Жаңа сабақтар, Жаңалықтар

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

31 қаңтар күні ҚР Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. ВАК отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі С.М.Айтпаева, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Соңғы уақытта еліміздің бірқатар өңірлерінде білім беру ұйымдарында және одан тыс жерлерде оқушылар арасында топтық төбелес, ұрып-соғу және қорлау жағдайлары жиілеп кетті. Өкінішке орай, осындай жағдайлардың салдарынан Ақтөбе облысында бала қаза болды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша балалар арасындағы қылмыс саны 2018 жылы 2017 жылдың деңгейінде қалып отыр.

Сонымен қатар, өңірлер бөлінісінде 2017 жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны Атырау облысында 39,6%-ға, Алматы қаласында 33,5%-ға, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында 18%-ға, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 11%-ға, Түркістан облысында 7,8%-ға артқан.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2018 жылы жасөспірімдердің қатысуымен құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау фактілері туралы құқық қорғау органдарынан жасырғаны немесе дер кезінде хабарламағаны үшін білім беру ұйымдарының 170-тен астам қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жергілікті жерде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялары оқушылар арасындағы шиеленісті жағдайларды анықтап, оның алдын алуға бағытталған уақытылы іс-шараларды қабылдамайды.

Қалыптасқан жағдай балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімін бекітіп, бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектеп инспекторларының мектептерде тұрақты болуын электрондық бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етуді тапсырды. Министр барлық өңірлерге балалардың құқықтары мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету сұрақтарына баса назар аударып, қандай да бір орын алған оқиғаға жедел әрі тиімді әрекет етуді тапсырды.

«Неліктен біздің қоғамда кәмелет жасқа толмағандармен жасалған қылмыс төңірегінде көптеп айтылып, ал сол қылмыстың жасалу себептеріне мүлдем мән берілмейді? Мысалы, 2018 жылы ішкі істер органдарында есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны 5102 бала болса, бүгінгі таңда бұл есептен қанша бала шығарылды? Бұл жасөспірімдердің 18 жасқа толуына байланысты ғана есептен шығарылғандығына сенімдімін. Сөзсіз, медицина мен білім беру саласына қатысты сұрақтардың барлығы маңызды. Алайда, бала және оның құқықтары туралы ұмытпаған жөн! Өкінішке орай, органдар арасындағы байланыс айтарлықтай дәрежеде емес. Осы ретте әрбір өңір қылмыс жасаған кәмелетке толмаған жасөспірім бойынша ақпарат беріп, оқиғаның қандай себепке байланысты орын алғандығын анықтауы қажет. Оқиғаның себеп-салдары ғана емес, сондай-ақ аталмыш жағдайлардың алдын алу маңызды екенін естен шығармайық. Балалардың өмірі, қауіпсіздігі мен құқықтары орын алған бұл оқиғалардың көлеңкесінде қалып жатқанда біз қалай әлеуметтік дамыған қоғам бола аламыз?!» деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева

КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ҰСЫНЫМДАР:

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен, облыстардың, Астана, Шымкент және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп:

1) мектептерді, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторларымен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау;

2) халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция инспекторларына арналған біліктілікті арттыру курстарын өткізуді қамтамасыз ету;

3) кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі полиция инспекторларының 2016-2017 жылдар аралығындағы жұмысына талдау жүргізу және олардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

4) қолайсыз отбасыларда өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды анықтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер, Мәдениет және спорт министрліктерімен, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп:

1) халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын өткізуді қамтамасыз ету;

2) заңға мойынсұнушылық мінез-құлықты, құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті, балалардың тұрақты психологиялық денсаулығын қалыптастыру, сондай-ақ мектеп пен колледж оқушыларының құқықтық білім деңгейін арттыру мәселелері бойынша бейнероликтер әзірлеу және тарату;

3) балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік жасаудың алдын алу жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдардың ведомствоаралық жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету;

4) балаларға қатысты қатыгездік жағдайларды анықтау және олармен жұмыс істеу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін білім беру органдары мен ұйымдарының назарына жеткізу.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі:

1) зорлық-зомбылыққа және қатыгездікке ұшыраған балаларға уақтылы білікті көмекті қамтамасыз ету;

2) дамуында,мінез-құлқында ауытқулары бар немесе әлеуметтік қауіпті жағдайдағы жасөспірімдерге көмек көрсету жөніндегі денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау;

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне:

1) журналистер арасында кәмелетке толмағандар мәселелері жөніндегі материалдарды дұрыс жариялау бойынша оқыту семинарларын өткізуді қамтамасыз ету;

2) зорлық-зомбылыққа, суицидке, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты өзге де құқық бұзушылықтарға шақыратын әлеуметтік желілердегі беттерді, Интернет-ресурстардағы сайттарды оқшаулау жөніндегі шараларды күшейту;

3) балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша бейнероликтер мен бейнесабақтарды республикалық және өңірлік теледидарда трансляциялау мүмкіндігін қарастыру.

2.5. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне:

1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды өткізу арқылы білім беру ұйымдарының ата-аналар жұртшылығымен өзара іс-қимылын жандандыру жөнінде шаралар қабылдау;

2) заңға мойынсұнушылық мінез-құлықты қалыптастыру, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік, балалардың тұрақты психологиялық денсаулығы, сондай-ақ балалар мен ата-аналардың құқықтық білім деңгейін арттыру мәселелері бойынша балалар мен ата-аналардың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық науқанды ұйымдастыру және өткізу;

3) «Қауіпсіз оқу» ЮНЕСКО бастамашылық еткен науқанды өткізу мүмкіндігін қарастыру;

4) Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен қаржы қаражатын бөлуді қарастыру;

5) кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық, суицид және құқық бұзушылық фактілеріне мониторинг және талдау жүргізу;

6) девиантты мінез-құлықты, ерекше ұстау режимі бар және тәрбие колониясы бар балаларға арналған білім беру ұйымдарынан оралған кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеу және өмірлік орналастыру жөнінде шаралар қабылдау;

7) құқық бұзушылыққа бейім балаларды және әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды тарта отырып, скаут және еріктілер қозғалысын дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

8) балаларды қосымша білім берумен, спорт секцияларымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.