Жаңа сабақтар

ИНКЛЮЗИВТІ ОҚЫТУ НЕГІЗІНДЕ ТЕҢДІК ҚАТЫНАСТЫ ҚА МТАМАСЫЗ ЕТУ

БАСТАУЫШ СЫНЫПТА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ

ДАМЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ

Оралбекова Алия Курбановна PhD, аға оқытушы

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ……………………………………………………………………………………….. 3

  1. ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ

ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

1.1 Инклюзивті білім берудің мәні және негізгі сипаттамалары ……….. 8

1.2 Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі мен

Қазақстандағы дамыту мәселелері ………………………………………………. 14

2 ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ

ӘДІСТЕМЕСІ

2.1 Инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық әдістері

мен тәсілдерін іске асыру механизмдері …………………………………….. 25

2.2 Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп ұйымдарында

инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың жолдары …………….. 32

ҚОРЫТЫНДЫ ……………………………………………………………………………. 39

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР …………………………………………. 40

ҚОСЫМШАЛАР …………………………………………………………………………. 41

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейтестілігі. Біз қоғамда өмір сүреміз. Айналамызда миллиондаған адамдар бар. Күн сайын таныс емес бейнелерді, адамдарды көреміз. Қаптаған адамдар арасынан бірінің бейнесін еске сақтаймыз не жоқ. Әлемде барлық адамдар бір-біріне ұқсамайды, «бірегей» (уникален) болып табылады.

Әр субъектінің өз қызығушылығы, принциптері, өмірлік мақсаттары мен жоспарлары болады. Тіпті киім таңдау мен кию стилінде, сөйлеу мәнерінде де қайталанбас ерекшеліктер бар. Бір-бірімізді түсініп, әр адамның жеке даралығына (индивидуальность) құрметпен қарауымыз керек.

Кез келген қоғамның даму деңгейі балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі (МШ) жандардан тұратын қорғауды қажет ететін адамдар тобына деген қарым-қатынаспен өлшенеді. Бүгінде қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер: отбасылық, экологиялық, экономикалық дағдарыстар жүйке жүйелері бұзылған, әртүрлі психика балалық-физикалық аурулары бар, жас ерекшелігі әртүрлі балалардың көбеюіне әкеліп, соқтырып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, бұл жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды. Солардың 69 мыңы балалар, оның мектепке дейінгі жастағы 15 мың бала елімізде 39 арнайы балабақша мен 315 арнайы топтарда білім мен тәрбие алуда. 106 арнайы мектеп және жалпы білім беретін мектептер жанындағы 1219 арнайы сыныптарда 25 мыңға жуық мектеп оқушылары білім алып жатыр. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдауды 17 реабилитациялау орталықтары, 133 психологиялық-педагогикалық коррекциялау кабинеттері, мектеп жанындағы 558 логопедиялық пунктері көрсетуде.

Республикада 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 138 513 бала бар, ол барлық балалар санының 2,8 % құрайды. Соның ішінде, мектеп жасындағы балалар саны — 93 740 баланы, мектеп жасына дейінгі — 44 773 бала.

Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты балабақшадан бастап болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жәйлі сезіну үшін қолайлы атмосфера қалыптастыру – білім беру ұйымдарының міндеті болып табылады. Әр бала дүниеге келген соң оқуға, білім алуға құқылы.

Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау мен көмек көрсету мәселесіне арнайы тоқталғаны белгілі. Атап көрсетсек, «…мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес,ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады» — деген болатын [1].

Әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру.

Инклюзив сөзі − латын тілінен аударғанда «өзімді қосқанда», ал, ағылшын тілінен аударғанда «араластырамын» деген мағынаны білдіреді. Инклюзивті білім берудің мақсаты: даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге білім беру. Яғни мемлекеттік құжаттарға сүйене отырып ашып айтатын болсақ, 18 жасқа дейінгі барлық балалардың категориясына: жынысына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады. Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйретудің бір формасы.

Инклюзивті оқыту негізінде балалар құқығын кемсітпеу, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге ерекше оқыту қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалады, өйткені қалыптасқан жүйе мұндай балалардың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Инклюзивті оқыту – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу ұйымдарында, ұйым өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді.

Инклюзивті оқыту – балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді.Инклюзивті оқыту – адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді[2].

Біздің елімізде инклюзивті оқыту тәжірибесі 2000 жылы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға базалық білім беруге көмек» Қазақстан Республикасының Үкіметі және ЮНЕСКО – мен бірігіп САТР Орталығының Пилотты жобаны жүзеге асыру барысында басталды. Осы жобаның арқасында «инклюзивті білім беру» түсінігі орнықты. Әрі қарай мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру ортасына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады . Осы заң аясында жарымжан балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету қарастырылған.

2004 жылы зерттеу жүргізілген кезде, орта мектеп педагогтарының 80 пайызы бұл жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49 пайызы ғана қолдамаған. Яғни педагогтардың басым көпшілігі мұндай балаларды мектепке қабылдауға дайын болды. Ал ата-аналардың 79 пайызы түсінбей, «неге менің баламның қасында мүгедек бала отыруы керек?» деп наразылық білдірсе, қазір олардың көпшілігі бұл идеяны қолдайды. Бұл инклюзивтік білім берудің дамып жатқанын көрсетеді. Бірақ шешімін күтіп тұрған мәселе де көп.

Атап айтсақ:

  • Білім берудің ұлттық бағдарламасын жасау;
  • Балалардың бір-біріне түснушілікпен қарап, тең дәрежеде қарым-қатынас жасауы; кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсете аларлықтай педагог кадрлар даярлығын арттыру;
  • Бұқаралық ақпарат құралдары (газет, журнал,теледидар, радио) арқылы инклюзив идеясын халыққа жеткізу жеткілікті дамымаған десе де болады. Көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары мүмкіндігі шектеулі балалар кейпін «кемтар», «мүгедек», «әрдайым материалдық жәрдемді қажет ететін» қоғам мүшесі ретінде көрсетеді.
  • Балалар арасында дискриминацияны болдырмау;
  • Арнайы сыныптар ұйымдастырып, оқу орнының физикалық тұрғыдан қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында лифтімен, пандустармен, арнаулы жиһаздармен жабдықтау қажет.
  • Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуында қазіргі заманға сай моделін құрудың басты бағыты − бұл білім беру қызметтерінің сапасын арттыру және қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдайларды жасау[3].

Ғаламдық педагогика және психологияда инклюзивті оқыту мәселелері көптеген ғалымдар тарапынан зерттелінген мысалы: M Ainscow, M.C. Reynolds, К.Хортон, М.Гуральник, Т.С.Лернера, Д.Брикер, Н.Д.Шматко т.б. еңбектерінде инклюзивті оқытудың проблемалары теориялық тұрғыдан қарастырылған.

Соңғы жылдары Ресей ғалымдары Л.М. Шипицина, Л.П. Назарова, Л.И. Аксенова, Н.Н. Малофеев, В.В. Линькова, Н.Г. Чанилова, С.А. Марковой, В.Г. Маралова, Т.В Егоров, Н.Д.Шевцовтың зерттеу жұмыстарында инклюзивті оқытудың көптеген аспектілері ашылып көрсетілінген.

Қазақстандық ғалымдар Р.А. Сулейменова, А.Н. Алмаганбетова, А.К. Жалмухамедова, А.А. Баймуратова, Хакимжанова Г.Д, Р.Ж. Жумажанова, К.Ш. Кумаржанова, А.А. Байтұрсынованың, И.Оралканованың зерттеу жұмыстарында инклюзивті оқытудың кейбір мәселелері қарастырылған.

Алайда жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті оқытудың көптеген проблемалары теориялық тұрғыдан да шешімін таппаған. Сондықтан қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті оқытудың қажеттілігі мен оның педагогикалық ерекшеліктерін айқындамағандығы, халықаралық тәжірибеге шолу мен талдау жасалмағандығы қарама – қайшылықты туындатады. Бұл қарама – қайшылық жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті оқытудың педагогикалық ерекшеліктері неде деген проблеманы тұжырымдауға мүмкіндік жасайды. Сол себепті біздің зерттеу тақырыбымызды «Бастауыш сыныпта инклюзивті білім беруді дамытудың теориясы мен практикасы» деп алуымызға себеп болды.

Зерттеу жұмысыныңмақсаты. Арнайы білім алу қажеттіліктері бар бастауыш сынып оқушыларына инклюзивті білім беру ерекшеліктерін айқындау (арнайы түзету мектептерінің нормасы және оқытумен салыстырғанда).

Зерттеудің міндеттері.

  • Инклюзивті білім берудің теориялық-әдістемелік негіздерін анықтау;
  • Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесін саралау, талдау жасау;
  • Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп ұйымдарында инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың жолдарын айқындау.

Зерттеу нысаны (объект) және пәні. Бастауыш сыныпта ерекше қажеттілікті талап ететін балаларға инклюзивті білім беру талаптары. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру.

Зерттеу әдістері. Зерттеу проблемасына қатысты ресми құжаттарды, психологиялық-педагогикалық, философиялық және әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау; бастауыш сынып оқушыларына инклюзивті білім беруді қалыптастыруға бағытталған әдіскерлердің тәжірибесін талдау; инклюзивті оқыту мәселелері бойынша теориялық және әдіснамалық зерттеу жүргізу,салыстырмалы талдау, SWOT-талдау секілді зерттеу әдістері қолдану және сауалнама, бақылау жүргізу, алынған нәтижелерді өңдеу.

Зерттеудің дерек көздері. Философия, психология, педагогика ғылымдары саласында инклюзия, интеграция, баланың қоғамда дамуы жөніндегі еңбектер; Қазақстан Респуликасының Конституциясы,«Білім туралы» заңы, Қазақстан Республикасының бастауыш білім берудің мемлекеттік стандарты, Қазақстан Республикасы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және дәрігерлік-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы Заң, Білім беруді дамыту тұжырымдамалары, «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заң, Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамыту Мемлекеттік бағдарлама, «Саламанкалық декларация» (1994) оқу жоспарлар, авторлардың педагогикалық және зерттеушілік іс-тәжірибесі.

Зерттеудің практикалық құндылығы. Дайындалған сабақ жоспары болашақ бастауыш мұғалімдеріне инклюзивті сыныпта сабақ өтуде жәрдемдеседі. Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш сыныпта инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың механизмдері, аспектілері мен бағыттары анықталды.

Зерттеу нәтижелерін қабылдау және енгізу. Зерттеу жұмысының нәтижелері ғылыми баяндама түрінде «Жоғары педагогикалық мектепте инновациялық білім беру ортасының мазмұнын және ұйымдастыру талаптарын институттандыру» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жинағында (Павлодар, 2015), «ЭКСПО-2017: инновациялық даму және ғылыми білім беру кеңістігіндегі жастар» атты жас ғалымдар мен студенттердің республикалық V ғылыми – тәжірибелік конференциясы жинағында (Шымкент, 2016), «Қазақстан Халықаралық білім беру кеңістігінде» жас ғалымдарға арналған VIII халықаралық ғылыми конференция материалдары жинағында (Алматы, 2016).

Зерттеу жұмысының құрылымы.Кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеу жұмысы тақырыбының көкейкестілігі, жұмыстың мақсаты, зерттеудің міндеттері, зерттеу нысаны және пәні, зерттеу әдістері, зерттеудің практикалық маңыздылығы анықталып, зерттеудің дерек көздері баяндалады.

«Инклюзивті білім берудің теориялық және әдістемелік негіздері» деп аталатын бірінші тарауда инклюзивті білім берудің мәні мен негізгі сипаттамалары, инкюзивті білім беруді дамытудың педагогикалық –психологиялық шарттары және МШ балаларға инклюзивті білім берудің әлемдік тәжірибелерін талдау, сонымен қатар Қазақстандағы бұл жүйенің жағдайы мен дамыту мәселелері қарастырылады.

«Инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың әдістемесі» атты тараудаинклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық әдістері мен тәсілдерін іске асыру механизмдері анықталады және инклюзивтік білім берудің негізгі тәсілдемелері қарастырылды. Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп ұйымдарында инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың жолдары көрсетілген.

Қорытынды бөлімінде зерттеу жұмысы нәтижелері тұжырымдалады және қолданылған әдебиеттер тізімі беріледі.

Қосымшада бастауыш сыныпта инклюзивті білім беру бойынша инклюзивті оқыту (ықпалдастыра оқыту) сыныбына арналған сабақ жоспарлары ұсынылады.

1 ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ

ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

1.1 Инклюзивті білім берудің мәні және негізгі сипаттамалары

Ерекше сұранысты қажет ететін балаларға білім беру кез келген ел үшін негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Бұл әркім өз әрекетінің қажеттігі мен қатыстылығын сезіне білетін шын мәніндегі инклюзитивті қоғам құруға қажетті шарт. Біз әрбір балаға оның сұранысы мен басқа да жағдайларына тәуелсіз, өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беруге міндеттіміз.

Дэвид Бланкет

Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру арнайы білім берудің ең соңғы стратегияларының бірі болып табылады. Инклюзивті білім халықаралық ұйымның көптеген мүше елдерінің білім беру саясатының құрамына ене отырып, өз кезегінде жалпы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бөлігі болып табылады және оның сипатын, ішкі логикасын және даму бағытын қабылдайды. Инклюзивтік білім беру — барлық балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік қажеттіліктерін арнайы қолдау, қоршаған ортаның балаларды жас ерекшеліктеріне және білімдік қажеттіліктеріне бейімделуіне жағдай қалыптастыру, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат [4].

Инклюзивті білім беру жүйесі өзіне орта, кәсіби және жоғары білім беру мекемелерін енгізеді. Оның мақсаты мүмкіндіктері шектелген жандардың білім алуы мен кәсіби даярлануына кедергісіз орта құрылуы болып табылады. Инклюзивті білім беру тарихының дамуында барлық интеграцияланған білім берудің даму тарихы инклюзивті білім беру концепциясының қалыптасуына әсер еткен деп айтуымызға болады. Педагогикалық интеграция мүмкіндіктері шектелген жандардың білім беру процесіне кеңінен енуінің алғашқы қадамы болып табылды .

XVII ғ. швейцариялық математик Я.Бернулли (1654-1705) математика ғылымында «интеграл» терминін енгізеді. Кейінгі үш жүзжылдықта интеграциялау термині біртіндеп ғылымның басқа салаларына да ене бастайды: алдымен философияға, кейінірек психологияға, әлеуметтануға, соңынан педагогикаға енеді. Педагогикада «әлеуметтік интеграция» термині ХХ ғ. пайда болды және алдымен АҚШ-та тек нәсілдік, этникалық аз халықтар мәселесінде, кейінгі онжылдықтарда эмигранттардың балаларына қатысты қолданылды. ХХ ғ. 60-ж. Европа континентінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) қатысты қолданыла бастады.

Педагогикалық интеграция сау және мүмкіндігі шектеулі балалардың бірге оқытылуы мен тәрбиеленуі ретінде балалардың екі тобының да, білім беру қызығушылықтарын тең дәрежеде көрсетеді. Педагогикалық феномен ретінде интеграция бірнеше жүзжылдықтарды өткерді. Педагогика тарихында түрлі білім беру мүмкіндіктері бар балалардың бірге оқытылуы мен тәрбиеленуінің ұйымдастырылуының мысалдары аз емес. Алайда көптеген жағдайларда бұл тәжірибе кездейсоқ, стихиялық сипатқа ие бола отырып, «Псевдоинтеграция» атауына ие болған. Интеграциялық педагогиканың даму тарихы арнайы педагогика тарихының құрылымымен байланысты. Себебі, білім алудағы қажеттіліктері әртүрлі балалардың интеграциялық білім алуы мен тәрбиеленуінің көздерін осыдан іздейді. Мүмкіндігі шектелген балалардың жүйелі оқытудағы алғашқы қадамдарының бірі Киев мемлекетінің құрылуынаң алғашқы кезеңдерінде байқалады. Ол ең алдымен Киев Русінің ХХ ғасырда христиан дінін қабылдауымен байланысты. 996 жылы шіркеуді кедей және кемтар жандарға қамқор жасауға міндеттейтін православиелік шіркеу Жарлық қабылданды. Осы топтағы балаларды оқыту мақсатында мекемелер ашылған. Аталмыш мекемелерге қабылданатын кедей және өзге де балалар арасында әртүрлі бұзылыстары бар балалардың болуы стихиялы педагогикалық интеграцияның алғашқы мысалдары жайында куәлік етеді. Ағарту дәуірі еуропалық жаһанданудың даму жолында білім беру тарихының жаңа кезеңін ашты. Осы кезеңде сенсорлық бұзылыстары бар балаларды емдеу мен оқыту мүмкіндіктері пайда болған. Балаларды жекелей оқытудағы жетістіктер арта түсті. 18 ғасыр интеграциялық және түзетушілік педагогика тарихына өз үлесін қосқан бірқатар жарқын тұлғалардың есімімен байланысты болды. 18 ғасырдың екінші жартысында жетім және мүгедек балаларды тәрбиелеумен айналысқан және сол арқылы өзінің алғашқы педагогикалық тәжірибелерінде оқыту мен тәрбиелеудің интеграциялық ықпалын зерттеген педагог – гуманисттің бірі И.Г.Песталоцци (1746 – 1827ж.ж.) болып табылады [5].

Осылайша, аталмыш кезеңде мүмкіндігі шектеулі балалардың білім беру мәселелері ғылыми жоба ретінде калыптасты. Ал оның тәжірибе жүзінде кеңінен іске асуы 19 ғасырдың 2 кезеңінен бастау алады және қосымша сабақтардың өткізілуінен, көмекші сыныптар мен мектептердің құрылуынан көрінеді. Скандинавиялық мемлекеттердің тәжірибелері қызықты болып табылады. 19 ғасырдың 90 жылдарында Норвегияда қалыпты мектептерде «арнайы» сыныптар ашыла бастаған, кейіннен олар арнайы мектептер деп бөлінген, мұнда қабілеттері төмен балалармен қатар, денсаулық мүмкіншілігіне байланысты (есту немесе көру мүмкіншілігі, кекештену және т.б.) сабақ үлгерімі төмен балалар қабылданды. Балалар қоңырау мен ойын уақытысында калыпты құрбы – құрдастарымен қарым – қатынасын үзбеу үшін, бұл мектептер дәстүрлі түрде қалыпты мектеппен бір ғимаратта немесе оның жанында орналасқан. Осылайша, Скандинавия елдерінде 19 ғасырда педагогикалық интеграция идеясы стихиялық түрде емес, білім беру саясатының саналы жүргізілетін түрі ретінде байқалады.

Ресейде отандық психолог және педагог Л.С.Выготскийдің іскерлігі назар аудартады. Педагогикадағы интеграциялық ықпалдың дамуында Л.С. Выготскийдің үлесі оның мүмкіндіктері шектелген балаларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесін қатаң сынға алуымен байланысты, ол «қалыпты балалық шақ педагогикасы мен арнайы педагогиканы органикалық тұрғыда байланыстыратын» жүйенің құрылуы жайлы тезисті ұсынды. Г.Я. Трошин мен В.П. Кащенконың ойларын жалғастыра отырып, Л.С. Выготский баланың кемістігінің биологиялық жағы, сонымен қатар әлеуметтік салдары едәуір қиыншылықтар тудыратындығын қолдаған. Оқшауланған оқыту мен тәрбиелеу жүйесі қарым-қатынас пен білім, білік және дағдылардың игерілуін тоқтататын «әлеуметтік бұзылыстарды» өршітеді. Өзге қатарластарымен салыстырғанда Л.С. Выготский интеграция мәселесі — бұл тек мектеп қана емес, сонымен қатар отбасының мәселесі болып табылады деп ары қарай жалғастырған. Ол көбінесе мүмкіндігі шектеулі баланың отбасындағы тәрбиесінің, оның одан әрі оқшаулануына әсер ететіндігін меңзейді: «отбасындағы соқыр және мылқау бала мұндағы ерекше бала. Бұл дәл осы жерде едәуір көп бөлінген назар мен мейірімділік бала үшін оны басқа балалардан бөлектейтін шекара болып табылады». Бұдан байқайтынымыз, интеграция отбасы тәрбиесінің алғашқы кезеңдерінде басталуы қажет. Л.С.Выготский бойынша кемістіктің әсері тура емес, жанама, яғни «екіншілік» әсер болып табылады. Ғалым бала өзінің кемістігін тікелей сезінбейтіндігін атап көрсеткен. «Ол кемістіктен туындайтын қиындықтарды сезінеді. Кемшіліктің тікелей салдары – баланың әлеуметтік позициясының төмендеуі». Мұнда баланы әлеуметтік ортаға жалпылаушы емес, енгізетін балалар ұжымы маңызды рөлге ие. Л.С.Выготский баланың өзіндік шектелген мүмкіндіктері оны кемтар етпейтіндігін айтқан. Оның кемшілігі мен қалып деңгейі қоғамдағы қатынас пен әлеуметтік компенсацияға тәуелді.

АҚШ-та 1962 ж. M.C.Reynolds арнайы білім беру бағдарламасын жариялайды, онда «специфика қажеттіліктен артық болмауы керек» қағидасы негізінде МШ балаларды жалпы білім беру легіне барынша көбірек қосу идеясы жатыр. 1970 ж. американдық Е.Н. Дено осыған ұқсас концепция ұсынады, ол «Модель «Каскад» деген атқа ие болады. «Каскад» дегеніміз – мүмкіндігі шектеулі балаға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсете алатын «жалпы лектен» мүмкіндігінше аз шығу («mainstream») жүйесі. Термин ХХ ғ. 90-ж. КСРО елдерінде де кең қолданысқа ие болады, ал АҚШ-та бұл кезде жаңа терминологияға көшіп үлгереді («инклюзия») [6].

Инклюзивті (франц. inclusif – өзіне енгізетін, лат. include – ішіне аламын, енгіземін) немесе енгізілген білім беру – жалпы білім беру мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үрдісін сипаттау үшін пайдаланылатын термин. Инклюзивті білім берудің негізіне балалардың кез келген кемсітушілігін болдырмайтын, барлық адамдарға тең қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, балалар белгілі бір ұйымның мүшесі болып, белсенді іс-әрекет жасай алатын, бірақ ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін ерекше жағдай жасайтын идеология жатады.Инклюзивті білім берудің мақсаты: даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге білім беру. Яғни адамның жынысына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады. Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйретудің бір формасы.Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивті білім беру дегеніміз − барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретінмекемелердің оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққашығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету,сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдайқалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады [7].

Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90-жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді.

Инклюзивті білім беру жағдайындағы адам мен қоғамның (өзінің немесе басқаның) тіпті жағымсыз тәжірибесі де талданып, қабылданған жағдайда өмірлік іс-әрекет процестерін тұрақтандыратын шектеу бола алады. Бұл мәселе бойынша түрлі мемлекеттердің психологиялық-педагогикалық және нормативтік-құқықтық әдебиеттерінде әртүрлі терминдер қолданылады. «Интеграция» мен «Инклюзивті білім беру» терминдерін жиі алмастырып қолданады, өйткені мұғалімдердің көпшілігі оларды синонимдер деп түсінеді. Кейбір мұғалімдер интеграциялау бағдарламаларын инклюзивті деп қарастырады, ал басқалары инклюзивті бағыттағы жұмыстарын интеграциялау деп анықтайды. Бірақ, бұл терминдер арасындағы айырмашылық өте маңызды.

2- сурет. Инклюзив пен интеграция айырмашылығы

Ең басты айырмашылық – интеграцияның «сыртқы» көздерінің болуында. Интеграциялау бағдарламаларының басты мақсаты — түрлі мүмкіндіктері бар балаларды қалыптасып қалған мектеп өмірі мен мектеп құрылымына енгізу. Яғни, интеграциялау бағдарламаларының мақсаты — дамыған оқу моделіне қосылуда «қалыптандыру» немесе көмек беру. Интеграцияда МШ балалар жалпы білім беретін мектепте арнайы сыныптарда оқытылады, үзіліс кезінде дамуы қалыпты балалармен қарым-қатынас жасап, әңгімелесуіне мүмкіндік болады. Барлық балалардың жалпыға білім беру жүйесінің бөлігі деп қарастырылуы инклюзивті білім берудің интеграцияланудан айырмашылығы. Сонымен, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы бейімдеудің қажеті жоқ, өйткені олар бастапқы кезеңнен мектеп жүйесінің бөлігі болып табылады. Инклюзивті білім берудің мақсаттарының бірі — келешекте барлық мектептердің мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға дайын болуы [8]. Ал бұл жағдай мектептің құрылымы мен жұмысына ғана өзгерістер енгізбейді, сонымен бірге өз жұмыстарын нақты топқа жататын балаларды оқыту деп қарастыратын жалпы және арнайы білім беретін мекемелер мұғалімдерінің көзқарастарын да әсер етеді. Көптеген мектептер өз іс-әрекеттерінің басты бағыты ретінде бала мен оның қажеттіліктерін санайды, ал мұғалімдер балалардың қажеттіліктеріне сай болуы керек. «Ерекше оқытуды қажет ететін бала мектепке бейімделу керек пе, әлде мектеп балаға бейімделуі керек пе? Біз инклюзивті білім беру мәселесінде әуелі осы сұрақтың жауабын беріп алуымыз керек. Әрине, мектеп пен мұғалім балаға бейімделуі керек. Мен мұғалімдерге егер сіз біліміңізді балаға қолжетімді ете алмасаңыз, онда сізге мамандық ауыстыру керек деп айтамын.

Ешкім мұғалім болуға міндетті емес және ешкім сізді бұған күштемейді. Нағыз кәсіби мұғалім балаға бейімделуі тиіс. Ол үшін мұғалімдерді мұндай балалармен өздерін қалай ұстауға оқыту керек».

Инклюзивті білім беруде адамдардың бойындағы түрлілік пен ерекшеліктер «қалыптылық» деп түсіндіріледі.

Кесте 1. Оқыту формасы интеграцияның түрлері

Инклюзивті білім беру түрі Сипаттамасы Біріктіру ережелері Қосылу мөлшері
Тұрақты, толық интеграция Психофизикалық және тілдік дамуы жасерекшелік көрсеткіштеріне сай немесе жақын, қалыпты құрдастарымен бірге оқуға психологиялық тұрғыдан дайын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін Жалпыға білім беру сыныптарына 1-3 мүмкіндігі шектеулі балалар қосылады Қалыпты деңгейлі балалармен күні бойы бірге
Тұрақты, толық емес интеграция Құрдастарымен қатар қажетті іскерліктер мен дағдылардың, оқу және сыныптан тыс сағаттарының аз ғана мөлшерін меңгере алатын мүмкіндігі шектеулі балалар үшін нәтижелі 1/3 — мүмкіндігі шектеулі балалар Түзету сағаттары, сыныптан тыс іс-шаралар
Уақытша, жартылай интеграция Мүмкіндігі шектеулі балалар қалыпты балалармен біріккен іс-шаралар өткізуге бірігеді Айына 2 реттен кем емес
Эпизодтық интеграция Бұл интеграцияның мақсаты — аз ғана мөлшерде болса да мүмкіндігі шектеулі балаларды құрдастарымен әлеуметтік өзара байланысқа түсу жұмыстарын (мерекелер, байқаулар, серуендер және т.б.) білім беру мен ұйымдарын аралық шеңберде ұйымдастыру Мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты деңгейдегі балалармен біріктіріп оқытуға мекеменің мүмкіндігі жоқ болғанда Шақыру бойынша
Қашықтан оқыту Жеке бағдарлама бойынша мүгедек балаларға үйде отырып білім алуға жағдай жасау Инклюзивті болып уақытша жартылай немесе эпизодтық интеграциямен байланыстырылғанда саналады Бекітілген ережелерге сәйкес

1.2 Инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибесі мен

Қазақстандағы дамыту мәселелері

Қазіргі кезде барлық елдерде мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың білім алуы, еңбек ету мен әлеуметтік бейімделуі жалпы қоғамның және мемлекет тарапынан қарастырылатын мәселеге айналған. Кемтар балаларды оқыту мен тәрбиелеудің мазмұны мен ұйымдастыру аспектілері арнайы білім беру ұйымдарында қажетті мөлшерде қарастырылған. Ал мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы үлгідегі мектептерде оқыту мәселесі жанадан зерттеліп жатқан күйде. Сондықтан елдер арасында осы тәжірибе алмасу қажеттілігін туындап, өзектілігін білдірді.

90-шы жылдарда мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеуін жетілдіру мақсатында халықаралық құқықтық актілер қабылданды, олар «Бала құқықтары туралы Конвенция» (1989) және «Мүгедектердің құкықтaрын тепе-теңдігін қамтамасыз ету туралы ережелер» (1993), білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы білім беру және жағдайын реттеу үшін «Саламанкалық декларация» (1994).

Мүмкіндіктері шектеулі балалардың білім алуға қол жеткізу үшін негізгі, шешуші рол аткарған 1990 жылы Жомтьен қаласында (Тайланд) өткен әлемдік «Барлығына білім беру» атты конференциясы. Осы конференция барлық адамдар үшін дамуындағы кемістікке қарамастан білім алу жағдайды қамтамасыз етуді бекіткен.

2007 жылы қабылданған мүгедектердің кұқықтары туралы Конвенцияда үздіксіз, сапалы, тұрғын жерінде, отбасынан айырылмай білім алуға құқықтар жарияланып, арнайы жағдайларды камтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аудару туралы баптар бекітілген.

Шет елдердегі мүмкіндіктері шектеулі балаларды өздерінің қалыпты замандастарымен бірге интеграциялап, біріктіріп оқыту идеясының пайда болуына және оның дамуына қоғамдағы демократиялық козғалыстар ықпал етті. Бұл дискриминацияға қарсы процестер өткен ғасырдың 70-ші жылдарына белсенді дамып, кемтар тұлғалардың құқықтарының теңдігін бекіткен. Сол кездерден бастап дамушы елдерде жалпы мектептерде мүмкіндіктері шектеулі балалардың және олардың қалыпты құрбылармен бірге оқыту үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген (арнайы педагогтармен қызмет көрсететін косымша мамандар сипатымен, арнайы қаржылай көмек, ерекше қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қажетті техникалық құралдар).

XX ғасырдың аяғында көптеген дамыған әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды дамытуда алдыңғы орында тұрған инклюзивті білім беру болды. Жалпы білім беру үрдісіне енгізілген балаларға оқуды жеңілдететін қосымша арнайы жағдай, көмек, қолдау қарастырылады. Әрбір елде интеграциялаудың өзіндік үлгісі іске асырылуда, бұл білім беруде интеграциялаудың жан-жақты үлгісін құрудың мүмкін еместігін көрсетуде.

Инклюзивті білім беруді іске асырып жатқан елдерде айқындалған басым бағыт жалпы мектептік білім беру саласында қарастырып отырған категориядағы балаларды жалпы білім беру үрдісіне міндетті түрде енгізуді көздейді[9].

Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беру жүйесінің талдамасы

Әрбір адамның маңызды құқықтары мен еркіндіктері жүйесіндегі негіз қалаушы фактор білім алу құқығы болып табылады. Қазақстан Республикасында, барлық дамыған мемлекеттерде сияқты, аталған құқыққа, әлеуметтік немесе материалдық деңгейге, жынысы мен діни көзқарастарға, денсаулық қалпына және т.б. ерекшеліктерге қарамастан, барша адамдар ие, Біздің мемлекетімізде бірде бір бала дамуындағы интеллектуалдық немесе физикалық бұзылыстар себебінен бұл құқықтан айырылмайды. Барлық балалардың білім алуға құқығы біздің мемлекетіміздің басты заңы — Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілденген. 1994 жылы біздің мемлекетіміз БҰҰ-ның бала құқықтары жайлы Конвенциясын ратификациялай отырып, денсаулық және даму бұзылыстары бар балаларды «білім беру саласындағы қызметтерге нәтижелі қол жеткізу», баланы, мүмкіндігінше, әлеуметтік өмірге қосу арқылы жеке тұлға ретінде, мәдени және рухани дамуын қоса алғанда, дамыту міндеттерін алды[16].

Осы сәттен бастап ҚР-да денсаулық және даму бұзылыстары бар балаларды толыққанды өмір сүруге сапалы білім алуға қолжеткізу арқылы дайындау міндеті негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Мемлекетімізде барлық балаларға келешекте қалыпты деңгейдегі адамдар мен олардың ортасында өзіндік және толыққанды өмір сүруге, еңбекте, шығармашылықта және жеке өмірде максималды жетістіктерге жетуге негіз болатын бірдей мүмкіндіктер жасау басты бағыттардың бірі. Осындай бағыттардың бірі болып инклюзивті білім беру табылады: даму бұзылыстары бар балаларға білім алуда басқалармен тең құқылы болып, кез-келген шеттетудің алдын алып, ерекше жағдайларды (материалды-техникалық, кадрлық, психологиялық-педагогикалық, сауықтыру және т.б.) қарастыратын жалпыға білім беруді дамыту үрдісі.

Қазақстан Республикасының Заңнамасымен білім беру саласының негізін қалаушы халықаралық құжаттарға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін білім алуына тең құқықтар қағидасы қарастырылады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуын дамытудағы кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік, медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы», «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңдарында бекітілген.

Елбасының тапсырмасына орай, 2004 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау жүйесін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен әлеуметтік бейімделу және кәсіби реабилитациялау республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы арнайы білім беруді дамыту бойынша ғылыми-тәжірибелік жұмыстар және инклюзивті білім беруге ауысу, арнайы оқу бағдарламалары мен оқулықтар, оқу-әдістемелік жиынтықтарды даярлау жұмыстары жүргізілетін ұлттық ғылыми-тәжірибелік коррекциялау орталығы болып қайта құрылды.

Қазіргі таңда білім беру жүйесінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға айырықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік бейімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету.

Қазақстан Республикасы Президентінің 07.12.2010 жылға №1118 Жарлығымен бекітілген білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруді қарастырды. Алғаш рет Қазақстан Республикасы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және дәрігерлік-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы Заң қабылдады. Заңның 15 бабында мүмкіндігі шектеулі балалар тегін конкурстық негізде техникалық кәсіби, орта арнаулы, жоғары білімді мемлекеттік білім беру бағдарламасына сәйкес мемлекеттік оқу орнында оқу құқы қарастырылған.

Инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы — Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамыту Мемлекеттік бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алуға деген тең құқысы Қазақстан Республикасы заңнамаларымен бекітілген [17].

Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру идеяларының пайда болуы мен енгізілуі п.ғ.д., профессор Р.А.Сулейменованың атымен байланысты. Р.А.Сулейменова даму кемістіктері бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби–еңбектік реабилитациялау Республикалық ғылыми-практикалық орталығының негізін қалаушы, директоры, соңынан бас директоры [18].

Р.А.Сулейменова берген анықтама бойынша, «инклюзивті білім беру – балаларды бөліп қарастыру кедергілерін жоюға бағытталған, барлық балаларды жалпыға білім беру процесіне қосу мен оларды әлеуметтік бейімдеуде жасына, жынысына, этникалық, діни қатынасына, даму кемшіліктеріне немесе экономикалық статусына қарамастан, отбасының белсенді қатысуымен, балаға түзету-педагогикалық және нақты әлеуметтік қолдау көрсету арқылы, адекватты білім беру жағдайларын жасауда, балалардың білім алу қажеттіліктері мен жеке ерекшеліктеріне баланы емес, ортаны бейімдеуге бағытталған мемлекеттің саясаты».

Яғни, бұл анықтамада инклюзивті білім беру жүйесі барлық балаларға, олардың физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім беруді ұйымдастыруда.

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамыту Мемлекеттік бағдарламасында Инклюзивті білім жүйесін дамытудың 2015 жылға қарай аталған міндеттерді шешу жоспарланған:

Кесте — 2. Инклюзивті білім жүйесін дамытудың

2015 жылға қарай шешуге жоспарланған міндеттер

4-кесте. И

Бүгінгі таңда Қазақстанда білім алуды интегралдау, инклюзивті білім беру сияқты, еліміздің білім беру жүйесіне интегралдау инновациясын енгізу әдістерін ауыстыру қажеттілігі туралы сұрақ туындайды. Инклюзивті білім беру интеграция проблемасын жүйелі түрде шешуді қажет етеді, яғни интеграция процесіне тікелей немесе жанама қатысты барлық ішкі жүйені (білім беру, әлеуметтік, нормативті-құқықтық, экономикалық) мемлекеттік, аумақтық және муниципалдық деңгейде келтіріп шешім қабылдау. Шындығына келгенде, Қазақстанда екі жүзжылдықтан бері білім берудің интеграциясы негізінен экстрополяция әдісімен, яғни шетелдерде өзін жақсы жағынан көрсеткен интеграциялаудың түрлері арқылы жүзеге асырылып келеді.

Республикамызда балалар білім алу үшін жағдай жасаудың басым бағытына қатысты келесідей бағыттар бар.

Бірінші бағыт – балалардың дамуындағы кемшіліктерді тауып, жастық кезеңнен бастап түзету-педагогикалық жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады. Мектепке дейінгі уақтылы көрсетілген көмек жалпы білім алу ортасында оқуға баланың негізгі кемшіліктерін түзетуді қамтамасыз етеді. Республикадағы арнайы білім беру жүйесінің бастапқы буыны баланың оқу, әлеуметтік және медициналық қызметтерін алуға құқығын орнататын, психологиялық, медициналық және педагогикалық консультатиция болып табылады (бір ПМПК балалардың 60 мың тұрғындарға ашылады).

Бүгінгі таңда елімізде 56 облыстық, қалалық және аудандық, соның ішінде бір республикалық ПМПК жұмыс істейді.

Екінші бағыт– барлық деңгейдегі балаларға олардың психофизикалық ерекшеліктерін ескере отырып, білім алу құқығын жүзеге асыру үшін вариациялық жағдайлар құру болып табылады.

Қазақстанда инклюзивті білім берудің енгеніне көп болған жоқ және ол үздіксіз дамыту мен одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қазіргі уақытта республикамызда мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуын ұйымдастыру үшін арнайы білім беру ұйымдарының дифференциалданған желілері бар. Оған түрі мен типіне байланысты арнайы білім беру ұйымдары, жалпы типтегі бала-бақша жадындағы топтар және жалпы білім беру мектептеріндегі арнайы сыныптар кіреді: жалпы типтегі 35 арнайы бала-бақшаларда және 228 бала бақша жадындағы арнайы топтарда 10 мыңнан астам мектепке дейінгі балалар тәрбиеленіп білім алуда[19] .

Мектеп жасындағы дамуында 8 негізгі түрі және типінен кемшіліктері бар балалардың 24 мыңнан астамы жалпы білім беру мектептер жадындағы 820 арнайы сыныптарда және 101 түзету мектептерінде білім алуда.

Қазақстан Республикасында балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау арқылы инклюзивті оқыту үшін жалпы білім беретін күндізгі мемлекеттік 7222 мектептетердің жалпы санынан 39% құрайтын 2858 білім беру ұйымдарында жағдай жасалған. Республиканың жалпы білім беретін мектептерінде арнайы жағдайларды қамтамасыз етудің оңтайлы динамика үрдісі байқалады. Республика бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1219 – арнайы сыныптар тіркелді. Қазіргі уақытта мүмкіндіктері шектеулі балаларға түзеу- педагогикалық қолдау 17 оңалту орталықтарында, 133 психологиялық- педагогикалық түзеу кабинеттерінде, мектептердегі 558 логопедиялық пунктарда көрсетіледі. Мектептер үлесінен даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың қолжетімділігі үшін құрылған «кедергісіз орта» 4506 мектепте (62%) қамтамасыз етілген. 2014-2015 оқу жылында 129 980 – мүмкіндіктері шектеулі балалар 91,5% құрайтын білім беру ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қоғамдық және жекеменшік ұйымдардағы білім беру бағдарламалары және түзеу-педагогикалық қолдау бойынша оқу-тәрбиемен қамтылған.

129 980 – мүмкіндіктері шектеулі баланың ішінде: мектеп жасында – 84 120 (89,2%), мектепке дейінгі – 36 377 (93,6 %), ерте жаста — 5428 (61,5%). 84120 — мүмкіндіктері шектеулі балалардың жалпы санынан 68 209 бала инклюзивті біліммен қамтылған. 68 209 – мектеп жасындағы мүмкіндіктері шектеулі балалардың ішінен: — жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда – 11 461 (12,2%); — инклюзивті сыныптарда (дені сау балалармен бірге оқитын) – 46 340 – мүмкіндіктері шектеулі балалар 49,1%; — үйде оқитындар – 10 408 (7,3%)»[20].

Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарындағы мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін білім беру үдерісі ПМПК (психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес) ұсынымдары бойынша жалпы білім беретін, сондай-ақ арнайы типтік оқу бағдарламалары бойынша да іске асырылады. 2014 жылы типтік оқу жоспарлар мен мүмкіндіктері шектеулі оқушыларға арналған бастауыш деңгейдің типтік оқу бағдарламалары әзірленді [21].

2012-2014 жылдар кезеңінде инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан білім беру ұйымдарының 5 мыңнан аса (30%) педагог қызметкерлері өтті. «Дефектология» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыс 25 грантқа арттырылды және 265 орынды құрайды; жалпы білім беретін мектептер жағдайында мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс бойынша біліктілікті арттыру курстарының саны 29-дан 43-ке артты. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инклюзивті білім беруді кадрлық қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Қазақстан Республикасында 2015-2020 жылдарға арналған инклюзивті білім беру жүйесін одан әрі дамыту бойынша шаралар кешені іске асырылады. 2014 жылы «Арнайы білім беру саласында біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау» 023 бюджеттік бағдарламасы шеңберінде Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен біліктілікті арттырудың 13 курсы (6 орыс тілінде, 7 қазақ тілінде) жүргізілді. 2014 жылы мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істейтін 357 педагог біліктілікті арттырудан өтті. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының кешенді зерттеулері шеңберінде еліміздің жекеленген облыстар бөлінісінде: Ақтөбе, Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында білім беру үдерісінің жағдайы мен инклюзивті білім беруге қатысушылардың сандық құрамы зерделенді. Инклюзивті білім беру бойынша салыстырмалы талдау жасау негізінде ақпараттар мен мәліметтер облыстық және қалалық білім басқармаларынан алынды. Жүргізілген мониторингтік зерттеулердің мақсаты: ҚР инклюзивті білім берудің даму жағдайын анықтау және оның одан әрі жетілдірілуіне үлес қосу болып табылады. Аталған облыстар бойынша мониторингтік зерттеу барысында салыстырмалы талдау жүргізілді және: – инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беретін мектептер, оның ішінде арнайы және инклюзивті сыныптар; – инклюзивті біліммен қамтылған, сонымен бірге үйде білім алатын мүмкіндіктері шектеулі оқушылар (оқыту қазақ және орыс тілдерінде); – инклюзивті білім беру саласында қызмет ететін арнайы педагогтар (логопедтер, сурдопедагогтер, тифлопедагогтар, олигофренопедагогтар, психологтар); – инклюзивті білім беру курсынан өткен педагогтер; – инклюзивті білім беруді жетілдіру үшін қажетті арнайы мамандар саны анықталды. Мониторингтік зерттеуді талдау мынадай қорытындыларды көрсетті:

  • Аталған 11 облыста 2014-2015 оқужылында 5264 – жалпыбілім

беретінмектепқызмететуде, оныңішінде 1849 (35,1 %) – инклюзивтібілімменқамтылған.

  • Инклюзивті білім мен қамтылған мектептер санын салыстырмалы талдау мыналарды көрсетеді:

 инклюзивті біліммен қамтылған мектептер саны Алматы, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жылдан жылға өсуде;

 инклюзивті білім мен қамтылған мектептер саны Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы, Астана қалаларында шамалас;

 Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының мектептерінде тепе-теңдік байқалады.

Кесте — 3 . Жекелеген облыстар бөлінісінде инклюзивті біліммен

қамтылған мектептер

Облыс/қала 2013-2014 оқу жылы 2014-2015 оқу жылы
1 2 3 4
1 Ақтөбе 234 234
2 Алматы 61 147
3 Атырау 77 87
4 Жамбыл 264 290
5 Қарағанды 25 27
6 Қостанай 425 426
7 Оңтүстік Қазақстан 255 268
8 Павлодар 148 155
9 Шығыс Қазақстан 128 128
10 Астана 47 49
11 Алматы 34 38

Кесте — 4. Жекелеген облыстар бөлінісінде инклюзивті сыныптар

Дереккөз: Облыстардың, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының мәліметтер

Облыс/қала 2013-2014 оқу жылы 2014-2015 оқу жылы
1 Ақтөбе 534 531
2 Алматы 113 747
3 Атырау 55 85
4 Жамбыл 720 734
5 Қарағанды 21 24
6 Қостанай 1987 1987
7 Оңтүстік Қазақстан 331 627
8 Павлодар 515 644
9 Шығыс Қазақстан 125 196
10 Астана 119 143
11 Алматы 3 3

Инклюзивті сыныптар санын салыстырмалы талдау мыналарды көрсетеді :

  • Алматы, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан және

Оңтүстік Қазақстан облыстарында инклюзивті сыныптардың артуы орын алады;

  • Инклюзивті сыныптар саны Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар

облыстарында және Астана қаласында шамалас.

Инклюзивті білім беру табысты жұмыс үшін дайындығы бар білікті кадрлардың болуын болжайды. Бүгінгі таңда елімізде инклюзивті білім беру бойынша кадрларды даярлаудың жеткіліксіздігі өзекті мәселе болып отыр. Әрбір білім беру ұйымдарында ерекше оқытуды қажет ететін балаларға білім беру қызметін көрсететін мамандарға қажеттілік бар. Жағдайды талдау көрсеткендей, мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істейтін арнайы

мамандар (сурдопедагогтер, тифлопедагогтер, логопедтер, олигофренопеда-

гогтар) саны — 1963 (педагог кадрлардың жалпы санынан 1,2 %) құрайды.

Кесте — 5. Жекелеген облыстар бөлінісінде арнайы педагогтер саны

Облыс/қала 2013-2014 оқу жылы 2014-2015 оқу жылы
1 Ақтөбе 531 569
2 Алматы 103 273
3 Атырау 257 276
4 Жамбыл 11 11
5 Қарағанды 79 79
6 Оңтүстік Қазақстан 25 50
7 Павлодар 280 287
8 Шығыс Қазақстан 141 142
9 Астана 50 78
10 Алматы 189 198

Ағымдағы жылы дамуындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды

ұйымдастыру мақсатында арнайы жалпы білім беру типтік бағдарламалары құрылғaн. (ҚР ғылым және білім министрлігінің 2009ж. 8 маусымнан № 8 бұйрығы). Балалардық психофизикалық дамуында оқушылардың танымдық мүмкіндіктері және келесідегідей вариативті оқыту қарастырылады:

1) танымдық мүмкіндіктерінің деңгейі жас шамасына сәйкес келетін, сенсорлық, сөйлеу, қозғалғыш қасиеттерінің бұзылуы бар балалар үшін мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сай болатын білім;

2) танымдық мүмкіндіктерінің деңгейі жас шамасына сәйкес емес, психикалық дамуының кешеуілі, қозғалтқыш дене мүшелерінің бұзылуы, сөйлеу және сенсорлық қасиеттерінің бұзылуы бар оқушылар жеке оқу жоспарлары бойынша, қысқартылған оқу бағдарламалары арқылы білім алуды жүзеге асыру;

3) жекешелендірілген бағдарламалар (ауыр дәрежедегі ақыл-есі кем және көптеген ауытқулары бар балалар үшін) және интеллектуалды ауытқулары бар балалар үшін арнаулы бағдарламалары бар мектептерде білім алуды жүзеге асыру.

Мемлекеттік білім беру бағдарламасын дамыту саласында бұл деңгейдегі балалардың білім сапасын көтеру және жақсарту мақсатында 2005-2010 жылдың 2-ші кезеңінде келесідегі мәселелер қарастырылған:

Мүмкіндігі шектеулі балаларға медико-педагогикалық және әлеуметтік көмек жүйесін тиімді дамыту интегралды білім берудің принциптері мен идеясын жүзеге асыру болып табылады. Оның құралдары балаларды бөлектеу және өздерінің олқылығы туралы тұрақты көрініс табу емес, мүмкіндігі шектеулі балаларды дені сау балалар ортасына қосу, біріктіріп оқыту, бос уақытын бірге өткізуді ұйымдастыру және оларға өзара көмек көрсету арқылы шешілетін, әлеуметтік өмір траекториясының құрылымын жасау болып табылады. Мысалы, Шығыс Қазақстанда, Алматы және Астана қалаларында ертеректе оқуға жарамайтын және білім алуға, өз жасындағы балалармен араласуға мүмкіндігі жоқ болған, орташа және ауыр деңгейдегі ақыл-есі кем балалар үшін интеллектуалды кемшіліктері бар балаларға арналған мектептерде арнайы сыныптар ашылған [22].

Сонымен қатар сауықтыру орталықтарында, түзету мектептерінде және бала–бақшаларда күрделі құрамалары және басқа да дамуындағы ауытқушылықтары бар, ерік-сезімдік өрісінде бұзылысы анық көрінетін балалар үшін эксперименттік топтар және сыныптар ашылған.

Даму мүмкіндігі шектелген балаларды арнайы мектепке дейінгі мекемелер мен арнайы мекемелерде өзге балалардан оқшаулап оқытып, жалпы білім беру бағдарламалары арнайы білім беретін мекемелердің нақты типіне бейімделген болатын. Елбасының Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасының негізінде нақтылана келе мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін ортаға кіріктіру мақсатында инклюзивті білім жүйесі қолға алынуда. Мақсат – даму мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды қалыпты білім алушылармен бірге әлеуметтендіру және оқыту.

Алайда, ерекше назар аударатын, шешімін күтіп тұрған мәселелер де баршылық. Олар: Балалар арасында дискриминацияны болдырмау. Балалардың бір-біріне түснушілікпен қарап, тең дәрежеде қарым-қатынас жасауы; кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсете аларлықтай педагог кадрлар даярлығын арттыру.Соңғы кездері Қазақстанда дамуында ақыл-ойы және дене ауытқулары бар балаларды жалпы білім беретін мекемелерге оқыту тәжірибесі қалыптасқанын байқауға болады. Жалпы білім беретін бағдарлама бойынша мектептерде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы педагог, психолог, әлеуметтік педагогтің қолдауынсыз білім алуда. Жалпы мектептердің психологтары мен мұғалімдері мүмкіндіктері шектеулі балалардың олардың білім алу қажеттіліктеріне білікті көмек көрсете алмайды. Мұғалімдерді ЖОО- ның дайындық арнайы психологиямен педагогика білім алуды көздемейді. Нәтижесінде балалар оқытудың бірінші сатысынан ақ қиыншылықтарға тап болады. Мұғалімдер бұл қиыншылықтарды субъективті талдап дамуындағы кемістіктерін күрделендіреді. Мұндай интеграцияның салдарынан балалар жалпы білім беру процесі жағымсыз көрініске ие. Жалпы мектептерінде біріктіріп оқыту процесі өз бетінше, ретсіз дамуын жалғастырған.

Әр оқушының білім алуда өз ерекшеліктері бар. Мәселен, әр оқушының эмоционалдық және психикалық таным процестерінің даму деңгейі әртүрлі. Дәл қазіргі жағдайда педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген студент мектеп қабырғасында түрлі ауытқуы бар балалармен жұмыс жасауға қабілетті ме? деген сауалдар көкейде қордаланып тұр. Мемлекеттік жалпы білім беру стандарты негізінде білім алған болашақ кәсіби маман сол саланың бакалавры біліктілігін алады. Мектепке дейінгі ұйымдар мен орта мектепте қалыпты білім алушылармен жұмыс жасауға бейімделеді. Бірақ бұл ұстаздар түрлі ауытқуы бар балармен жұмыс жасауға машықтанбаған, қарым-қатынас типтерін меңгермеген. Сондықтан болашақ кәсіби маманның мүмкіншілігі шектеулі балалармен жұмыс жасай алуына мүмкіндік беретіндей инклюзивті білім берудің қарапайым түсініктерін қалыптастыру мақсатында барлық мамандық даярлау бағыттарындағы оқу жоспарларына «Инклюзивті білім» курсы енгізілуде. Бұл қуана құптарлық жай. Біздің оқу орнында да бұл мәселе төңірегінде алғашқы қадам жасалып жатқаны белгілі. Атап айтсақ, институттың «Инклюзивті білім беру туралы» Ережесі қабылданып (СМЖ ОҚМПИ ИЕ 03-2-2015, 23.06.2015), қолданысқа енді және инклюзивті білім беруді енгізу мәселесі 4 қадамда жүргізілу жоспарлануда:

  1. Институт оқытушыларының инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттыру;
  2. Болашақ мамандарды инклюзивті білім беруге даярлау;
  3. Ерекше қажеттілігі бар білім алушылармен оқу-тәрбие үдерісін үйлестіру;
  4. Облыс және қаладағы инклюзивті білім беру жүзеге асырылатын жалпы орта мектептермен байланыс .

Алғашқы қадам бойынша Алматы, Шымкент қаласында 2013-2014 жылы оқу ордамыздан алдыңғы қатарлы оқытушыларымыз п.ғ.к, доцент Ш.Ж.Арзымбетова мен З.Қабылбекова инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырып келді. Сонымен қатар 2015 жылы Ш.Ж. Арзымбетова (Алматы қ.) Ж.Масалиева мен С.Тұрмаханова (Шымкент қ.) тәжірибе алмасу арқылы көптеген инклюзивті білім беруге қатысты мәселелерді талқылады. Екінші қадам бойынша 2015-2016 оқу жылы «Инклюзивті білім беру негіздері» 5В010300-Педагогика және психология және 5В010500-Дефектология мамандықтарына элективті курс ретінде енгізілсе, 2016-2017 оқу жылы институттың барлық педагогикалық мамандықтарына 3 кредит бойынша пән болып енгізілу бойынша жұмыс жасалу үстінде.

Ерекше қажеттілігі бар білім алушылармен оқу-тәрбие үдерісін үйлестіруде ерекше көмекке мұқтаж білім алушылар үшін :

  • оқу ақысына жеңілдіктер ұсыну;
  • әлеуметтік қолдау көрсету (демеушілер табу)
  • институттың психологиялық кеңес беру орталығында ерекше

қажеттілігі бар білім алушыларға рухани қолдау көрсету;

  • кәсіби және тұлғалық өсуге және өзіндік бекітуге бағытталған

тақырыптық кездесулер, семинар-тренингтер өткізу үшінші қадамның жоспарында тұрған мәселелер.

Төртінші қадамда облыс және қаладағы инкюзивті білім беру жүзеге асырылатын жалпы орта мектептермен байланыс , яғни Шымкент қаласы, Төле би мен Сайрам аудандары бойынша байланыс орнатылып, анықталуда.

Осы мәселелер аясында инклюзивті білім беруді толыққанды іске асыру барысында материалдық — техникалық жабдықталуының қамтамасыздандырылуы шешуді қажет ететін құбылыс екені анық.Оқу орнында мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен арнайы парталар, арнайы үстелдер және басқа да компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергісіз аймақтар» құру, яғни арнайы сыныптар ұйымдастырып, оқу орнының физикалық тұрғыдан қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында лифтімен, пандустармен, арнаулы жиһаздармен жабдықтауды қажет етеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жалпы дамуы және бұзылысын түзету мақсатында жаңа компьютерлік технологияны, бала бойындағы кемістіктерді түзетуге бағытталған құрылғыларды қолдану қажеттілігін де ретін тауып шешкен жөн.

Қазақстан Республикасындағы арнайы білім беру ұйымдарының жетіспеушілігі арнайы мектептердің тұрғылықты жерлерден алшақтағы дамуында ауытқуы бар балаларды жалпы білім беретін мектептерде оқытуға мәжбүр етеді. Бірақ бұл жерде ата-аналарының білім беру ұйымын еркін таңдау құқығы мен баланың отбасында болу құқығы туралы ерекше айту қажет.

2 ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ

ӘДІСТЕМЕСІ

2.1 Инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық әдістері

мен тәсілдерін іске асыру механизмдері

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халқына Жолдауында білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып танылады. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарына баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі; әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі жатады («Білім туралы» ҚР Заңының, 3-бабының, 1, 2-тармақтары) [30].

Инклюзивті білім беру баршаның сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесін тарату процестерінің бірі болып табылады. Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдени этникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді.

Өткен жүзжылдықтың аяғынан бастап инклюзивті білім беруді дамыту әлемнің көптеген: АҚШ, Ұлыбритания, Дания, Испания, Финляндия, Германия, Италия, Австралия және т.б. елдерінде білім беру саясатының жетекші бағдарына айналды. Осы елдерде балалардың дамуы мен әлеуметтік бейімделуі үшін тиісті психологиялық-педагогикалық жағдай жасалған жалпы білім беру ұйымдарында психикалық және дене бұзылыстары бар, дамуында артта қалушылығы бар балалар қалыпты дамыған құрдастарымен бірге табысты білім алуда. Инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері адам құқығы саласындағы негіз болатын халықаралық құжаттарға сәйкес әзірленген және әлемдік үрдістерді, білім беру саласындағы әлемдік практиканың жетістіктерін және қазақстандық білім беру жүйесін дамытудың басым міндеттерін ескеріп әзірленген [31] .

Қазіргі кезде Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесін құрудың белгілі бір модельдері мен жинақталған тәжірибесі бар. Әлемдік тәжірибеде инклюзивті білім беру ерекше оқытуды қажет ететін адамдарды оқыту мен тәрбиелеуде жеке тәсіл арқылы іске асырылуда.

Ерекше оқытуды қажет ететін балаларға мыналар жатады:

  • мүмкіндіктері шектеулі балалар;
  • мигранттардың, оралмандардың, босқындардың, саны аз ұлттар отбасыларынан шыққан балалар;

  • қоғамда әлеуметтік бейімделуде қиындықтары бар балалар (жетім балалар, виктимді балалар, девиантты мінез-құлықты балалар, әлеуметтік экономикалық және әлеуметтік-психологиялық мәртебесі төмен отбасынан шыққан балалар).

Бірқатар елдерде енгізілген инклюзивті білім, ең алдымен Финляндияда келесідей қағидаттарға негізделеді: адам құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес, әр адам сезінуге және ойлауға қабілетті, әр адам қатынасуға және танымды болуға құқылы, барлық адамдар бір-біріне мұқтаж, нағыз білім шынайы өзара қатынас мәнмәтінінде іске асырылуы мүмкін, барлығы қолдау мен достыққа мұқтаж. Жүргізілген талдау инклюзивті білім берудің қазақстандық моделі әлемдік тәжірибеге және осы саладағы ережелерге толық дәрежеде сәйкес емес екенін көрсетті. Инклюзивті білім беруді мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту нысанында қабылдау барлық санаттағы ерекше оқытуды қажет ететін балаларға жалпы білім беру бағдарламасының қол жетімділігін қамтамасыз ететін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерін шектейді.

Қазақстандық білім беру жүйесінде:

  • әрбір білім алушының тұлғалық даму траекториясына, даралап оқыту әдістеріне негізделген дербес оқытуды, оны психологиялық-педагогикалық қолдауды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ететін инклюзивті білім берудің моделі жасалмаған;
  • білім берудің икемді, бейімделген оқу бағдарламалары әзірленбеген;

  • жалпы білім беретін ұйымдарда инклюзивті білім беру үшін кадрлар мен оқу-әдістемелік база жеткіліксіз;

  • оқыту сапасын мониторингілеу мен бағалау іске асырылмайды, балалардың білімдері мен дағдыларын критериалды бағалау индикаторлары жоқ; — ерте кәсіптік бағдарлау, ерекше оқытуды қажет ететін балаларды кәсіпалды және кәсіби даярлау шарттары жеткіліксіз құрылған;

  • мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларының бірізділігі мен сабақтастығында, мүмкіндіктері шектеулі балаларды жұмысқа орналастыруда жүйелі ықпалдастық жоқ;

  • балалардың психикалық және дене даму ауытқуларын ерте айқындау және оларды түзету аса өзекті проблема болып қалуда;

  • балалардағы моральдық-психологиялық және әлеуметтік тұрғыда туындайтын проблемаларды жою бойынша алдын алу шаралары жеткіліксіз қолданылады;

  • инклюзивті білім беруді ақпараттық-кеңес беру тұрғысында қолдау әлсіз ұйымдастырылған.

  • Осының бәрі төмендегідей проблемаларға әкеліп соғады:

    • көптеген балалардың білім алу қажеттіліктері жеткіліксіз қамтамасыз етілген, нәтижесінде олардың әлеуетті мүмкіндіктері толық жүзеге асырылмаған;
  • халықаралық TIMSS, PISA, PIRS зерттеулеріндегі қазақстандық оқушылардың көрсеткіштері қанағаттанарлықсыз деңгейде;

  • әлеуметтік бейімдеудің жеткіліксіздігі салдарынан девиантты мінез-құлықты балалардың саны көбеюде, балалар арасындағы қылмыс, суицид құбылыстары азаймай отыр;

  • түлектердің функционалдық сауаттылығы төмен қалыптасқан, жұмысқа орналаса алмайды, қатер тобына түседі.

  • Мектепке дейінгі, бастауыш, жалпы орта, кәсіптік және қосымша білім беру жүйесінде қағидаттық өзгерістерді айқындай отырып, инклюзивті білім берудің мынадай стратегиялық бағыттарын көрсетуге болады: инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жағымды жағдайларды қамтамасыз ететін институционалдық ортаны жетілдіру; ерекше оқытуды қажет ететін адамдарға сапалы білім берудің қол жетімділігін қамтамасыз етудің ғылыми-педагогикалық, кадрлық және оқу әдістемелік әлеуетін нығайтудың негіздерін әзірлеу; мектепке дейінгі жастағы балаларға ерте бастан диагностика жасау және түзету-педагогикалық қолдау жүйесін дамыту;мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды кәсіби-еңбекке даярлауға қажетті жағдай туғызу; инклюзивті білім беруді дамытудың теориялық және әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.

    Инклюзивті білім беруді дамытудың мақсаты, негізгі міндеттері, қағидаттары, тетіктері және шарттарына келетін болсақ.

    Инклюзивті білім беруді дамытудың мақсаты — барлық категориядағы тұлғалардың сапалы білім алуға тең құқығын жүзеге асыру. Инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі міндетері: инклюзивті білім беруді дамытудың нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері мен тетіктерін жетілдіру; инклюзивті білім беруді дамытудың әдіснамалық, оқу-әдістемелік негіздерін жетілдіру (оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді бейімдеу және модификациялау, оқу жетістіктерін бағалаудың критериалдық жүйесін ендіру); білім алушылар өздерін мектеп қоғамының белсенді мүшесі есебінде сезінетіндей, өзін-өзі жоғары бағалайтындай, оқуға ынтасы артатындай және әлеуметтенетіндей дербестендірілген түзету-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, қолайлы білім беру ортасын жасау; «кедергісіз қолжетімді орта» құру және білім алушыларды компенсаторлық құралдарымен қамтамасыз ету; инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын ұйымдарды кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту; ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың техникалық және кәсіптік, жоғары білім деңгейлерінде білім алуын жалғастыруына және болашақта кәсіпті игеруіне жағдай туғызу; инклюзивті білім беру саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу.

    Инклюзивті білім беруді дамыту қағидаттары: инклюзивті білім берудің жүйелілігі мен үздіксіздігі; ерекше оқытуды қажет ететін балаларды уақытылы (ерте жастан) анықтауды қамтамасыз ету және алдын алу, педагогикалық-түзету шараларын деркезінде қолдану; білім беру модельдерінің бейімділігі және әр оқушының ерекшеліктеріне, қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сәйкес оны жеке оқыту мен дамыту; еріктілік және ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың жеке бейімділіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымдарын таңдау құқығы; білім беру ортасының ерекше оқытуды қажет ететін барлық тұлғалар және олардың ата-аналары үшін қолжетімділігі, ашықтығы; кешенді медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің үйлесімділігі мен түрлі ведомстволар, әлеуметтік институттар, қоғамдық және ата-аналар ұйымдарының өзара іс-қимылы арқылы кешенді ықпал және әлеуметтік серіктестік, тәртіпаралық өзара әрекет;

    Инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерін іске асыру тетіктері болып:

    1. Әдіснамалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету:

    • мүмкіндіктері шектеулі балаларды инклюзивті және кіріктіріп оқытудың әдіснамалық және оқу-әдістемелік негіздерін әзірлеуді, ерекше оқытуды қажет ететін тұлғаларды жалпы білім беру процесіне қосу аясында оларды әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыруды;
  • ерекше оқытуды қажет ететін оқушыларға оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын бейімдеуді (білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды, базалық пәндер бойынша оқытудың пәндік нәтижелері мен дағдыларын, оқу процесін ұйымдастыру шарттарына қойылатын талаптарды);

  • ерекше оқытуды қажет ететін балаларды оқыту нәтижелерін мониторингілеу және бағалау жүйесін әзірлеуді, инклюзивті білім беру шарттарына баланың оқу жетістігін критериалды бағалауды бейімдеуді;

  • үйден оқыту сапасын бағалау жүйесін әзірлеуді;

  • ерекше оқытуды қажет ететін тұлғаларды оқыту шарттарына типтік оқу жоспарлары мен техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын бейімдеуді көздейді.

  • 2. Кадрлық қамтамасыз ету:

    • инклюзивті тәжірибені іске асырушы ұйымдардағы қызмет шарттарына педагогтардың дайындығын қамтамасыз ету;
  • педагогикалық мамандықтары бар жоғары, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу жоспарына «Инклюзивті білім беру» және «Арнайы педагогика негіздері» пәндерін қосуды;

  • инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын ұйымдарға арналған педагог кадрлардың, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың ерте жастағы балалары үшін дефектолог-мұғалімдер мен педагогтардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламасын жетілдіруді;

  • -ЖОО-да мүгедектерге білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында штаттық қызметкерлерді: тьюторды, арнайы психологты, сурдоаудармашыны қосатын арнайы құрылымдық бөлім құруды көздейді.

    3. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету:

    • инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беретін метептердегі материалдық-техникалық базаны арнайы оқу-әдістемелік, техникалық көмекші компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету және қолжетімді «кедергісіз орта» құру есебінен нығайту механизмдерін игеруді;
  • білім беру ұйымдарын және жоғары оқу орындарын білім беру

  • бағдарламаларын меңгеру тиімділігін көтеретін көмекші техникалық құралдармен (тифло-, сурдо-және т.б. техникалар) қамтамасыз етуге және мүгедектерге арналған оқу кабинеттері мен аудиториялардағы арнайы орындардың болуына қойылатын талаптарды әзірлеуді көздейді.

    4. Инклюзивті білім беруді дамытуды ақпараттық қамтамасыз ету:

    • қоғамды, үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға қоғамның толеранттық қарым-қатынасын қалыптастыруды, сондай-ақ балалар құқығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды жергілікті атқарушы органдармен әзірлеуді көздейді ;
  • әр білім алушының компенсаторлық техникалық және көмекші құралдарға ерекше білім алу, әлеуметтік, оңалту мұқтаждықтары, қажеттіліктері мен барлық білім беру деңгейлерінде көрсетілетін түзетупедагогикалық қолдау түрлері мен көлемі туралы мәліметтері көрсетілуі тиіс мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналықпедагогикалық қолдау жүйесін ақпараттандырудың техникалық-экономикалық негізін әзірлеуді көздейді;

  • 5. Жүзеге асырудың негізгі шарттары:

    • нормативтік-құқықтық негіздерді жетілдіру;
  • ғылыми, оқу-әдістемелік, кадрлық, қаржылық-экономикалық және басқа да ресурстардың шоғырлануы;

  • әлеуметтік-педагогикалық шарттарды құру;

  • ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды әлеуметтік бейімдеуге және кәсіби бағдарлау мен өзін-өзі дамытуға жағдай жасау;

  • балалардың жеке мүмкіндіктері мен білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, ақпараттық коммуникативтік технологияларды пайдалануды қамтамасыз ететін интерактивті оқыту [32].

  • Тұжырымдамалық тәсілдер Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес инклюзивті білім беруді дамытудың жоғары көрсеткіштеріне жетуге, барлық адамдардың сапалы білім алуына толыққанды тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, инклюзивті үдеріспен қоғамның қанағаттануына, мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды толерантты қарым-қатынас қалыптастыруға; инклюзивті білім беруді ресурстық қамтамасыз етуге, нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық негіздерін қамсыздандыруға мүмкіндік береді .

    Инклюзивтік білім берудің тұжырымдамалық тәсілдерінің іске асыру кезеңдеріне келсек, бірінші кезең — 2014-2015 жылдар — инклюзивті білім беруді дамытудың отандық және шетелдік тәжірибесін зерделеу; инклюзивті білім беру жүйесін дамытуды ресурстық қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық негіздерін жетілдіру; бастауыш білім мазмұнының жаңартылуын ескере отырып, ерекше оқытуды қажет ететін адамдарды жалпы білім беру ортасына қосудың вариативті модельдерін апробациялау бойынша экспериментальдық алаң – ресурстық орталықтар құру; инклюзивті білім беру саласында әлеуметтік және қолданбалы зерттеулер жүргізу; — инклюзивті педагогика қағидаттарын және білім беру практикасына ендіру жүйесін әзірлеу; ерте диагностикалау және ерте жастағы балаларды түзету-педагогикалық қолдау тәсілдері мен әдістерін әзірлеу; мүмкіндіктері шектеулі оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін әзірлеу; инклюзивті білім беруді ендіру мәселелері бойынша республикалық және өңірлік ғылыми-практикалық семинарлар өткізу; медиажоспарларды, ақпараттық қолдауды және мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға қоғамның толерантты қарым-қатынасын қалыптастырудың кешенді бағдарламасын іске асыру.

    Тұжырымдамалық тәсілдерді іске асырудың екінші кезең– 2016- 2017 жылдар болып құжаттарда белгіленген: ерекше оқытуды қажет ететін балаларды мектепке қабылдау дайындығын бағалау индикаторларын әзірлеу және ендіру; ерекше оқытуды қажет ететін тұлғаларды жалпы білім беру процесіне қосу модельдерін әзірлеу және апробациялау; білім беру ортасын бейімдеу мен жеке жоспарларды, оқу бағдарламаларды және ерекше оқытуды қажет ететін оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың икемді жүйесін қосатын оқушыларды қолдау жүйесін құру; оқу жоспарларына «Арнайы педагогика негіздері», «Инклюзивті білім беру» пәндерін қосу арқылы педагогтарды даярлау мен біліктілігін арттырудың типтік оқу жоспарларын және бағдарламаларын әзірлеу; әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан оқушылар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шараларды іске асыру.

    2018-2020 жж. инклюзивті білім берудің үшінші, яғни қорытынды кезеңі басталады, онда барлық мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру ұйымдарында инклюзивті білім берудің ұлттық модельдерін кешенді ендіру; инклюзивті білім беру бағдарламаларын техникалық және кәсіби, жоғары білім беру деңгейлерінде жүзеге асыру; алдағы уақытта жұмыспен қамтылуын ескере отырып мүмкіндіктері шектеулі адамдардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесін ендіру.

    Инклюзивтік білім берудің мониторингілік, кешендік, тұлғалық-даралық белгіленген компоненттері мен тепе-теңдік элементтерінің үйлескенін білдіреді. Бұндай көзқарас инклюзивтік білім беруді бір атқарымның жеткіліксіз орындалуы немесе түрленуі басқа құрылымдық атқарымдарды бұзуға және берекесін кетіруге әсер ету аясындағы жүйе ретінде тұтастай көруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты оқытудың инклюзивтік түрін осылай түсіндіру әдепті болады, себебі инклюзивтік сынып мұғаліміне балалар ұжымын тиімді басқаруға және сыныптың барлық мүшелерін инклюзияға тартуды мүмкіндік береді [33]. Инклюзивті білім беруді мониторингілеу — бірыңғай және сәйкес қағидаттар, сапалық және сандық көрсеткіштер мен тәртіп негізінде инклюзивті білім беруге мониторинг жүргізу және оның тиімділігін бағалау.

    Психологиялық-педагогикалық талдау инклюзивтік білім беруді түсіну әр түрлі бағыттағы тұжырымдамалардың жиынтығын білдіретінін анықтады. Инклюзивтік білім берудің атқарымдылық құндылығы мүмкіндіктері шектеулі баланы оқыту мен тәрбиелеудің жағдаяттық жағдайы түрінде әдеттілікті көруді білдіретін ұжымдық және даралық аксиологиялық сәттердің жиынтығынан байқалады. Әр түрлі ерекшеліктер өзгертуге жатпайды, оларды берілген деп қарап, инклюзивтік сыныптағы жұмыстың педагогикалық жеке түрін жанастыру қажет болады. Б. Дорис пен Б. Халлер инклюзивтік білім беру мазмұнының мәнін құрайтын бір қатар аксиологиялық элементтерді ерекшелейді:

    • әрбір баланың инклюзивтік сыныпқа қосылу қалауы міндетті түрде қанағаттандырылуға тиісті; — инклюзивтік білім беру педагогикалық және экономикалық тиімділік мәнмәтінде қарастырылуға тиісті;
  • инклюзивтік білім беру үдерісінде негізгі адамдық құқық пен еркіндік қанағаттандырылуға тиісті;

  • инклюзивтік білім беру алыстатылған немесе тікелей кейіпте үнемі өзін- өзі ақтап шығады; — инклюзивтік білім беруді кез келген мектепте кез келген адамдық, техникалық, зерделік, материалдық және басқа да ресурстарда жүзеге асыруға болады;

  • оқытудың инклюзивтік үлгісін құрған кезде мектептің негізгі міндетіне әдеттегідей еместерге қатынасты нормалау жатады;

  • инклюзивтік білім берудің мазмұны әдеттегі емес баланың әлеуметтік және академиялық білім жинағын меңгеруіне негізделеді; — инклюзивтік білім беру білім алуда ерекше қажеттіліктері бар баланың жай ғана сыныпқа баруымен бітпейді, ол баланың балалар ұжымының барлық әрекеттеріне қатысуынан байқалатын, өмірлік белсенді көқарасын көрсетуін білдіреді [34]. Берілген теориялық әзірлеме позитивті, себебі ол барлық балаларды инклюзивтік білім беру жүйесіне қатысты құндылықты түрлендіруді тірек етеді. Бұндай өзгертулер білім беру жүйесін ары қарайғы түрлендіру және әдеттегі емес балаларды оқыту мен тәрбиелеудің инклюзивтік тактикаларын құру үшін ынталандырма және өзек болады. Сонымен, инклюзивтік білім берудің барлық ұсынылған теориялық тұжырымдамаларын қорытындылау барысында, батыстық философиялық — педагогикалық пайымдаудың инклюзивтік білім беруді білім алуда кез келген қажеттіліктері бар барлық балалардың жеке қажеттіліктері мен мұқтаждықтары қабылданатын инклюзивтік білім беру ортасын құру арқылы түсіндіретіні туралы тұжырымдама жасауға мүмкіндік береді.

  • Берілген тәсілдемелерді талдаудың мақсаттылығы инклюзивтік оқыту жүйесінің барлық балаларды оқытудың орталық тәсілдемелерінен мүмкіндігі шектеулі баланы жалпы білім беру үдерісіне қосудың біршама өнімді стратегиялары мен тәсілдеріне дейін сапалы қызмет етуінің тұтастығына шартты болады.

    2.2 Мектепке дейінгі және бастауыш мектеп ұйымдарында инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың жолдары

    Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің инфрақұрылымдық дамуы бала туудың өсуіне байланысты артта қалуда. Соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдардан орын алуға кезек күткендер санының артуы байқалады. Қазіргі уақытта балабақшаларға кезектілік 545,4 мың баланы құрайды, оның ішінде 3-6 жастағы балалар — 185,6 мың. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ортасына ерте енгізу өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі күні инклюзивтік білім беруге жағдай жасаған ұйымдардың үлесі 9,1%-ды құрайды. Мектепке дейінгі ұйымдарда дефектолог, логопед және психолог мамандардың жетіспеушілігі осал мәселе болып табылады.

    Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды ұйымдастыру мақсатында баланың психофизиологиялық және танымдық мүмкіндіктерінің деңгейін ескеретін, оқытудың нұсқауларын қарастыратын білім берудің арнайы типтік оқу бағдарламалары құрастырылып, бекітілген. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды кіріктіре (инклюзивті) оқытуды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар мен нұсқаулар дайындалды. Жалпы білім беру мекемелерінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеуді табысты ұйымдастырудың жағдайы ретінде баланы білім беру мекемелеріне толыққанды кіріктіруді қамтамасыз ететін бейімделу ортасын құру болып табылады [47].

    Инклюзивті білім беру жүйесі кездесіп отырған күрделі мәселе − бұл қоғам тарапынан туып отырған теріс көзқарас проблемасын жою. Ақпараттың аздығы, қорқыныш, бала құқын аяқасты ету осының бәрі даму мүмкіндігі шектеулі балаларға теріс көзқарасты дамытады. Бір жағынан, арнайы оқыту әдістемесінің жоқтығы инклюзивті білім беру үшін елеулі қиындықтар туғызады. Тәрбиешілер мен мұғалімдер дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыста өздерінің кәсіби дайындығы деңгейіне көңілі толмайтындығын атап көрсетеді. Мысалы, педагогтар (тәрбиешілер), оның ішінде дефектологтар баланың оқуы мен даму үдерісіне теріс ықпал ететін барлық жағдайлар мен факторларды білмеуі мүмкін. Алайда, педагогтар бала бойындағы ауытқуларды дер кезінде анықтап, нақты іс-қимылға дайын болуы тиіс. Осы аталған міндеттер шешімін табу үшін, сөз жоқ білікті маман қажет, сол себепті осы бағытта болашақ мамандарға тиісті білім, іскерлік, дағды қалыптастыру керек.

    Қазіргі уақытта инклюзивті білім берудің негізгі бағыттары болып:

    1. Қоғамның, жалпы білім беретін мектепке дейінгі ұйымдардың мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауына дайын болуы.

    2.Инклюзивті білім беру идеясын таратуда, шектеулі мүмкіндіктері бар балаларға толерантты, дұрыс қарым-қатынастың қалыптасуына бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуын қамтамасыз ету.

    1. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандар арасында тәжірибе алмасушылықты қамтамасыз ету, дұрыс тәжірибелерді баспалар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату.

    4.Аймақтарда инклюзивті білім беру мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесін құру.

    5.Ата-аналар қоғамдастығының мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға құқығын және мүдделерін іске асыруға және оны қорғауға қатысуы, оқыту үрдісінің өзіне және түзету көмегін іске асыруға қатысуы.

    6.Инклюзивті білім берудің көп аспектілік мәселесіне ғылыми зерттеулер өткізу.

    7.Инклюзивті мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында жұмыс істеу мақсатында педагогика қызметкерлерін даярлау;

    8.Педагогикалық ЖОО және медициналық колледждерде кіші жастағы балалармен жұмыс істеу мақсатында мамандарды даярлау жүйесін жасау.

    9.Арнайы (түзету) мекемелері мен жалпы білім беру мекемелері өзара сабақтастықта жұмыс жасау.

    10.Мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте кезден бастап түзетуді қолға алу жүйесінің басымдылығын қолдау.

    11.Кіші жастағы балаларды дамыту қызметі жүйесінің жұмысының нормативті-құқықтық және ғылыми-практикалық негізін жасау.

    12.Жүйке және дене дамуы бұзылған тәрбиеленушілерге, жанұясына кеңестік көмек көрсету, баласының оқу және тәрбие үрдісіне ата-анасын қатыстыру, өйткені, оларда даму ерекшелігіне деген оң қарым-қатынас қалыптастыру.

    «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын ескере отырып, мектептің білім беру мазмұны тұжырымдамалық жаңаруда. Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты қабылданды. 30 пилоттық мектепте жаңартылған оқу бағдарламаларын апробациялау басталды. Орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін басты жобалардың бірі болып «Назарбаев интелектуалды мектептері» болып табылады.

    Қазіргі уақытта инклюзивті білім беруді дамытудағы нақты факторлар: объективті және субъективті қиындықтар болып бөлінеді [48].

    Субъективті қиындықтар: стандарттық процедуралардың әзірленбегендігі мүмкіндігі шектеулі балалардың оқу дәрежесін үнемі қадағалау мақсатында білімді мониторинг жүргізу үшін индикаторлардың жоқтығы және қазақ тілінде оқу әдістемелік құралдардың аздығы. Оқу тәрбие процесін ұйымдастыруда тәрбиеші педагогтардың арнайы білімдерінің болмауы және мамандар тарапынан тұрақты кеңестің аздығы. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымға келетін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы көліктің болмауы. Мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке проблемаларының болуы, яғни олардың ауырып қалуы, мектепке дейінгі ұйымға тұрақты қатыспауы[49].

    Объективті қиындықтар: материалдық техникалық базаның төмен болуы. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту процесінде жеке дара тіл табудың қиындығы. Мамандарға арналған кабинеттердің жетіспеушілігі. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілерге біліктілігін арттыру курстарының ұдайы жүргізілмеуі[49].

    Қазақ тілінде оқытатын педагог-дефектологтардың жетіспеушілігі, ауылдық аймақтарда арнайы мекемелер үшін тифлопедагогтар мен сурдопедагогтар, логопедтер санының жетіспеушілігі күрделі мәселе болып қалады. Инклюзивтік білім беруді шешу жолдары:

    • мүгедектік мәселені қоғамда түсіну;
    • қатарластарымен қарым- қатынас;
    • толыққанды білім беру;
    • қоғамға кіріктіру және бейімделу;
    • мүгедек емес балаларды түсінуге, пікірлесуге тәрбиелеу.
    • даму мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте тексеру және түзету- педагогикалық қолдау көрсету мекемелерінің көптеп ашылуы;
    • балаға міндетті психологтық- педагогикалық жетелеу жүргізіп, жалпы білім беру үрдісімен кіріктіру;
    • әр бала үшін кіріктірудің мүмкін және қажетті түрін анықтау.
    • даму мүмкіндігі шектеулі жандарды ерте анықтап, кешенді көмек көрсету.
    • даму мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке даярлау;
    • ерекше сұранысқа ие балаларды қанағаттандыру мақсатында жалпы типте білім беру мекемелерін техникалық құрал-жабдықтармен толықтыру;
    • инклюзивті білім беруді дамыту үрдісінде қоғамдық мекемелерде ата- аналарды қатыстыру.

    Мүмкіндігі шектеулі балалар инклюзивтік білім алуда логопед, дефектолог, дене шынықтыру нұсқаушысы, психологтан жылдық жоспарларына сәйкес күннің ІІ жартысында өзімен жасты балалармен қатынасады (сурет салу, жапсыру т.б.) және мамандардан оқу-тәрбие және танымдық-педагогикалық көмек алады. Даму мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы топта тәрбиешілердің ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне қатынасып «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары бойынша білім алады. Даму мүмкіндігі шектеулі балалар бала-бақша мен мектеп өміріне белсене қатысады: іс-шаралар мен ойын-сауықтарға өзге балалармен бірігіп қатысуы, ертегілер мен концерттерді ұжыммен көруі олар үшін шынайы мереке[50].

    Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметінің әр маманы өз бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл біріккен психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметінің басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету. Соның ішінен педагог-дефектологтың психикалық дамуы тежелген балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуі мынадай бағыттарда іске асырылады:

    I. Диагностикалық бағыт:

    • баланы алғашқы дефектологиялық тексеру;
  • баланың психикалық дамуының динамикасын жүйелі түрде кезең бойына бақылау;

  • баланың даму деңгейіне әсер еткен әдіс-тәсілдер мен таңдалған бағдарламаның тиімділігін анықтау;

  • мүмкіндігі шектеулі баланың жеке ерекшіліктерін, танымдық қызметін, ерік-жігер саласын, отбасындағы тәрбиелік жағдайдың даму ерекшеліктерін зерттеу;

  • жалпы білім беру ұйымдарының бағдарламасын меңгерудің деңгейін анықтау;

  • компенсаторлық мүмкіндіктерді іздеп табу;

  • баламен жұмыстың бағыттарын айқындау мен бала дамуындағы ауытқулардың алдын алу.

  • Кезеңдік диагностика – бұл диагностиканың түрі баламен жүргізілген түзете-дамыту жұмысының баланың оқу-танымдық қызметіне тигізген әсерінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Түзете-дамытудың бағдарламасының игеру деңгейінің нәтижесін бағалағанда баланың білім-білік дағдылары игеруге қажет танымдық қабілетінің қаншалықты қалыптасқандығына ғана емес, баланың игерген білімін берілген мәселеде өз бетімен қаншалықты қолдана алатынына көңіл бөлінеді.

    Ағымдық диагностика – бұл диагностика әртүрлі мамандар тарапынан сұрау бойынша жүргізіледі. Бұл диагностиканың белгілі бір өткізу уақыты болмайды. Ол жыл бойына сұрау бойынша жүргізіледі. Баланы психологиялық-педагогикалық қолдаудағы диагностикалық бағыттың тағы бір негізгі міндеттерінің бірі – бастапқы кезеңде баланың алда кездесетін қиыншылықтары мен оқу процесінде бүгінгі күні бар қиыншылықтардың себебін, механизмін анықтау болып табылады. Диагностикалық жұмыстың негізгі қағидалары: жан-жақтылық, кешенділік, жүйелілік, тұтастық.

    Тексерудiң нәтижелерiн талдау баланың одан әрi дамуының болжамын анықтап, әр оқушыға оқыту процесінде тиiмдi әдiстерді іріктеп, түзете-дамыту жұмысының мазмұнын анықтауға мүмкіндік береді. Диагностиканың нәтижесі баланың тек өзекті даму аймағының даму деңгейін ғана анықтау емес, баланың жақын даму аймағы деңгейін бағалап баланың ықтимал мүмкіндіктеріне бағытталады.

    II. Түзете-дамыту бағыты бойынша: Ақаудың құрылымымен оның айқындылық дәрежесіне байланысты түзету жұмысының мазмұны анықталады. Баламен жүргізілген диагностиканың қорытындысы түзете-дамыту жұмысы бойынша мынадай бағыттарды айқындап берді:

    • сенсорлық және сенсомоторлық дамуын қалыптастыру;
  • кеңістік-уақыт түсініктерін қалыптастыру;

  • пішін мен көлем, түсті қабылдауын қалыптастыру;

  • -салыстыру, талдау, жинақтау, қорытындылау, жалпы ойлау операцияларын қалыптастыру;

    • зейіннің тұрақтылығын, зейін шоғырлануын дамыту;
  • көру, есту арқылы есте сақтауын дамыту;

  • психомоторлық дамуды жүзеге асыру мен сөйлеу тілін, сөздік қорын арттыру.

  • Айқындалған бағыттар негізінде балаға түзете-дамыту бағдарламасы құрылады. Түзете-дамыту бағдарламасы баланың танымдық қабілеттерін дамытуға, баланың дамуындағы бос орынды толтыруға бағытталады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін баланың жеке жас ерекшеліктері, қабылдау деңгейі ескеріліп, әр тақырыпқа тапсырмалар тізбегі даярланады. Баламен жеке жұмыс сабақтан тыс уақыттарда өтеді.

    III. Кеңес беру мен ағартушылық бағыт бойынша:

    • педагогтармен жеке жұмыс жүргізу;

    -баланың жас, жеке, типтік ерекшеліктерін ескере отырып ата-аналарға, педагогтарға бірқатар ұсыныстарды даярлау;

    • балалардың жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып педагогтың оқу жоспарына түзету жұмыстарын енгізу;
  • эксперименталды топта жұмыс істейтін педагогпен жеке кеңес жүргізу; — әлеуметтік қызметкерлермен жұмыс;

  • ата-аналармен жұмыс:

  • -баламен жүргізілген жұмыстың жалпы қорытындысымен ата-аналарды таныстыру;

    • ата-аналарға баланың тәрбиесіндегі қиыншылықтары туралы нақты ұсыныстар даярлау;
  • ата-аналарға баланың психофизикалық мүмкіндіктеріне сай баланы оқыту мен оны дамытудың маңыздылығын түсіндіру;

  • психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметі мамандарымен тығыз қарым-қатынаста болу. Ата-анамен жұмыс бұл бағыттың басты міндетінің бірі.

  • В.А. Сухомлинский ата-анамен жұмыстың мазмұнын ашып көрсеткен ғалымдардың бірі.

    Ол: «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында педагогтар балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», – дейді.

    Педагогикалық процестiң сапасын жоғарылатудың тиiмдi жолы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметі мамандарының өзара байланысы мен бiр-бiрiнiң сабағына қатысу мен баланың қалыптасуы туралы талқысы және зерттеу қорытындыларымен өзара алмасу болып табылады. Мұндай бағыт бiрнеше қызметтерді қоса атқарады, яғни тәжiрибемен алмасу, бақылау, өзiн-өзi бақылау, кеңес беру.

    IV. Әлеуметтік-бейімдеу бағыты — баланың әлеуметтенуіне, қоршаған ортаға бейімделуіне жағдай жасау;

    • баланы шығармашылыққа тарту;
  • баланы мерекелік іс-шараларға қатыстыру;

  • баланы әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлауға үйрету;

  • қоғамдық ортада өзін еркін сезінуге, өзін-өзі басқара білуге, өзі өмір сүретін ортаны толық бағдарлай білуге үйрету.

  • Сонымен қатар баланы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуде әлеуметтік-бейімдеу бағыты балалардың, қоғамның толеранттылығын қалыптастыруды жүзеге асырады.

    V. Әдістемелік-ұйымдастырушылық бағыт: Бұл бағыттағы жұмыс консилиумға дайындық, іс-шараларға дайындық, баланың жеке құжаттарын толтыруды қамтамасыз етеді.

    Сонымен қатар төмендегідей міндеттерді жүзеге асырады:

    • ұстаздар мен ата-аналарға арналған әдістемелік құралдарды жасау;
  • оқушыға портфолио құрастыру.

  • Портфолио – бала жеткен жетістіктердің, баланың білім-білік дағдыларының, баланың жеке өсуін қадағалайтын, бала дамуының көрсеткіші. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі баланы ортаға кіріктіру, жалпы білім беру процесіне қосу, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қамтамасыз ету маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осы мәселеде баланы психологиялықпедагогикалық қолдау күрделі де маңызды процесс. Баланы психологиялық-педагогикалық қолдау – инклюзивті білім беру жүйесінде баланың тәрбиесіне, оқу процесіне, жақтын дамуына, әлеуметтенуіне, бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған кәсіби белсенді жүйе.

    Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметіндегі мұғалім-дефектолог баланы психологиялық-педагогикалық қолдауда тек білім мазмұнына ғана өзгерістер енгізіп қоймай, баланың танымдық қабілеттерін дамыту мен жалпы баланың өмірін ұйымдастыруды көздейді.

    Психодиагностикалық тестілеу баланың танымдық мүмкiндiктерін қалыптастыруда басты маңызды шарт – мұғалім-дефектологтың психологиялық құзырлығы болып табылады. Мұның бәрі баланың танымдық қабілетінің дамуына мүмкіндік жасау мен баланың өзіне деген сенімінің артуына, жетістіктерге бір қадам жақындауға жағдай жасайды.

    Бастауыш мектеп – мектепте оқуға дайындығын анықтау, мектепке бейімделуін қамтамасыз ету, оқушылардың оқу әрекетіне деген қызығушылығын арттыру, танымдық және оқу уәждерін дамыту, дербестік пен өзін реттеу қабілетін дамыту, «оқи білу» және қалауын қалыптастыруда қолдау, әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін және әлеуеттік мүмкіндіктерін есепке ала отырып шығармашылық қабілеттерін дамыту болып табылады.

    Инклюзивті сыныптарда мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту жалпыбілім беретін оқу бағдарламалары бойынша, сондай-ақ, арнайы оқу бағдарламалары бойынша ПМПК нұсқауларына сәйкес жүзеге асырылады.

    Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті сыныптарда түрлеріне сәйкес арнайы білім беру ұйымдарының типтік оқу жоспарының және жеке оқу жоспары, баланы оқытуға ұсынылған үлгілі бағдарламалар негізінде, оқу жоспарының әрбір оқу пәндері бойынша жеке жұмыс жоспары әзірленеді.

    Білім берудің жеке бағдарламалары – оқушылардың даму деңгейінің өзектілігін ескеріп, оқытылатын пәндер саласындағы және дамудың жақын аймағындағы білім, білік және дағдыларын құрайды.

    Жалпы білім беретін мектептердің инклюзивті сыныптарындағы оқушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.

    Бастауыш сынып мұғалімдері әр түрлі пәннің ерекшеліктерін ескере отырып, мүмкіндігі шектеулі және қалыпты жағдайдағы балаларға білім беруі қажет.

    Математика және жаратылыстану пәндерінде зияты бұзылған балалардың танымдық әрекеті мен эмоциялық-ерік сферасындағы ерекшеліктерді ескеруі керек, сонымен қатар, психикалық дамуы тежелген балалардың (ПДТ) психофизикалық ерекшеліктері тұрақты түрде назарда ұсталынуы тиіс.

    Адам және қоғам пәндерінде білім саласына байланыстыбалаларды қоғамға бейімдеуде және олардың мінез-құлықтарын түзетудегі жақсы, оңтайлы әлеуметтендірушілік және тәрбиелік әлеуеттеріне (әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-психологиялық жағдайы төмен, оралмандар, босқындар, аз ұлттар отбасыларынан шыққан, девиантты мінез-құлықты балалар) сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға көңіл бөлуі керек.

    Музыка және бейнелеу өнері пәндерінде тірек-қимыл аппараты және сөйлеу, есту, көру бұзылыстары бар балаларды оқыту үдерісіндегі қиындықтарын, оңтайлы психологиялық-эмоциялық күйге келтіруін дамытуын, ұсақ моторикасын және танымдық іс-әрекетін белсендіруін ескеруі керек.

    Технология пәндерінде жеке тәсілдерді қолдану және жеңілдетілген тапсырмалар беру арқылы тірек-қимыл аппараты, ПДТ және зиятында бұзылысы бар оқушылардың сенсорикасы (сезімталдығындағы) мен ұсақ моторикасындағы, танымдық әрекетіндегі ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

    Дене шынықтыру пәніндерінде тірек-қимыл аппаратындағы бұзылыстарын ескеруі, жалпы және ұсақ моторикасына назар аударуы, сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған балалардың денсаулығын нығайту мен дене дамуына арналған арнайы жаттығуларды жоспарлауы керек. Сонымен қатар, сабақ өткізу кезінде есту, көру бұзылыстары бар балалардың ерекшеліктерін ескеру (анық және нақты командалар беру, әрекеттерді арнайы көрсету және т.б.) және емдік дене шынықтыруларды ұйымдастыру қажет[52].

    Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса, өз мамандығын шексіз сүйе білген маман иесі ғана үздіксіз ізденіс пен асқан шыдамдылық, қажырлы еңбектің арқасында баланың біліміне, оның болашағына үлкен сәулесін түсіріп, бала өмірін дұрыс бағытқа бағыттары сөзсіз.

    ҚОРЫТЫНДЫ

    Қорыта айтқанда, біздің зерттеу жұмысымызда инклюзивті білім берудің мәні мен сипаттамаларын анықтай отырып, оны дамытудың педагогикалық-психологиялық шарттары айқындалды, Қазақстандағы инклюзияның дамуына жағдай жасау үшін, түрлі мемлекеттердің тәжірибелері талданып, сараланып, шолу жасалынды. Сонымен қатар зерттеу жұмысымызда бала − ата-ана − педагог, отбасы және білім беретін ұйымдар арасындағы сабақтастықтың ойдағыдай жүзеге асуы тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің алғы шарттарының бірі екеніне тоқталып, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарының және бастауыш мектеп ұйымдарының арасындағы үздіксіздік пен сабақтастығының жүзеге асу жолдары мен тәсілдері жан-жақты қарастырылды, қоғам мүшелерінің (мұғалім, оқушы, болашақ педагогтар) инклюзивті білім беру жүйесіне деген пікірлері сауалнама жүргізу барысында анықталды.

    Жалпы сауалнамаға бастауыш сынып мұғалімдері, оқушылар мен студенттер қатысты. Нәтижесіне тоқталсақ, мұғалімдердің 76 % оқушыларды біріктіріп оқытуға қарсылық білдірмеді, қалған респонденттер (16%) бұл жүйені енгізу асығыстық шешім болар еді, 8% дайын емеспін деп жауап берді. Ал оқушылардың көпшілігі МШ балалармен оқу қиындық туғызбайды, оларға көмектесер едік деп жауап берді. ОҚМПИ студенттерімен жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде біріктіріп оқытуға даяр екендіктерін және инклюзивті білім алу жағдайында нәтижелі жұмыс жасау үшін педагогикалық мамандықтар даярлайтын оқу орындарына «Инклюзивті білім беру» міндетті пән ретінде енгізілсе деген оң көзқарастарын білдірді. Нәтижесінде, респонденттердің пікірлері бір жерден шығып отырғаны байқалды, сондықтан жалпы мектептерде инклюзивті оқытуды жүзеге асыру, оны дамыту мүмкін екенін көрсетеді.

    Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылықтарымыз, әр баласы еліміздің ертеңі екенін ескерсек әрбір мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау біздің міндетіміз.

    Инклюзивті оқыту – мүмкіндігі шектеулі балалардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы балаларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек етек жинап, ел болғалы толастамақ емес.

    Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жандүние кеңістігі аясының тарылып, күйзеліске ұшырауына жол бермеу − белгілі бір ұйымдардың міндеті ғана емес, қоршаған ортаның, қалың бұқараның басты парызы.

    ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

    1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» // Казахстанская правда, 17 қаңтар 2014.
    2. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері.
    3. Білім туралы: Қазақстан Республикасының Заңы. –Алматы: Литера, 2000.
    4. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. — Астана, 2010.
    5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА БІЛІМ: ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ/ Талдамалық жинақ .-Астана , 2015.
    6. Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы ұлттық баяндама, 2014. – Астана: ҰБСБО, 2013 .
    7. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 13 б.
    8. «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» ҚР-ның 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңы. «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетудегі қолдау туралы» ҚР-ның 2002 жылғы 11 маусымдағы № 343 Заңы.
    9. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 13 б.
    10. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Заңы.
    11. «Білім туралы» ҚР-ның 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Заңы. «Бала құқықтары туралы» Конвенция БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен 20.11.1989 ж. қабылданған. ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылдың 8 маусымындағы №77 қаулысымен ратификацияланған.
    12. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 13 б.
    13. «ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ филиалы «Инклюзивтік білім беру жағдайында мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру.
    14. Алипкалиева. Г.Б. Инклюзивтік білім беру жағдайында мектеп жасына дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру.
    15. Қазақстандағы инклюзивті білім//Интернет-ресурс.Доступ:egov.kz мемлекеттік порталы.
    1. Инклюзивті білім беру жағдайында даму мүмкіндігі шектеулі оқушыларды психологиялық — педагогикалық қолдау қызметінің ұйымдастырылуы // «Открытая школа» журналы. № 7(128) 09. 2013ж.

    Добавить комментарий

    Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.