Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры

Садыкова Агиля Суиновна

БҚО, Ақжайық ауданы

Ақжайық аграрлық техникалық колледжі кітапханашысы

«Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры»
Тақырыптық кеш

Мақсаты: ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған, егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды атап көрсеткен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын басты бағыт етіп ұстана отырып, жастарға Тәуелсіздіктің қадір – қасиетін, құндылығын ұғындыру, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, өз ана тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтауға тәрбиелеу.

Жүргізуші: Сәләматсыздар ма құрметті ұстаздар, оқушылар! Еліміздің ең қастерлі мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік –мәңгілік елдің тұғыры» атты тақырыптық кешке қош келдіңіздер!

Биылғы жыл басында ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтулы датаға орай «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды айқындап берді. Ендеше бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған шарамызды ұйымдастыру барысында осы мақаланы басты бағдар етіп алуды жөн көрдік.

  1. Бағдар мен белес
  2. Таным мен тағылым
  3. Қоғам мен құндылық
  4. Ұлағат пен ұстаным

Осындай негізгі төрт бағыт бойынша жазылған мақаласында Президент «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз»-деп баса атап өткен болатын.

/ Көрініс көрсетіледі: /

Ата мен әже төрде отырады. (Ата домбыра шертіп, әже ұршық иіріп отырады)

Үйге мектептен қайтқан немерелері келіп кіреді.

Немере: Ата, әже,біз мектепте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына концерт қойғалы жатырмыз, соған сіздерді де тамашалауға шақырамын.

Ата: Әп бәрекелді, құлыным, әрине қуана –қуана барамыз. Қазақстанымыздың Тәуелсіздік алғанына да 30 жыл болып қалыпты-ау. Өтіп жатқан уақыт десеңші.

Әже: Шүкір, бұл күнді де көрдік, бірақ осы күнді армандап қаншама боздақтарымыз қыршын кетті –ау.

Ата: Ия балам, Тәуелсіздікке 30 жыл дегенмен де Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталған, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда, Алтын Орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

Әже: Бұл күнде қазақтың тарихына айналған ұмытылмас оқиғалар –ұлт – азаттық көтерілістері, 1921-22, 1931-33 жылдардағы қолдан жасалған аштық пен 1937-38 жылдардағы қазақ зиялыларын қынадай қырған репрессия, Ұлы Отан соғысы мен қала берді, кешегі Желтоқсан оқиғасы тарихта қанмен жазылып қалды. Тәуелсіздікке қандай қиын жолдармен қол жеткізгенімізді өзің сияқты жас ұрпақ ұғына білуі керек балам!

Ата: Әрине, осынау тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азаттыққа, бүгінгі тәуелсіздікке жеткізген ата-бабамыздың ерлікке толы тарихы екенін жастарымыз білсе дейсің ғой.

Әже: Өте дұрыс айтасың ,бабаларымыздан қалған асыл мұрамыз, аманат болған азаттығымызды ұстап тұру, көк туымызды көгімізде мәңгілік желбірету- жастардың еншісінде. Жастар ұлттық болмысымыздан, құндылықтарымыздан ажырамаса ғана –Мәңгілік ел боларымыз анық.

Немере: Мен бәрін де түсіндім ата-әже.

(Атасы мен әжесі немерелерін айналып толғанып отырады, соңында домбырамен қосылып ән шырқаумен көрініс аяқталады.)

Жүргізуші: Президент мақаласының алғашқы бөлімі «Бағдар мен белес» деп аталып, онда осы күнге дейін елімізде атқарылған дүние сараланады. Алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән берді. Үшінші онжылдықта еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдады. Ал алдағы төртінші онжылдықтағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу, – деп жазылған.

Қалқаман Сарин «Тәуелсіздік» өлеңі

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Жүргізуші:

Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті.

/ Тәуелсіздік туралы бейнебаян көрсетіледі /

Жүргізуші:

Президент өз мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деп атап көрсетті.

Сондай-ақ : «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті.

Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн» деп тәуелсіздігіміз, тарихымыз үшін өте келелі мәселені көтергені көңілге демеу болады.

Ерлан Ахмет «Тәуелсіздікке тәу ету» өлеңі

Ағыл да тегіл арындап арман ағысы,
Бүтіндеп бойын бүрленді бүкіл бақ іші.
Жанданып жатыр жарасын жалап жазатын
Табанын тұзбен тоздырған түздің тағысы.
Қағанаттардан Қазақстанға жеткендей,
Қамшы салдырмас қазанаттардың шабысы.

Айбаты асқақ арыстандайын алыстым,
Абылай болып жаныштым мысын Шарыштың.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек –
Алты алаш үшін құрбаны болған Намыстың.
Қайрат пен Ербол, Сәбира, Ләззат көз жұмған
Желтоқсандағы ызғарлы желмен қағыстым.

Тіні мен тілін, діні мен ділін сақтаған

Түпкілік тегім – Көк Түрік, Ғұн мен Сақ бабам.
Тарихын тасқа қашаған ұлы Күлтегін
Мұрасын мәңгі санаға құйып жаттаған.
Әкені – Таудай, ананы Күндей көретін
Халықпыз дана баланы балдай баптаған.

Ұмытылмайды өткізген зарлы, шерлі күн,
ұрпаққа мирас етерде осы теңдігін.
Ұлықтай берем арыстарымды азаткер,
Ұлы Даламның аманаттаған кеңдігін.
Мерейің тасып, мәртебең өссін, өрелім,
Мызғыма, жұртым, Мәңгілік болсын елдігің!

Жүргізуші:

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,

Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.

Кеудеңде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын, айналайын жас қайраты халқымның.

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы.

Өздеріндей ер намысты жас өркені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы! –деп ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов ағамыз тебірене жырлаған Желтоқсан оқиғасына да биыл 35 жыл болады.

Бұл турасында Президент Қ.Тоқаев «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп атап көрсетті. Шағын бейнебаянға назар аударайық

/ « Бір сурет тарихы» Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген тарихи суреттің біріндегі кейіпкер қыздың естелігі туралы бейнебаян көрсетіледі /

Жүргізуші:

Қ.Тоқаев: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.»

Енді білімімізді ортаға салу мақсатында танымдық бейне сұрақтарға кезек берейік

/ Бейне сұрақтар алдын –ала дайындалып, экраннан көрсетіледі (мысалы , «Жүзден-жүйрік» бағдарламасындағыдай)

  1. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін қашан тоқтатты?

Жауабы: 2019 жыл 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

  1. 2017 жылы Қазақстанда өткен ауқымды шара? Аталған шара 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.

Жауабы: EXPO-2017 көрмесі

  1. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев ҚР Рәміздері туралы, яғни «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қашан қол қойды?

Жауабы: 1992 жылдың 4 маусымында

  1. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция неше тараудан, неше баптан тұрады.

Жауабы: Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

  1. Қазақ хандығының 550 жылдығы қай жылы аталып өтілді?

Жауабы: (2015 ж.)

6. 1999 ж. ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана қаласына қандай атақ берілді?

Жауабы: («Бейбітшілік» қаласы).

  1. ҚР қандай мемлекеттермен шекаралас?

Жауабы: (Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай, Ресей)

  1. Нұр-Сұлтан қаласының символына айналған «Бәйтерек» монументінің ұзындығы не себептен 97 метр?

Жауабы: (Бұл сан астананың Алматыдан Нұр-Сұлтанға 1997 жылы көшірілуіне байланысты)

/Ақсақал бата береді /

Уа, Жаратқан Ием!
Халқымды даласымен сақта.
Елімізді данасымен сақта,
Сәбиді анасымен сақта
Азаматты санасымен сақта
Жұртымды қасірет-қайғыдан сақта
Халыққа төнген қауіптен сақта
Табиғи апаттардан сақта.
Уа, халқым бауырың бүтін болсын!
Сарқылмас құтың болсын!
Күніміз ұлысты болсын!
Жеріміз ырысты болсын!
Жастар бірлікке себепті болсын!

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Жаратқан Ием жар болып,
Осы бата қабыл болсын!
Әумин!

Қорытынды

Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету- білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше