Ұстаз — аты да, заты да өшпес мәңгілік асыл мамандық иесі. Аналарымызға ақ сүті үшін қалай қарыздар болсақ, ұстаздарымызға да біздің бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесі мен ұшан теңіз білімдері үшін солай қарыздармыз. “Ұстаз — екінші ана” деп те бекер айтылмаған.

Ақтөбе қаласы І.Есенберлин атындағы № 15 орта мектептің 9 сынып оқушысы
Өз анамыздан бөлек бізді өз қанатының астына алу, өз білгенін толықтай бізге үйрету, туған анасындай қамқор болу, баланың ішкі жан дүниесін кіршіксіз түсіну аяулы ұстаздардан бөлек кімнің қолынан келер дейсіз? Мұндай пейіл мен махаббатты адал ұстаздар ғана сезіндіре алатыны талассыз!
Н. Калинин “Мұғалім ең жауапты міндет орындайды — ол адамды қалыптастырады” деген екен. Расында да біздің тұлға болып қалыптасуымызға ұстаздардың сіңірер еңбегі мол.
Өмір жолындағы алғашқы қателіктерден сабақ алу, сынақтарға төзе білу, сонымен қатар түрлі мәселелерді шешу барысында екінші аналарымыз үнемі қасымыздан табылып, өз кеңестерін бере білетін. Сонымен қатар мұғалімдер әр баланы толықтай түсіне біліп, оны жақсы қырынан ашады. Мұның өзі біздің өз жақсы тұсымызды түсініп, жақсы тұлға болып қалыптасуымызға үлкен септігін тигізеді.
Осы тұста ұлы ақын Абай атамыздың “Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады” деген нақыл сөзі есіме түсіп тұр. Алдымен үйдегі ата-анамыздан, кейін келе мектебіміздегі аяулы ұстаздардан адамгершілікті түсінеміз. Мұғалімдеріміздің бойында қандай жақсы қасиеттер кездессе, біз сол қасиеттерді тәлім алушы ретінде өз бойымызға үлгі тұтып өсетін боламыз.
Біз бала ретінде көп жағдайда айтқанды емес, көргенімізді іліп алып кетіп жатамыз. Сондықтан да мұғалімдеріміздің бойынан қандай қасиеттер кездессе, бізде сондай қасиеттерге ие болатынымыз анық.
Мен А. Македонскийдің “Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым” — деген асыл сөздерімен толықтай келісемін.
Ата-ана өмір сыйлайды, ал ұстаз сол өмірді мәнді де, мағыналы өткізуге баулиды. Әрине “Ұстаз” дегенде көбімізге білім беруші адам елестеуі мүмкін. Алайда ұстаздың білімнен бөлек берері мол. Өмір жолымыздың алғашқы қалашықтарын да осы адамдар қалап береді!