Жаңа сабақтар

Абдрахманова Зульфия Исмаилжановна

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылы.

МКҚК №38 «Гүлдер» балалар бақшасы. I-санатты Педагог-Психолог: Абдрахманова Зульфия Исмаилжановна

Тақырыбы: Бала психологиясының ерекшеліктері

Баланың психологиялық және дербес ерекшеліктерін ескеріп ұғынбай оны дұрыс тәрбиелеу мүмкін емес. Бірақ өкінішке орай барлық ата-аналардың педагогикалық білімі бұған жеткілікті емес. Тәрбиешінің міндеті –ата-аналарға мектеп жасына дейінгі балалық шақтың әрбір даму сатысында олардың психикалық дамуының маңызды жақтарынан мағлұмат беру. Балалық шақтың әрбір кезеңіне тән балалардың танып білуі және көре білу ерекшеліктері өз баласы бойынан нені бақылау қажеттілігін ескере отырып, тәрбиенің тиісті әдістерін ұсыну. Бала бір-біріне ұқсас болып дүниеге келгеннен кейін олардың қандай қасиетке ие болатынын тек тәрбие шешеді. Ал тәрбиенің өзі тек балабақшада, үйде болсын әрбір қоғам дәуіріндегі өндіріс қатынастарына байланысты. Балалар психологиясының ерекшелігі жағынан алып қарағанда әрқайсысының өзіндік өзгешелігі бар. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бірдей болуы міндетті емес. Балаларды зерттеп бақылағанда олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес психикалық қасиеттері бір қалыпта болмай, үздіксіз дамып отыратындығын ескерген жөн. Сондықтан әр баланың түрлі қасиеттерін жете біліп, соған сәйкес тиісті әдіс қолдану, арнайы тапсырмалар беріп, белгілі бір мерзім ішінде бақылап білу қажет болады. Ата-аналармен әңгімеде сәбидің мүмкіндігі зор, бірақ шексіз еместігі ескеріледі. Мектеп жасына дейінгі баланың мүмкіндіктерін ескермей дамуды жеделетуге болмайды және даму барысында тоқтап қалуға жол берілмейді. Сондықтан ата-аналардың ерте және мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуының психофизиологиялық көрсеткішін білуі маңызды.

Мектеп жасына дейінгі балаға еліктеушілік, албырттық, сенімділік, жігерлілік, жаңаны ашуға ұмылу, өзімшілдік сияқты қасиеттер тән, мұның бәрі балалық шақтың табиғи серіктері. Бұл жаста бұлшық ет, ақыл-ой, рухани күш жинақталып, баланың тұла бойының жедел өсуі, мидың дамуы және жоғарғы жүйке жүйесінің күрделену процестері жүреді. Айналадағы заттар мен адамдардың әрекеті қоғам өміріндегі оқиғалар оның зейінін аударады, анықтап қарауға, түсінуге ұмтылады, баланың ойын, елестету қабілетін оятады. Бұл кезеңде балалардың іс-әрекетінің мазмұны бай, әртүрлі бола бастайды. Мазмұнды-тақырыптық ойындарда олар өмірдегі түрлі оқиғалар мен еңбекті, адамдардың қарым-қатынасын бейнелейді. Мектеп жасына дейінгі баланың дербес жетілуі көптеген жағдайларға байланысты. Әсіресе, баланың дербес психофизиологиялық ерекшеліктерімен түсінік қабілеті, жанұядағы көңіл-күй, ата-ана талабы мен тілегі және де басқа жағдайлар аса маңызды. Сондықтан тәрбиелеуде әрбір баланың бабын таба білу керек. Сол себепті, бірте-бірте жас өзгерістерінің пайда болуы мен осыған байланысты психофизиологиялық функциялардың қайта құрылуы назарға алынуы қажет.

Мысалы: бірінші сәбилер тобындағы баламен мектепке даярлық тобындағы балаға бірдей талап қоюға болмайды. Бала есейген сайын оның жүріс –тұрысы түзеле бастайды. Егер сәбидің мінез-құлқы оның сезіміне байланысты болса, ересек баланың мінез-құлқы көпшілік жағдайда ақыл-еске бағынышты. Жігерлі талпыну қабілеті дами келе ол өз талап-тілегін шамалай алады. Оларға адамгершілік әліппесі белгілі: ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алады. Уәдеде тұруға, көмекке келуге, орын беруге, жақсы атануға ұмтылады. Әрбір баланың өзіне тән, жеке қасиеттері бар. Біреуі жігерлі, тез еліктейтін болса, екіншісі сабырлы, салмақты, үшіншісі енжар және сеімтал. Мұны қалай түсінуге болады? Туғаннан әрбір бала жоғарғы жүйке жүйесінің белгілі бір түрін иеленеді. Жүйке процестерінің күштілігі, қозғалғыштығы немесе байсалдылығы жүйке жүйесінің типологиялық ерекшеліктеріне байланысты болады. Жоғарғы жүйке әрекетінің типі жалпы ептілікте, сөйлеу шапшаңдығында, басқаша айтқанда олардың сезімдері жылдам әрі оңай пайда болып, эмоционалдық тұрғыда жарқын бейнелеуінен көрінеді. Балаларды тәрбиелеуде психологтар темпераменттің төрт типін дәстүрлі түсініктерге сүйеніп ұсынады: Сангвинник,холерик, флегматик, меланхолик. Үлкендерге қарағанда балаларда айқын көрінетіне қарамастан, темпераменттің әрбір типі –«таза күйінде» сирек кездеседі. Өйткені тиісті уәдеде тұру, байсалдылық, жылдамдық, өзін-өзі бақылау, жігер күші, қоғамдық борыш т.б. қасиеттер тәрбиенің ықпалымен жетілген. Балалардың мінез-құлқы көп жағдайда үлкендерге қарағанда қандай темпераменттен жаралғанына көбірек байланысты. Оны қалай анықтауға болады?

Сангвиндік темпераментке ие бала қызба (сезім әрекетіне бой алдырғыш) көңілшек, жайдары және жарқын, белсенді келеді. Мұндай балалар қимылға бай, жайбарақат ойындарды бірдей ықыласпен ойнай бермейді. Бір нәрсемен көңілді шұғылданады және берілген тапсырманы ұқыпты орындай алады.

Холериктік темпераментті бала өзін-өзі ұстай алмайды. Оған жоғары жүйке жүйесінің белсенділігі тән. Ол тым жігерлі, шапшан, қызба. Тыныштықты, аса көңіл аударуды керек ететін істерге қарағанда оған шулы-дулы ойындар, у-шу тән. Ол кімге болса да үйірсек, үлкендерге өткір, алғыр, шапшаң жауап береді. Мұндай балаларды тәрбиелеуде табандылықты, ұстамдылықты, үлкендермен және құрбы-құрдастармен дұрыс қарым-қатынаста болуды, шыдамдылық пен ынталықты қажет ететін ойындар мен оқуға қызығушылықты қалыптастыру міндеті алға қойылады. Холерик балаларды қимылды, шулы ойындардан тыныш ойындарға жұмылдыру аса пайдалы. Олардың әркез бір нәрсемен айналысуын қадағалап отыру керек. Сонымен бірге қимылды ойындарда күш-қуатты бәсеңдетуге мүмкіндік беру керек. Қозғалыссыздықтан олар тез жалығады.

Флегматик балалар салмақты, байсалды, баяу қимылдайтын болып келеді. Әдеттер олар ата-аналарына қиындық туғызбайды. Мұндай бала еш асықпайды, бәрін баяу, тыңғылықты орындайды, үлкендердің ұсынысын, бұйрығын бірден қабылдап қана қоймайды, олардың наразылығына себеп болады. Мұндай балаларды тәрбиелеуде мынадай ережелерді сақтау қажет:

  • баланың баяулығына ашуланбау;
  • оның қабілеті, шамасы жетпейтін іске тартып, зорықтырмау;
  • ептілікке, тапқырлыққа, психологиялық реакция шапшаңдығына, тез жол таба алуға үйрететін ойындар мен жаттығуларға баулу;
  • еңбекке тарту;
  • оның дербестікке үйренуін, ынтасының қалыптасуын қамтамассыз ету аса қажет.

Меланхолик темпераментіндегі бала эмоционалды тұрақсыз. Жылауық, қыңырлыққа бейім. Кішкене ренішті өте күйзеліспен қабылдайды. Сезімдерін ашық білдірмейді. Олардың балабақша жағдайына бейімделуі қиын: жаңа жағдайға балалар ұзақ уақыт үйрене алмайды. Олар мейіріммен сергітуді, көңіл көтеруді керек етеді. Тек амалсыз жағдайда ғана қатты үн қатуға жол беріледі. Бірақта шамадан тыс әлпештеуге де болмайды. Баланы тым нәзіктендіріп жібереді. Болмашыға жәбірленгіш, өкпешіл етіп қалыптастырады. Педагогикалық ықпалға көнгіш бұл балаларды, дұрыс тәрбиелеген жағдайда әдептілік, байсалдылық сияқты бағалы қасиеттерге бейімдеуге болады. Мінез-құлықтың белгілері туа пайда болмайды, олар жүре қалыптасады. Кез-келген балада мінез-құлықтың жақсы жақтарын қалыптастыруға болады. Бірақ балалар үлкендермен мейірімді қарым-қатынас жасай отырып, оқуда, еңбекте табысқа жете алады. Ал, бұл тәрбиеге оның мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, бала тілін таба білуге байланысты. Баланың сеніміне ене білгенде ғана оның жүрегінің төрінен орын алуға болады. Тәрбие осыны талап етеді.

С уважением,
Зайтуна Есмагамбетова
zaytunae@mail.ru

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.