Жаңа сабақтар

Балабақша – тәрбие бастауы

Атырау облысы Мақат аудандық білім беру бөлімнің жедел басқару құқығындағы Бөбекжай – балабақшасы « Сандуғаш» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорының тәрбиешісі

Сарсенбаева Кенжегуль Баришовна

Балабақша – тәрбие бастауы

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қаситетте тәрбиелеу – қазіргі замандағы өзекті мәселенің бірі. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы.

Күлі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Бүлдіршіндер үшін балабақшадағы тәрбие ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыратыны сөзсіз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Бала жас тал болса, ал ересектер оған бағбан болуы ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан іс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді.

Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – шындық, сұлу, әсем, жарасымды болуы керек.Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтанда бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.

Балабақша… Осы сөзді қайталап айтып көріңізші. Құлаққа қандай жағымды, анық, қарапайым естілетін сөз. Жасы үшке толар толмастан тілі былдырлап, томпаңдап келген баланы бауырына қысып, еркелету, ойнату қандай қызық. Әрбір сәбидің жүзін көргенде бақыттың базарында жүргендей күй кешесің.

Балабақшада балалар бірі тілалғыш, бірі айтқанды істемейтін, бірі көңілшек, бірі ашық жайдарлы болады. Яғни, аралас орта құралады. Міне, осылардың әртүрлілігіне мән беріп, жалпы ортақ тәрбие – адамгершілік тәрбиесі беріледі. Әр түрлі ойындар, шүйіркелесу, достасу, бірге отыру, бірге тамақтану, бір-бірін құрметтеу, ұрмау, жылатпау, көмектесу сияқты жан-жақты тәрбие беру тәрбиешінің қатысуымен іске асады. Баланың ойын кезіндегі белсенділігі, өзара қатынастар жасауы оның дамуына ықпал етеді.

Біздің балабақшамызда білім мен тәрбие жұмыстары: «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуын, олардың мектепке деген дайындылығын қарастырады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті ұйымдастырылған оқу іс- әрекеттерінде, ашық іс-шараларда жүзеге асады. Балалардың өмірдегі іс-әрекетін нығайту – мектепке дейінгі тәрбие жұмысының басты қажеттілігі. Әр оқу жылының басында жалпы ата-аналар жиналысы және топ арасында жиналыстар өткізіліп тұрады. Балабақша тәрбиешілерден, ата-аналардан шығармашылықты талап етеді. Біздің балабақшада балаларды ана тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, ағылшын тілін жетік білуге баулу, әдемі сөйлеу мәдениеттерін қалыптастыруда көптеген оқу іс-әрекеті, тәрбие жұмыстары, мерекелік іс-шаралар, өнер, спорттық сайыстар өткізіледі. Сөзімді «Тәрбие –тал бесіктен басталады» деген халқымыздың дана сөзімен қорытындылағым келеді. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Демек, баланың тәрбиелі ұрпақ болып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын – балабақша. Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуіне бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді аямайық!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.