Жаңа сабақтар

Жаңартылған білім беру – болашақтың кепілі

Аманбаева Арай Сембековна

«Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық білім бөлімі» ММ «Экономикалық лицей» КММ

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Баяндама тақырыбы: Жаңартылған білім беру – болашақтың кепілі

Бүгінгі мектептің, мұғалімнің ең басты қасиетті міндеті-рухани бай, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру. Рухани байлық ең алдымен әр халықтың ұлттық әдет-ғұрпы, әдебиеті, мәдениеті, өнері шыққан түп тамырында екендігі. Сол ұлттық байлықты бүкіл азаматтың өз ұрпағын тәрбиелеудегі, білім берудегі озық ұстанымдармен байланыстыра отырып, әр баланың жол ашуына түрткі жасау бүгінгі білім беру, тәрбие ісінің басты міндеті.

«Сабақ беру-үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»,-деп Жүсіпбек Аймауытов өткен ғасырда айтқан екен. Ұстаз күнделікті сабақты өткізуде қиыннан қиыстырып, бала жүрегіне жол таба білуі керек. Әр ұстаз алдында отырған балаға сабақты әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білімді жүйелі де терең беруге тырысады. Білім беру барысында әр баланың психикалық, физиологиялық, деңгейін ескере отырып,, тілге деген қызығушылықтарын арттыру- басты ұстаным. Осыған орай, мемлекетімізде білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы-заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама болып табылады. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы-оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану болып табылады.

Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының академигі Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы өзінің «Әдебиетті оқыту әдістемесі» атты еңбегінде де «Білім беруді, тәрбие беруді ізгілендіру, сайып келгенде, мектепке де, оның мұғалімі, оқушысына да сеніммен қарау деген сөз. Шәкірт пен ұстаз арасындағы ынтымақтастық, әр ұстаздың шәкіртке өзіне тәуелді,өзінен төмен орындаушы деп қарамауы, оны білім мен тәрбие алудың обьектісі ретінде ғана санамауы, ең бастысы, әр шәкіртті бас бостандығы өзіндегі егеменді елеміздің болашағы, соның бір азаматы деп тануы деген сөз» деп айтып кеткен сөзі қазіргі жаңартылған білім мазмұнына қарай дәл айтылған пікір деп айтсам, қателеспеспін. Қанипа Омарғалиқызы өз еңбегінде айтып кеткен ізгілендіру идеясы мен қазіргі жаңартылған білім мазмұнының идеясы бір-бірімен өте ұқсас. Қанипа Омарғалиқызы ізгілендіру идеясында оқытудың ұтымды тәсілдері ретінде мына мәселелерді:

  • білім, тәрбие беру, әрі дамыта оқытудың кешенді мақсатын жоспарлау. Оқыту мақсатын нақтылау;
  • берілетін білім мазмұнының логикалық жүйесін сақтай отырып, ең негізгі, түйінді дәнді бөліп ала білу, негізгі ұғымдарды анықтау, соны оқушыға игертудің жолдарын іздеу;
  • сабақ құрылымының да нақты жағдайларға байланысты ең тиімді деген кезеңдерін таңдап ала білу;
  • әдіс-тәсілдердің тиімділерін, нақты жағдайға байланысты нәтижелі деген түрлерін таңдап алу;
  • жалпы сыныптық, топтық, жұптық,жеке оқу түрлерін үйлестіре пайдалану, нақты жағдайға байланысты саралап ала білу;
  • тиімді, қолайлы оқу жағдайын туғызу,-

деп атап көрсетсе, ал жаңартылған оқу бағдарламасында да дәл осы мәселелер оқу бағдарламасының өзекті мәселелері болып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, қай кезеңде, қай қоғамда болмасын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады.Білім саласында түбегейлі өзгерістер ұстазға үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан – жақты ізденетін алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаз қолында. Заманауи қоғамның зиялы азаматына білім беру- сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан жаңаша ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адам тәрбиелеу. Кез келген оқыту технологиясы мұғалімнен терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, шәкірттердің жан дүниесіне терең үңіліп, оны ұғына білуді талап етеді. Сондықтан оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың үрдісінен шыға алады. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана педагог қалыптастыра алады. Осы орайда тағы да ойымызға Қанипа Омарғалиқызының «Әр сабақты, яғни әр сабаққа бөлінген 45 минутты тиімді етіп ұйымдастыра білу ісі мұғалімнен ерекше творчестволық жұмысты, ойлы да зерделі еңбекті талап етеді»,- деген сөзі еске түседі. Сабақ барысында оқушылардың ізденуін қадағалап, білім дағдысын толықтыруға бағытталған сабақты түрлендіріп, оқушыларды ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге дағдыландыру қазіргі жаңартылған білім мазмұнының басты ерекшелігі.

Жаңартылған білім беру мазмұнының тағы ерекшелігі спиральді қағитдатпен берілуі, яғни қарапайымнан күрделіге қарай. Қарапайым түсініктен күрделіге қарай меңгеру сатысынан өту үшін тапсырманы үш деңгейде қарастыру: материалды игеруге бағдар беретін, материал мазмұнын терең түсінуге жол ашатын, оқушының білімін бекітуге мүмкіндік тудыратын тапсырмалар. Осыған байланысты білім берудегі бірыңғайлықтан бас тартып көп нұсқалы білім алу жүйесіне бет бұрып тұрған жағдайда оқушылардың топтық ерекшелігімен қоса жеке танымдық ерекшеліктерін ескеріп, саралап оқытуды ұйымдастыру-бүгінгі мектеп өміріндегі өзекті мәселе. Саралап оқыту әрекеті — білім алуға бағытталған әрекет. Ол өз бетінше, әр мұғалімнің жетекшілігімен жүзеге асады. Саралап оқытуды ұйымдастыру арқылы бала ақыл — ой деңгейімен белсенді әрекет арқасында репродуктивті емес өнімді нәтижеге жетеді. Оқушылардың дербес ерекшеліктерін анықтау үшін оқытушы алдымен, олардың ықылас — жігерін, еске сақтау мен ойлау қабілеттерін, ынтасын, жалпы білім денгейін зерттеуі қажет. Бұл ерекшеліктерді айқындау үшін білімді меңгеру деңгейін анықтауға арналған тапсырмалар дайындау; оқушы біліміне диагностика жүргізу, оқушыларға сауалнама, психологиялық тәжірибе жасау, ата — аналармен әңгіме жүргізу керек. Сыныптағы оқушының тек өзіне тән ерекшеліктері мен белсенділік деңгейін бақылау аса маңызды. Бұл мәселені құнттап, қолға алу-шынайы жетістіктер кепілі. Осы орайда төмендегі сұрақтарға көңіл аударған жөн:

  • әр оқушының өзіндік, ешкімге ұқсамайтын жақтарын тануға назар аудару;
  • баланың қолайсыздық сезінбеуін ойластыру: арнайы тапсырма беру немесе тапсырманы орындау барысындағы түрлі қасиеттеріне мән беру арқылы бақылау;
  • бақылау нәтижесін баламен жұмыс барысында, сабақ құрылымын жүйелеуде пайдалану.

Сөз соңында айтарым, ұлы педагог деуге тұрарлық Қанипа Омарғалиқызының мына бір сөзін әр ұстаз өз ұраны етіп алса, артық болмас дер едім: «Мақсатым-сабақты қызу еңбекке құру: сабаққа оқушыларды тыңдаушы дәрежесінде емес, еңбек етуші, білімді өз еңбегімен алушы (білімді өз еңбегіне қарай алушы) дәрежесінде қатыстыру. Олар –пікір айтушылар, көркем шығармаға деген өз көзқарасы, эстетикалық талғамы қалыптасып келе жатқан азаматтар. Сол себепті де оларды сабақта үнемі іздендіріп отыруды мақсат етемін».

Еліміздің болашағы- жас ұрпаққа берілер шынайы білім мен тәрбиені бүгінгі күннің талабына сәйкестендіріп, оқушылардың шығармашылығын, ізденушілігін дамытып, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін, білімге ынтасын арттыруға үлесімізді қоса берейік.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қ.Бітібаева. Әдебиетті оқыту әдістемесі.-Алматы: «Рауан»,1997
  2. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.
  3. Жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибелері. – Алматы, 1991.
  4. Қазақ әдебиеті: Әдістемелік нұсқау.-Астана: «Арман-ПВ»,2012

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.