Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз

МКҚК «Нұр-Шуақ» бөбекжай-бала бақшасы

16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Айгөлек» тобының

«Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз»

атты ертеңгілігі

Дайындаған: Ж.Напихова

Мақсаты :
1. Білімділігі:

Балалардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру. Ұлттық сана сезімін, саяси сауаттылығын ояту. Тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру. Тәуелсіздік үшін күрескен, желтоқсан құрбандарын еске түсіріп, желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру.
2. Тәрбиелігі:

Қазақстанның болашақ дамуына өзіндік үлес қосатын жеке тұлға екендерін ұғындыру. Қоғамның бір мүшесі ретінде адам өмірі мен жақсы тұрмыстық құндылықтарын ұғындыру, жауапкершілік сезімдерін ояту. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге және ерлікке баулу. Желтоқсан оқиғасында ел қамын жеген ерлерді үлгі тұту, өнеге алуға және халқының тарихын білуге үйрету, достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
3. Дамытушылығы:

балалардың өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.
Көрнекілігі:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә. Назарбаевтың портреті, жалаушалар.

Жүргізуші:
Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар және балалар. Біздің тобымыздың «Тәуелсіздік деп

соғады жүрегіміз» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер! Бүгін біз Қазақстанымыздың Тәуелсіздік алған күнін тойлағалы отырмыз.

Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік – ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан – жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан – Гүлстан!

Бәрімізге мейрам құтты болсын!!!
«Айгөлек» тобының ертеңгілігін бастауға рұқсат етіңіздер.
(Балалар ән ырғағымен залға кіреді.)

Жүргізуші:

Серпін таста мұңды жүрек түндігін
Шарықтайық, шаттанайық, тынбайық
Тәуелсіздік күнін бүгін, халқым бірге тойлайық!

Шайқалмасын ешкімнің шаңырағы,
Бақыт көрсін Отанның сан ұланы.
Енді ағайын, көгінде қалықтасын,
Қазағымның қастерлі – Әнұраны!

Әнұран айтылады.

Жүргізуші:
Біз тәуелсіз елдің түлегі болғанымызға шексіз қуанамыз. Біздің отанымызды әлем таныды. Осы сәтте Отан туралы еріксіз ойға берілесің. Бұл ұғымның аясы кең. Отан – далаң, орман, тауың, ауылың мен астанаң.
Отан әр жұмыр басты пенденің киелі мекені, жер басып жүрген әр тіршілік иесінің шексіз байлығы. Тәй-тәй басқан нәресте де, еңкейген қария да оның бір мүшесі.

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің

Ән: «Отаным»

Орындайтын: «Айгөлек» тобының бүлдіршіндері.

Біздің «Айгөлек» тобының тәрбиеленушілерінің Тәуелсіздік күніне арнаған мерекелік

өлең шумақтарын қабыл алыңыздар:

1.Амина:

Елбасы елін ойлайды

Халқы оны қолдайды

«Нұрлы жолын» арнады

Әлем танып қолдады.

2.Ноян:

Осы елдің ұлымын

Бестікке оқимын

Нұрсұлтан ағамнан,

Үлгі алып өсемін.

3.Арайлым:

Нұрсұлтандай атамыз

Қазақ елін басқарған

Атамыздай боламыз,

Ел тағдырын ойлаған.

4.Ерік:

Бар баланың атасы

Жұмысы оның-Елбасы

Қазақстан елінде,

Бар баланың атасы.

5.Расул:

Қазақ елі-Қазақстан

Болашаққа үн қосқан

Жақсы күнге жетелеп,

Елбасым менің-Нұрсұлтан!

6.Айсана:

Қуат алған өзіңнен

Туған елдің ұлымын

Бақытты етіп өсірген,

Отанымның гүлімін.

7.Эрманур:

Құт, береке-шаңырақ

Орын алған-ол төрден

Қанатты қос арғымақ,

Екі жақтан көмкерген.

Жүргізуші:
Бүгін тәуелсіздікке қол жеткен егеменді елміз. Бұл бізге оңайлықпен келген жоқ. Тамыры тереңде жатқан тарихи оқиғалардың нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Ата – бабаларымыздыңұрпағын, елім, жерім, отаным деп кеткен арманына қол жеткізіп отырмыз.

Біз бүгін Тәуелсіз ел деп ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқының салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетімізді мақтан етеміз. Ендеше, Тәуелсіздік – біздің бас ұранымыз, көгілдір Туымыз – біздің болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз.
– Балалар, мемлекетіміз қалай аталады?
– Қазақстан Республикасы.
– Еліміздің рәміздерін атаңыздаршы.
– Ту, Елтаңба, Әнұран.
– Елордамыз қай қала?
– Астана қаласы.
– Біздің Президентіміз кім?
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
– Рахмет! Сендер өте ақылды, білімді балалар екенсіңдер!

(Балалардың тақпақтарын жалғастыру)

8.Арсен:

Тәуелсіздік жолында

Талай-талай тер тамған

Билігім өз қолымда,

Еркіндігім-елтаңбам.

9.Нұрасыл:

Елбасымыз жолдайды

Халқы оны қолдайды

Ешқашанда орынсыз,

Шешімдері болмайды.

10.Кәусар:

Кең байтақ далам бар

Көркейген елім бар

Жер беті қызыққан,

Астанадай қалам бар.

11.Әли:

Отан деген-атамекен

Отан деген-туған жер

Отан-ана, Отан-пана,

Қазақстан туған ел!

12.Шырайлым:

Отан!

Отан!

Бәрінен ыстық екен!

13.Исмайл:

Туған жерім-сағынарым

Жүрсем егер дүние кезіп

14.Әділет:

Әнұраны елімнің

Шақырады бірлікке

Жүргізуші:

Байтақ біздің даламыз,

Билеп әнге саламыз.

Егеменді елімде,

Біз бақытты баламыз.

Тәуелсіздік таңы атты,

Барлық әлем жаңарып.

Осы тұрған халқыма

Бейбітшілік орнады.

Флешмоб «Алға Қазақстан»

Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі,
Мықты болсын елімнің керегесі.
Татту-тәтті боп халқымыз әрқашан,
Кетпесін туған жердің берекесі-деп балалар мына «жүрекшелерді» алып, шын жүректен Елбасымызға, осы отырған қонақтарға, жер шарында бейбітшілік болсын деген тілек тілеп, глобусқа жапсырайық.

(Балалар шығып, бір- бір сөзден айтады)
-Нұрлы күн болсын!
-Елімізде бейбітшілік болсын!
-Елбасымыз аман болсын!
-Қазақстан гүлдене берсін!
-Ана тілімізді құрметтейік
-Рәміздерді құрметтейік!
-Еліміз, жеріміз бай болсын!

-Деніміз сау болсын!

-Балабақша гүлдене берсін!

Ән: «Біз-өмірдің гүліміз»

Орындайтындар: «Айгөлек» тобының бүлдіршіндері

Жүргізуші::

Ал құрметті қонақтар осындай әдемі тілектермен бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Сіздерге тағыда мейрамдарыңыз құтты болсын, аспанымыз ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін дейміз!

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше