Жаңа сабақтар

«Біз біргеміз» челленджін қолдау

Алматы облысы, Сарқан ауданы, Екіаша ауылы, Екіаша орта мектебінің

10 сынып оқушысы Тасыбек Гулзат

Жетекшісі: Шарова Жулдыз Ондрысовна

Әлемде күтпеген өзгерістер ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы короновирус инфекциясының таралуын пандемия деп танығаннан бастап дүрбелең одан сайын күшейді. Бұл індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Тарихқа көз жүгірсек үнемі бірлік танытпай, құмалақтай шашылған ел ақыр соңында алауыздықтың салдарын тартып жатады.Дәл осындай жағдай орын алмас үшін халықты бір мақсатқа жұмылдыру үлкен рөл атқарады. Бұл ел бірлігі сынға түсетін нағыз уақыт. Осындай аз ғана уақыттың ішінде әлемде болып жатқан жағдайға талдау жасай алдық. Сондықтан бұл оқиғаға рухани тұрғыдан дайын болдық. Енді оны іспен дәлелдейтін уақыт жетті. Ол үшін бастысы өзіңіздің ел алдындағы, әлем алдындағы жауапкершілікті сезіне алуыңыз керек. Ел басы мемлекеттің тұтастығын көздеп, мақсатын айқындап, даралық танытып, « BizBirgemiz!» ұранын халыққа жебеу етті.

Ондағы мақсат еңсесі түскен халықтың рухын биіктетіп, болашаққа деген көзқарастарын жақсы жағынан қалыптастыру. Осы көзқарастың нәтижесінде челлендж ел аумағына тез тарап, еріктілердің көмек көрсетуі басталды.

Челлендж Алматыда жергілікті әкімдік пен «Мен алматылықпын» қоғамдық бірлестігімен біріге отыра, қайырымдылықпен айналысу жүзеге асуда. Дәл осы ұран негізінде мүгедектерге, жалғыз басты қарт адамдарға, көп балалы отбасыларға азық-түлік жеткізіліп, 700 дей отбасы көмек алды. Еріктілер өз белсенділіктерін көрсетіп, осынау қиын кезеңде халықтың жанынан табыла білді.Панфилов ауданының полицейлері Елбасы ұранын жалғастырып қашықтықтан оқыту енгізілгендіктен жасөспірімдерге смартфон табыстап, елмен бірге екендіктерін жеткізді.

Челлендж мақсаты тек қана материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз ету емес сонымен қатар халықтың еңсесі түсіп, дүрбелеңде отырған уақытта бұл жағдайдың уақытша құбылыс болып қалатындығын түсіндіре білу екендігін ұмытпаған жөн. Мәселен инстаграм, телеграм әлеуметтік желілерінде танымал әртістер халыққа қолдау ретінде түрлі видеолар түсіріп, « BizBirgemiz!» челленджін жалғастыруда. Бұл маңызды челленджді үйде отырып та қолдай аламыз. Себебі «Үйде болыңыз» үндеуі де елеп ескерусіз, бей-жай қалмауы тиіс. Үнемі жұмыс басты болып, отбасына көңіл бөле алмай жүрген жандар жанұясын ғана емес күллі әлемді құтқару үшін жәй ғана үйде отырса жеткілікті.

Ақ халатты абзал жандар да осынау сан-қилы кезеңде басқалардан қолдау күтеді. Дәрігерлерге рухани тұрғыдан көмек керек. Өзіңіз ойлап көріңізші, сіз жай ғана үйде болуыңыз керек, ал дәрігерлер барлық науқастың жақындарының алдында жауапкершілігін алып, тынбай еңбек етуі тиіс. Олар үшін жақындарының жанында болудан гөрі елмен бірге болу маңызды. Менің ойымша мұндай ерліктен кейін оларды «Бүгінгі күннің батырлары» деп атасақ қателеспеспіз. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан да қолдаулар көрсетіліп, халықпен жұмыстар жүргізілуде.Ел игілігі үшін түрлі ережелер бекітіліп, тек сонымен жүруге шақыруда. Халыққа түсіндіру жұмыстарымен қатар материалдық тұрғыда да көмектесуде. Бұл уақытта әлеуметтік желілер жалған ақпараттар таратып, ел ішіне іріткі саларлық мәліметтер таратуы мүмкін.Сондықтан барынша мәселеге байыппен қарап, жан-жақты болуға тырысып, ақпаратқа біржақты қарамауымыз керек. Covid19 жайында айтылған мәліметтің бәрі адам көңіл-күйін түсіретіні рас. Бірақ ел болып, мемлекет болып бұл қиындықты жеңетініміз сөзсіз. Сол себепті қоғамның салы суға кетуіне жол бермеуге тиіспіз. Көппен көрген ұлы той. Бәріміз бір жағадан бас , бір жеңнен қол шығарып, жауапкершілікке баса назар аударайық!

Енді бір сәт ой көкжиегіне саяхаттап көрейікші. Сіз әлемде осы індет қаншама адамның өмірін жалмағанын білесіз. Олардың өмірін аман сақтап қалу үшін қаншама жанның тер төккенін білесіз. Осы індеттің кесірінен қаншама жанның көз жасы тиылмағанын білесіз. Барлық қайғылы оқиғалар адамдардың өздерінің салғырттығынан болып жатқанын білесіз. Алайда осының барлығын біле тұра, саналы тіршілік иесі бола тұра неліктен болып жатқан оқиғаны ой сүзгісінен өткізіп, жауапкершілікті сезінбеске?! Түсініңізші… Сіз- дәл қазір әлем алдында жауапты тұлғасыз, болашақ сіздің қолыңызда. Сондықтан қазіргі уақыттың маңыздылығын неғұрлым ертерек түсінсек соғырлым індетке байланысты статистика санының артпауына үлес қосамыз. #BizBirgemiz!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.