Жаңа сабақтар

ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІН ОҚЫТУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ТОЛЫҚ АДАМ ІЛІМІН ОҚЫТУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

(Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 120 жыл!)

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға бағытталған Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының медиа жоспарына «Абайдың «Толық адам ілімі» атты факультативтік курсы енгізілді. Бұл курсты институтымыздың алты факультетінің оқу бағдарламасына ендірудегі мақсатымызды Елбасының жаһандық бәсекеге түскен Қазақстан халқының ұлттық кодының кілтін сақтаумен тікелей байланыстырамыз. Біздің ұлттық кодымыздың мәні мен мазмұны Абай шығармаларының желісіндегі «Толық адам ілімінде» жатыр. Жеке адамдарды жаманшылықтан арылтатын, сол арқылы қоғам мінін түзеп алатын, сан ғасырлардан бері қарай тұтынып жүрген дінін керегіне жарататын, заман көшінен қалмай жаңаға қол жеткізуді мұрат тұтатын ұлттық рухани байлығымыз ойшыл Абайда тұр.

Бұл ілімді Мұхтар Омарханұлы Әуезов өз зерттеулерінде, студенттерге оқыған лекция сабақтарында «нравственная личность», кейде «высоконравственная личность» деп еріксіз орысша атаумен қолданған. Шығыс пен Батысқа барып еңбек жазғандарды қудалайтын 1949 жылы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің космополитизм туралы арнайы қаулысы шыққан. Осы қаулының ызғарынан кейін М.Әуезов түгел зерттеулерін, оқыған лекцияларын марксшілдік материалистік дүние тану жүйесімен және орыс ғылымымен біржақты тікелей байланыстыруға мәжбүр болды.

Филология ғылымының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша Абайдың толық адам ілімі туралы ойдың о бастағы төркіні 1886 жылы жазған «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алады. Сонда «Толық адам» ілімін жазуды Абай кемеліне толған қырық бір жасында бастаған.

Абайдың «Толық адам ілімі» туралы айтқанда, алдымен «Толық адам» ұғымы туралы терминді түсініп алған жөн. Ол үшін Абай өлеңдері мен қара сөздеріне жүгінеміз. Абайдағы толық адам туралы термин-сөз ең алғаш «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» (1888) деген өлеңінде айтылады. Абай бұл өлеңді жазғанда қырық үш жаста. Осы өлеңінде:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек», –

дейді. Соңғы тармақтағы «толық боласың» дегені сол «толық адам боласың» дегенді меңзегені. Абайдың «Толық адам» деген термин сөзін бірінші рет осы шығармасынан көреміз. Ал, толық адам деңгейіне көтерілу үшін ақыл, қайрат, жүрек деген үш ұғым бір адамның бойында бірдей қалыптасу керек екен. Үш ұғымның екеуі болып, біреуі болмай қалса, онда ол адам «толық адам» емес, «жарым адам» қалпында қалады. Міндетті түрде бұл үш ұғым бір адамның бойынан табылу керектігін Абай: «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз», – дейді. Ақыл, қайрат, жүрек – бір-бірімен үшем сияқты ажырамас гуманистік ұғымдар. Олар біреуінсіз біреуі жеке-жеке тұрып «Толық адам» жолына бастай алмайды.

Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896) өлеңінде ақыл, қайрат, жүрек ұғымдарына тереңірек барады. Абай осы өлеңінде:

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті,

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек –

деп ақыл – нұрлы, қайрат – ыстық, жүрек – жылы болу керек деген байламға келіп, адамның адамдық қасиеті үш-ақ нәрсемен толық болатынын өлең сөзбен айтқан. Абай осындағы «нұрлы», «ыстық», «жылы» деген анықтауыш сөз ретіндегі үш сөзді (эпитеттерді) бекерден-бекерге алып отырған жоқ. Ақыл, қайрат, жүректің қасиетін аша түсу үшін қолданып отыр. Егер адам суық ақылды, қайраты қатты, қара жүректі болса, онда ол толық адам дәрежесіне көтеріле алмайды.

Абайдың «Толық адам» ілімі туралы ойлары жалғыз өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінде де бар. Мұхтар Әуезовтің жазуы бойынша Абайдың қара сөздері 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған. Абайтану ғылымының негізін салған Мұхтар Әуезов: «Абай өзінің өлең сөздерінің көптен көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы – анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады. Сондықтан кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылатын ойларды қарапайым, оңай, жеңіл ұғымдармен қайтадан айтады» – дейді. Осы пікірге қарап, Абай 1888 жыл мен 1898 жылдың арасында жазған кейбір өлеңдеріндегі «Толық адам» ілімі туралы күрделі ойларын қара сөздерінде, әсіресе, он жетінші, жиырма бірінші, отыз сегізінші сөздерінде ойшылдыққа салынып жазып шыққанын аңғарамыз.

Он жетінші қара сөзінде «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек»(1888), «Әсемпаз болма әр неге»(1894), «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа»(1896), «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»(1897), «Жүректе қайрат болмаса»(1898) өлеңдеріндегі ақыл, қайрат, жүрек туралы өлеңмен айтпақ болған сөздерін қара сөзге айналдырып, ой толғау жүргізеді. Ол – толық адам болудың шарты туралы ойлары. Абай он жетінші қара сөзінде адамның бірыңғай жақсы қасиеттерін – ақыл, қайрат, жүрек үшеуін өзара айтыстырып келіп: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаныныңның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», – дейді. Осындағы «қасиетті адам» деп отырғаны «толық адам» ұғымының баламасы болып шығады. (Он жетінші қара сөзді оқып, талдап өту керек).

Абай отыз сегізінші қара сөзінде толық адам болудың жолын нақты айтады. Абай: «Енді біліңіздер, ей перзенттер! Құдайтағаланың жолы деген жол алла тағаланың өзіндей ниhаятсыз (шексіз, өлшеусіз) болады. Оның ниhаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниhаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы», – деп алла тағаланың жолына қадам басқанда ғана толық адам боласың деген байламға келген. Қысқасы, Абай: » Ой-сананы түзеуменен қоғамдық құрылыс, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, жаңғыртуға болады деп ұғынады «. Ал, Абай айтқан ой-сананы түзеу үшін «Толық адам ілімін» оқытуды барлық оқу орындарына енгізу керек. Атеистік-материалистік жалған танымдағы емес, бағыт-бағдары жаңа Ұлы сана жолына түскен абайтанудан арнайы мамандар дайындауға М.Әуезовтің арманына айналған, бірақ орындалмаған бүгінде М.Мырзахметұлының қол жеткізе алмай жүрген Абайдың ғылыми-зерттеу институтын Астанадан тез арада ашу қажет. Өйткені Абайдың «Толық адам ілімін» оқыту – уақыт талабы.

Қорыта айтқанда біз бұл мақаламызда Абайдың «Толық адам ілімі» деген тақырыпты оның кейбір өлеңдері мен қара сөздерінің ішінен теріп алып қана қарап, «толық адам» ұғымының қай шығармаларында бой көрсететінін қысқаша талдап, оны М.Әуезов, М.Мырзахметұлының зерттеулері негізінде түсіндіруге тырыстық.

НАЙЗАБАЕВ ӘЛІМБАЙ АМАНБАЙҰЛЫ,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,

педагогика ғылымдарының магистрі,

Абайтанушы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.