Қайруллаева Ақмарал Мүтәліпқызы
Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қозмолдақ ауылы
Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Мұқағали Мақатаевқа арналған «Есіңе мені алғайсың…» атты
әдеби — сазды кештің жоспары
өткізілген уақыты: 29.11.2019
өткізілген орны: Ғ. Мұратбаев мектебінің мәжіліс залы
жауаптылар: Қайруллаева А.М., 5 «а» сыныбы
Жабдықталуы: ақын шығармашылығына арналған көрме және слайд материалдары
1-жүргізуші
Батар күн, келер күн, атар таң, шығар күн
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.
Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен сірә де өлмейтін шығармын.
2-жүргізуші
Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.
Бүгін Мұқағали жұлдызы қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жанып, жарқырап көрініп тұр. Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым жұлдыздарындай көзге оттай басылып, ыстық көрінетін ол жұлдызды басқаларының жұлдыздарымен шатастыру мүмкін емес.
1-жүргізуші
Бүгін біз де ақиық ақын М.Мақатаевты еске алып, оның өлеңдерін көкіректе қайта оятып, оқушыларға тамаша әсер қалдыру мақсатында «Есіңе мені алғайсың» атты музыкалық-әдеби кешті ұйымдастырып отырмыз! Егер сіздер рұқсат етсеңіздер осы кешті ашық деп жариялаймыз!
Құттықтау сөз кезегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірлестік жетекшісі Дүйсембиева Жанар апайға беріледі.
2-жүргізуші
Бұл – қапас қуыста демің тарылғанда төбедегі нүктедей тынысыңды кеңейтер таза ауа секілді құдірет. Нағыз өнер құдіреті деген осы. Бұл – поэзия құдіреті.
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден — деп жырлап өткен мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев тірі болса биыл 88 жасқа толар еді. Жыл керуені алға жылыжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздардың қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтыла түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық.
(Ақын өмірі туралы слайд көрсетіліп жатады)
1-жүргізуші
М. Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында, Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Мұқағалидің азан шақырып қойған толық аты – Мұқаметқали. «Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр болады», — деп еркелетіп, қысқартып Мұқағали деп атап кеткен. Ақын 10 жасынан бастап өлең жаза бастайды. Ақын ауылдың кеңесінің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілішісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарады. Көптеген жинақтарын оқырман қауымға ұсынды: «Армысыңдар достар», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда», «Дариға жүрек», «Өмір дастан», «Өмір-өзен». Бүгінде ақынның өлеңдері поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды.
2-жүргізуші
Қазынам бар
Біреуге берсем бе екен?
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып,
Әлде мына құмдардай өлсем бе екен? Мұқағали қазынасы, әрине, — өлең, досы да өлең
1-жүргізуші
Хан тәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдеріне кезек берейік.
- Елбасы Сағыныш «Пай-пай»
- Бердібек Диана «Қайырлы түн»
- Тұрарбек Ұлан «Отан»
- Бақыт Аяулым «Айхай далам»
- Құрманбек Лағыл «Шыда, шыда»
- Тұрсынбай Несібелі «Мектебіме»
2-жүргізуші
Әке, сенің жасыңнан асып барам,
Кезі – кезі келгенде тасып та алам
Кезі – кезі келгенде жасып та алам
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң – деп ақын ата – анасында өмірде сыйлап өткен. Олар жайлы жазылған өлеңдері де жоқ емес. Соның бірі Бердібек Диананы «Әке» өлеңімен ортаға шақырайық.
1-жүргізуші
Сырым да –осы,
Жырым да –осы,
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
… Мұхаңдар жоқ,
Махандардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Мұқағалидың сарқыт өлеңін жатқа оқитын қыздарымызды қарсы алыңыздар!..
Нұрғали Қымбат «Ана сен бақыттысың»
Нұрғали Cымбат «Жиырма»
2-жүргізуші
Ақын өлеңдеріне жазылған әндердің де қарасы көп. Соның бірі – «Қуанышыңмен» әні. Орындаушылар 5 «а» сынып оқушылары Құрманбек Лағыл мен Бақыт Аяулымды ортаға шақырайық!..
1-жүргізуші
Поэзия деген құдіретті өнерді бағалап жүрген студенттердің шығарған жыр шумақтарына кезек берейік.
- Керімбай Аружан
- Құрманбек Лағыл
- Абибулла Умида
- Бақыт Аяулым
2-жүргізуші
Қарасаз, қарашалғын өлеңде өстім.
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Өлтіре алмайды, алайда өлеңді ешкім- демекші, кезекті тағы да өлең оқитын оқушыларға береміз.
- Абибулла Умида «Көктемде келер»
- Жанәділ Нұрай «Таудағы көктем»
- Керімбай Аружан «Отан»
- Нұрым Бақдәулет «Кешіріңдер»
1-жүргізуші
Сен қазақтың қазақтығын жырладың,
Ашып айттың қазағымның мұң-зарын.
Сол даңқыңды ұрпағыңа жеткізген
Қара өлеңнің – жалындаған жырларың.
Зулап күндер, жылдар аунап барады,
Жырларыңнан қазақ бақыт табады.
Қадіріңді сәл кешірек білсек те,
Мәңгі есімің жадымызда қалады.
2-жүргізуші
Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы.
1-жүргізуші
Құрметті тыңдарман қауым! Қазіргі жас ұрпақтың бойын жақсылыққа, ізгілікке, өз ұлтын сүйе білуге баулысақ, сол арқылы мына күрмеуі көп қиын заманда бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес.
Осымен кешіміз аяқталды. Келіп тыңдағандарыңыз үшін рақмет. Қош, сау болыңыздар!