Жаңа сабақтар

Жүру және жүгіру арқылы ойналатын ойындар

Маңғыстау ауданы, Шетпе селосы, «Нұрсая» жекеменшік балабақшасы

Балабақша тәрбиешісі Көжекова Ардақты Табылдықызы

Тақырыбы: Жүру және жүгіру арқылы ойналатын ойындар.

1. ҚУЫРШАҚТАРҒА ҚОНАҚҚА БАРУ.

Ойын шарты: Бөлменің бір қабырғасы бойына орналастырылған орындықтарда балалар отырады. Тәрбиеші оларға қуыршақтарға қонаққа баратындары жөнінде айтады да, қуыршақтардың қайда тұратынын сұрайды. Балалар қуыршақтар бұрышын көрсетеді. Тәрбиеші: «Кеттік, балалар, тек жолда ешқайда бұрылмай, тіке қуыршақтарға барамыз», – дейді. Балалар тұрады да, асықпай жүріп тәрбиешімен бірге қуыршақтарға қонаққа барады. Олар қуыршақтармен амандасады, әңгімелеседі. Тәрбиеші: «Кеш болып қалды, үйге қайтатын уақыт жетті, жайлап жүрейік», – дейді де, олар өз орындарына қайта оралады.

Нұсқау: бөлменің басқа бір жеріне, ойын басталар алдында бірнеше қуыршақты орналастырып қою керек. Ойынды қайталағанда осы қуыршақтарға барады.

2. ДОПТЫ ҚУЫП ЖЕТ.

Ойын шарты: Балалар алаңда ойнап жүреді. Тәрбиеші бірнеше балаларды атап шақырып, допты қуып жетуді және онымен ойнауды ұсынады. Балалардың аттарын атай отырып, тәрбиеші кезек-кезек түрлі бағыттарға допты домалатады. Әрбір бала доптың артынан жүгіріп, оны ұстап алып, тәрбиешіге алып келеді. Тәрбиеші бұл жолы допты басқа бағытқа қарай лақтырады.

3. ЖАЛҒЫЗАЯҚ ЖОЛМЕН.

Ойын шарты: Тәрбиеші еденге ұзындығы 2,5-3 м, бір-бірінен арақашықтығы 25-30 см параллель екі жіп салады. Ол балалардың орман ішіне қыдыруға баратыны жөнінде айтады. Жалғызаяқ тар жолмен еппен жүру керек. Екі жіптің ортасымен балалар бірінен соң бірі жайлап жүріп өтеді. Сосын кері қарай қайтады.

Нұсқау: тәрбиеші балалардың сызықты басып кетпеуін, бір-біріне кедергі жасамауын, алдында келе жатқан балаға соқтықпауын қадағалайды.

4. КІМ БАЯУ?

Ойын шарты: Балалар тәрбиешімен бірге жүріп келе жатыр. Күтпеген жерден ол: «Ал, енді көрелік, сендердің іштеріңнен кім өте баяу, аяқтың ұшымен жүре алады. Міне, былай», – дейді. Балалар аяқтарының ұшын көтеріп, мүмкіндігінше жай жүруге тырысады. Олар сол жүріп келе жатқан бағытта жүруді жалғастыра береді. Тәрбиеші білдірмей бір жаққа қарай шегініп: «Ал, енді бәрің маған қарай жүгіріңдер», – дейді. Балалар тәрбиешіге қарай жүгіріп, оны қоршап алады, ал ол балалармен әңгімелеседі, олардың жаттығуды жақсы тырысып орындағандарын айтады.

5. ТАЯҚШАДАН АТТАП ӨТ!

Ойынның шарты: Бөлменің ортасына таман еденге параллель екі таяқша қою, арақашықтығы – 1 м. Бөлменің бір жағында балалар тұрады, екінші жағында орындықтың үстінде жалауша жатады. Бала таяқшаға бетін қаратып, 2-3 қадам алыс тұрады. Тәрбиешінің айтуымен бала бірінші таяқшаға жүріп барады, одан аттап өтеді, содан кейін екінші таяқшадан аттайды. Орындыққа барып, жалаушаны алады, оны жоғары көтеріп бұлғайды. Содан кейін жалаушаны орындыққа қояды, бір жаққа қарай шегініп жүріп, өзінің орнына келеді. Тапсырманы келесі бала орындайды.

6. МЕНІ ҚУЫП ЖЕТІҢДЕР!

Ойынның шарты: Балалар бөлменің бір жағында немесе алаңда орындықтарда отырады. «Мені қуып жетіңдер!» – деп, тәрбиеші алаңның қарама-қарсы жағына қарай жүгіреді. Балалар тәрбиешіні қуып жеткенде, ол тоқтай қалады да: «Ал енді сендер жүгіріңдер, мен қуып жетемін» – дейді. Балалар өз орындарына жүгіріп барады.

Нұсқау: Ойынды басында балалардың аз тобымен өткізген тиімді, содан кейін ойнайтындардың санын 10 – 12-ге дейін көбейтуге болады. Тәрбиеші балалардың жанынан жылдам жылдам жүгіріп кетпеуі тиіс. Балалар тәрбиешіні қуып жеткенде, жақсы жүгіретінін айтып, оларды мақтап қояды.

7. ТОРҒАЙЛАР МЕН АВТОМОБИЛЬ.

Ойынның шарты: Балалар бөлменің немесе алаңның бір жағында тұрған орындықтарға отырады. Бұлар – ұядағы торғайлар. Алаңның қарама-қарсы жағында тәрбиеші автомобильді бейнелеп тұрады. Тәрбиеші: «Жол жүреміз, ұштық, торғайлар!» деген кезде балалар алаңның бойымен жүгіреді, қолдарын құстың қанат қаққаны сияқты екі жағына бұлғайды. Тәрбиеші біраз уақыт өткеннен кейін: «Байқаңдар, автомобиль келе жатыр, ұшыңдар, торғайлар, өз ұяларыңа!» – дейді. «Автомобиль» гараждан шығып, торғайлар жаққа бара жатады. Торғайлар ұяларына барып қонады. «Автомобиль» гаражға қайтадан қайтып келеді.

8. ПОЙЫЗ.

Ойынның шарты: Балалар бір-бірден сапқа тұрады (бір-бірімен қолдаспай). Біріншісі – паровоз, ал қалғандары – вагондар. Тәрбиеші гудок береді де, пойыз алға жылжи бастайды, ең әуелі баяу, кейін жылдам, жылдамырақ және ең соңында балалар жүгіреді. «Пойыз стансыға жақындап келеді!» – дейді тәрбиеші. Балалар жүрісті баяулатады да, пойыз тоқтайды. Балалар серуендеуге шығады. Олар жан-жаққа тарап: гүл, жеміс, саңырауқұлақ тереді. Гудокты ести сала, олар қайтадан сапқа тұрады да, пойыздың қозғалысы қайтадан басталады. Ойын 4-5 рет қайталанады.

9. ҰШАҚТАР.

Ойынның шарты: Балаларды ойын алаңына еркін тұрғызу. Тәрбиеші өзі ұшақ болып ұшып көрсетеді. Тәрбиеші: «Ұшақтар ұшады!» – деген кезде барлық бала ұшақ болып ұшады. «Ұшақтар қонады!» дегенде барлық бала өз орындарына келіп қона бастайды. Тәрбиешінің бастауымен ойын жалғасады.

10. МЫСЫҚ ПЕН ТЫШҚАНДАР.

Ойынның шарты: Балалар – тышқандар өз індерінде отырады (бөлменің қабырғасын жағалай немесе алаңның жан-жағына қойылған орындықтарға). Алаңның бір бұрышында мысық отыр. Мысықтың рөлін тәрбиеші атқарады. Мысық ұйықтап кеткенде тышқандар бөлмеде жүгіреді. Сол кезде мысық оянады, керіліп-созылады, мияулайды және тышқандарды ұстай бастайды. Тышқандар тез қашып кетеді де, індеріне тығылып (орындықтағы өз орындарына отырады) қалады. Барлық тышқандар інге қайтып келген соң мысық қайта ұйқыға кіріседі. Ойын 3-4 рет қайталанады.

11. ЖЕЛКӨБІК.

Ойынның шарты: Балалар тәрбиешімен бірге қолдарынан ұстасып, бір-біріне жақын тұрып, кішкене шеңбер жасайды. «Желкөбік, үрлен, үрлен, үлкен бол, осындай бол, жарылып кетпе!» деген сөзді айтқанда балалар бірінің қолын бірі ұстап, артқа қарай шегінеді. Тәрбиеші: «Желкөбік жарылды!» деген кезде балалар қолдарын төмен түсіріп, жүрелерінен отырып, «Тарс!» – деп дауыстайды. Желкөбік жарылғаннан кейін қолдарын ұстасқан бойы шеңбердің ортасына қарай «ш-ш-ш» дей отырып жылжиды, осыдан кейін қайтадан желкөбікті үрлеп толтырады.

12. АВТОБУС.

Ойынның шарты: Балалар бір қатарға тұрады. Тәрбиеші – автобус жүргізушісі. Қалғандары жолаушылар. Тәрбиеші дыбыс берген кезде автобус жылжи бастайды. Әуелі баяу, кейін жылдам, жылдамырақ жүреді. Балалар жүрісті баяулатады. Жүргізуші автобусты тоқтатады. Ойын тағы жалғасады.

13. ӨЗ ҮЙІҢДІ ТАП!

Ойынның шарты: Ойыншылар 3 – 4 аласа ұзынша орындықтарда отырады. Әр орындықта бір әдемі үлкен ойыншық: бірінші тұрған ұзынша орындықта – қуыршақ, екіншісінде – ит, үшіншісінде – мысық, төртіншісінде – аю, қоян т.б. Тәрбиешінің «Серуенге шығамыз» деген нұсқауымен барлық балалар орындарынан тұрып, тәрбиешінің соңынан жүреді.

Серуен барысында балалар түрлі қозғалыс қимылдарын жасайды (секіреді, жүреді, жүгіреді). Тәрбиешінің «Жаңбыр жауа бастады!» деген нұсқауымен балалар өз үйлеріне қарай жүгіреді. Балалар серуендеп жүргенде тәрбиеші балаларға білдірмей ойыншықтардың орнын ауыстырып қояды. Балалар өз үйлерін тез, адаспай табуы керек.

14. АСЫҚ ЖИНАУ.

Ойынның шарты: Еденге немесе тегіс алаңға асықтарды шашып тастайды. Балаларды екі топқа бөледі. Балалардың қолына кішкентай шелектер беріледі. «Бір, екі, үш» деген белгі бойынша олар асықтарды жинай бастайды. «Тоқта!» деген белгі бойынша асық жинау тоқтатылады да, кім көбірек жинағанын санайды. Ойынға келесі топ шығады.

15. КҮН МЕН ЖАҢБЫР.

Ойынның шарты: Балалар ашық алаңда еркін ойнап жүреді, гүл тереді, көбелек қуады, секіреді, жүгіреді. Тәрбиеші «Жаңбыр жауды!» дегенде балалар пана іздеп, үйшіктерге тығылады. Тәрбиеші «Күн шықты!» дегенде балалар қайта алаңға шығып, ойындарын жалғастырады.

16. АРЫНДЫ АРҚАН.

Ойынның шарты: Ойнаушылар дөңгелене шеңбер құрып тұрады. Бір ойыншы арқанның бір жақ ұшын ұстап, шеңбер ортасында отырады. Екінші ойыншы арқанның екінші ұшына таяқша байлап, шеңбер бойымен айналдырады. Ал балалар арқанды аяқтарының астынан секіре алмай ұстап қалса, сол бала ойыннан шығады да, арқаннан секіре алмай қалған бала ойыннан шығып қалады, осылайша бір ойыншы қалғанға дейін арқанды айналдыра беруге болады, соңғы қалған бір ойыншы жеңімпаз атанады.

17. АҚШАМШЫҚ.

Ойынның шарты: Ойын жүргізуші ойыншыларды араларынан бір кісі өтетіндей етіп дөңгелете отырғызады да, ортаға шығып, өзі екі алақанын беттестіре ұстайды. Ойыншыларға да солай істеуді тапсырады. Содан кейін алақандарының арасындағы сақинаны ойыншылардың біріне тастау үшін айнала жүргізіп, бәріне сақина тастаудың белгісін жасайды. Алайда ол сақинаны білдірмей біреуге ғана тастайды. Сақина жасырылған адам да оны басқаларға байқатпауға тырысады. Ойын басқарушы түгел айналып шыққан соң, ортаға келіп: «ақшамшығымды бер», – деп дауыстайды. Сонда сақинаны алған ойыншы орнынан атып тұруы керек. Әрбір ойыншы оң жағында отырған көршісін бағады, сақинаның онда барын білсе, шап беріп ұстап алуы тиіс. Егер орнынан тұрып кетсе, жазаны сол жағындағы ойыншы тартады.

18. КІШКЕНТАЙ АРЫҚТАН КӨПІР АРҚЫЛЫ ӨТ.

Ойын шарты: Тәрбиеші екі сызық сызады да /жіпті де пайдалануға болады/, екі сызықтың үстіне тақтайша қойып /ұзындығы 2 – 3 м, ені 25 – 30 см/, балаларға:

– Мынау – арық. Ал мынау – көпір. Бүгін біз көпір арқылы жүруді үйренеміз, – деп, көпірден қалай өтуді өзі жүріп көрсетеді. Балалардың бір-біріне соқтығыспай тек тақтайдың үстімен ғана жүруін бақылай отырып, тәрбиеші балаларға суға құлап кетпеуі үшін асықпай жүріп өту керектігін ескертеді. Әр бала тақтаймен ары-бері 2 – 3 рет жүріп өтеді.

ЕҢБЕКТЕП ОЙНАЛАТЫН ОЙЫНДАР.

19. СЫЛДЫРМАҚҚА ДЕЙІН ЕҢБЕКТЕП ЖЕТУ.

Ойынның шарты: Бөлменің бір жағын бойлай қойылған орындықтарда балалар отырады. 4 м қашықтыққа еденнің үстіне жалауша немесе сылдырмақ қойылған. Тәрбиеші балалардың ішінен біреуін атайды. Ол бала сылдырмаққа дейін еңбектеп жетеді, оны алып, түрегеліп, сылдырлатады, сылдырмақты еденге қойып, өз орнына қайтып келеді. Балалар тапсырманы кезекпен орындайды.

20. ҚАҚПА ІШІНДЕ.

Ойынның шарты: Балалар бөлменің бір қабырғасын бойлай қойылған орындықтарға жайғасады. 4 – 5 м қашықтықта баланың бойымен бірдей бағанға тор керулі тұр, тіреудің жанында, еденде доп жатыр. Балалар мен тіреудің арасында, орта кезінде қақпа тұр. Тәрбиеші балалардың ішінен біреуін атайды да, ол бала доғаға дейін еңбектеп жетеді, содан кейін доғаның астымен допқа дейін еңбектеп барып, түрегеліп, екі қолмен допты көтеріп, оны торға тастайды.

21. СЫЗЫҚТЫ БАСЫП КЕТПЕ!

Ойынның шарты: Тәрбиеші еденге ұзындығы 3 – 4 м параллель екі сызық сызады. Ойнайтын балалар екі сызықтың арасымен оларды басып кетпеуге тырысып, кезекпен еңбектеп өтеді. «Дәліздің» соңына жеткеннен кейін бала тұрады, екі қолын жоғары көтереді, керіледі, содан кейін бастапқы қалыпқа келеді.

Нұсқау: Ойын үшін еденге қойылған тақтайды да пайдалануға болады.

ДОПТЫ ЛАҚТЫРЫП, ҚАҒЫП АЛУ АРҚЫЛЫ

ОЙНАЛАТЫН ОЙЫНДАР.

22. ДОПТЫ ҚАҒЫП АЛ!

Ойынның шарты: Балалар ойын алаңында еркін тұрады. Тәрбиеші үлкен доп ұстап балаларға қарама-қарсы тұрады /қашықтығы 1,5 – 2 м/. Тәрбиеші: «Бір – лақтырамын, екі – лақтырамын, үш – лақтырамын, кім жүйрік, қағып алсын!» – деп, допты лақтырады да, тәрбиеші өзі қағып алып: «Қаға алмадыңдар, қайта жүгіріңдер!» – дейді. Балалар өз орындарына қайта барып тұрады. Ойын жалғасады. Ойын кезінде балалардың допты қағып алуына мүмкіндік жасау керек, сонда балалардың бірі допты қағып алады. Қағып алған бала допты екі қолымен ұстап, басына қойып жүреді. Қалған балалар соңынан жүреді.

23. ДОП ШЕҢБЕР ІШІНДЕ.

Ойынның шарты: Балалар айнала отырып, бір-біріне допты домалатады. Нұсқау: Тәрбиеші шеңбердің сыртында тұрып, ойынның ойналуын қадағалайды, допты екі қолмен домалату керектігін түсіндіреді, мұны қалай жақсы істеуді көрсетеді, егер доп шеңбердің сыртына шығып кетсе, балаларға допты алып береді.

24. ДОПТЫ ДОМАЛАТЫП ЖІБЕР!

Ойынның шарты: Балалар еденге айнала отырады. Тәрбиеші екі қолына доп ұстап, шеңбердің ортасында тұрады. Ол кезекпен әрбір балаға допты домалатады. Балалар оны қағып алып, тәрбиешіге қарай домалатады. Нұсқау: Балалар бұл қимылдарды меңгеріп алғаннан кейін, тәрбиешінің орнына балалардың біреуі шеңбер ортасына тұра алады.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.