрімен сусындап өскен қазақ жастарының санасында сайрап тұр. Абай тек қазақ жұртшылығының ғана көзайымы емес, есімі төрткүл дүниеге белгілі, күллі әлем таныған ғұлама ақын. Қазақтың нар тұлғасы Абайдың есімі Пушкин, Левшин сынды белгілі ақын – жазушылармен қатар қолданылады.
Уақыт бір орында тұрмайды. Өзі өлсе де, артынан өшпес із қалдырған Абай қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталмақ. Тағлымы биік, дара тұлғаның есімі тарих сахнасында алтын әріптермен таңбаланған.
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған.

Алматы қаласы №174 мектеп-гимназия
Балғабек Қарлығаш Мұратқызы
11 сынып оқушысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше