Жаңа сабақтар

Қазақстанның археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау мен қорғау жөнінде резолюция қабылданды

Биыл Қазақстан археологтары үшін «Қара шаңырақ» болып саналатын Ә. Марғұлан атындағы Археология институты айрықша оқиғаға толы. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімен төл құрдас археологияның қара шаңырағына 30 жыл!

Мерейтойлар аясына арналған «Марғұлан оқулары – 2021: Этномәдени зерттеулер контекстіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

 

Археология саласындағы ғылыми қауымдастық арасында ақпаратпен алмасуды бір жолға қою, халықаралық ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның қазіргі әлемдік ғылыми ортаға интеграциялануы саласында маңызды рөл атқаруда.

Қазақстан археология ғылымының бүгінгі жағдайы, Қазақстанның археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелері және отандық ғылыми кадрларды даярлау мәселесі сынды көптеген мәселелерді көтерілді. Конференцияға Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Түркия, Румыния сияқты жақын және алыс шетелдерден, сондай-ақ Қазақстанның 15 қаласынан жүзден астам ғалым қатысты.

Жиынның ашылуында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы Тәуелсіздіктің 30 жылында отандық археология саласында көптеген жаңалықтар болғанын атап өтті.

– Тас дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын еліміздің барлық өңірлерінде бірегей археологиялық жаңалықтар көптеп саналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы болып табылатын «Алтын адам», ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан екінші болып енгізілген жартас суреттерінің бірегей ескерткіші – Таңбалы және атақты Отырар жерінен бастап, Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар желісін және т.б. тарихтан сыр шертетін орындарды тауып, құнды зерттеулер жүргізді. Шығыс Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуіріндегі Берел қорығы, Көне түркі мәдениеті дамуын айғақтайтын бірегей мәдени-мемориалдық кешендер (Меркі, Жайсаң) және басқа көптеген тарихи ескерткіштер әлемдік мәдениетте теңдессіз орын алары хақ. 1991 жылдан бастап Ә.Марғұлан ат. Археология институты Қазақстанның қазіргі археология ғылымын дамытуда іргелі зерттеулер бағдарламасын әзірлеуге қатысып келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын орындауға тікелей ат салысуда. 2024 жылы ресми мерекелік іс-шаралар тізбесіне ғалым-археолог, академик Ә. Марғұланның 120 жылдық мерейтойын енгізу қолға алынуда. Сондай-ақ, мектептер мен отандық жоғары оқу орындары базасында археология саласында кадрлар даярлау мәселелері кеңінен қарастырылып отыр. Орта және жоғары білім беру мекемелері үшін «Мәдени мұра» білім беру бағдарламасын және ЖОО «Археология» мамандығы бойынша дайындық саласында білім беру бағдарламалары мен квоталарды мейлінше жетілдіру. Ә. Марғұлан институты жалпы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ашық аспан астында практикалық археологиялық жұмыстарды жүргізуді, мектеп оқушыларының экспедицияларын ұйымдастыру бойынша бірыңғай ережені әзірлеуді қарастыруда.

  • Ұлы даланың ашылмаған тарихи сырлары қаншама. Кейбір деректерде Қазақстан жерінде 25 мың тарихи ескерткіштер бар деп айтылуда. Бұл тек Ұлы жаратушының өзіне ғана аян. Елімізде этномәдени зерттеулер жасалып жатыр, дегенмен кешеуілдеп тұр. Мәселен, осыдан 30-40 жыл белгілі бір қалада болған археологиялық ескерткіштер сақталай қалды. Оның орнына үй салынып кетті, су басып немесе егістік жерге айналды. Біз ескерткіштерді келесі ұрпаққа сақтап қалуды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Ескерткіш – жеке адамның мүддесі емес, ол бүкіл халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мәдениеті. Бүгінгі күні тарихи мәні бар ескерткіштерімізді сақтап қалу аса маңызды болып отыр, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов. Сондай-ақ, ол қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерді жергілікті халық пен полицияға ескертіп, тапсырып қою қажеттігін айтты. Мәселен, тарихи қазбаларға бай Египет жерінде болғанымызда тарихи орындарын көздің қарашығындай сақтайтынына куә болдық. Қолдарына автомат ұстаған полиция қызметкерлері арқылы ескерткіштерін қорғауды жөнге келтірген. Бізге де осы жағын реттеу керек. Өйткені біз қазба жұмыстарын жүргізген жерді күзде көміп кетеміз, көктемде бұл жер қайта көміліп жатады. елімізде ескерткіштерді қорғайтын полиция құратын уақыт келген сияқты.

Әбдеш Төлеубаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология кафедрасының профессоры:

  • Жақында тарихшы Зейнолла Самашев екеуіміз Ұлыбританияның Кембридж университетінің музейінде Шығыс Қазақстанда табылған алтын жәдігерлердің көрмесін ұйымдастырдық. Ол төңіректе түрлі әңгімелер шығып, оның не қажеті бар деген сөздер айтылды. Алайда, осы көрме барысында Жапония, Италия және тағы басқа елдердің музейлері осындай көрмені ұйымдастырсақ деген өтініш жасады. Бұл – біздің жетістігімізді, Ұлы даланың мәдениетін насихаттауға мүмкіндік береді. Әлемнің жетекші музейлері біздің археологиялық жәдігерлерімізге қызығушылық танытып, одан әрі мәдени байланысымызды нығайтуға ниет білдірді, – деді Әбдеш Төлеубаев.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

  • Бүгінгі конференцияда барысында жиналған ғалымдардың баяндамаларынан байқағанымыздай, археологиялық ғылымды дамытуға бағытталған тұщымды ойлар айтылды. Мұндай мәлімдемелердің негізіне жете үңіліп қарайтын болсақ, қазіргі таңда археология ғылымында қолданбалы археологиялық зерттеулерге ден қоя бастадық. Өкінішке орай, мұндай тәсілдер біздің зерттеулерге кедергілер келтіреді. Іргелі ғылымдарды дамытуда теориялық және методологиялық зерттеулерді нақты белгілеп алуымыз керек. Бұл біздің ерте дәуір және орта дәуірдегі еліміздің қолжазбалар тарихын айқындауға мүмкіндік береді. Барлық археологиялық зерттеулер атақ-даңқ алу үшін емес, іргелі ғылымның негізінде Ұлттық парадигма сипатында – егемен еліміздің мүддесіне сай даму керек. Отыз жыл ішінде ауқымды тарихи қазба жұмыстары жүргізіліп келді. Егер де тарихи қазба жұмыстарын азайтып тек теориялық жағынан археологиялық зерттеуді бірінші кезекке қойсақ, онда археологиялық ғылым кешеуілдеп тоқтап қалуы әбден. Археологиялық барлық жұмыстар реттеліп дұрыс жолға қойылға алға дамиды.

Жәкен Таймағамбетов, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор

  • Қазіргі қазақстандық археология осынау отыз жыл ішінде Марғұлан атындағы институты мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында едәуір дамып келеді. Алайда, шет ел мемлекеттеріне қарағанда елімізде археологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын айтып келеміз. Оған өзіміз, археологтар кінәліміз. Ғалымдар арасында бірегей тұжырымдама жасалған жоқ. Осы орайда, институт басшылығына археология саласын дамытамыз десек, археологиялық ортақ мәселелерді шешетін құжатты бірауыздан мақұлдай отырып қабылдауымыз керек.

Андрей Поляков, Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институтының міндетін атқарушы директоры, тарих ғылымдарының докторы

  • Әлем бойынша Ресей және Қазақстан бірлесе отырып, археологиялық жұмыстарды жүргізуде көш бастап келеді. Еуразия материгіндегі негізгі екі мемлекеттің бірлескен экспедициялары Ұлы даланың тарихы жайлы тың зерттеулер ашып келеді. Атап айтсақ, Ақтөбе облысы Төлеубұлақ петроглифтерін ресейлік археологтар А.П.Деревянко, профессор В.Т.Петрин, Ж.К.Таймағамбетов және т.б бірлесе отырып зерттеу жүргізді. Өзімнің ғылыми қызығушылығым Орта Азияның қола дәуірі, радиокөміртекті анықтау, палео-генетикалық зерттеулер жүргізуге арналды, бұл мен үшін үлкен жетістік. Бұл жерде ежелгі қала орындары немесе ежелгі дәуір заманы болсын олардың арасында ешбір дала шекарасы жоқ. Дала өркениетінде мүлдем өзгеше дамыған әлем болды. Сол себепті де екі ел археологтарының ұстанымы, мүддесі де ортақ.

Конференция барысында ғалымдар археологиялық зерттеулерде кездесетін кейбір мәселелерді көтерді. Радиокөміртекті зерттеуледің көмегімен уақытты анықтайтын талдаулар мен трассологиялық сараптамаларды жүргізуде шетел ғалымдарының көмегіне жүгінеміз. Өзімізде мұндай мамандар жетерлік. Институт осындай мамандарды шет ел мемлекеттерінде тәжірибе алмасуға жіберіп, дайындаса игі болар еді. Сондай-ақ, археологтар студент жастар, магистрант, докторанттарды аспан астындағы қазба жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйрететін практикалық сабақтарға мейлінше тартып, жас мамандарды тәрбиелеуіміз қажет деген пікірлерін білдірді. Яғни, білім беру мәселесінде сапалы археолог маманын дайындау үшін методолиялық әдістемелерді бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты.

Археолог ғалымдар мен мамандар конференция жұмысының қорытындылары бойынша өздерінің ортаға салған ойлары мен ұсыныстары негізінде бірауыздан өзара ынтымақтаса отырып резолюция қабылдады. Аталмыш құжат қазіргі Қазақстандағы археология ғылымын дамытуға және мәдени мұра ескерткіштері туралы ақпаратты таратуға қолдау көрсету және басқа да игі мақсаттарға бағытталып отыр.

Ә. Марғұлан атындағы Археология институты

Баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.