Жаңа сабақтар

«Кемеңгер ақын – Абай Құнанбайұлы»

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше 9 қаңтар күні Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы туралы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялаған болатын. Осы мақала арқылы Абай және оның шығармаларының қоғамдағы рөлін сипаттады. Яғни, Абай өлеңдері, қарасөздері, аудармалары, жалпы оның келер ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы — біз үшін баға жетпес рухани байлық екенін халыққа түсіндірді. Бес асыл істі үйреніп, бес асыл істен жиренуді өсиет еткен ақын-бүгінгі саналы ұрпақтың кемеңгері болып отыр. Абай шығармалары тек қазақ халқы арасында емес, дүниежүзінде рухани азыққа айналуы тиіс.

Президент мақаласында: «Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі.»,- деп айтқан болатын. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.Ол оқу мен білімді ең басты мақсат етті. Халқының сауатын ашуды көздеп , білімді, көреген , көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақтың қалыптасуын медет қылды. Ол өзінің өлеңдері мен қарасөздері арқылы халыққа бірлігі жарасқан, тату-тәтті , сан түрлі ұлтты бауырына басқан киелі қара шаңырақтың болашағы жарқын болуы үшін, не қылмақ керегін тайға таңба басқандай жеткізді. Міне,сондықтан да қазіргі мына біз,жастар, ендігі кезекте Ұлы ақынымыздың жайдың атқан тасындай етіп бізге мұра еткен дүниелерін өзімізге серік қылып, етек-жеңімізді жинауымыз керек. Жастардың бұл кезектегі міндеті аманатқа қиянат жасамай, жарғақ құлағы жастыққа тимей білімге ұмтылып , алға бастау. Елдің басты мұқалмас қаруы- жастар. Елдің болашағы жастардың қолында. Барлығын өзімізден бастап, иін тірескен мүмкіндіктерімізді пайдалана білуіміз қажет.

Хәкім Абай шығармаларын халық арасында насихаттауда, республикамыз да қазірден бастап іс-шаралар кең етек жаюы керек. Мәселен, 175 жылдық мерейтойдың қарсаңында оқушылар арасында Абай өлеңдерін жатқа айтудан мүшәйралар, қарасөздерін талдауға арналған дебаттар, Абай әндерін айтудан түрлі байқаулар ұйымдастырыла берсе екен.Соның ішінде ақынның сүйікті ойыны болған «Тоғызқұмалақты» да насихаттай отырып,ойындар өткізілсе.Бұл бағытта президентіміз де көптеген шаралардың өткізілетіндігін айтып отыр.

Ақын өлеңдерінен, қарасөздерінен үзінді айтып желіге тарату эстафетасы қазіргі таңда үрдіске айналды. Бұл — өте жақсы. 175 жылдық мерейтойдың аясында бұл эстафета әрі қарай етек жайып, жаңаша бағытта белең алуы тиіс. Бұл бағытта өзім білім алатын Казталов мектеп-лицейінде Абай мұрасына арналған лездемелер өткізіліп, Абай әндерін айтудан эстафета бастаған болатынбыз. Бұл үрдіс өзінің жалғасын табады деп ойлаймын.

Абайды тек республика көлемінде емес, әлемдік деңгейде насихаттайық. Құнанбайұлының шығармаларын жатқа біліп, қарасөздерін оқу парызымыз. Қалдырған өсиетін өрге жетелеп, саналы, білімді ұрпақ болайық! Айдарынан жел ескен заманда қаймағы бұзылмаған мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ат салысып, татулығымыз бен бірлігімізді сақтайық!

Инабат Саленова

БҚО, Казталов ауданы,

Казталов мектеп-лицейінің

11 б сынып оқушысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.