Жаңа сабақтар

Жамалова Ғазиза Рысбекқызы

Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Луганск ауылы

КММ«Павлодар ауданының Луганск орта жалпы білім беру мекемесі»

Тәрбиеші: Жамалова Ғазиза Рысбекқызы

Эссе «Мамандығым-мақтанышым»

Мен бүгін ерекше сезіммен ояндым,
Сәулелі ақ таңның шуағына боялдым.
Жүректе қуаныш, бойда күш тасыған,
Тағы да бақшама аяңдап келемін,
Бүлдіршін үнімен жұмыста қиялым.
Мынау менің балабақшам… Осы бір өлең шумақтарының күш-қуатымен жұмыс істеп келемін. Топтағы менің кішкентай бөбектерім… Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге балаша қарағым келеді.
Мен тәрбиешімін… Осы мамандықтың қызығы мен қиындығын бала ортасында жүрген менен артық ешкім сезе алмайды.
Біз, тәрбиешілер үшін балаға ненің дұрыс-бұрыстығын, не ыстық, не суық екенін, не жаман, не жақсы екенін сары ауыз балапандарға үйретуден қиын іс жоқ.
Көздері мөлдіреген, жүздерінде күлкі ойнаған балаларға қарасаңызшы…
Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін.

Балабақшаның у-шуынсыз өмірімді елестете алмаймын. Әр бала өзінше бір әлем… Тым жақсы, тап-таза, сезімдері пәк, аңғал, сүйкімді жандар. Ендеше оларды қалай ғана, жақсы көрмейсің. Мені өздеріне асқар таудай сүйеніш деп біліп тұрғанын сезе тұра, мен оларға жан-тәніммен берілмесем кім болғаным…

Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл – күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді әр оқу қызметі үстінде балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші рөліне қоямын. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу қызметіне деген тұрақты зейін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.

Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек. Бала тәрбиесінің жолында талмай қызмет етіп келемін. Қызмет етуді азаматтық, ұстаздық борышым деп санаймын. Әлі де қызмет етемін, баламен жұмыс жасау мен үшін өте қызықты.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар.
Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен мамандығымды мақтан тұтамын.


Зайтуна Есмаганбетова

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.