Жаңа сабақтар

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

Өсек,өтірік,мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпанын білсеңіз-

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз!

Абай Құнанбаев

Абай атамыздың қалдырған бұл өсиеті — күні бүгінге дейін баға жетпес аса үлкен даналық. Абай атамыз — жас бала дүниеге келген сәттен бастап, дүние салғанға дейінгі тура жолды нұсқап, сызып, көрсетіп кеткен. Абай — ұлы философ, ақын әрі сыншы. Абай — дана, Абай — дара қазақта! Әлемде ешбір жан өзі таңдаған мақсатына өз бетінше қайрат пен жігер салмай жете алмайды. Абай шығармалары осындай терең ойлы мағыналарға толы.

Ол өз өлеңдерінде ғалым болу мен адам болуды бір-бірімен ұштастырып тұрады, бұл екеуінің түпкі тамыры бір. Ғалым болудың басты шарты — не нәрсе болсын таразысына салып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау. Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану — қазақтың өзін-өзі тануының басы да, соңы да! Абайды тану — Абай айтқан сындардан толық қорытынды шығару деп білеміз. Ол ақын ғана емес, ол өлеңдері арқылы өз xалқының төрдегі басын есікке сүйреп келген, басты міндерін батыл көрсетіп берген тұңғыш дана сыншымыз. Өкінішке орай, Абай сол әлеуметтік-философиялық өткір сындарын қабылдау мәдениетіміздің төмендігі салдарынан әлі күнге толық қабылдап, толыққанды қорытынды шығара алмай жүрміз. Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім, Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім? Жастардың қазіргі ең басты әлсіздігі — өз мүмкіндігін бағаламауы, білгенін пайдаланбауы. Дана Абай сол кездің өзінде-ақ бұл індеттің болашақта тұқым жаярын біліп, бұл дерттің дауасын айтып кеткен. Тек сол дәріні қолға алып, қолдану қана қалды, оның өзі қазірде үлкен жетістік. Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! Ұлы ақын Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз xалқына толмастан көрсетті. Абай — қазақтың көріпкелдігі мен шешендігі, тапқырлығы қатар жүрген данагөйі. Мен Абай атамның он сегізінші қара сөзіндегі осы бір жолдарды өзіме үлгі етемін: «…Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық». Расында, қылғаның адал болмаса, барар жерің белгілі, олай болса, неге сонша алтын уақытымызды қайтымсыз іске жұмсаймыз?! Бірер сәтте жоқ болар дүниелерді өміріміздің мәні көреміз, қалай да болсын желкеміздегі азғынның дегенінен шыға алмай, әлсіздік танытып жүрміз. Алладан тек адам баласына тілерім — адамгершілік. Адамдық қасиет болмаса — басыңдағы ақылсыз білімнің де, қалтадағы уақытша ақшаның да керегі шамалы. Әрбір өскін ұрпақ осыны ұғып, нәтиже шығарса екен деймін. Қорытындылай келе, Абай өлеңдері оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі. Оны оқи отырып адамгершілік мінберіне көтерілесің, өзіңді-өзің тәрбиелейсің, әдемілік әлеміне шомасың. Абай өлеңдерінен тәлім алу, оны ұғынып бойына сіңіру – бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет.Сол үшін «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!»-деген сөз әрбіріміздің ұстанымымыз болу керек.

Байдықылышова Гүлден

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

№28 жалпы білім беру орта мектебінің

10-сынып оқушысы

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.