Ғалым Ы.Мамановтың етістіктің шақ категориясы ту ралы концепциясы

Түркістан облысы, Түркістан қаласы «Т.Бигелдинов атындағы № 16 жалпы орта мектебі» КММ

Орындаған: 11 сынып оқушысы Ғайратова Дельфина.

Ғылыми жетекшісі: Қазақ тілі және әдебиет пән мұғалімі Асылбекова Эльмира Жарылкаповна

Тақырыбы: Ғалым Ы.Мамановтың етістіктің шақ категориясы туралы концепциясы

Жоспар:

КІРІСПЕ

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ЕТІСТІКТІҢ ШАҚ КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

1. Ғалым А.Ысқақовтың көзқарасы

2. Ғалым Қ.Жұбановтың көзқарасы

3. Ы.Маманов – шақ категориясы туралы

ҚОРЫТЫНДЫ

КІРІСПЕ

Қазақстан қоғамы үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өзгерістер мен бәсеке үдерісінде адам ресурсын сапалы дамытудың маңызы өте зор. Оны орындау үшін нарықтық экономикаға негізделген бәсекеге лайықты жаңа заманда жаңаша ойлайтын жеке тұлғаны дайындау шарт.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында Білім берудің жаңа сапасы туралы: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», – деген болатын [1]. Қазақ тіл білімінің туып, қалыптасуы, бүгінгі кемел шағына жетіп, биіктерге көтерілуі оның іргетасын қалап, қазақ тілін ғылым ретінде қалыптастырған ардақты есімдермен тығыз байланысты екені даусыз. Қазақ тіл білімінің тарихында оның ғылыми-теориялық негізін салған ғалымдардың әрқайсысының орны ерекше.

Жекелеген ғалымдардың мұрасын оқып-үйрену – ғылым үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қажеттілік. Ы.Мамановтың аса күрделі де терең ғылыми-теориялық танымын зерделеу, жеке ғалымның мұрасын зерттеу – ғылымның тарихын зерделеу, зерттеу болып табылады.

Тегінде мұндай зерттеулер тіл дамуының деңгейін белгілеу үшін аса қажет. Бұл тәріздес зерттеулердің нәтижесінде қазақ тіл білімінің ірі, проблемалы мәселелерімен қатар жекелеген, нақты мәселелері де шешімін табады.

Айтайын дегеніміз, еңбегіміздің нысанына айналып отырған Ы.Мамановтың қаламынан туындаған тіл білімінің салаларына арналған туған ірілі-уақты мақалалары, тезистері, көлемді еңбектерінің саны 70-тен асады. Көзі тірісінде жарық көрген еңбектерінен басқа ғалымның ҚР ҒА Тіл білімі институты қызметкерлерінің қолға алуымен 2007 жылы «Ы.Маманов. Қазақ тіл білімінің мәселелері» атты шығармалар жинағы жарық көргенін ерекше атап өткен жөн. Көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында дәріс оқып, студенттерге арналған әдістемелік құралдар мен монографиялық еңбектері және оқулықтарының ғылымға сіңірген әсері санымен емес құндылығы арқылы бағаланған деуге болады. Ғалымның ғылыми танымы қазақ тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған Р.Сыздықова, С.Исаев, Т.Қордабаев, Ә.Құрышжанов, Н.Уәлиев т.б. ғалымдар еңбектерінде талданды. Ғалымның еңбектерінің мәнділігі, құндылығы туралы Ә.Қайдар, А.Хасенова, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков т.б. ғалымдар мен кейінгі буын ғалымдар А.Омарова, Г.Әмірованың зерттеу еңбектеріндегі пікірлерін, ғалым жөнінде білдірілген Қ.Есенов пен М.Томанов, М.Серғалиевтің 1963, 1967 жылдары «Қазақстан мұғалімі» газетіне берген мақалаларындағы жылы лебіздері мен Н.Уәлиұлының «Көрнекті ғалым Ы.Е.Мамановтың ғылыми концепциялары туралы» (А., 2007) атты ғылыми мақаласын атауға болады [2, 7-14 бб.].

Осыған қарамастан, ғалымның өмірі, шығармашылығы әлі күнге дейін жеткілікті түрде зерттеліп, өз бағасын толық алған жоқ. Сондықтан, яғни қазіргі шақтағы қазақ тіл білімінің ғалымға байланысты еңбектерге зәрулігі, біздің тақырып етіп таңдауымызға себеп болып отыр.

Зерттеудің өзектілігі Ғалым мұраларын сөз ету ғылымға ерекше жаңалық ретінде қосылмайтындығын мойындаймыз, алайда кез келген ғалымның ғылыми жаңалықтарын айқындап, тұжырымдарын сұрыптау арқылы ғылымның дамуына көп септігін тигізуге болады, еленбей қалған мәселелер болса ашыла түсуіне жол ашуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан ғалым Ы.Маманов еңбектері арқылы қазіргі қазақ тілінің морфологиясындағы түйінді мәселелердің, атап айтқанда етістік сөз табына байланысты қалыптастырған жүйелерінің орнын зерделеудің орасан маңыздылығы бар. Морфология саласы бойынша ғалымның сол кезде айтатын құнды пікірлері мен ғылыми тұжырымдарының қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарымен, өзекті мәселелерімен сабақтас келетініне ерекше назар аударады. Алайда қазақ морфологиясы бойынша кейінгі жас зерттеушілер еңбектерінде ғалым еңбектерінің мүлде аталмайтындығын да атап айту керек. Бұл ғалымның зерттеу еңбектерінің жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылмауынан болса керек. Морфология бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы А.Ысқақовтың авторлығымен шығып, ол бірнеше рет қайта өңделіп, күні бүгінге дейін осы оқулықпен оқытылуда. Ы.Мамановтың ғылыми зерттеулерін осы сала бойынша ізденгендер болмаса, көпшілік біле бермейді.

Ы.Е.Маманов еңбектерінде осы аталған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында айтылған мәселелерге қарама-қайшы келетін немесе одан өзгеше сипаттамалар берілген пікірлер кездеседі. Ғалым тіл ғылымының қай саласына болмасын, өзіндік ой-пікірімен келіп, ғылымда әбден қалыптасқан, даусыз мәселелерді қайталамай, үнемі мәселе етіп қоятындай тілдік фактілерге ерекше назар аударып отырады. Қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес бөліп қарауы, әлі де әртүрлі пікір қалыптастыруға негіз болып жүрген аффикстерге және етістіктің грамматикалық топтарына байланысты құнды пікірлері қазақ тіл білімінің нәтижелері негізінде жасалатын қазіргі қазақ тілінің функционалды грамматикасын қалыптастыруға қосылатын құнды көзқарас, тұжырымдары деп санаймыз. Осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу нысаны – Жұмысымыздың негізгі нысаны Ы.Мамановтың қазақ тіліндегі морфологияның шақ категориясы мәселелеріне қатысты ізденістері мен ұстаным, қағидаларынан туындаған пікірлері мен тұжырымдары.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттеріЗерттеу жұмысының негізгі нысанына айналып отырған Ы.Мамановтың қазіргі уақыттағы ауқымды сала морфологияның өзекті мәселелеріне арналған пікір тұжырымдарын алғашқы және қазіргі қазақ тіліндегі ғалымдардың ой-пікірлерімен салыстыра отырып зерттеу мақсаты ғалымның еңбектеріндегі қағидалардың негізгі танымын аша түсу міндетін жүктеп отыр. Сондықтан қаралғалы отырған тақырып мақсаты орындалу үшін мынадай міндеттер алға қойылды:

  • ғалым Ы.Мамановтың «Қазіргі қазақ тілі. Етістік. » атты еңбегі бойынша етістік сөз табының табиғаты туралы танымын ғылыми негізде саралау міндеті;
  • ғалымның шақ категориясына қатысты ұстанымдарын өзге ғалымдардың ұстанымдарымен салыстыра отырып, өзі қалыптастырған қағидаларын айқындау міндеті;

  • морфологияға байланысты жазылған еңбектердің зәрулілігінен туындаған Ы.Мамановтың еңбегіндегі жаңа сипаттағы пайымдарын көбірек негіз ету міндеті т.б.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы

Қазақ тіл білімінің теориялық мәселелерінің ғылыми негізін қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан Ы.Мамановтың қазақ тілі морфологиясының өзекті проблемаларын қозғаған ой-пікірлері күрмеуі мол күрделі мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп қана қоймай, кейбір қалыптасқан пікірлерге өзгеше қырынан үңіліп, тереңдей зерттеуге көмегін тигізеді.

Талдауға негіз болған материалдар ғылыми мұраны оқып-үйренудің қажеттілігін анық көрсетті. Әрбір ғылыми мұра үлкен ғылымның бір-бір парағы екенін ескерсек, аталған жұмыс қазақ тіл білімі тарихын оқып-үйренудегі елеулі орынды толтыруымен маңызды.

Жалпы тіл білімі жекелеген тілдерді зерттеудің негізінде дамиды. Жекелеген тіл білімі өкілдерінің зерттеулері ұлттық тіл ғылымының тарихындағы теориялық бағыттар мен мектептердің, оның көрнекті өкілдерінің алатын орны мен рөлін анықтауда ерекше маңызды болып табылады. Қазақ тіл білімінде Ы.Е.Маманов сынды ғалымдардың теориялық көзқарастарын, ой-тұжырымдарын, ұстанған бағыттарын арнайы зерттеу сол ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын қазіргі тіл білімінің жетістіктері және жаңа салаларымен сабақтастығын теориялық тұрғыдан пайымдауға жол ашады.

Ы.Е.МАМАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ

ШАҚ КАТЕГОРИЯСЫ

Етістік сөз табына қатысты сөздер қашан да болсын белгілі дәрежеде мезгіл ұғымдарымен байланысты болады. Өйткені етістік амал-әрекет, қимыл-қозғалыс атаулы үнемі әйтеуір бір мезгілде жүзеге асырылады. Мезгіл ұғымына байланыстырмай етістікті жеке сөз табы деп тануға да, анықтауға да болмайды. Ендеше, шақ категориясы етістікті өзге сөз таптарынан әрі ерекшелендіретін, әрі ажырататын ең негізгі грамматикалық категория делініп есептеледі.

Қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы мазмұны жағынан да, формасы жағынан да үнемі жетіле отырып қалыптасқан, өзіне лайық орныққан жүйесі бар аса бай грамматикалық категория. Әдетте, шақтың мазмұны, соған лайық формалары мен қызметтері адамның сөйлеп отырған кезіне байланысты айқындалады.

Бірақ шақтарды бір-бірінен ажыратуда қиыншылықтар бар. Ол қиыншылықтар, біріншіден, шақ мазмұнының бір-бірімен ұштастығынан, соған орай шақ формаларының бір-бірінен жіктері ашылмағандығымен байланысты болса, екіншіден, шақ категориясы мен рай категориясының бір-бірінен мазмұн шегі де, форма шегі де ажыратылмағандығымен байланысты.

Ал шақ пен рай категориясының бір-бірінен ажыратылмауы көбінесе логикалық категория мен грамматикалық категорияның ара жігінің ажыратылмай, араластырылып жүргені себебінен деуге болады. Осындай негізгі мәселелердің ғылыми жағынан тиянақталмай шешілмей келуі салдарынан шақтардың да, олардың формаларының да шектерін ашу, оларды таптастыру мәселелеріне қиындық туғызып жүр.

Қазақ тіліндегі сөз таптарының ішінде ең күрделі сөз табы етістік болғандықтан, оның лексикалық, мағыналық ерекшеліктері де мол. Көптеген ғалымдардың қатысуымен әр саласы жеке-жеке зерттелгеніне қарамастан кейбір мәселелерінің күні бүгінге дейін бірізді шешімін таба қоймағандығы да етістік сөз табының сол күрделілігін аңғартса керек.

Қазақ тіл білімінің морфология саласында бірыңғай пікір қалыптаспаған сондай мәселелердің қатарына етістіктің шақ қатегориясын, олардың саралануын, аталуын жатқызуға болады. Қазіргі қазақ тілінде шақ түрлерін саралауда бірізділіктің жоқ екенін қазақ тілі морфологиялық еңбектерінің бірнешеуін-ақ салыстыру барысында көз жеткіземіз.

Шақ туралы ғалымдардың пікірлері. 1967 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің грамматикасының» авторлары «Шақ іс-қимыл жай-күйдің орындалу мезгілі мен сөйлеп тұрған уақыт арасындағы қарым-қатынастарды білдіретін грамматикалық категория» десе [3.198], «Осындай істің әр түрлі уақытта істелгенін, я істелетіндігін, я істеліп тұратындығын адам санасының дәл ажыратуы – етістіктің шақ категориясының көп салалы болуының негізгі себебі» [4.130] деген Н.Сауранбаевтың пікірі де, К.Ахановтың өзінің тіл біліміне қатысты еңбектерінде шақ категориясы туралы «Грамматикалық категориялардың бірі – шақ категориясы етістіктерге тән категория ретінде танылады. Бұлай болуы заңды да: қимыл, іс-әрекет уақыт ұғымымен тығыз байланысты, ол белгілі бір мезгілде өтетің процесс ретінде ұғынылады» [5.145] деп айтқан анықтамасы да бір-біріне жақын деуге болады. Ал ғалым Қ.Жұбанов өз грамматикасында етістіктің шақтарын өз таным-түсінігі бойынша көп тұста басқа зерттеушілерге қарағанда өзгешелеу жіктейді. Мәселен, «сөйлеп тұрған кезден бұрын болған іс» [6,96] деп көрсететін өткен шақты өз ішінде тоғызға бөліп қараған ол әр сипатына жеке-жеке атау ұсынады. Яғни, бұлай ерекшелеу түрі қазіргі тіл білімінде аракідік болғанымен осы күйінде атаушылық жоқ.

Маманов – шақ категориясы туралы. Ы.Маманов еңбектерінде шақ категориясына былайша сипаттама беріледі: «Грамматикалық шақ категориясының қарастыратын мәселесі, обьектісі – істің, қимылдың болған нақты мезгілі де емес, нақты мезгілін білдіретін жеке сөздер де емес, шақтық мағына білдіретін етістіктің қалыптасқан грамматикалық формалары. Шақ формалары істің, қимылдың нақтылы өту кезін дәл көрсетпейді. Олардың шақтық мағынасы абстракт түрде сөйлеу кезімен өлшенеді. Былайша айтқанда, етістіктің шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын, сөйлеу кезінен кейін және сөйлеу кезінде болатын қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді [7,72].

Ғалымның тұжырымдауынша, қимылдың, уақиғаның дәл өту мезгілін сөйлемде нақты түрде мезгіл үстеулерімен және жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркесу арқылы ғана білдіре алады. Бұл тұжырымның функционалды грамматиканың зерттеу нысанына сай айтылғандығын айту керек. Сөйлеуде шақтық мағына, Ы.Маманов көрсеткендей, лексикалық бірліктер арқылы ғана анық көрінеді.

Ы.Маманов шақ формаларының мағыналық ерекшелігіне баса назар аударған. Шақ түрлерінің атаулары шартты түрде алынған терминдер деп көрсетеді. Өткен шақ формаларының түрлі жағдайларда кездесетінін атап көрсетіп, олардың арасындағы айырмашылық әр түрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, әрқайсысына тән өзіндік семантикасында екендігін дәлелдейді.

Ендеше ғалымның өткен шақтың әр түріне байланысты көрсеткен мағыналық реңктің сөйлемде берілуіне тоқталайық:

  1. Жедел өткен шақ формасы сөйлеушінің сөйлеу кезінен бұрын болып

өткен қимылды жай хабарлау түрінде баяндауын білдіреді (Мен кітапханаға кеттім).

  1. Бұрынғы өткен шақ формасын сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болған істі жай хабарлау түрінде емес, тыңдаушыға сол өткендегі істің, қимылдың болу, болмау нәтижесін баса түсіндіріп, соған көңіл аудару керек болған жағдайда қолданады (Мен ол жігітті жақсы танимын, институтта бірге оқығанбыз).
  2. Бұрынғы өткен шақ формасын сөйлеуші сөйлеу кезінен бұрын болып өткен істі, қимылды өз көзімен көрмей, екінші бір адамның айтуымен немесе басқа бір жағдай арқылы білдірсе, оны ежелгі өткен шақ формасында баяндайды (Қайырбек кеше Москвадан қайтыпты).
  3. Дағдылы өткен шақ сөйлеу кезінен кем дегенде жарты не бір жыл бұрын болып өткен істі, қимылды білдіреді және істің, қимылдың ертеректе бірнеше рнет қайталанып, әдетке, дағдыға айналғандығын көрсетеді (Әбдірахман әкесі үшін қатты қиналып, оңашада ұзақ ойланып жүруші еді).
  4. Қатысты өткен шақ формалары сөйлеу кезінен бұрын болып өткен іс, қимылмен ұштасып, соған байланысты өткендігіннемесе белгілі бір мезгіл ішінде өткендігін көрсетеді (Мен кеше киноға барып едім).

Қазіргі қазақ тілі грамматикаларында –ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтары бұрынғы өткен шақтың формаларын жасаушылар екені белгілі. Олардың беретін анықтамаларына қарсақ та, Қ.Жұбанов ізін көруге болады. Н.Сауранбаев «Бұрынғы өткен шақта болған істің айқын, ақиқат екендігі тұжырымды болып көрсетіледі» [4.131] деген анықтамамен түсіндірсе, «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында «Бұрынғы өткен шақта істің жедел өткен шақтағыдан бұрын болғандығы, болмағандығы көрсетіледі» делінген.

Осындай құбылыстарды жинақтаған Ы.Маманов: Қазақ тілінде еді көмекші етістігі күрделі шақ формаларын жасауда үлкен рөл атқарады. Бұл есім сөздермен және етістіктің кейбір формалармен тіркесіп, сол тіркескен сөздеріне әртүрлі грамматикалық рең береді. Солардың ішінде еді еді көмекші етістігі өткен көсемше (-п/ -п/ -іп), өткен шақ есімше (-ған/ -ген/ -қан/ -кен) және қалып етістіктерімен (отыр, тұр, жатыр, жүр) тіркесіп, қатысты өткен шақ формаларын жасайды, – дейді [7.112].

Ал келер шақ жөнінде ғалым «сөйлеу кезінен кейін болатын істі, қимылды білдіретін етістік формасы» деген анықтама береді де, оның үш түрін көрсетеді: а) ауыспалы келер шақ (жаз+а+мын), ә) болжалды келер шақ (жаз+ар+мын), б) ниет келер шақ (жаз+бақ+пын)

Ауыспалы келер шақ формасы дәл сөйлеу кезіндегі болып жатқан істі, қимылды білдіре алмайтын, оның негізгі мағынасы – осы шақтық емес, келер шақтық. Ал осы шақ мағынасында жұмсалуы оның ауыспалы мағынасы екендігін білдіреді. Яғни бұл мағына контекске байланысты анықталады.

Әрбір шақ формаларының шақтық мағынасы сөйлемде мезгіл үстеулерімен тіркескенде айқындала түсетіні белгілі.

Бұл тұрғыдан ғалым мезгіл үстеулерін горизонтальды және көлемдік деп екіге бөледі.

Мезгіл үстеулерін етістік формаларын тіркестіре отырып, тұжырым жасайды: горизонталь мезгіл үстеулері (әлгінде, кеше, баяғыда, былтыр, біраздан, ертең, бүрсігүні, ендігі жылы т.б.) өткен шақ және келер шақ етістік формаларымен тіркесіп, осы шақ формасымен тіркеспейді.

Ал көлемдік мезгіл үстеулері (қазір, бүгін, осы кезде, осы айда, биыл т.б.) етістіктің өткен шақ, келер шақ, осы шақ формаларымен түгел тіркесе береді(Биыл келдім. Биыл келемін. Биыл келіп жүрмін). Сөйтіп, ауыспалы келер шақ көп жағдайда жалпы осы шақ мағынасын беріп, кейде алдыңғы сөйлемнің әуеніне қарай өткен шақтық ұғымда да жұмсалатындығына тоқталады.

Ы.Маманов болжалды келер шақ формасын сөйлеушінің сөйлеу кезінен кейін бір қимылдың, істің болу-болмауы туралы сенімді түрде айтпай, болжай айтуын білдіреді деп түсіндіреді. Сонымен бірге, субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен, болжалды келер шақты ашық райға жатқызбайды.

Ғалым –мақ, -мек… –мақшы, -мекші.. жұрнақты есімшенің жіктелген түрін ниет келер шақтың грамматикалық көрсеткіші қызметін атқарады деп таниды. Болжалды келер шақ сияқты ниет келер шақ формасы да сөйлеу кезінен кейін болатын қимылды, істі объективтік шындық түрінде білдірмейді. Мұнда сөйлеушінің немесе қимыл иесінің болашақта бір істі, қимылды орындау туралы ниетін, ойын білдіреді, яғни қимылға субьективтік қатысты білдіреді.

Ниет есімшеге «еді» және «бол» көмекші етістіктері тіркесіп ниет өткен шақ формасын жасайтындығын айтады. Сонда қимылдың өзі келер шақпен де, өткен шақпен де ұштасып жатады екен. Мысалы, «Қапан келесі айда қайтпақшы еді» десек келер шақты, «Қапан былтыр қайтпақшы еді» десек өткен шақты білдіреді. Сөйтіп, ғалымның пікірінше, болжалды келер шақтағыдай ниет есімшенің «еді» және «бол» көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалған күрделі формасы ашық рай мәнінде белгілі грамматикалық шақ мағынасын білдірмейді.

Ы.Маманов етістіктің осы шағына мынадай анықтама береді: «Осы шақ – сөйлеу кезінде болып жатқан қимылды білдіретін етістік формасы». Қазақ тілінде осы шақты білдіретін арнайы грамматикалық морфема жоқ. Осы шақ қалып етістіктеріне және созылыңқы сипатқа жіктік жалғауы тікелей жалғану арқылы жасалады деп қорытынды шығарады. Етістіктің ауыспалы келер шақ формасы қимылдың әр түрлі ағымын білдіріп, осы шақ мағынасында жұмсалады деп көрсетеді. Ал осы шақ мағынасы оның ауыспалы мағынасы екендігін айтады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Шақ категориясына байланысты Ы.Мамановтың ой-пікірлерін сараптай келе, оның төмендегі КОНЦЕПЦИЯЛАРЫН АНЫҚТАДЫҚ:

  1. Етістіктің шақ формалары қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді. Ал дәл өту мезгілін жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркесу арқылы және мезгіл үстеулері арқылы білдіре алады.
  • Шақ формаларының арасындағы айырмашылық – әр түрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, олардың әрқайсысына тән өзіндік семантикасында.

  • Болжалды келер шақ субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен, ашық райға жатпайды. Тек мақал-мәтелдерде ғана ашық рай мәнінде айтылады.

  • Ниет есімшенің «еді» және «бол» көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалған күрделі формасы ашық рай мәнінде белгілі грамматикалық шақ мағынасын білдірмейді (бармақшы болды – кеше бармақшы болды – ертең бармақшы болды).

  • Етістіктің ауыспалы келер шақ формасы қимылдың әр түрлі ағымын білдіріп, осы шақ мағынасында жұмсалады. Ал осы шақ мағынасы – оның ауыспалы мағынасы.

  • Ғалымның етістік шақтарын мағыналық жақтан топтағанда оған қойылатын атаулар шартты түрде алынды деген пікірі өте орынды. Өйткені бұл атаулар кейінгі ғалымдар еңбектерінде әлденеше өзгеріске түсті деп есептейміз. Ы.Маманов қазақ тіліндегі көмекші етістіктер мәселесін зерттеуде қалып етістіктеріне арнайы тоқталып, оларды созылыңқы шақ көрсеткіштері деп таниды [ 10.160].

    Ы.Маманов шақ формаларының мағыналық ерекшелігіне баса назар аударған. Шақ түрлерінің атаулары шартты түрде алынған терминдер деп көрсетеді. Атап айтар болсақ, өткен шақты – жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп бес түрге бөлгенімен, олардың арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, әрқайсысына тән өзіндік семантикасында екендігін дәлелдейді; етістіктің шақ формалары қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді, ал дәл өту мезгілін жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркесу арқылы және мезгіл үстеулері арқылы білдіре алады.

    Сонымен, қазіргі қазақ тіл білімінде етістіктің шақ категориясы біршама зерттелгенімен, әлі де шешуін таппаған мәселелер баршылық. Оларды оқулықтарда, лингвист ғалымдардың монографияларында шақ категориясының әр түрлі топтарға бөлініп, түрліше аталып жүргенін байқаймыз. Бұл – аталған грамматикалық категорияның әлі де зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.

    Ы.Е.Маманов тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Соның ішінде шақ категориясына қатысты айтқан пікірлері мен қорытындылары автордың концепциясы айқын зерттеуші екендігін дәлелдейді.

    ӘДЕБИЕТТЕР:

    1. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтар
    2. Н.Уәлиұлының «Көрнекті ғалым Ы.Е.Мамановтың ғылыми концепциялары туралы» (А., 2007)
    3. Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967.
    4. Сауранбаев Н. Қазақ тілі. А., ОПБ. 1953.
    5. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1972.
    6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А., 2010.
    7. Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері.А.,2007.

    Добавить комментарий

    Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

    Больше на

    Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

    Читать дальше