Батыс Қазақстан облысы, Құрманғазы атындағы саз колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Куанов Алтынбек Джанузакович
Ашық сабақтың тақырыбы: «Жергілікті жерде картасыз бағдарлану»
Мақсаты: бағдарлану туралы түсінік беру. Түрлі жағдайларда аспан денелеріне, жергілікті заттардың белгілеріне қарап, көкжиек тұстарын картасыз анықтай білу, бағыт табу.
Көрнекілік: құлабыз, сағат, слайдтар, плакаттар, оқулық.
Өтетін орны: АӘД кабинеті.
Сабақ әдісі: аралас.
Пәнаралық байланыс: физика, астрономия, география, математика.
І. Ұйымдастыру кезеңі: взводты сапқа тұрғызу, взвод командиры рапорты, сәлемдесу, түгендеу, отырғызу.
ІІ. Үй тапсырмасы: тест арқылы тексеру.
ІІІ. Жаңа сабақ:
Жергілікті жерде картасыз бағдарлану. Әрбір жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет ету үшін қаруды мүлтіксіз меңгеріп қана қоймай, жергілікті жерде дұрыс бағдарлана білу қажет. Жергілікті жер әскерлердің ұрыстық әрекеттеріне елеулі ықпал етеді. Кейбір жағдайларда ұрыс қимылдары кезінде табысқа жетуге ықпал етсе, басқа жағдайларда кедергі жасайды. Сондықтан әрбір сарбаз жергілікті жерді мұқият зерделеп, бағалай және нақты ұрыс тапсырмасына сай тактикалық қасиеттерін дұрыс есепке ала білу керек.
Жергілікті жерде табиғи және жасанды объектілер болады. Олар біркелкі белгілері бойынша белгілі бір топтарға бірігіп, топографиялық элементтерді құрайды. Олар бедер, елдімекендер, өндіріс кәсіпорындары, жол торабы, топырақ, өсімдік жамылғылары, т.б. Жер бетін құрайтын біркелкі еместіктер жергілікті жер бедері, ал адам еңбегімен немесе табиғатпен жасалған, сол жерде орналасқан заттардың барлығы – жергілікті заттар деп аталады. Бедер жергілікті жердің ең маңызды көрсеткішіне жатады. Ол бақылау пункттеріне орын таңдауға , атыс позицияларын, траншеялар, байланыс жолдарын жасақтауған және әскердің орналасуына үлкен әсер тигізеді.
«Бағдарлану» сөзі латынның – шығыс деген сөзінен шыққан. Өйткені, шығыс ежелден қасиетті тұс болып саналған, Шығыстан күн шығады, одан жарық пен жылу тарайды. Адамдар шығысқа табынған. Жергілікті жерде бағдарлану бұл – көкжиек тұстарына қарай бағыт табу – солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс.
Бағдар деп жақсы айқындалатын жергілікті заттармен бедер элементтері қатынасында өз тұрған орнын анықтап, қозғалыс бағыты және нысаналар мен объектілердің орындарынаң көрсетілуін айтамыз. Көкжиек тұстары жергілікті жерде құлабыз (компас), аспан денелері және жергілікті белгілер бойынша анықталады.Көкжиек тұсын анықтаудың ең көп тараған тәсілі – құлабыз көмегімен анықтау. ҚРҚК Адрианов құлабызы кеңінен қолданылады. Көкжиек тұсын анықтауда тежеуішті босатып, құлабызды көлденең орнатып және оның магнит меңзерінің солтүстік ұшы шкаланың нөлдік бөлік белгісіне қарсы тұруы керек.
Көкжиек тұстары күн бойынша да анықталады, бірақ нәтиже жуықтап алынады. Шамамен таңғы сағат 7.00де күн шығыста(заттар көлеңкесі батысқа түседі), сағат 13.00де оңтүстікте (көлеңкелер қысқа, солтүстікке түседі), шамамен 19.00де батыста(көлеңкелер шығысқа түседі).
Көкжиек тұстарын Күн бойынша сағат көмегімен анықтау үшін сағат көлденең орналастырылып, сағаттың тілінің ұшы күнге қарай бағытталады. Сағат меңзері мен күнге бағытталған циферблаттағы 1 санының бағыты арасын ортасынан бөлетін түзу оңтүстік бағытын көрсетеді. Оңтүстік бағытты білген соң , көкжиек басқа тұстарын оңай анықтауға болады.
Көкжиек тұсы түнгі ашық аспанда әрқашан солтүстік бағытта орналасқан Темірқазық жұлдызы бойынша анықталады. Оны Жетіқарақшы шоқ жұлдызымен оңай табуға болады. Ол үшін көрсетілген шоқжұлдыздың шеткі екі жұлдызы арқылы өтетін түзуді ойша жалғастырамыз. Осы екі жұлдыз арасындағы қашықтықты бес рет көзге көрінетіндей түзу бойына салсақ, соңғы қашықтықта Темірқазық жұлдызы көрінеді.
Бұлтты күні Темірқазық жұлдызы табылмай, бірақ Ай көрініп тұрса, онда көкжиектұстары Ай бойынша анықталады. Көкжиек тұсын Ай толық болғанда анықтайды, яғни ол күнге қарсы орналасқан кезде. Бұл кезде кешкі сағат 19.00де Ай шығыста, түнгі 1.00де оңтүстікте, таңғы 7.00де батыста болады.
Көкжиек тұстары мейлінше жиі кездесетін келесі жергілікті белгілер арқылы шамалап анықталады:
Ағаш қабығының оңтүстік жағымен салыстырғанда, солтүстік жағы бұжырлау және күңгірттеу болып келеді;
Мүк пен қына ағаш діңі мен тастың солтүстік жағына шоғырланады;
Ауа-райының ыстық кездерінде қылқан жапырақты ағаштардың оңтүстік беткей жағына шайыр көбірек жинақталады;
Құрмырсқалар өз илеуін ағаштың, түбірдің немесе бұтаның оңтүстік жағына салады. Илеудің оңтүстік жағы түйетайлы, солтүстік беткейі одан гөрі қиялау келеді;
Жемістер мен жидектердің оңтүстік жағы қызғылттау болып келеді ;
Ағаштардың бұтақтары мен жапырақтары оңтүстік жағында қалың және ұзын болып келеді
Жеке тұрған ағаштар мен тастардың оңтүстігінде шөп қалың өседі;
Тау қырларындағы қар көктемде солтүстік жағынан қарағанда оңтүстік жағында тез ериді;
Мұсылман мешіттеріндегі айдың іш жағы әрқашанда оңтүстікке бағытталған.
IV. Сабақты қорытындылау.
1. Бағыт табуға арналған аспап;
2. Географиялық құрал;
3. Адамдар қасиет тұтқан көкжиек бағыты;
4. Айқын көрінетін жергілікті заттар;
5. Бағыт табуға пайдаланатын тұрмыстық құрал;
6. Солтүстік бағыттағы жарық жұлдыз
7. Аспан денесі;
8. Бұлтты күні Темірқазық көрінбегенде бағыт не арқылы табылады?
9. Бағытты сағат және не бойынша анықтауға болады?
10. Ағаш түбірлерінің оңтүстік жағында болатын жәндік мекені.
V. Үйге тапсырма. АӘД §1 VІІ тарау.
VІ. Оқушыларды бағалау.