Жаңаша оқыту – өмір талабы

Мұғалім – адамды қалыптастыратын, адамды адам етіп тәрбиелейтін мамандық иесі. Мұғалімнің еңбегі өте жауапты, әрі күрделі. Төтенше жағдайға байланысты еліміздің барлық өңірлерінде қашықтан оқытыла бастады. Елімізде оқытудың мұндай формасы алғаш рет қолданылып отыр. Әлемде барлығы сандық жүйеге ауысып жатқандықтан, қашықтан оқудың берері көп.
Сондықтан заман талабына сай өзгеру бүгінгі күннің басты талабы болғандықтан, қиыннан қиыстырып үйренген “Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектеп” КММ-нің бастауыш сынып ұстаздары да бұл жерде де өз шеберліктерін көрсетті. Төртінші тоқсан бұрын соңды қолданыста болмаған форматта басталған соң, қобалжу болғанын жасырмаймын. Қашықтықтан оқыту – бұл қашықтықта оқыту нысаны, мұғалім мен оқушының жеке бір кездесулерін талап етпейтін, көбінесе Интернет желісінде пайдаланатын коммуникация – аудио, видеотехника және спутниктік байланыс арналары арқылы ұйымдасқан заманауи тәсілдері болып табылады. Қашықтықтан оқыту қажетті қашықтықты еңсерумен, уақыт пен күшті үнемдейді.
Каникул күндері бастауыш сынып мұғалімдері жаңашылдыққа белсенді түрде дайындалды. Олар қашықтықтан оқыту саласындағы педагогикалық шеберліктерін жетілдірді, әдіснамалық қоржындарын толықтырып, сабақтарға арналған материалдарын іріктеп, оқу порталдары арқылы сабақтардың бейне таратылымын қолдануын , қашықтықтан оқытудың және өзіндік жұмыстың әдістерін жетілдірді. Каникул кездері оқушыларымыз бос уақыттарын тиімді пайдаланып, «Біз үйдеміз, сіз де үйде болыңыз!» тақырыбында челлендж ұйымдастырды.
Білім беру жүйесінде алғаш болып отырған жағдай болғандықтан, мұғалімдер сәуір айының алғашқы күндерінен – ақ дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. 1-3 сәуір аралығында сынама сабақ, ата-аналар жиналысы, сынып сағаттарын өткізді.
Барлық сабақ мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша, сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстары бойынша әдістемелік қолдаумен және мультимедиалық материалдармен қамтамасыз етіліп, ұстаздар үшін алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Мәселен: мұғалімдеріміз тапсырмаларды беріп, олардың орындалуын тексеруіп, бағалауды және кері байланысты өз уақытында қамтамасыз етіп отыр. Білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда педагогтердің өз сыныбымен қашықтық оқыту арқылы талқылау жүргізіліп жатыр.
4 «Ә» сынып оқушы Мұхан Махаббат «Біз Жеңістің ізбасарлармыз» атты эстафетаны қабылдап, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, оларды мәңгі есте сақтаймыз! – деп лебіздерін бейнеролик арқылы ұсынды. Ұстаз бен ата-ана, шәкірт бірлесе жұмыс жасаған кезде, олқылықтың орнын тез толары анық. Оқушылар өз кезегінде оқулықтар мен қосымша ізденіс құралдарының көмегімен жаңа сабақты толықтай игеріп, үйге берілген тапсырманы өзіне ыңғайлы форматта орындап, мұғалімдермен жүйелі түрде кері байланыс орнатуға толықтай мүмкіндігі бар. Қашықтан оқу жүйесінің тиімді жағы оқушылар өз бетінше ізденіп, білімдерін өрге қарай шыңдайды. Дей тұрғанмен шәкірттер білім ордасына деген сағынышын жасырмайды. Талай зобалаңды бастан кешірген, «тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алуды» айтып кеткен бабаларымыздың өсиеті қандай қиын жағдайда да тоқтамаса керек. Ең бастысы әлем арпалысқан індет кезіндегі карантин ережелерін сақтап, үйден шықпасақ, мектеп қабырғасына оралар күн алыс емес.
