Балабақша- тәрбиенің алтын бесігі
«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» – деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз ата – анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс – тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата – ана мен ұстаздардың басты міндеті. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз – өзіне деген сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады.
Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті балабақша өмірінде, тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы турде қамтылады. Тәрбиешінің тәртібі, іс – қимылы, балалармен, үлкендермен қарым – қатынасы кішкентай сәбилер үшін үлгі болып, олардың жеке басының қалыптасуына ықпал етеді. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыздық артқан сайын бүлдіршіндерімздің адамгершілік құнды қасиеттері арта түседі. Осыдан келіп, бүлдіршіндерімізде жақсы қылықтар, ұжымдық қарым – қатынас, адамгершілік сезімдері, еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу, жауапкершілік, патриоттық сезімдер туралы түсініктер қалыптасады. Кішкентай бөбектеріміз адамгершілік қасиеттерді ата – анасынан, үлкендерден, тәрбиешілерден насихаттау арқылы емес, тек шынайы көру, сезіну қатынасында алады. Адамгершіліктің құнды қасиеттерінің негізі отбасында қалыптасады.
Қазақ халқы баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла, жолын кеспе» деген ұлағатты, тыйым сөздердің мәні зор. Бала бойына кішіпейілділік, сыпайылық, сыйластық сияқты қасиеттерді сіңіре білсек, адамгершілік тәрбиесінің жемісіне бөленетініміз анық!
Тәрбиенің алтын бесігі – балабақшамыздағы сәбилерімізді адам баласына тән асыл қасиеттерге, адамгершілікке тәрбиелеуден жалықпайық!
Жаңақорған кенті №163 орта мектебінің жанындағы
«Күн нұры» шағын орталығының тәрбиешісі:
Мырзахметова Гулдария Жоламанқызы
