Жамбыл обл.Мойынқұм ауд.Көкжелек ауылы Б.момышұлы атындағы орта мектебі
Тәрбие ісі меңгерушісі:
Баймбетова Алуа Ескермесқызы.
Баяндама.
Жеке тұлғаны тәрбиелеудегі құқықтық тәрбиенің алатын орны.
Құқықтық мәдениет қамтамасыз етілмеген жерде шынайы бостандық пен жеке тұлғаның қауіпсіздігі, азаматтық белсенділіктің болуы мүмкін емес.
«Мемлекеттік бастауларды нығайту құқықтық қоғам орнатумен бірге жүргізлуі тиіс. Бұл –жалпы ұлттық абзал міндет. Құқықтық мәдениет пен құқықтық реформасыз қоғам өрге баспайды, ал тәуелсіздік толыққанды болмайды.
Өркениетті қоғамда құқықтық мәдениет әр адамның жалпы мәдениетінің қажетті бөлшегі, әрбір лауазымды адамға қойылар кәсіби талап болып табылады. Тиісті құқық тәртібін орнықтырмайынша, біздің экономиканы реформалауымыз, қоғам өмірінде демократиялық қалыпты өлшемдерді бекітуіміз неғайбыл» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі жасөспірімдердің бойында құқықтық мәдениетті, заңға құрмет сезімін қалыптастыруда маңызды болып отыр. Ендеше жастардың қоғамдық пайдалы тәртіпке, толысқан құқықтық санаға негізделген жоғары әлеуметтік белсенділікке жетуі – жас ұрпаққа құқықтық тәрбие берудегі біздің қоғамның алға қойып отырған басты мақсаты. Құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, құқықтық тәрбие берудің маңызды ғылыми қағидасы – оқу тәрбие үрдісінде заңның және басқа да ғылымдардың – педагогика, психология, философия, социология жетістіктерін қолдану. Мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруде әлі де болса біздің өмірімізде кездесетін әртүрлі жат құбылыстар мен құқықтық тәрбие бұзушылықтарға төзбеушілікпен қарайтындай жауапкершілік көзқарастарын қалыптастыруымыз керек.
Құқықтық тәрбие – мазмұны, ұстанымдары бар және арнайы формалар, әдістер мен тәсілдердің көмегімен жүзеге асырылатын педагогикалық үрдістің ең маңызды және дербес бөлімі. Құқықтық тәрбие өте күрделі іс.
Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруда әлі де ағаттықтар бар екендігі байқалады. Өз қатарлары мен біршама үлкен балалардан , күш көрсетушілерден, ұрып-соғушылардан жәбір көретін жасөспірімдер, панасыз, қараусыз қалған балалар, заңға қайшы келетін іс-әрекеттер және нашақорлықпен айналысатын, маскүнемдікке шалдыққан, өзіне-өзі қол жұмсаушы кәмелетке толмағандардың саны өскен. Мұның негізгі себептеріне үлкендер тарапынан түсініспеушілік пен қамқорсыздық, отбасындағы қолайсыз жағдайлар, өмір сүру қабілетінің жоқтығы немесе өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмауы, балалардың бос уақытының тиімді ұйымдастырылмауы, құқықтық білім, сана, мәдениет, құқықтық тәрбие деңгейінің төмендігін жатқызамыз. Кейбір педагогтар қажетті деңгейде тәрбие үрдісіне көңіл бөлмейді, отбасылармен тиімді қарым-қатынас жасамайды. Осының әсерінен отбасының мектеппен байланысы үзіліп, ата-ана баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуын тиімді бағыт-бағдар бере алмайды. Педагогтің балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес мүмкіншіліктерін, жеке ерекшеліктерін, педагогикалық жаңа технологиялар мен әдістемелерді білмеуі де құқықтық мәдениеттің төмендеуіне себебін тигізетін тағы да бір фактор.
Құқықтық білім және тәрбие беру жүйелі, құнды, оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталуы жөн. Ал құқықтық мәдениеттің өзі жеке адамның құқықтық мінез-құлқынан көрінетін, құқықтық дамуының деңгейі ретінде қаралуы тиіс. Біз мектеп оқушыларының құқық туралы жақсы білім алып, оны құндылық ретінде қабылдап, дұрыс тәртіпке бағыттайтындай жұмыстар ұйымдастырып, жеке тұлғаның әлеуметтік құқықтық ұстанымы болуына ұмтылуымыз қажет. Бұған тек мектеп, қоғам, әр түрлі оқу орындарының мақсатты жұмыстары арқылы қол жеткізуге болады. Орта мектептерде жаппай құқықтық білім мен тәрбие беруді тиісті деңгейде жүргізбеу – қоғамдағы мына сияқты: құқықты білмеу, өз қажеттіліктерін заңды жолмен қорғай алмау, құқық бұзушылық, заңсыздық, тәртіпсіздік т.б. келеңсіз үрдістерге әкелуі мүмкін.
Құқықтық білім мен тәрбие берудің түпкі мақсаты жастардың бойында заңды саналы түрде құрметтеуді қалыптастыру және оны өмір тәжірибесінде белсенді қолдана білуге үйрету болып табылады.
Болашақтың тізгінін ұстайтын жастардың алдағы атқарар іс-әрекетінің түп-тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Жас адам өмірге қадам басып, қоғамда өз құқығын иеленумен қатар, жауапкершілікке ие болатын сәтінен бастап, бетпе-бет келетін өмірдің қиындықтарын жеңе білуі үшін құқықтық білім мен мәдениетті меңгеруі қажет.
—
Зайтуна Есмаганбетова