Жаңа сабақтар

Абилова Гулназ Казиуллаевна

Авторы: Абилова Гулназ Казиуллаевна

Атырау қаласы №4 облыстық арнаулы шипажайлық мектеп-интернатының тәрбиешісі

Тәрбие сағаты 8 сынып

Тақырыбы: «Бір ел – бір кітап»

Мақсаты: «Бір ел – бір кітап» акциясы тарихы туралы мағлұмат беру. Тарихи- мәдени және рухани мұрамызды сақтау мақсатында ұлттық әдебиеттерге деген жас жеткіншектердің қызығушылығын арттыру. Мектеп-интернат кітапханасымен байланысты нығайту.

Түрі: мектеп-интернат кітапханасына саяхат сабақ

Әдісі: әңгімелеу, сұрақ-жауап, түсіндіру,тренинг

Көрнекілігі: Ә.Кекілбаевтың шығармаларынан кітап көрмесі, интернет желісінен алынған материалдар

І. Ұйымдастыру

Тренинг «Жылы лебіз»

ІІ. Мектеп-интернаттағы кітапханашы Сауле Бахтиярқызы оқушыларға кітапхана туралы

мағлұмат берді.

ІІІ. Тәрбиеші сөзі: Акция тарихы туралы оқушыларға мағлұмат …

Акция тарихы

Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.

Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

2000 жылдың қазан айында Чикаго қаласында «Чикагода кітаптар апталығы: Оқуға құмар қала» тақырыбымен тұңғыш рет қалалық фестиваль өтті. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея т.б.). «Сто лет одиночества» романының авторы Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап Испанияда оқу марафоны өткен еді. Қалаушылар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыды. Осы марафонды Испания Үкіметі басшысының орынбасары Мария-Тереса Фернандес де ла Вега ашты. Бұдан дәл 40 жыл бұрын жарыққа шыққан романды 7 бетке сыйғызып айту үшін әрбір қатысушыға 15 минуттан уақыт бөлінді.

2003 жылы Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты.

ІІІ. Еліміздегі «Бір ел – бір кітап» акциясы туралы …

Елімізде республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

«Бір ел – бір кітап 2019» республикалық акциясы бойынша биыл екі кітап таңдап алынды. Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романы мен ақын Әбділда Тәжібаевтің өлеңдері таңдап алынды.

IV. Әбіш Кекілбаев туралы оқушылардың ізденіс жұмысы…

Расул: Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. Арғы атасы Жанайұлы Қожаназар қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған. Әбіштің әлемі сол текті бабаның көріп-білген дүниесін балаға аңыз бен ертегі, әңгіме ретінде жеткізгенінен пайда болды. Әбіш әлемі — өзіндік бір пәлсапалық, дүниетанымға толы әлем.

Әсем: Әбіш Кекілбаев өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында мәдениет, әдебиет, кино салаларында ұйымдастыру-шығармашылық қызметтерін атқара жүріп, өзінің жазушылық кәсібін алдыңғы қатарға қоя білді.

Партияның Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушілігіне Әбіш Кекілбаев жазушыларға да, қоғамға да сөйлесе, сөзі өтетін, қажет кезінде басқарушы билікке олардың да талап-тілегін, сөзін өткізе алатын беделді қаламгер, тәжірибелі саясаткер ретінде қызметке шақырылды.

Заманбек: Әбіш Кекілбаев жаңа мемлекет тұсында да Әбіш Кекілбаев – депутат, Комитет төрағасы, Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты сияқты лауазымды қызметтерді атқарды.

Еламан: Әбіш Кекілбаев әдебиетке ақын болып келген. 1962 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» өлеңдер жинағына «Арғымақ», «Абайла, бауырым, абайла», «Айдай аузы, күндей көзі – шын сұлу» тағы басқа көптеген өлеңдері енді.

Дильназ: Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген жазушы. Қаламгердің алғаш жарыққа шыққан шығармасы «Бір шөкім бұлт» болатын. Осы шығармасының өзі оның үлкен сөз зергері екенін көрсеткен-ді.

Диляра: Әбіш Кекілбаевтың тарихи тұлғаларға арналған еңбектерін негізінен екіге бөліп қараймыз. Бірінші, әдеби-көркем шығармалардағы тарихи тұлғалар — Абыл, Сүйінғара, Бекет ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан, Абылай, т.б.

Эльмира: Екінші, ғылыми зерттеулерінде қамтылған тарихи тұлғалар. Олар негізінен: Қарабура, Шотан батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр, Барақ сұлтан…

Расул: Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар.

Алуа: Әбіш Кекілбаев – адам жанының шындығын танудың алуан түрлі тәсілін шеберлікпен игерген жазушы. Әбіш Кекілбаев кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанымен, олардың өзіне тән өмірі, тағдыры, мінез-құлқы бар. Жазушы олардың жан дүниесінің тереңіне барады. Жазушы кейіпкерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіреті арқылы толғап жеткізеді.

Асылай: Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» хикаяты менің сүйіп оқитын шығармаларымның бірі. «Шыңырау» хикаятыда құдықшылық кәсібі туралы баяндалған. Құдық қазу — ертеден келе жатқан өнер. Су — тіршіліктің көзі болғандықтан, құдық қазу — тіршіліктің күретамыры іспеттес болған. Жер асты суы жантақ өскен жерде мол болатынын қазақ халқы ертеден білген. «Шыңырау» хикаяты — Маңғыстау даласындағы құдықшылық кәсіптің қыр-сырын жеке сипаттаған шығарма. Бұл шығарманың идеясы: шөл даладағы халықтың тіршілігі үшін күресін көрсету,табиғаттың терең сырларын меңгеріп,ұрпағына мирас етіп қалдырған Еңсеп секілді халық ұлдарын үлгі ету. Шығарманың қысқаша мазмұнына тоқталсам. Шығарма бас кейіпкері — Еңсеп.Ол — жапан далада талай құдық қазып,көптің мейірін қандырып,мерейін үстем еткен жан.Байсал бай Үстірттегі ең шұрайлы жер — Шыңырау түбінен Еңсеп құдық қазып беруге өтініш жасайды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қолайлы көретінін айтады. Еңсеп құлақ аспайды. Еңбекке жарамды нарларды таңдап, құдық қазуға кіріседі. Шыңырау түбінде әртүрлі ойға шомылып, бірде қуанып, бірде қорқыныш ой арпалысады… Кенет қыл арқанды тартып тұрып, жәрдем беріп тұрған жігіттер: Еңсеп!-деп айқайлағанда, шыңырау ішінен дауыс шықпайды… Кейіннен шыңырау «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кетеді.

V. Қорытынды.

  • «Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.» Манаш ҚОЗЫБАЕВ
    Заманымыздың заңғар жазушысының әдеби мұрасынан сусындап өсу мақсатында сіздерді Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасын оқуға шақырамын.

VI. Әбіш Кекілбаев «Арман» өлеңі; оқитын Умбеталиев Заманбек

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.