Жаңа сабақтар

Айтқали Жайымов «Ана әлдиі» Сабақтың мақсаты:

Фатима Ибадуллаева Өтепбергенқызы

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі аудандық

балалар әуез мектебінің домбыра сыныбы мұғалімі

Сабақтың тақырыбы: Айтқали Жайымов «Ана әлдиі»

Сабақтың мақсаты:

а) Білімділігі: Күйші , композитор А.Жайымов өмірі жайлы түсінік беру, шығармашылығымен таныстыру, күйдің орындау тәсілдерін меңгерту, күрделі қағыс түрлерін, әдіс-амалдарын, ерекшеліктерін үйрету.

ә)Дамытушылық: Композитор А.Жайымов күйлерінің шығу тарихын білу, мазмұнын түсініп ойнау, шеберлік деңгейін дамыту.

б) Тәрбиелігі: Күй құдіретін сезіне білуге тәрбиелеу, оқушыны әсемдікке , мәдениеттілікке тәрбиелеу, күй өнерін қастерлей білуге , ананы қадірлей білуге тәрбиелеу

Сабақтың түрі : Жаңа сабақ.

Сабақтың әдіс тәсілі : Түсіндіру. Әңгімелеу.Сұрақ — жауап алу. Оқушының қабылдау қабілетін қадағалау.

Сабақтың көрнекілігі: Домбыра аспаптары,ноталар, композитор суреттері, тех.құралдар, ана бейнесі бейнеленген сурет, буклеттер, тест руно ,ноутбук.

Пәнаралық байланыс: Музыка әдебиеті, сольфеджио, тарих, әдебиет пәндерімен байланыстыру.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі:

а). Сабаққа қажетті оқу құралдарын тексеру.

ә). Оқушы назарын сабаққа аудару, оқу құралы домбыра аспабын саздап әзірлеу, оқушының дұрыс отыруын қадағалау.

ІІ.Үй тапсырмасын тексеру:

а). Техникалық жаттығу.

Гамма ми ь-мажор Mes-dur,

б). Б.Чайкин «Деревня сыртында»

в). Құлшар «Кербез керік»

г)Қ.Ахмедияровтың күйі : «Жібек Жетісу» .

ж). Әлшекей «Қоңыр ала»

ІІІ. Үй тапсырмасын бекіту: Үй тапсырмасын тексеру , үйге берілген күй, шығармаларын тартқызып, қате жіберген жерлермен жұмыс жасау, түсінбеген жерлерін түсіндіріп нюанспен жұмыс жасап, пысықтау.

ІV.Жаңа сабақ.

А)Композитор Айтқали Жайымов «Ана әлдиі» күйдің авторына тоқталып өту.

Ә) Шертпе күй туралы не білесің?

Б) Күйдің мазмұнына тоқталып өту.

В) Күйді орындау шеберлігімен яғни нюанспен жұмыс жасау.

Айтқали Жайымов

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің «Құрметті қызметкері», Атырау облысының және Атырау облысы, Жылыой ауданының «Құрметті азаматы», профессор, көрнекті дирижер, күйші Айтқали Жайымов 1947 жылы 5-мамырда Атырау облысы, Жылыой ауданы, Рәкөш ауылында дүниеге келді.

3-4жасынан бастап домбыра ұстаған ол, бүгінде елімізге аты әйгілі өнер иесі. 1972 жылы Атырау музыка училищесін , 1978 жылы Қазақ Ұлттық консерваториясын дирижер және домбыра мамандықтары бойынша бітірген. 1978 -1991 жылдары консерваторияның ұстазы, кафедра меңгерушісі, 1991-2007 жылдары Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық , халық аспаптарының көркемдік жетекшісі және бас дирижері.1979-1981 жылдары КСРО мәдениет министрлігінің жолдамасымен Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында дирижер , ұстаз – консультант болып қызмет атқарады. 2008 жылдан Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет істейді.

А.Жайымов – әр жанрда қалам тартып жүрген белгілі композитор. Оның «Мен сәлем жазамын» (Абай), «Кемеңгер Құрманғазы» (Қ.Мырза-Әли), «Атырау әнім», «Жылыойға сәлем», «Аққулар» т.б. ән-романстары, көптеген аспаптық пьесалары концерттер мен конкурстарда жиі орындалып, музыкалық оқу орындарының бағдарламаларына енген туындылар. Белгілі жас композитор , өзінің ұлы Арманмен бірлесіп жазған «Бейбарыс сұлтан» операсы, Төлеби кантатасы, күрделі жанрдағы соны жаңалық болса , қазақ оркестріне жазған «Ереуіл атқа ер салмай» күй поэмасы, домбыра мен оркестрге арналған «Шалқыма», «Отпан тау», жеке домбыраға арналған «Шаттанамын», «Еркін елім», «Аққулы айдын», «Күй Ана», «Өмір — өзен» , «Ана әлдиі» т.б. күйлері ұлттық музыка қорына қосылған шоқтығы биік шығармалар. Кезінде, Қазақстан, Ресей және Татарстанның халық әртісі, Мәскеудегі үлкен театрдың дирижері, Фуат Мансуровтан «Домбыраның Панангині» деген баға алған А.Жайымов күй жанрына елеулі жаңалық енгізген композитор. Айтар болсақ, күйлерінің құрылысы, ладтық ерекшеліктері , орындаушылық әдіс-амалдары, интервальды унисоннан бастап октаваға дейін қолдану тәсілдері, әр тональдікке еркін ауысуы, полифониялық әдістері т.б. жаңашылдығы ізденісті талап етеді.

Шертпе күйлерде негізінен жалғыз дауыстылық басым болып, күй тақырыбы әр ішекте кездесіп жүреді. Орындаушылық ерекшеліктеріне байланысты оң қолдың сұқ саусағымен қатар саусақтар басын біріктіріп , топтастыра қағу немесе осы саусақтарды бірінен кейін бірі тізбектей шерте қағу әдістері жиі кездеседі. Сол қолда 1,2,3-саусақтар жиі қолданылады, 3,4 –саусақтарымен ішекті бір мезгілде қатар басу көп кездеседі. Бас бармақ сирек кездеседі. А.Жайымовтың «Ана әлдиі» күйінде әуен екі ішекте кезек-кезек, жүріп отырады. Әуелі астыңғы ішекте басталып, үстіңгі ішекке ауысып, әуен үстіңгі ішекте жүреді де, екі ішекке ауысады. Күйде мелизм оның ішінде мордент яғни дыбысты құлпырту әдісі кездеседі. Мордент-өткір, негізгі дыбыстан секундта жоғары және қайтадан негізгі дыбыстардың бірінен соң бірінің тез қайталануын айтады.

Композитор бұл күйде ананың бейнесін сомдаған. Күйде баласын әлдилеген ана бейнесі берілген. Күйдің өн бойында ананың бала әлдилеген әуені естіліп тұрады. Композитор қадірлі ана бейнесін , ананың балаға деген шексіз сүйіспеншілігін , махабатын бейнелеген. Аяулы аналарымыздың әдемі , сабырлы мінезін , кеңпейілділігін, перзентіне деген қамқорлығын , бәрін әсем әуенмен бейнелеп, көркемдеп жеткізген. Ана тақырыбына күйшілер күй арнаса, ақындар өлеңін арнаған, ал суретшілер суретін бейнелеген, әншілер әнін арнаған. Әрбір перзент үшін анасы ең қадірлі адам. Ананың баласына жасаған шексіз бейнетін ешкім де қайтара алмайды, сондықтан да әрбір адам анасын қадірлей білуі керек. Әрбір бала анасын тыңдап, сыйлап, көмектесіп, айтқанын істеп қадірлей білуі керек . Сонда ғана ол жақсы адам болып қалыптасады.

Күйдің нотасына назар аударайық, күй орташа ырғақпен орындалады екен. Күй қос ішекте басталады екен. Күй басталғаннан –ақ баласын әлдилеген ананың әуені естіледі , бала әлдилеген ана бейнесін көз алдыңа елестетеді.

Күйдің өлшемі: .

Қандай кілттік белгілер кездеседі екен?

Фа диез , күй ми минор тональносінде жазылған екен.

Қандай динамикалық белгілер кездеседі?

mf, p, mp, pp, dim, cresc.

Күй әуені орташа екпінде жүреді. Композитордың күй ғана емес, көптеген шығармалары да бар екен. Ендеше біз бүгін композитордың «Шалқыма» атты шығармасын екі дауыста тыңдап көрейік. Яғни , домбырамен екі дауыста орындалады. Бұл шығарманы жеке домбырашы фортепианоның сүйемелдеуіменде орындауға болады.

V. Қорытынды.

Ал енді өтілген сабағымызды қорытындылап алу үшін, тест руно шешіп көрейік. Осы руно тесті шешу арқылы , біздің бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Ана әлдиі» деген сөз шығады және бесік тербеткен ана бейнесі бейнеленген сурет шығады.

Тест руно

  1. Ми ь мажор гаммасында қандай қозғау белгілері кездеседі?

А) си, ми, ля бемоль

Е) фа диез

Ж) белгі жоқ

  1. Ми ь мажорға қарама-қарсы, яғни параллель қандай минор?

О) ми минор

Б) ля минор

Н) до минор

  1. Ми ь мажордың тұрақты басқыштары қандай?

М) фа, ля, до

А) ми , соль, си

О) ре, фа , ля

  1. «Ана әлдиі» кімнің күйі?

Ә) Жайымов

Г) Халық күйі

Б) Дәулеткерей

  1. «Ана әлдиі» күйінде қандай мелизмдер яғни құлпыртып ойнау әдісі кездеседі?

М) тремело

Л) мордент

З) трель

  1. «Деревня сыртында» шығармасы кімдікі?

Д) Чайкин

Қ) Чайковский

К) Доброходов

  1. Лига белгісі нені білдіреді?

Ш) үзіп орындау

У) құбылтып ойнау

И) үзбей ойнау

  1. «Кербез керік» кімнің күйі?

Е) Әлшекей

І) Құлшар

Б) Есір

VI. Бағалау. Оқушының сабақтағы белсенділігіне қарай бағалаймын.

VII. Үйге тапсырма.

Күйді жаттап, ньюансына яғни мазмұнына мән беріп орындау.

Қолданылған әдебиеттер.

  1. «Домбыра үйрену мектебі» А.Жайымов, С.Бүркітов, Б.Ысқақов
  2. «Қазақстан композиторлары»
  3. «Домбыраға арналған хрестоматия»
  4. «Домбыраға арналған гаммалар және арпеджиолар» жинағы.
  5. «Өмір-өзен» А.Жайымов.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.