Жаңа сабақтар

ТЕМІРЖАН Айбат Русланұлы

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тасшағыл орта мектебінің
11 сынып оқушысы ТЕМІРЖАН Айбат Русланұлы
Жетекшісі: Құбашева Айгүл Мейрамқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі

Кейкіні көргенде туған ой

Қазақ азат болғалы сол азаттығы үшін жанын беріп, қанын төккен ұлы тұлғаларын, асқар алыптарын, дара даналарын Кеңес үкіметі жаққан қара күйеден тазалаумен келеді. Күйе жағылған адамдардың санынан санаң сарсылар. Олардың қатарында елді қанау, басып-жаншу, одан қалды Коммунистік партияға күштеп кіргізу кезінде араша болып, елдің мүддесін қорғап, ерлікпен көзге түсе білген, есімдерін атауға тыйым салынған батырлар есімі көптеп кездесері мәлім. Соның бірі – Кейкі мерген. 1914 – 1921 жылдар аралығындағы халық ішінде болған негізгі қақтығыстар мен төңкерістердің, үкімет билігіне қарсы тұрғандардың нақ ортасында болған батыр жайлы көгілдір экраннан кереметтей туынды, қазақ киносы жарық көрді. Орысқа қазақ ұлының құл болмағанын, қызының күң болмағанын көрсетуді мақсат еткен. Басты арманы – елінің азаттығы еді. Амангелді Иманов бастаған ұлт – азаттық көтерілісінде де алдыңғы шептен бой көрсетіп, ерлік істерімен көзге түскен. Ақыры патша тақтан құлаған сәтте, ел іші елең – алаң шақта Әліби атты жанашыр боп көрінген ағасының нұсқауымен Амангелді екеуі Коммунистік партияға мүше болып, белгілі бір қызметке сайланған. Басында елге азаттық берілетініне сенімі мол болғанмен, елді себепсіз шауып, малды алғанын, көнбесе жанды алғанын көргенде ғана есін жиып, қайта партияға қарсы шығады. Амангелді болса әлі сенім құшағында болатын. Кейкі жалғыз қалған бөрідей жорыта жүріп елін қорғайды. Ақыр соңы көп пенденің қанын ел үшін жүктеп, орыс қолынан қаза табады. Бұл 16 сериядан тұратын фильмді көріп отырып, маған ең қатты ұнаған жері – Кейкінің бөріге айтқан сөзі… «Малға шауып, жыртқыш атанғаның үшін жұрт сені «жау» санайды… Ал қой сияқты маңырап жүре берсең, сені ешкім елемес те еді…». Осы сөз бүкіл бір фильмнің идеясын арқалап тұрғандай көрінеді.
Айтпақшы, қуантарлық жайт, Кейкінің осы күнге дейін Петерборда сақталған бас сүйегі туған жері Торғайға жеткізіліп, жерленген екен. Енді әлі қайтпаған бабалар басы елге оралып, жандары тыныштық тапса екен. Махамбет бабамыздың бас сүйегі табылып, туған топырағында денесімен қауышқан соң, Тәуелсіздікке қол жеткізбедік пе?!
Қазақ тарихында фильм жасауға тұрарлық аңыз адамдар өте көп. Соларды кейінгі ұрпаққа танытудың бірден – бір жолы – осындай әдемі де әсерлі көркем фильм түсіру ғой деген ойда қалдым.

Біздің ауылдың Құлагері

Жылқы десе, ішкен асын жерге қойып, күні-түні ат үстінде ғұмырын өткізген қазақ — жылқыны алғаш қолға үйреткен халық. Атам заманнан жылқы малын киелі санап, екі құлағының арасынан ескен самалды жұмақтың желіне балаған. Қазақ «мінсе, көлік; жесе, азық» болған түлігін бары деп біліп, асқақ тұтып, ер қанаты деген. Қымызы дертіңе дауа, жаныңа дем береді ғой, шіркін! Той — думанның да қызығы осы Қамбар ата түлігі екені ақиқат. Қызығы болатыны — топқа түсіп, таласып шауып, атой салғызатын бәйгесі. Талай жанның құмартатыны да — осы бәйге. Жеңіс күні десе, осы бәйгені асыға күтеді. Ат жаратып, бақ тілеп, бабын келтіретін атбегілердің жұмысының қызу шағы осы – Жеңіс күні. Солардың бірі- былтыр өткен бәйге мықтап есімде сақтаулы. Алған әсерім бөлек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, Аламан бәйгеде жарлас көршімнің тұлпарының озғанын қалап, сенім білдірдім. Тұлпардың есімі де ерекше — Гүлсары, бестіге жаңа ілінген-ді. О баста баласы Бекарыстың бәсіре малытұғын, атын да өзі қойды. Сырт бейнесін суреттеу мүмкін еместей, сұлу, қасқаның сұлуы. Аламанға қоспас бұрын тай кезінде де тай жарыста талайды артқа тастап, бәйгенің басын бермеді. 2015 жылғы бәйгеден кейін, ат иесі көрші аға Гафардың Гүлсарыға ықыласы ерекше ауды. Бабы бөлек болды, соның арқасында шабысы ерек болды. Ауыл арасында осы заманның Құлагеріндей ауызға ілікті. Құнанға шығар жылы артқы аяғын ауыртып, бәйгеге түспепті. Ал дөнен шағында тоқ бәйгеде тағы да алдына қара салмай, үш айналымды, жиырма бір шақырымды бірінші боп аяқтады. Міне, керемет! Алғаш осы тұлпарға тақымы тиіп, бәйгеге шауып, жан досындай көріп, күнін де, түнін де Гүлсарыға арнаған көрші інім-шабандоз Бекарыстың да еңбегі зор. 11 жасынан шабандоз атану — ерлік іс, менің ойымша. Нағыз ауы ерде тозатын қайсар қазақ болғалы тұр… Гүлсарының қыр-сырын құлын кезінен меңгерген екінші адам.
Жалпы ат жарату, оны бәйгеге қосу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Үлкен жауапкершілікті, еңбекті талап етеді.
Айта кетер жайт, Гүлсары дөнен кезінде жеті жасар айғырдан үш бие тартып алған адуынды айғыр болған. Бұл оқиға ауыл-ауылға тарап, жайылып кетті. Қайсарлығын тілге тиек еткен жұрттың көзі тиді ме, сөзі тиді ме тұлпар ауырып қалады. Бірақ жақсы күтім жатқызар ма, тез сауықты. Қыстан аман шыққан тұлпарды көктем шыға мініске салып, ауыл арасына көлік етті. Мамыр айына жақын терін алып, баптай бастады. Бесті ғой, ендігі сынақ – Аламан. Қорқыныш пен сенім, үрей мен үміт… Ертең бәйге деген күні түнімен атты ұйықтатпай қыдыртады екен. Сол түні тұлпарға егелері сенімін білдіріп сыр айтса керек, бәйге алдында Гүлсары жарқын, сергек көрінді. Әкесі ұлына «бір айналым алды-артыңа қарап, тас, шұңқырды қадағалап шабасың, екі-үш айналым тежеп, соңғы айналымда ат басын бос ұста» деген-ді. Бірақ бұған алдына қара салғанды сүймейтін Гүлсары көне ме?! Бес айналым бойы аламанның алдын бермей, таңдай қақтырды. Міне, жануар! Міне, тұлпар! Көрші үйдің қуанышында шек жоқ. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Араға бір апта салып, жануар ауырып, 25 мамыр күні болатын келесі аламанға әзірлігін күрт тыйды. Өкінішті-ақ, обал болды. Бірақ айығарына ел-жұрт сенді. Тұлпар бір аптадай ауырып, аяққа тұрды. Атбегінің жұмысы қайта басталды. Әйтсе де Гүлсарыда бұрынғы шабыт жоқ. Бұрын бірге жаратып, шоқытқанда шаң қаптырған Шағырға ілесе алмай қалатын болды. Оны да көңіліне ауыр алатын сияқты. Бәрібір бәйгеге қосылатын болды. Соңғы бәйгесі екенін кім білген жарықтықтың. Оның өзі аяқталмады. Бес айналымның төртіншісін айналып біткенше тері шықпаған тұлпардың жайын білген атбегі топтан шығарып алды. Бекарыс аттан түсе сала, тоқтатпастан жетектей жүріп шапайылын босатып, қыдырта бастады. Гүлсарысыз бәйгенің қызығы қалмағандай, мен де Бекарысқа ілесіп кеттім. Екі сағат бойы ат қыдыртып жүріп Бекарыстың әңгімесі тек Гүлсары болды. «Атыма обал болды, мені «шабандоз Бекарыс» атандырған тұлпарым арманымды орындаған еді. Айбат, бұл бәйгеде бұрынғы шабысына сала алмады, топтан қорықты»,-дей берген Бекарыстың өкініш өзегін өртейді. «Бұл жолы Бекболат аға екі ат қосқан екен. Бірі-Ақбақай, екіншісі-Шабдар. Біріне сенің құрдасың Құныскерей шапты. Шабдармен Гүлсарының алдын кес — кестеп Ақбақайға жеткізбеді. Ақбақайдан озғанда ғой…. қап!» Ұққаным: тұлпарлар арасында да бақталастық болады екен. Атбегілердің айла-тәсілі мол… оны шабандозының жадына құйып тұрып үйретеді.
Бұл аламанда Ақбақай оза шауып,Шабдарға мінген Құныскерей құрдасым екінші келді. Бағына бұйырған ғой Бекболат ағаның.
Бәйгеден соң Гүлсары не жемді жарытып жемеді, не суды сіміріп ішпеді. Тұрмастан ауырды. Оңай емес,білем… Туғаннан көргені жеңіс еді, шіркін! Бірақ бұл ауруын да жеңіп шықты. Тұлпар десе тұлпар…
Жазғы демалыстан соң ауылға келіп, оқу басталар шақта көршіммен шүйіркелесіп отырып Гүлсарыны сұрадым. Даусы құбылып, жанарына жас толып шыға келді. «Сол күні түнделетіп келіп қамалмай қалған еді… Қора маңына Шаттық ағаның торы айғыры келіп, сонымен төбелесіп, мойын астынан болат темір кіріпті… Зіл түсіп, құрттады… Ол жара бітеліп, айығар тұста тағы бір айғырмен төбелесіп, жазым болып, арам өлді. Солай көрші…» дей бергенде Бекарыстың көзінен тамшы жас үзіліп түсті. Не айтарымды білмедім. Тағы бір Гүлсары пышаққа ілінбей, жер қойнына тапсырылды…
«Жүйрік ат бірде ол елде, бірде бұл елде…» — деген Абай ата сөзі есіме түсіп, Бекарысты жұбатқым келді, бірақ тамағыма тас тығылғандай дыбысым шықпады. Мүмкін бұл сәтте оным орынсыз да болар ма еді… Кім білсін?!

Балғын балалығынан ерте айырылғандар

Қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген керемет сөз бар. Сол тыйымның саны жетіспегендер ерте жастан арсыз істерге барып, ата-анасын зар қақсатып кетуде. Алайда еркінен тыс, күшпен балғын балалығынан айырылған қыздардың саны жетерлік…Кім кінәлі?! Осы «қызға қырық үйден тыйым» дегенді ұлға ауыстырсақ қалай болмақ?… Бүгінгі таңда ұлдың бұзылуы, уақталуы ұлттың болашағына күдік тудырып отырғаны рас-ақ. Бірақ «ұл» деп жас баланы айтамыз, ол өсе келе «азамат» болады. Қазір азаматтар арасынан да от басып жүргендер де аз емес… Есін білмейтін, алғашқы мүшел жасқа жетпеген сәбиді зорлайтын да, қорлайтын да осы азаматтар… Жаныма бататыны: құрбан болған сәбилер сол азаматтың не көршісі, не жақыны, тіпті туған қызы болып отырғаны. Жақында Қазақстанның бірінші арнасында (Евразия каналы) жаңалықтар тізбегінде осы жайлы мол ақпараттар жарияланды. Біреуі-жантүршігерлік… 66 жастағы ата сақалы аузына түскен қария 8 жасар немересін зорлапты… Жиіркенішті… Және онымен қоймай бірнеше рет екен… Осыны естігендегі жанымның ашығаны-ай… Онымен қоймай бар-жоғы 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасына риза болмай, кешірім сұрап, жеңілдетуін өтініпті. Сот кезінде басында тақия… Қазақтың қара тақиясы… Менің ойымша,темір тордың арғы жағындағы 17 жыл бұлар үшін өте аз. Азаматтар дейміз-ау кінәлі, аталарымыз осындай әрекетке көшіпті, өкінішті. Бұдан соң өз әкесінің туған қызын күлкісінен айырғанын айтып жатты. Ана қыздың алдағы өмірі қалай болмақ?… Осы ой менің санамды сан батпаққа салып, мың түңілтті. Уайымнан түн жарымында ұйқым шайдай ашылды. «Әке» деген аттан садаға кеткір-ау, қорған болар қызыңды қорлап жаның тыныштық табар ма екен…
Айта берсем көп екен,тыңдай берсең көзден қара қан ағады. Бұндай істерден көш бастап тұрғандар қатарында іргеміздегі Маңғыстау облысы бар екен,тағы бір өкініш… Менің ойымша, бұл бір қазақтың басына төнген қасірет, індет. Бұнымен ел болып, жең түріп күресудің орнына өсек-аяң айтқандай бетіміз бүлк етпестен жария етіп жарысамыз. Бірақ шығып жатырған қорытынды кем. Сол бір замандардағы орыс салған дүрбелең жолдардың, ішімдіктің, харам еттің азабын енді шегіп жатырғандаймыз. Қазақтың қанындағы тектілік жойыла бастаған ба? Мал екеш мал да адам барған арсыздыққа бармады әлі күнге. Сондықтан ба екен, жоғарыда айтылғандарды хайуанға теңеуге аузым бармады. Неткен қатігездік, неткен қасірет, неткен арсыз іс… Бұл оқиғалар ауылымызға келмесіне, болашақ менің ұрпағымда белең алмасына кім кепіл бермек? Осындай халде жүріп, технологиямыз бен экономикамыздың дамығанынан не пайда Руханиятымыз реңінен айырылып, әлсіреп бара жатқанда… Келешек үшін дабыл қағып, бұны қылмыс емес, ауру деп танып, мемлекеттік деңгейде дабыл қағып, емдеу жолын қарастырғанымыз жөн болмақ.
Жарайды, ашынып жазған сөздерім болсын… Осы әрекеттердің алдын алу үшін қыздың болашақ ана екенін, ұлт болашағы екенін ұғындырсақ екен. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен асыл аналарымыз «екі қолымен де бесікті тербетсе екен»,- Мұхамеджан аға айтқандай. Себебі, бесік түзелсе, әлем түзеледі. Бесіктің түзелгені-адамзаттың түзелгені. Ел болам десең, есіңді жиып, бесігіңді түзе, қазақ!

Айбат ТЕМІРЖАН

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.