Жаңа сабақтар

“Р р” дыбысы және әрпі

Ізбағанбет Айгерім Айбарқызы

Ақтау қаласы МКҚК №39 «Хиуаз» балабақшасы

Білім беру саласы: Коммуникация

Бөлімі: Сауат ашу негіздері.

Тақырыбы: “Р р” дыбысы және әрпі
Мақсаты: 1) Балаларға өткен сабақты еске түсіре отырып, Р дыбысы мен және әрпімен таныстыру. Дидактикалық материалдар арқылы Р дыбысы бар сөздер ойлауға, сөйлем құрауға үйрету. 2) Сөздік қорларын байыту, ой — өрісін, танымын, шығармашылық қабілеттерін дамыту. 3) Ұқыптылыққа, жылдамдыққа тәрбиелеу, эстетикалық тәрбие беру.
Көрнекілігі: суреттер, кеспе әріптер, гүл шоқтары, жұмыс дәптері, астық түрлерінің суреттері, түрлі дәнді дақылдар.
Әдісі: Сұрақ — жауап, түсіндіру.
Сөздік жұмыс: қырман.

Билингвальді компонент: күріш – рис, дауыссыз дыбыс – согласный звук.

Мотивациялық -қозғаушылық:

Тәрбиеші: Балалар сабағымызды бастамас бұрын қане шаттық шеңберін құрайық

Достарымның барлығын,

Сыйлап, жақсы көремін.

Алақаным арқылы

Өткен тақырыптарды қайталау мақсатында «Орамал тастамақ» ойынын ойнап жіберейік. Мен кімге орамал тастасам, сол ойыншы орнынан тұрып сұраққа жауап береді.

  1. Дыбыс деген не?
  2. Әріп деген не?
  3. Қандай дыбыстарды білесің?
  4. Дауысты дыбыстар қалай аталады?
  5. Дауыссыз дыбыстар қалай аталады?
  6. Өткен сабақтарда қандай әріптермен таныс болдық?
  7. Сөз деген не?
  8. Сөйлем деген не?

Ұйымдастырушылық-ізденістік

Тәрбиеші: Балалар, қане барлығымыз тақтаға назар аударайық.

Мынау – қырман. Қырман – комбайннан түскен дәнді кептіретін, тазартатын ашық не қалқалы алаң. Қырманды тегіс, құрғақ жерде жасайды. Балалар, сендер суретте не көріп тұрсыңдар?

Балалар: Үйілген астықты көріп тұрмыз.

Тәрбиеші: Иә, бұл – егіс алқабынан жиналып алынған дақылдар. Сендер осы дәндердің аттарын білесіңдер ме?

Балалар: тары, арпа, бидай, күріш.

Тәрбиеші: Мына дәндер арпа, тары, жүгері, күріш, бидай деп аталады. Бұл дақылдар бізге оңай келе салмайды. Көп еңбекті қажет етеді. Бүгін біз “арпа”, “күріш”, “жүгері” сөздерінде кездесіп тұрған “р” дыбысымен танысамыз. Қане, менімен бірге қайталап айтыңдар: күріш, арпа, жүгері.

Тәрбиеші: Балалар, мұқият тыңдайықшы, бұл ненің дауысы?

Тәрбиеші: Балалар, бірге Р-р-р-р-р – деп айтып көрейік.

Балалар: Р-Р-Р-Р-Р-Р

Тәрбиеші: Міне, дауысты сендер естіп тұрсыңдар, көріп тұрған жоқсыңдар. “Р” дыбысының дұрыс артикуляциясы мынадай: ерін сәл ашылып, тілдің екі жағы жалпақтана жоғары көтеріліп, дем қарқынды түрде тіл ұшынан шыққанда “р” дыбысы жасалады. “Р” – дауыссыз дыбыс. Дауыссыз дыбыстарды қандай түспен белгілейміз?

Балалар: Көк түспен белгілейміз.

Тәрбиеші: Міне, мынау – “Р” дыбысының баспа және жазба түрі. Сендер әріптерді көріп тұрсыңдар ма? “Р” дыбысын ауада жазып көрейік.

Балалар, “Р” дыбысы бар буындарды айтып көрейік: РА, РҰ, РО, РӘ

Тәрбиеші: Балалар, мен қазір тақтаға ара, гүл, балдың суреттерін ілемін, осы суреттерге қарап сөйлем құрастырасыңдар.

Балалар: Ара бал жинау үшін гүлдерге қонады.

Тәрбиеші: Сендер көргендеріңнің бәрін қысқаша сөйлем етіп жеткіздіңдер. Сөйлем қысқа сөйлем және ұзақ сөйлем болып екіге бөлінеді. Сендер көргендеріңнің сөзбен жеткізе аласыңдар. Жеткізген сөздерің құрала келіп, сөйлем болады.

Қане енді ара, арпа деген сөздерді қима әріптермен тақтаға жазып көрейік. “Ара”, “арпа” сөздерінде “р” дыбысы қай жерде кездесіп тұр?

Балалар: “Р” дыбысы ортасында кездесіп тұр.

Тәрбиеші: Осы сөздерге дыбыстық талдау жасайық. Ара сөзінде неше дыбыс бар?

Неше буыннан тұрады?

Балалар: Ара сөзінде үш дыбыс бар. А-ра екі буыннан тұрады.

Тәрбиеші: Дыбыстардың дауыссыз не дауысты екенін ажыратайық.

Балалар: А – дауысты дыбыс; Р – дауыссыз дыбыс; А – дауысты дыбыс.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Ал енді арпа сөзінде неше дыбыс бар екен?

Балалар: Арпа сөзінде төрт дыбыс бар.

Тәрбиеші: Неше буыннан тұрады?

Балалар: Ар – па – екі буыннан тұрады.

Тәрбиеші: Енді дыбыстық талдау жасайық.

Балалар: А – дауысты дыбыс; Р – дауыссыз дыбыс; П – дауыссыз дыбыс; А – дауысты дыбыс.

Тәрбиеші: Қане, балалар шаршап қалмадыңдар ма? Ендеше орнымыздан тұрып, бір сергіп алайық, менен кейін бірге қайталаймыз.

Сергіту сәті:

Күн ұйықтайды.

Күн оянады.

Жел соқты.

Жаңбыр жауды.

Бұлт шатырлады.

Күн ашылды.

Жел басылды.

Тәрбиеші: Балалар, мен қазір сендерге жаңылтпаш оқимын, содан соң бірге қайталаймыз, “р” дыбысы бар сөздерді мұқият тыңдап отырып, есте сақтаңдар.

Ара, ара, аралар,

Орманның бойын аралар.

Гүлдерден сорып бал алар,

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәттi ғой, балалар!

Тәрбиеші: Балалар, қай сөздерде “р” әрпі кездеседі?

Балалар: Ара, орман, сорып, бара алар, балалар деген сөздерден кездеседі.

Тәрбиеші: Осы сөздерді тақтаға қима әріптермен жазып көрейік. Енді осы сөздерді буынға бөліп айтайық.

Балалар: А – ра, гүл – дер, ор – ман, ба – ла – лар.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Қазір біз керемет ойын ойнаймыз.

Дидактикалық ойын: “Дыбыстарды танып ал”

Ойын шарты: жемістер ( көкөністер) мен дақылдардың қима суреттерін араластырып қояды. Таңдап алған суреттегі заттардың атын атайды. “Р” дыбысы қай сөздерде кездесіп тұрғанын анықтайды.

Дәптермен жұмыс:

Дәптердегі№ 11 тапсырманы орындайды. Жеке жұмыс.

Рефлексиялық-түзетушілік

Тәрбиеші: Балалар, сендер бүгін қайда барыңдар?

Балалар: Біз бүгін қырманға барлық.

Тәрбиеші: Ол жерден ненің дәндерін көрдіңдер.

Балалар: Арпа, бидай, жүгері, күріш, тары.

Тәрбиеші: Біз бүгін қандай дыбыспен таныстық?

Балалар: “Р” дыбысымен таныстық.

Тәрбиеші: “Р” дыбысы қандай дыбыс?

Балалар: “Р” дыбысы дауыссыз дыбыс.

Тәрбиеші: “Р” дыбысы қандай сөздерде кездеседі екен?

Балалар: Ара, арпа, орман, балалар

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, балалар. Бүгін сабаққа белсене атсалыстыңдар.Олай болса, осымен сабағымызды аяқтаймыз.

Күтілетін нәтиже:

Орындайды: суретке қарап, сөйлем құрауға, сөздерге дыбыстық талдау жасауға, әріп қималарымен буындар құрастыруға арналған тапсырмаларды.

Түсінеді: дыбысты еститін, әріпті көретінін, қырманда астықтың болатынын.

Қолданады: дыбыстардан буын және сөз, сөздерден сөйлем құрастыра білу дағдыларын.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.