Жалпы білім беретін Талдыбұлақ орта негізгі мектеп- балабақша кешені коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Сырым ауданы Батыс Қазақстан облысы
Янна Муратовна Хасанова тәрбиеші
«Денсаулық еліне саяхат»
Мақсаты:Мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалысын үйлесімді дамыту, белсенділігін ояту, бала ағзасын сауықтыру және дені сау, болашақтың тірегі болар жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу.
Шаттық шеңбері:
Денсаулық ол күлуің
Көңіл-күйің жадырай
Денсаулық ол жүруің
Ешбір жерің ауырмай.
Тәрбиеші: Балалар біз бүгін сендермен «Денсаулық» еліне саяхатқа барамыз.
Ол үшін көлікке отыруымыз керек. Көмекке жүргізуші ағайды шақырайық.
Жүргізуші ағай машинамен келіпті.
«Денсаулық» елінде балаларды Мыстан кемпір қарсы алады.
Тәрбиеші: Мыстан кемпір біздің дәрігерімізді сиқырлап тастап ағашқа байлап қойыпты.
Мыстан кемпір: « Кетіңдер-кетіңдер, сендер кімсіңдер?»-деп қуа бастайды.
Мұнда кіру үшін менің тапсырмамды орындауларың керек, сонда ғана мына дәрігерді сиқырымнан босатамын,келісесіңдерме?
Мыстан кемпірдің тапсырмалары:
І – Деніміз сау болу үшін не істеу керек? (Жаттығулар жасаймыз, суға түсеміз, жақсылап тамақтанамыз).
ІІ – менімен бірге жаттығу жасап, билейсіңдер. (әуенмен жаттығулар жасайды)
ІІІ- Дәрумендер деген не? Дәрумендерді қайдан аламыз, олардың қандай пайдасы бар?
Дәрумендер тірегің
А,В,С,Д,Е-деп аласың
Жетіспесе бірі оның
Ауырып сен қаласың
Алуан түрлі азық бар
Ет, май, сүт, балықтар
Көкөністер, жемістер
Дәрумендер тұрағы
Түрлі тағам тұрағы
(Балалармен жаттығу жасап көңілденген Мыстан кемпір дәрігерді сиқырдан босатады).
Тәрбиеші: Балалар әрі қарай саяхатты дәрігер апайларыңмен жалғастырасыңдар. Мен мыстан кемпірді қарап отырайын сендерге қастық қылмасын.
Дәрігер: Қане, балалар саяхатымызды жалғастырайық.
Балалар «Тазалық» алаңына қош келдік.
«Тазалықалаңында жалқаубекте жүр екен. Балаларды көре сала жүгіріп келген Жалқаубек:
Балалар, құлақ, беті-қолыңды
Ешқашанда жумаңдар!
Танауыңды саусақпен
Шұқылаңдар, бұл қызық!
Ішінде не тығылған
Көргің сенің келеді
Жиіркенсең қарауға
Бұрыл да кетіп қал.
Дәрігер: «Жалқаубек» мұның не? Жемістерді жумай жеуге болмайды, әрі беті-қолыңды да жумапсың, бұлай болмайды ғой.
«Тазалық» алаңында сендерді көптеген достарың күтіп тұр, солармен танысайық.
Олар міне: қол жуғыш, сабын, орамал, тарақ, айна
Дәрігері: Балалар мен сендерге жұмбақ жасырамын, кім шешеді?
1.Шықпай жатып көшеге,
Үсті-басы кірлейді
Бұл баланы кім дейді
(Салақ бала)
2.«Қыста жерге түседі,
Көктемде сылдырлап ағады,
Жазда, күзде тамшылайды?»
(Су)
Су пайдалы ма? Су не үшін керек?
-Дос бол сабын, сумен сен
Жиі-жиі жуын сен
Таңертең де, кешке де
Жуын күндіз, түсте де
Жуын тамақ алдында
Жуын тамақ соңында
Жуын ұйықтар кезінде
Жуын тұрған мезгілде
Сумен бірге жаттығу жасайық.
(Қолдарына көк ленталар (жаңбыр тамшылар) ұстап сумен бірге жаттығулар жасайды.
Музыка ырғағымен судың соңында жүреді, жүгіреді, ирелеңдейді, билейді)
Су туралы мақал жаттайық.
«Су анасы-бұлақ»
Тиым сөздер үйренейік.
Суға түкірме, ағынды суға кір жума, суға дәрет сындырма, суды бекерге ағызба.
Жалқаубек: балалар сендерді теріс нәрселерге үйретіп кедергі жасағаныма ұялып тұрмын, мені кешіріңдер. Енді менде сендер секілді күнде жаттығу жасап, жуынып таза жүремін.
Дәрігер: Балалар әдемі, дені сау бала болу үшін – денсаулықты сақтау керек. Ол үшін – таза ауада серуендеу, уақытында тамақтану, дене шынықтыру жаттығуларын жасау қажет. Әркімнің жеке сүлгісі, тарағы, тіс щеткасы болу керек.Осы дағдыларды игерсеңдер болашақта дені сау еліміздің азаматы боласыңдар.
Балалар саяхатымызды аяқтап балабақшаға қайтуларың керек, сендерді тәрбиешілеріңе табыстап, сендер секілді басқа балаларды қарсы алайын. Сау болыңдар!
Тәрбиеші: Балалар «Денсаулық» еліне жасаған саяхаттарың ұнады ма?
Не үйрендіңдер?
(Дәрумендер туралы білдік, судың пайдасын түсіндік, түрлі ойындар ойнап, жаттығулар жасадық)
Жарайсыңдар, балалар.
Жеткен нәтиже:
Жеке бас гигиенасын сақтауды, әркез таза жүру керектігін үйренді.
Денсаулықты сақтауға дұрыс көзқарас қалыптасты.