ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ БОЛҒАН ҰЛЫ ҰСТАЗ

Құсайынова Салтанат Амангелдіқызы
Алматы қаласы Жетісу аудандық білім бөлімінің

басшысы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері
Оразалиева Раушан Дүйсебайқызы

Ұстаз – тәуелсіз еліміздің бүгінгі бақытты жастарын болашаққа апаратын көпір десек, шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік азық, тәрбие алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған шәкірт жақсы азамат, тіпті кейбірі қоғам қайраткері, үлкен тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген аталы сөз де орынды айтылса керек». Ұстаз болу – бақыт әрі құрмет. Нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. “Ұстазды алтын діңгекке теңер едім”, – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, өзінің мамандығын өмірлік мақсат-мүддесіне айналдырған жан әрдайым үлгі-өнегеге, мақтанышқа айналары анық.

Сондай ұлағатты ұстаздың бірі әрі бірегейі, бар ғұмырын Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуына арнаған, қаншама жастар мен жас мамандардың шырағын жаға білген, Алматы қаласының білім беру мекемелерінде ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі» медалі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Оразалиева Раушан Дүйсебайқызы қазіргі таңда Алматы қаласының білім беру жүйесіндегі әріптестерінің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген ұлағатты ұстаз, іскер басшы, ұлы педагог.

Ұлылықтың өлшемі саналатын ұстаздықтың қыр-сырын меңгерген, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар, халқына қалаулы, еліне елеулі, мәртебелі абыройға ие болған Раушан Дүйсебайқызының педагогикалық еңбек жолы абыройлы асулардан тұрады. Ата-ананың ұлы мектебінен өткен Раушан Дүйсебайқызы білімнің қасиетті қара шаңырағы болып табылатын Абай атындағы педагогика институтының «физика» факультетін тәмамдап, 1972 жылы №12 қазақ орта мектебінде еңбек жолын ұстаз болудан бастап, кәсіби шеберлігі мен көшбасшылығы, тәжірибесінің нәтижесінде Алматы қаласындағы №147 мектеп-гимназияның директоры, Жетісу және Алмалы аудандық білім бөлімдерінің басшысы ретінде білім беру ордаларының лауазымды қызметтерін атқарды.

Білім деген алып теңіздің толқынында тербеліп, мектеп деген кеменің кемеңгер жолбасшысы болу – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Өзінің қызметін қоғамдық жұмыстармен, жаңашылдық талпыныспен байланыстырған ұлағатты ұстаз, іскер басшы құрметті еңбек демалысына дейінгі аралықта педагогикалық қабілеті мен іскерлігінің нәтижесінде шырқау биіктерге көтеріліп, республикалық, халықаралық деңгейді бағындырды. Білікті әрі көрегенді, тәжірибелі басшы ретінде еңбек жолында көптеген мектеп басшыларын, «Жылдың үздік мұғалімдерін», «Жыл сынып жетекшілерін», «Үздік пән мұғалімдері» жүлдегерлерін тәрбиелеп, қаламыздың көптеген оқу ордасының да басшыларын дайындап, ақыл-кеңесімен, бағыт беріп, жол сілтеді. Қазіргі таңда шәкірттері әртүрлі салада қызмет етіп, еңбегімен елге еленіп, ұстаздық еңбек жолын абыройлы атқаруда.

Білім – өмір шырағы, ұстаз – сол шырақты өшірмей, жандандырып, болашақ жастардың бойына білім нәрін құятын асыл жан дейтін болсақ, ақыл -парасаты биік, әрдайым сөз бен істің адамы бола білген, білім беру жүйесінде өлшеусіз еңбек атқарған, саналы ғұмырын жас ұрпаққа және ұстаздарға арнаған Раушан Дүйсебайқызының өн бойында қайсарлық пен батылдықтың, адалдық пен абыройдың, ұлтжандылық пен адамгершіліктің, шынайылық пен ізгіліктің, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, ең бастысы болашақ ұрпақтың өміріне деген үлкен жауапкершілікке толы ізгі қасиеттердің бар екенін аңғаруға болады.
Тәжірибелі де іскер басшының талапшылдығы мен әрбір істі жете ұйымдастыруы нәтижесінде Раушан Дүйсебайқызының мектебінен өткен қала мұғалімдері республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуде. Алматы қаласының білім беру жүйесінде өзіндік қолтаңбасы бар, еңбек жолында қажырлы қызмет жасаған, әркез айналасындағы адамдарға көмек қолын созуға дайын тұратын, дархан жүректі, адамгершілігі мол тұлға Раушан Дүйсебайқызы қазіргі таңда да өз қызметін абыроймен атқарып келеді.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланып, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған Оразалиева Раушан Дүйсебайқызын мерейлі мерейтойымен шын жүретен құттықтай отырып, ұлт болашағының алдындағы өлшеусіз қызметінің жемісін көруді Алла нәсіп етсін демекпін.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше