ШҚО, Семей қаласы
№ 43 жалпы орта білім беретін мектеп
Айсрахунова Айгерим Марияханқызы
Ертегі жанрының түп төркіні- алғашқы қауымда пайда болған көне миф, аңшылар туралы әңгіме, хикая және әр түрлі кәде – ырымдар мен аңыздар. Басқаша айтқанда, ертегі жанры өзінің қалыптасу үрдісінде осы жанрлардың қасиеттерін бойына сіңірген , олардың кейбіреуін молырақ, бағзыларын азырақ пайдаланған. Солардың ішінде қайсібір жанрлар өз бітімін жоғалтып, мүлде ертегіге айналып кеткен. Солардың бірі – миф. Әрине мифтің ертегіге айналу үрдісі жылдам болған жоқ, ол ұзақ әрі күрделі жол, бірнеше кезеңнен өткен.
Жоғарыда айтқанымыздай, миф – алғашқы рулық қауымның қасиетті деп саналған құпия әңгімесі. Сондықтан ол кезде оны әркімге және кез келген жерде айта бермеген. Мифтің айтылатын кезі кәмелетке жеткен жастарды сынақтан өткізіп, шынықтыруға арналған неше түрлі кәде ырымдар мен жоралғы жасалатын.
Дегенмен, қоғамдық сананың өзгеру барсында миф ежелгі сипаттарын бір- бірлеп жоғалтып отырған. Қасиетті және ақиқатты деп есептелген сипатынан айырылған соң, ондағы оқиғалар да дәуіріне байланысты өзгеріске ұшыраған. Енді оқиғалар бұрынғыша әлемнің жаратылуы, алғашқы адамдардың пайда боуы болмай, қоғам басшысының, немесе қауымның қатардағы бір мүшесінің керемет нәрсесімен кездесуі болады, іс- әрекеттербүкіл аспан әлемінде емес, ел ішінде, адамдардың арасында болады, ал мифтік дәуір ертегіге тән белгісіз уақыт болып алмасады. Соның салдарынан іс- әркеттің нәтижесі де баяғы мифтік сипаттан айырылады. Басқаша айтқанда, мифтің себеп – салдарлық (этиологиялық) белгісі жоғалады. Осылай мифтің ертегіге айналу барсында бұрынғы масштаб тарылып, әңгіме жеке бір адам тағдырын баяндайтын жағдайға келеді. Сөйтіп, миф бірте бірте хикаяға, одан ертегіге айнала бастайды. Рас, миф ертегіге хикая болмай – ақ тікелей айналуы мүмкін. Бұл жағдайда да мифтің өтетін жолы осы. Сөз жоқ, бұл жол бірнеше тарихи жолды қамтиды. Егер миф жанры адамзат тарихының қоғам ретінде қалыптасу үрдісінінің ең басында пайда болса, ертегі көркем жанр, сөз өнері болып, адамзаттың алғашқы қауымнан таптық қоғамға өткен тұсында қалыптасқан.
Ертегінің бір тамыры – алғашқы рулық қоғамда өмір сүрген адамдардың аң аулап жүргенде, жолға шыққанда басынан кешетін оқиғалар жайындағы әңгімелер. Алғашында шын болған оқиға негізінде айтылатын әңгімелер (меморат)бірте – бірте ел арасына жайылған сайын қоспаларымен толықтырылып хикаяға, одан ертегіге айналып кеткен. Мұндай үрдісті, мәселен, Жаңа Гвинея тұрғындарының фольклоры мен этнографиясын зерттеген Б. Н Путилов жақсы аңғарған.
Әдетте, біз ертегіні ойдан шығарылған әңгіме дейміз. Расында да солай ма?. Жоқ. Ертегі жанры, өз – өзінен немесе ойдан тумаған. Оның негізін қалаған көне прозалық жанрларалғашқы қауымдық қоғаның түсініктері мен салтын, әдет- ғұрпын, яғни сол заманның шындығын өзінше бейнелейді. Демек, ертегідегі бізге қиял ғажайып болып көрінетін кейбір нәрселер- бір кездегі болмыстың, құбылыстың сәулелері.
Бұл айтылғанға қоса мынаны да ескеру керек: ертегінің пайда болып қалыптасуының алғашқы кездерінде ел оны қиял деп ойламаған,
онда баяндалатын оқиғаға сенген.[1] Себебі ол шақта ертегі өз төркінінен алыс кете қоймаған, сондықтан көркемдік қызмет те атқармаған.
Ал, енді қиялға келетін болсақ, ондай элемент мифте де, аңызда да бар,бірақ мұнда қиялдың сипаты мен нысанасы басқаша. Бұл жанрларда қиял эстетикалық мәнге ие емес, ол шығарманың мазмұнынан тыс дамымайды, өйткені белгілі бір түсінікпен, пайыммен байланысты болады.соған қызмет етеді. Бірақ соның өзінде де қиял- жалған деп қабылданбайды, сол себепті, ол көркемделмейді, яғни саналы өтірікке негізделмейді. Егер шығармада сәл жалғандықтың нышаны білінсе, ол хикая, миф, аңыз болып саналмайды.
Фольклорлық жанр болып қалыптасқан классикалық ертегіде қиял мақсатты түрде пайдалынады, сондықтан көркемделіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады.
Қазақ фольклорының құрамында таза қиялға құрылған жанрлар
Қазақ фольклорының құрамында таза қиялға құрылған жанрлар да бар. Олар – өтірік өлеңдер мен сатиралық ертегілер, қулар жайындағы әңгімелер. Мұндай шығармалардағы оқиғалар да қиялдан туған, бірақ бұл қиял классикалық ертегіден басқаша. Классикалық ертегіде қиял халықтың ежелгі діни наным мен түсініктеріне негізделген, ертегінің даму барысында ол ғажайып сырға ие болған, соның нәтижесінде көркемделген, эстетикалық сипат қабылдаған. Ал өтірік өлең мен қулар жайындағы ертегілерде қиял көне дәуір түсініктеріменеш байланыспайды, қайта ол шығармадағы оқиғаның жалған екенін дәлелдеуге қызмет етеді.Демек, мұнда қиял өтірікке бағытталған. Сол себепті шығармадағы оқиғалар,кейіпкерлердің іс – әрекеті еш снімсіз, ешқандай логикаға сыйымсыз болып келеді, тіпті ешқандай этикаға да сай келмейді.Міне , осы логикаға да этикаға да сәйкестенбейтін өтірігі күлкі тудырады. Классикалық ертегі қиял өмірден қаншама алшақ болып көрінгенімен көркемдігі мен этикасы жағынан логикаға сыйымды, өйткені онда қиялдың өмірге сай болуы міндетті емес, тіпті ондай мәселе тумайды. Ертегідегі шарттылық көркем қиялға, ғажайыпқа негізделген. Оның мақсаты- әсірелееп, әсерлі тіп баяндау, ерлерді тамашалау.
Ертегі жанры- аңыздық прозаның дамыған, көркемделген түрі, яғни көркем проза. Оның мақсаты- тыңдаушыға ғибрат беру ғана емес, сонымен бірге эстетикалық ләззат беру.Басқаша айтқанда, ертегі жанрының жүйесі кең, ол әрі тәрбиелік,әрі көркем – эстетикалық роль атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшеліктері осы екі жүйеден шығады. Сондықтан ертегілік прозаның ең басты мақсаты-сюжетті барынша ғажайыпты етіп, көркемдеп,әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, қайта керісінше, әсірелеуді міндет тұтады. Ал ертекші әңгімесін өмірде шын болған деп дәлелдеуге тырыспайды.
Ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайып (фантастика) көркем тәсіл, бейнелеуші құрал ретінде қолданылады.
Өмірдегі реальды нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету- ертегі жанрының өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге,ғажайыпты етуге күш салады. Олай болса, ертегідегі оқиғалар мен іс әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге де, тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. Мәселен, әлсіз, бишара түлкінің айбынды арыстанды жеңуі- өмірде еш қисыны жоқ өтірік. Бірақ ертекші осылай көрсетеді, себебі ертегі жанрының поэтикасы осыны талап етеді тжәне тыңдаушы да осылай болғанын қалайды. Сол сияқты, адамның өзінен әлденеше есе күшті жеті басты айдаһарды жеңуі де – осы заңдылықтардың көрінісі. Бұл заңдылық қарапайым халықтың жуандардан кек алуды көксеген тілегінен туған. Халық әлсіздерді жақтап, оларды күшті етіпкөрсеткісі келген, сөйтіп қиял жүзінде болса да,әділеттік орнатқан, арманын іске асырған.
Демек,ертегі жанрында қиял мен ғажайып идеялық та қызмет атқарып тұр.Бұл заңды да, өйткені классикалық ертегі адамның рухани азығы болумен бірге идеологиялық та құрал болған.
Фольклорлық көркем прозаға, дәлірек айтсақ ертегінің ішкі жанрларына, белгілі дәрежеде эмоциялық та сипат тән. Ертегінің көркемделіп баяндалуында сюжеттен гөрі композицияның ролі артығырақ, ал, оның мазмұнының бай және әсерлі болып шығуы айтушы мен тыңдаущының көңіл – күйіне байланысты. Ертекші бүкіл образдар жүйесін, көркемдеу құралдарын ертегінің идеялық және эстетикалық әсерін күшейтуге қызмет істетеді. Ол қаһармандарды небір қиын , адам ойына келмейтін жағдайларға душар қылады. Сонда ертекші осының бәрі шындыққа сәйкес емес – ау деп, еш қымсынбайды, керісінше, ол әдейі осылай істейді, өйткеніертектің идеялық мақсаты мен эстетикалық нысанасы сюжеттің осындай құрылысын талап етеді. Ал, оны жүзеге асыруға ертекшіге тек фантастика ғана мүмкіндік береді.
Ертегі күнделікті сұхбат әңгімеден ерекшеленіп тұрады. Оның айтылу жағдайы аңыздық прозаны айтудан басқаша, ол сұхбат тақырыбына қатысты болмайды. Ертегі арнайы айтылған, белгілі бір композициялық сызба бойынша баяндалады., яғни мұнда идеялық, көркемдік тұтастық бар. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады. Ол композицияның және эстетикалық мұраттың тұрақтылығы, бас – аяғы оралымдалған «тұйық уақыттың» болуы, көркем шарттылықтың міндетті түрде орын алуы.
Сонымен, біз ертегілік прозаның пайда болу үрдісін, оның көркем жанрға айналу тарихын шолып, жанрлық ерекшеліктерін сипаттап шықтық. Өзінің оу баста адамның еңбек үрдісінде дүниені, өмірді танып – білу мақсатында пайда болған миф,хикая, аңшылық әңгімелерден шыққаннан бергі талай ғасырларды қамтитын тарихында ертегі жанры әр дәуірдің , әр қоғамның болмысы мен түсінік – пайымдарының ықпалын, олардың ізін кейінгі заманға жеткізеді. Осы тұста ертегі фольклордың барлық жанрымен араласа, біртұтас фольклорлық жүйенің құрамында дамыды.
Ертегінің түрлері:Жануалар жайындағы ертегі, хайуанаттар туралы этиологиялық ертегілер, хайуанаттар туралы классикалық ертегілер, жануарлар жайындағы ертегілердің бір түрі- мысал ертегілер (аполог),қиял – ғажайып ертегі, батырлық ертегі,новеллалық ертегі, сатиралық ертегі
Қорытынды
Қазақтың халық прозасын фольклорлық жанрлар теориясы негінде зертеудің нәтижесінде мынадай қорытынды шығаруға болады.
Халық ауыз әдебиетінің өзіндік қасиеттері жанр ұғымын нақтылай түсуді қажет етеді. Жалпы, көркем әдебиет пен өнерді қабылдаған жанрдың анықтамасы фольклорлық жанрға толық сай келе бермейді. Әрине, оларды біріктіретін ортақ фольклорда бар.Олардың ішінде ең бастысы – жанрдың өмірлік нысанасы мен атқаратын қоғамдық – тұрмыстық функциясы. Ал, фольклорлық жанрларды сипаттайтын белгілер болып елдің фольклорлық шығармаға сенетіні мен сенбейтіндігі, ол шығарманың айтылу мәнері мен көркемдік сапасы болып саналады.
Міне, осы тұрғыдан келгенде, қазақтың халық прозасы аңыздық және ертегілік болып екі топқа бөлінеді.Олар бірі – бірінен өзіндік қасиеттерімен дараланады.
Біріншіден, аңыздық проза тыңдаушы мен айтушыларында еш күдік туғызбайды, оған ел сенеді, ал ертегілік прозада ойдан шығарылған қиялдан туған жәттәр көп екенін халық жақсы түсінеді; екіншіден дүниеге ең алдымен аңызыдқ прозаның сюжеттері мен жанрлары келеді, одан соң бұл сюжет пен жанрлар ел арасында ауызша айтылуының арқасында бірте – бірте толығып, өсіп, ертегілік проза түріне ауысады. Басқаша айтқанда, аңыздық проза дәуір жағынан ертегілерге қарағанда көнелеу;үшіншіден, композициясы мен тіл кестесі , яғни жалпы көркемдігі жағынан аңыздық проза ертегілерден гөрі төмендеу болады; төртіншіден,аңыздық прозаның негізгі қызметі танымдық, табиғаттың тылсым сырларын түсіндіру және халық тарихынан мағлұмат беру, ал ертегілік прозаның басты функциясы – эстетикалық және тәрбиелік қызмет.
Осылайша өзі естіп, өзі көрген, жазып алған тіл деректеріне қарап, Радлов қазақ халқының тіл өнері жөнінде тұтас пікір айтады. «Өзге туыстас елдерінен қазақтың ерекшелігі — сөз орамына шебер және тамаша шешен» деген. Бірақ өзге қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жазғанда қолданған әдеті бойынша өткен ғасырдағы буржуазиялық фольклористиканың дағдысына түсіп, Радлов өзіне ертегі айтып берген адамдардың аттарын, жөндерін жазбайды. Олар жайын елемей, атамай өтеді.
Міне, қазақтың да халық ертегілерін зерттеп, тексергенде, ең алдымен еңбек иесі болған халықтың еңбек адамы турасында тудырған ертегілерін зерттеуді советтік фольклористика ғылымының ең қадірлі міндеті деп ғылымдық тексеру жасау қажет. Онан соң осы ертегілерді бір ғана дәуірдің туындысы есебінде түсінген бұрынғы теріс әдісті жойып, оның орнына қазақ ертегілерін өзге ауыз әдебиет үлгілеріндей белгілі қоғамдық-тарихтық дәуірлерге бөліп, соларға байланыстырып, жалғастыра отырып тексеру қажет болды.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
С. Қасқабасаов . Қазақтың халық прозасы. Алматы- 1984.
Аникин В.П. Русскаяодная сказка. М.,1977; [1]
Әуезов М., Ысмайлов Е. Қазақ ертегілері. – Кіт.: Қазақ ертегілері .3 томдық. Алматы, 1957, 1-т.,
Әуезұлы М. Әдебиет тарихы. Қызылорда; Ташкент, 1927,198-б [4]
С.А Қасбасов Қазақтың ғажайып ертегілері. Алматы, 1972,56-59;
С.А Қасбасов Батырлық ертегілер. Қазақ совет энциклопедиясы. Алматы, 1973,2 –т, 200 б
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1974,126-127- б [5]
Жумалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. Алматы, 1960;
Жирмунский В.М Сказание об Алпамыше и богатырская сказка.М., 1960 [3]