Жаңа сабақтар

Қазақ деп өткен бір ғұмыр …

Алғаның адамдары

Алға ауданында аудан тарихында өзіндік ізін, нақты істерінің қолтаңбасын қалдырып кеткен азаматтар аз емес. Бір қызығы, мына жалған дүниеден кеше өткен кей адам бүгін уақыт тұманының астында қалып жатса, ал осындай ел үшін еңбек еткен тұлғалар есімі қайта уақыт өткен сайын іріленіп, тот баспайтын алтындай жарқырай түседі.

Олардың қатарынан аудан мәдениетіне, идеологиясына көп еңбек сіңірген Құттыбай Қалиевті (тіпті жиындарға қатысушылардың киген киімін де мұқият қарайт), ауданымыздың тек білім саласында ғана емес, сөз өнерінде де өзінің айшықты ізін қалдырған Асқар Блиевті (ол кісінің шымшыма әзілдерін жинақтап, жариялау- редакция жоспарында), кеше ғана өмірден өткен Есентай Тәңірбергеновті (қай істе де кірпияз, өте ұқыпты Есентай аға жайлы естеліктер редакция қоржынында да аз емес) көруге болады.

Өткен аптада ауданымыза еңбегі сіңген тағы бір тұлғаның есімі ұлықталды.

Ол ауданымыздың білім саласында көп жыл жемісті еңбек еткен Таңжарбай Зұлқарнайұлы Қанғожин.

… Аға-азамат рухын ұлықтаған Үшқұдық ауылының тұрғындары сол күнгі ауа райының сәл қытымырлығына қарамастан мектеп ауласына көп жиналыпты. Көзін көрген тұстастары бар, бірге жұмыс істеген әріптестері бар, шәкірттері бар, әйтеуір, кей жиындардағыдай нөсер астындағы қозыдай бытырамай, ауылдың тайлы-таяғы қалмай түгел келді.

Бұл шараның тағы бір ұтқан тұсы- ұрпақтары у-шу болып барып, жиын өткізіп қана қойған жоқ, осы басқосуға дейін мектепте көркем сөз оқудан, шығарма жазудан сайыстар ұйымдастырылып, спорттық додалар да өткізіліп, олардың бәрі сол күнгі мереке барысында қортындыланды.

1938 жылы Таңжарбай аға Алға ауданының Ерназар ауылында дүниеге келген. Әкесі Зұлқарнай көкірегі ояу, көзі ашық адам болды, соғысқа дейін колхозда есепші болып жұмыс істеген ол, 1942 жылы майданға аттанады да, сол соғыстан оралмады. Анасы Ілия колхоздың сауыншысы бола жүріп, әкесіз үш баланы-Орындық, Таңжарбай, Тыныштық- өзі өсіріп адам қылды.

Таңжарбай Зұлқарнайұлы 1953 жылы 7 класты бітіріп, Ақтөбе педагогика училищесіне түседі де, оны үздік аяқтап, өз туған мектебіне жұмысқа оралады. Сол уақыттан бастап ауданымыздың көптеген ауылдарында мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарады.

Кешегі кеңес кезін қазір қанша қараласақ та, бірақ сол кездегі Мұғалім мәртебесіне ешкімнің күйе жаға алмасы анық. Ауыл мұғалімдері тек өз шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, сол ауылдың ақсақалдар кеңесінің, зиялы қауым институтының де ролін абыроймен атқарды.

Таңжарбай аға да осындай мәртебелі міндеттерді абыроймен атқара білді.

Алайда Таңжарбай Зұлқарнайұлын елден ерекшелеп тұратын бір қасиеті бар еді- ол ағаның шынайы қазақтығы. Орман орыстың ортасында жүріп шәкірттерінің де, ауылдастарының да да арасында қазақ тілін, қазақ ділін, қазақтың әдет-ғұрпын сыналап, үлкен әдеппен, асқан шыдамдылықпен себезгілей білді. Саясаттың салқынына ұшыраған өз қаракөздеріміз де қазақы салт- дәстүрден, тіл мен ділден кіндігінен ажырап кеткен ол уақыт үшін мұндай көзқарас тек батылдық пен ұлтжандылық қана емес, тіпті кейбіреулердің теріс көзқарасын да қалыптастырғаны анық. Алайда Таңжарбай аға шаршамады-шалдықпады, аздан саз жасап, шәкірттерін, ауылдастарын, айналасын қазақтандыра берді, қазақыландыра берді.

Таңжарбай ағаның тағы бір адами қасиеті — айналасына жақсылық жасауға асығып тұратын ақжарқындығы еді. Кешегі дағдарыс кезеңі- тоқсаныншы жылдардың аяғында халық тұрмыс-тірлігінің күрт қиындап кеткені рас. Сол кезде өзі де шиеттей бала-шағасының қамымен шөп сатып, астық сатып жүріп, кешкі астың үстінде «пәленшенің үйінің отыны таусылып қалмады ма екен?», «түгенше ұнға тапсырыс беріп еді» деп ауылдастың қамын күйттеп отырады екен жарықтық.

Ауданда алғашқылардың бірі болып ұлттық салт- дәстүрді дәріптеп Наурыз тойлауға мұрындық болған да осы ағамыз. Ауыл адамдарының жылқысынан тай жинап, ауыл балаларына тайжарыс ұйымдастырған да осы ағамыз. Шілденің шіліңгір ыстығында елдің басын қосып тасаттық берген де осы ағамыз. Айта берсек, Таңжарбай ағаның қазақы ұстаным мен болмыс үшін атқарған осындай істері өте көп. Оның үстіне, өзі қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болған соң, тіл тазалығына аса мән бергенін қосыңыз.

Шүкір, қазір Үшқұдық ауылы қазақыланып болған, кешегі Богословка, Луговой деген атауларынан ажыраған, ауданымыздың белді бір округтерінің бірі. Осы бір мамыражай ауылдың қазіргі қазақы тірлігінде осы жердің топырағында табанының ізі қалған Таңжарбай Зұлқарнайұлы Қанғожиннің де азаматтық қолтаңбасы бары анық.

Ағаның өмірден өткеніне де жиырма жыл болыпты. Тірі болса, 80-ге келіп ақсақал-абыздық өсиеттерін айтып отырар ма еді?

Әке рухын ұлықтаған ұрпақтары мен ауылдастары Таңжарбай Қанғожиннің мемориалдық тақтасын ауыл мектебінің қабырғасына орнатты. Осы салтанатқа орай ауыл мектебінде өткізілген әртүрлі сайыс жеңімпаздарын аудан әкімі Н.Алдияров, Үшқұдық ауылдық округінің әкімі Б.Ақдәулетовтер тапсырды.

Мемориалдық ескерткіш-тақтаның лентасын қию құрметіне аудан әкімі Н.Алдияров пен Үшқұдық ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қадірлі ұстаз Қуаныш Мукушев ие болды.

Сайыстардың көркемсөз оқу, шығарма жазу саласында өтуі, спорттық ойындардың да асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындардан тұруы да… ұлттық болмыс пен ұлттық салт дәстүр үшін бар саналы ғұмырын арнаған Таңжарбай Зұлқарнайұлының шапқылап жүріп атқарған шаруасының жоғалмаған ізі, самала символындай болып көрінді бізге…

Шара Елеусіз,

Алға-Үшқұдық-Алға

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.