Ермуханова Жанаргул Сагинтаевна

Атырау облысы, Атырау қаласы КМҚК № 54 «Айгүл балабақшасы»
І санатты тәрбиеші Ермуханова Жанаргул Сагинтаевна

Тақырыбы: «Қызықты математика арқылы балалардың ойлау қабілетін дамыту»

Ж о с п а р

I. Кіріспе «Балабақшада баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту».
II. Негізгі бөлім.
1.Қызықты есеп түрлері:
а) ермекті ойындар;
б) логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған ойындар;
в) дидактикалық ойын-жаттығулар.
2. Ата – анамен жұмыс.
3.Тәрбиешімен жұмыс.
ІІІ. Нәтижелер.

«Ойынсыз ақыл ойдың қалыпты дамуы да жоқ» В.А. Сухомлинский

Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін жұмысты әңгіме, ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені сабақта алынған білім ойынмен тиянақтау білімінің біріктігіне негіз қалайды.
Ойын – баланың іс-әрекетінің негізгі түрі. Ойын барысында баланың басты қасиеттері қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатынын байқау қиын емес. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш-жүгерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Балабақшаның басты міндеттерінің бірі – бүлдіршіндердің ой-өрісін, іс-қимылын жан-жақты дамыту. Негізі баланың логикалық ойлау қабілеті дегеніміз – қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын менгеруден басталады десек қателеспейміз. Өйткені бала сөйлей бастасымен өзінің мекен-жайын, телефон нөмірін жаттай бастайды. Міне, сан, санау осыдан басталады. Оны жүйелі түрде шыңдау – ата-ана және тәрбиешінің, баланы қоршаған адамдардың басты міндеті.
Бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытуда қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын ойын арқылы үйретудің, математикалық диктант жазудың, заттарды әр түрлі геометриялық пішіндерден құрастырудың, ауызша есеп шығарудың, көру арқылы салыстырудың, қиялдаудың, жұмбақтар жаттаудың маңызы өте зор. Өйткені жасырын тұрған ойдың нені меңзеп тұрғанын ойлап табу баланың ми қыртыстарының жұмысын шыңдайды. Яғни, логикалық ойлау сезімін қалыптастырады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда сұрақтардың алатын орны ерекше. Сондықтан балаға қойылатын сұрақ жүйелі, әрі түсінікті болу керек. Сұрақтар қоя білу қиялдарының жоғары сатысы және нәтижелі ойда негізгі рөл атқарады. Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті және олардың айналадағы өмірден алған білімдері, әсерлері, жинақтаған тәжірибелері өз бетінше жүзеге асырылады. Сондықтан ойын балалар үшін өзіне тән жүру барысымен, мақсатымен маңызды. Ойын барысында берілген тапсырмаларды шешуде балалардың ақыл ойы дамиды. Міне, осыдан баланың логикалық ойлау, қиялдау қабілеті шыңдалады, дамиды.
Мектеп жасына дейінгі жастағы кішкентай баланың өмірінде ойынның алатын орны ерекше, өсіп келе жатқан балаға өте қажет. Ойын арқылы баланың ойлап тапқыштығы, ойлау қабілеті дамиды. Ойын – оқу, ойын – еңбек, ойын – қоршаған айналаны танып білу құралы. Қабылдау, есте сақтау, ойлау қабілетін, шығармашылығын дамытатын ойындар балалардың ақыл ойын арттыруға арналған. Балалардың логикалық ойлауын, ақыл-ойын дамытуда қызықты есеп үлкен рөл атқарады.
Балабақшада жұмыс жасай отырып, балалардың түйсігі, қабылдауы, есі, ойлауы, зейіні дұрыс бағытта қалыптасып, дамуына үлкен көңіл бөліп, сол үшін жұмыстанып жүремін. Осы өзімнің шығармашылығымның тақырыбына сай мақсатыма жету үшін әр түрлі дидактикалық ойындар, қызықты тапсырмаларды пайдаланып, сабақтарда қолданып жүремін.

1) Балаларды тура және кері санауға үйрету мақсатында «Санды тап» ойыны арқылы сандарды бір-бірімен салыстыру, сандар туралы білімдерін нақтылау. Бала тәрбиешінің айтуы бойынша «8» саны «6» санынан үлкен (әр түрлі сандарды айта беруге болады), санды тез тауып айтуы керек.
«Сандық қатар», мақсаты: сандардың реттік орнын табу, сандарды рет ретімен қою.

«Санның көршілерін атау» ойыны. Бастаушы допты лақтырып, қандай болмасын бір санды атайды, допты қағып алған бала екі жанындағы көршілерін атайды.
2) Кеңістікті бағдарлауға «Ойыншықты тап», «Суретші», «Бөлме ішіне саяхат» ойындарын алдым. Балалар кеңістік бағыттарын тәрбиешінің айтуы бойынша сызба түрінде табуға үйренеді. Осы ойындардың арқасында балалар қағаз бетіне сызба түрінде салып көрсете біледі.

3) Балалардың геометриялық пішіндер туралы білімдерін нақтылау мақсатында, біріншіден, қарапайым жаттығу түрінен қиындау тапсырмалар беруге жұмыстандым. Геометриялық пішіндерді құрастыру:
1. Бес таяқшадан екі тең үшбұрыш құрастыру;
2. Жеті таяқшадан тең екі үшбұрыш құрастыру;
3. Тоғыз таяқшадан екі шаршы және тең үшбұрыш (жеті таяқшадан екі шаршы құрастырады және екі үшбұрышқа бөледі).

«Дәл осындай өрнекті тап», «Әр пішінді өз орнына қой», «Пішініне қарай топтастыр», «Кім көп айтады?» ойындарын балалардың жеке қабылдау қабілетіне қарай ұйымдастырып отырамын. «Геометриялық мозаика» ойынын сабақта және сабақтан тыс уақыттарда әр түрлі бағыттарда құрылған тапсырмалармен алып отырамын. Мысалы: үлгіге қарап,
а) бір заттың бейнесін геометриялық пішіндерден құрастыру:

б) адам бейнесін құрастыру (көйлекпен тұрған қыз, ер баланың бейнесі);

в) өз қалауы бойынша.
Ойын соңында балалар өздері құрастырған пішіндердің ұқсастығын, ерекшеліктерін айтып қорытындылайды. Әр сабағыма қызықты кесте дайындап әрқилы тапсырмаларды (түстеріне, көлеміне, пішініне қарай) беріп отырамын. «Ең үлкен үшбұрышты ата», «Ең кіші пішін қандай түсті», «Кішкентайынан бастап барлық пішіндерді атап шық» – бұл ойындар балалардың есте сақтау, зейін қойып тыңдау, ойлау қабілетінің дамуына септігін тигізеді.
4) Тәулік мезгілдерін ажырату ойындарында, ең бірінші, апта күндерін рет-ретімен атап, ажырата біліп айтуды үйретуден бастадым. Балалар апта күндерін есте сақтауы үшін жеті баланы шығарып, жеті тәж кигізіп, тиісті аттарын бөлу ретімен тұрғызып сұрап жаттаттырдым. Әр аптаның, күннің өз аттары бар екеніне түсінік бере отырып, балалар өздері тәжілерін киіп, ойынды ойнап шығу керек. Апта күндерін жаттап болғаннан кейін «Тез апта күндерін ата», «Жоғалған апта күнін тап», «Қатесін түзе» ойындары арқылы бекітіп отырамын. Тәулік, сағат, апта, ай, жыл жайлы мағлұматтар беріп, дүние танымын кеңейтуді, уақытты ұқыпты, үнемдеп пайдалануға үйретуді көздеймін. Әр жыл мезгілінде үш ай болатыны айтылады. Жыл мезгілдерінің ұлттық дүние танымымен байланысы, адамның төрт саусағы – жылдың төрт мезгілі: сұқ саусақ – көктем, ортаңғы саусақ – жаз, аты жоқ саусақ – күз, шынашақ – қыс. Әр саусақтың үш буыны – үш ай. Ұлттық дүние танымға сүйенсек, жаратылыс сенбіден басталып, жексенбі – бірінші сенбі, дүйсенбі – екінші, т.с.с. кете береді.
5) Сонымен қатар, сабақтарда және сабақтан тыс уақытта қызықты есептерді, басқатырғыштарды, санамақтарды, сандарға байланысты тақпақтарды, сұрақтарды, жұмбақтарды, кестелерді кеңінен қолданып отырамын. Осы жұмыстарымды кітапша қылып, жинақтап ұсынып отырмын. 2010-2011 оқу жылында қызықты есеп арқылы баланың шығармашылығын туғызу мақсатында ортаңғы тобында алғашқы тәжірибе ретінде ашық сабақ өткіздім. 2011-2012 оқу жылынан бері мектепалды дайындық тобында жұмыс жасап келемін. Күнделікті сабақ өткізгенде алдымен ойын және ойын түрлерін пайдаланамын.
Ортанғы тобында – «Көңілді геометриялық пішіндер» атты сабағының үлгі жоспарын ұсынып отырмын.
Сабақтың тақырыбы: «Көңілді достар – геометриялық пішіндер».
Сабақтың мақсаты: 3-ке дейін санауды үйрету, салыстыру, «ұзын-қысқа», «биік-аласа», «жуан-жіңішке» ұғымдарын меңгерту. Заттың кеңістікте орналасуына байланысты сөздерді дұрыс қолдану: «алдында», «ортасында», «сол немесе оң» жақта. Геометриялық пішіндерді бір-бірінен ажырату, ұқсас заттарды ойлап табуға үйрету. Дайын қиылған геометриялық пішіндерден бейнелерді құрастыру. Балалардың ақыл-ой белсенділігін, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, зейінділігін арттыру.
Көрнекілік: схемалы сызбалар, бау-бақша суреті, көкөністер, геометриялық пішіндер, 1-3-ке дейінгі сандар, сурет.
Керекті құрал: бала саны бойынша схемалы сызбалар және қиылған геометриялық пішіндер, қарындаштар, сандар.
Әдістемелік әдіс:
Сөздік
Көрнекілік
Ойын
Сабақтың жүру барысы:
Сәлемдесу: Армысыз, қайырымды Аспан ата!
Армысыз, мейірімді Жер ана!
Армысыз, шұғылалы нұрлы Күн!
Армысыздар, құрметті апайлар!
(балалар орындарына отырады)
Тәрбиеші: Балалар, бүгін аптаның қай күні?
Балабақшаға қай уақытта келесіңдер?
Қай уақытта тамақ ішесіңдер?
Қай уақытта ұйықтайсыңдар?
(балалардың жауабы)
Балалар, бүгінгі сабақта бізге бір қонақтар келеді. Ол үшін жұмбақ шешулерің керек.
1) Әр түрлі ұзындықта
Болды менің қырларым.
Бір бірімен түйісіп,
Бұрыштарды құрадым.
Жауабы: (үшбұрыш)
2) Доптай тебе алмайсың,
Секіремін мен тіктен.
Бір бірінен аумайды
Төрт қырыммен бұрышым.
Жауабы: (төртбұрыш)
3)Бұрыш та жоқ,
Қыры да жоқ.
Жұп жұмыр келер айналам,
Тауып көрші шешуін.
Жауабы: (дөңгелек)
Әр жұмбақтың шешуі табылған сайын ширмадан пішіндер шығып балалармен сәлемдеседі. Ал балалар схемадан пішіндерді сызып отырады.

Пішіндердің сөзі: Біз көңілді пішіндерміз. Сіздердің білімдеріңді тексереміз деп келдік. Біздің сендерге тапсырмаларымыз бар.
Төртбұрыштың тапсырмасы: Осы бақша ішінен маған және менің көңілді достарыма ұқсас көкөністерді тауып беріңдерші. Балалар бақшадан сопақшаға, дөңгелекке, үшбұрышқа ұқсас көкөністерді тауып, себетке салады және нешеу екенін санайды. Тауып санаған соң балалар схемадан көкөністерді санап, сандарға қарай жол салады.
Сергіту: Ал балалар тұрайық,
Мойнымызды бұрайық,
Қолымызды созайық,
Оңға, солға иіліп,.
Денемізді бұрайық.
Үшбұрыштың тапсырмасы: Менің тапсырмамды мұқият тыңдап алыңдар. Сендерге бір үлкен сурет алып келдім. Осы суретке қарап не жуан, не жіңішке, ұзын-қысқа, алдында, ортасында, жанында екенін тауып айтындар. Сурет көрсетіледі (жоғарыда – күн, бұлт, құстар, оң-сол жағында – жуан-жіңішке ағаштар, ортасында – биік-аласа саңырауқұлақтар). Тапсырманы орындаған соң балалар схемаға дайын қиылған пішіндерді, кеңістікті бағдарлап орналастырып шығады.
Тәрбиешінің сөзі: Балалар, сендер шаршаған шығарсыңдар, ортаға шығып ойын ойнайық. Қимылды ойын «Қасқыр мен көжектер».
Дөнгелектің тапсырмасы: Балалар, менің тапсырмам кішкене сендерге қиын түседі. Сондықтан мұқият тыңдап алыңдар. Менде сендерге сурет алып келдім. Мына жануарларды атаңдар, қандай пішіндерден құрылған? (Суретті көрсетеді) Қандай жануарлар екенін табыңдар.

Тәрбиеші: Ал, балалар, осы жануарлардың нешеу екенін санайық. Олардың реттік орналасу санына сәйкес сандардың таңбасын қойып шығындар (не – 1; не – 2; не – 3). Тауып санаған соң, балалар схемаға 1-3 дейінгі сандарды тура қойып шығады.
Тәрбиеші: Көңілді пішіндер, сендер жануарлардың суреттерін салған екенсіңдер, ал біздің балалар осы жануарлардың бейнесін құрастырып біледі. (Балалардың жұмысы)
Пішіндердің сөзі: Тапсырмаларды дұрыс орындағандарыңа рахмет! Үнемі осылай білімдеріңді көрсетіп, берген тапсырмаларды дұрыс орындауға тырысыңдар. Көп рахмет, балалар!
Тәрбиеші: Осымен біздің сабағымыз аяқталды.
Біздің балабақшамыздың 2012-2013 алдына қойған міндеттерінің бірі – “Мектеп жасына дейінгі балалардың математикалық ұғымдарын қалыптастырудың жаңа бағыты” тақырыбы бойынша педагогикалық кеңес өтті. Осыған байланысты мектепалды тобында “Буратиноға көмектесейік” атты ашық сабағын өткіздім. Осы сабақта өзімнің шығармашылық тақырыбыма байланысты қызықты есептер мен логикалық ойындар қолдандым.
Тақырыбы: “Буратиноға көмектесейік”
Мақсаты:
Шаттық шеңбері:
Біздің топта ұл-қыздар,
Тату-тәтті ойнаймыз.
Әлемдегі бар адамға,
Тек жақсылық ойлаймыз.
Ата-ананы тыңдаймыз,
Айтқанынан шықпаймыз.
Ал, достарды қолдаймыз,
Қиын шақта қорғаймыз!
(балалар орындарына жайғасады)
Тәрбиеші: Балалар, менің қойған сұрақтарымды мұқият тыңдап, толық әрі дұрыс жауап береміз, жарай ма?!
-Бір жылды неше жыл мезгілі бар?
-Қандай кім атап береді?
-Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
-Күз мезгілінің ерекшеліктерін кім айтады?
-Күз мезгілі неше кезеңге бөлінеді?
-Қазір болып жатқан қай кезең?
-Күз мезгілінде неше ай бар?
-Қазір болып жатқан қай ай?
Өте жақсы қандай ақылдысыңдар!
(осы кезде есік қағылып топқа хат тасушы кіреді)
Хат тасушы: Сәлематсыздар ма?! Бұл №54 «Айгүл» балабақшасы ма екен? Бұл №10 мектепалды тобы, ал сіз осы топтың тәрбиешісі Мария Нұрбергенқызысыз ба?
Тәрбиеші: Сәлематсыз ба?! Иә бұл балабақша, мынау №10 мектепалды тобы, ал мынау менің тәрбиеленушілерім.
Хат тасушы: Ендеше сендерге хат келді, өтінемін мына жерге қол қойып, хатты алыңыз.
Тәрбиеші: (қол қойып, хатты алады) Рахмет, сау болыңыз!
Хат тасушы: Оқасы жоқ! Сау болыңдар!
Тәрбиеші: Балалар, біздерге «Ертегілер елінен» хат келіпті! Қане тез ашып оқиын!
«Сәлематсыңдар ма қымбатты балалар! Өтінемін маған көмектесіңдерші! Карло әкеме әкеле жатқан алтын кілтімді жауыз мысық пен түлкі тартып алып, мені бір қараңғы бөлмеге қамап қойды. Өздерінің қойған сұрақтарына жауап берсем ғана мені жіберетіндіктерін айтты. Балалар, мен сұрақтардың жауабын білмеймін! Көмектесіңдерші маған, өтінемін!»
-Балалар, Ертегілер еліндегі Буратино қиын жағдайға тап болыпты, оған көмектесеміз бе? Ендеше мына хаттың ішінде Буратино таба алмаған тапсырмалар жазылған конверттер бар, мен бұл конверттерді үстел үстіне жайғастырайын. Және де бұл конверттерге қоса мынандай лабиринт беріп жіберіпті, әр тапсырманы дұрыс орындаған сайын, жол салып жүру арқылы алтын кілтке жетеміз.
-Ендеше мына үстелдің үстіндегі конвертты алып тапсырмасын орындау үшін жұмбақ шешу керек екен!
Жұмбақ:
Шығармақ боп кеше есеп,
Жиналыпты төрт есек.
Үшеуі ұйықтап отырды,
Ынталысы неше есек? (бір есек)
-Ендеше сыртында бір саны жазылған конвертты маған Ақбота алып берші.
-№1 тапсырма: «Сұрақтарға шапшаң жауап бер» делінген екен!
Ендеше берілген сұрақтарды оқиын.
-Аптада неше күн бар?
-Бүгін аптаның нешінші күні?
-Ертең аптаның қай күні?
-Кеше аптаның қай күні болды?
-Бүрсігүні қай күн болды?
-Арғы күні қай күн?
-Біз қай уақытты ұйқыдан оянып, жуынып… балабақшаға келеміз?
-Қай уақытта балабақшада сабақ оқып, ойнап, ас ішеміз?
-Қай уақытта балабақшаға ата-анамыз келіп, үйге қайтамыз?
-Қай уақытта жуынып, ұйықтаймыз?
-Айгерім сенің жасың қазір нешеде?
-Диас сен былтыр неше болдың?
-Аружан келер жылы сен нешеге толасың?
-Балалар, алғашқы тапсырманы тез орындадыңдар, жарайсыңдар!
-Тақтаға қарайық біз нешінші тапсырманы орындадық, енді қай тапсырмаға қарай жүреміз? Әсем, екінші тапсырмаға қарай жол сала қой. Әсем сен нешінші тапсырмаға қарай жол салдың, қандай жол салдың, қай жаққа жүрдің?…
-Балалар, екінші тапсырманы орындау үшін тағы жұмбақ шешу керек. Мен қазір сендерге бір ертегінің үзіндісін айтамын, мұқият тыңдаңдар. «Мен атадан қаштым, мен әжеден қаштым…….» балалар бұл өлеңді қай ертегінің кейіпкері айтады? Бауырсақтың пішіні қандай?
Балалаар: Дөңгелек.
Тәрбиеші: Ендеше сыртында дөңгелек пішіні бар конвертты маған Еркебұлан әкеле қой.
-№2 тапсырма: Буратиноға мына тақтада ілінген суреттердің көлемін анықтап беру керек екен. Қане суреттерді салыстырайық, қараңдаршы бірінші суретте не бейнеленген? Екеуі бірдей ме? Неге бірдей емес? Біріншісінің көлемі қандай, екіншісінің көлемі қандай? (балалар әрі қарай суреттерді қарап салыстырады)
-Жарайсыңдар балалар, екінші тапсырманы да мұқият орындадық. Енді лабиринттен әрі қарай жүрейік, Мирас біз қазір нешінші тапсырманы орындадық , енді нешінші тапсырмаға қарай жол саламыз?
-Балалар,үшінші тапсырманы орындау үшін де жұмбақ шешуіміз керек екен!
Жұмбақ:
Әр түрлі ұзындықта,
Болады оның қырлары.
Бір-бірімен түйісіп,
Бұрыштарды құрады. (үшбұрыш)
-Ендеше сыртында үшбұрыш пішіні бар конвертты Айгерім әкеле қой.
-№3 тапсырма: Біздерді «Геметриялық фигуралар әлеміне» шақырады.
(бір бала тақтада, қалғандары орындарынан орындайды)

-жасыл және сары шеңбердің сыртында болатындай етіп, қызыл шеңбердің ішіне көк түсті үшбұрышты орналастыр;
-қызыл шеңбердің сыртында, жасыл және сары шеңбердің ішінде болатындай етіп қазғылт сары түсті сопақшаны орналастыр;
-қызыл және сары шеңбердің сыртында болатындай етіп, қызыл түсті шаршыны жасыл шеңбердің ішіне орналастыр;
-жасыл түсті тіктөртбұрышты, бір уақытта қызыл, сары, жасыл шеңбердің ішінде тұратындай етіп орналастыр.
-қай пішін тек бір шеңбердің ішінде жатыр? қай пішін екі шеңбердің ішінде жатыр? қай пішін бір уақытта үш шеңбердің ішінде жатыр?
-Жарайсыңдар, үшінші тапсырманы да өте жақсы орындадыңдар. Енді нешінші тапсырмаға жол саламыз? Рамазан келіп төртінші тапсырмаға жол сала қой.
-Балалар келесі тапсырманы орындау үшін біз алдыменен ағзамызды шынықтырып алуымыз керек. Ол үшін тұрып қозғалуымыз керек. Ойын ойнағыларың келе ме?
Қимылды және дидактикалық ойын: «Гүлге қонған көбелектер»
-Келесі тапсырманы орындау үшін тағы бір жұмбақтың шешуін табу керек. Мұқият тыңдаңдар.
Жұмбақ:
Доптай тебе алмайсың,
Секірмейді ол тіптен.
Бір-бірінен аумайды,
Төрт қыры мен бұрышы. (шаршы)
-Ендеше сыртында шаршы пішіні бар конвертты маған Зарина әкеле ғой.
№4 тапсырма: Тақтаға зер салайық. Мына суретте марғау себетпен және ондағы жіптермен ойнағысы келген екен. Осы суреттерге қарап кеңістікті бағдарлап қана қоймай, жіптердің түсін және әр суреттегі орналасуын анықтаймыз.
-Жарайсыңдар балалар білімдеріңді өте жақсы көрсетіп жатырсыңдар. Енді біз нешінші тапсырманы орындадық, нешінші тапсырмаға жол салуымыз керек? Айкөркем келіп бесінші тапсырмаға жол сала қой.
-Ең соңғы тапсырманы өзім алып ішін ашып оқиын.
№5 тапсырма: Балалар біздерді қызықты есеп еліне шақырып жатыр екен. Қане тақтадағы суреттерге мұқият назар салайық. Мына әдемі суреттерден біз есеп құрасытырып оның шешуін табуымыз керек.
(тәрбиеші әр суретті түсіндіріп бір баладан тақтаға шығарады, қалғаны орындарынан орындайды)
-Міне балалар бесінші тапсырманы да мұқият орындап бітірдік. Қане қарайықшы алтын кілтке де жетіп қалыппыз. Нұрай келіп жол сала қой.
(осы кезде есіктен қуанып айқайлап, қолына алтын кілтін ұстап Буратино кіреді)
Буратино: Сәлематсыздар ма балалар! Мені жауыз түлкі мен мысық сендердің дұрыс орындаған тапсырмаларыңның арқасында босатып, әкеме әкеле жатқан алтын кілтімді қайтарып берді. Балалар, сендерге сондай алғысым шексіз. Мен енді сендер секілді ақылды, білімді болғым келеді. Енді Мальвина әпкемнің айтқандарын тыңдап, мектепке барып оқитын боламын, уәде беремін. Ал мені құтқарғандарың үшін міне сендерге мен тәттілер әкелдім!!!
Тәрбиеші: Буратино, біз де сені құтқаруға көмектескенімізге өте қуаныштымыз,солай ма балалар?
Балалар: Иә!
Тәрбиеші: Сыйлығыңа көп рахмет! Біз де құр қарап қалмаймыз, менің тобымнын атынан саған мынандай қызықты ойынды сыйға тартқым келеді. Сабақтан бос уақытта міндетті түрде әпкеңмен ойна жарай ма?!
Буратино: Жарайды міндетті түрде ойнаймын. Енді мен кетейін саббаққа кешігіп қалармын! Сау болыңдар балалар!
Балалалар: Сау бол,Буратино!
Қорытынды:
-Міне көрдіңдер ме, сендер қандай тапқыр, ақылдысыңдар! Сендерге Буратино шексіз алғыс айтып кетті!
-Балалар біз бүгін кімге көмектестік? Біз қандай ұғымдарды еске түсіріп қайталадық? Буратино бізге тағы қандай тапсырмалар жіберді?
-Балалар, бүгін барлығың жарадыңдар! Барлығың бүгін сабақта білімдеріңді өте жақсы деңгейде көрсеттіңдер, қонақтармен қоштасайық!

«Сиқырлы шеңбер» ойыны: шеңбер 10 бөлікке қиылады. Соның ішінде 4 бірдей үшбұрыш, қалғандары бір-бірімен тең, бір жақтары дөңестеу. Бөлшектерден адамдардың, құстардың, ұшақтардың т.б. бейнесін, пішінін құрастыруға болады.

«Колумбово жұмыртқасы» ойыны: өлшемі 5х12 сопақшаны бөліктерге қию, он бөліктен 4 үшбұрыш (2 үлкен, 2 кішкентай), 2 пішін, шаршыға ұқсас, бір шеті дөңестеу, 4 пішін (үлкен және кішкентай), үшбұрышқа ұқсас, дөңгелекке ұқсас. Ойынды дайындау үшін картон, пластик (екі жағы да боялған) қолданылады.

«Моңғол ойыны»: шаршы өлшемі 10х10 11 бөлікке қиылады. Оның 2 шаршы, 4 үшбұрыш, 5 тіктөртбұрыш (4 кішкентай, 1 үлкен). Пішіндерді құрастыруда шаршының бөліктерін бір-біріне жалғастыру, бірінің үстіне бірін қоюға болмайды. Ойынды 2 жағы да боялған қатты картон немесе пластиктен жасауға болады. Ойынның барлық бөлшектері геометриялық пішіндер, олардан жаңа бейнелер құрастыруға болады.

«Вьетнам ойыны»: шеңбер үлгі бойынша қиылады. Шеңбердің ортасын бағыттап қиғанда 7 бөліктен, 2 бөлігі бірдей, сопақша пішініне ұқсас; 2 бөлігі бірдей, үшбұрышқа ұқсас, қалған үш бөлігі пішіні, көлемі жағынан бірдей.
Бұл ойындарды көбіне мектепалды топтарымен ойнаған дұрыс. Өйткені бұл ойын баланың геометриялық пішіндерден әр түрлі заттарды құрастыру қабілетін дамытады, анализ жасауына көмектеседі. Сонымен қатар, балалардың кеңістік бағыттарын бағдарлай білуге, қағаз бетінде белгілей білуге, орналастыруға графикалық диктант қолданамын.

Бүгінгі таңда ата-анамен тәрбиеші арасындағы ортақ мәселе – бала тәрбиесі екені баршамызға мәлім. Ата-ана үшін бала өмірі жалғасы, көздің нұры, үміт күткен шырағы, келешек қызық көрсетер болашағы десек, тәрбиеші үшін еңбегінің нәрлі жемісі болып табылады. Барлық отбасымен үй жағдайында математикалық ойындар ойнауға ата – аналарға кеңестер өткіздім. Үй жағдайында баламен ойнау – бұл жағымды, қызықты болады, сондықтан да балалармен математикамен айналысуды ерте уақыттан бастау керек. Тіптен қазір сабақты қызықты қылып өткізуге барлық мүмкіндік ойластырылған. Ата – аналар назарларына көптеген ойындар ұсындым. Жоғарыда аталған ата-аналармен жүргізілген жұмыс түрлері яғни кеңестер мен ойындарды конспект түрінде ұсынып отырмын.
Балабақшада ойынды жеке таңдауда материалды өзінің қызығушылығына сүйене отырып балаға математикалық бағытталу үшін шарттар дамыту керек. Бала өзінің қалауымен ойын барысында интелектуалдық қиын жұмыстарға бейімделеді. Міне осындай мақсатпен тәрбиешілер арасында “Балабақшада қызықты есеп бұрышын жасақтау” атты кеңес жүргіздім. Қызықты математикалық бұрыш – бұл тематикалық ойындар, анықты жолмен безендірілген жерлер. Қарапайым балалар жиһазын пайдалану арқылы ұйымдастырылады, онда орналасқан материалдарға еркін кіруіне мүмкіндік беріледі. Оларға сабақтан басқа уақытта оларды қызықтыратын ойынды таңдауға мүмкіндік беріледі, математикалық мазмұны бар және басқа балалармен ойнауға болады. “Мектепке дейінгі балалардың элементарлы математикалық түсініктерінің қалыптасуы” атты тақырыпта тәрбиешілерге кеңес жүргіздім.
Өз жұмысымның нәтижесінде 2017 жылы тәрбиеленушім Жақсылықова Аружан “Білім жолында” атты қалалық олимпиадасында қатысып, “Ойна да ойлан” номинациясында ІІ-ші орынға ие болды. 2018 жылы Болатбай Сәттібек “Білім жолында” қалалаық олимпиадасына қатысып, “Ойна да ойлан” номинациясында ІІІ-ші орынға ие болып алғыс хатпен мараматталды.
Қорытындылай келе, өз жұмысымның нәтижесіне көз жеткізу үшін мен бақылау кесіндісін жүргіземін. Бұл кесінді арқылы балалардың білім деңгейін байқап, анықтаймын. Сонғы 2 жылдың бақылау кесіндісінің қорытындысы бойынша балалардың білім деңгейі жылдан жылға көтеріліп келе жатқаны байқалады. Өйткені өз жұмысымда әр түрлі қызықты ойындарды қолданамын. Қызықты есеп арқылы балалардың қызығушылығы артып, ақыл-ойы жылдан жылға дамып келеді. Балалардың әрі қарай дамып жетілуі үшін осы тақырыпта жұмыстана беремін деген ойдамын.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше