Гүлден ұрық шашылса…
Қарағанды қаласының №3″ Гимназия КММ ”
Жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімі
Абдисаматова Газиза Мырзаевна
Бала күнімізден есейген шағымызға дейін, тіпті, егде тартып, самайымызға ақ түссе де, жаныңа жақын тиетін «мұғалім» сөзін әрбір адам жиі айтатын шығармыз. Аты жиі қайталанатын осы бір мамандық иесі әркімнің жадында әрқилы естелік қалдырады да. Бірінің ойында ұстазы анасындай қадірлі, мейірімді жан ретінде қалса, ал басқа біреуі оны қабағы ызғарлы, баланы оқудан суытуға дейін барған, қатал адам ретінде ойына түсіреді. Бұл шындық. Өйткені адамзат баласы анадан жаратылғанда әртүрлі мінезбен туатындығы сияқты, әр мамандық иесінің мамандықты игерудегі алған білімі мен туа біткен мінезі оның кәсіби тұлғасының қалыптасуына әсер етеді.
Шын мәнінде, неліктен бір ұстаз баланың ойында жарқын бейнесімен есте қалады, ал басқа бірі неліктен азаппен өткен мектеп өмірін еске түсіреді? Біз, ұстаздар, осы жайлы ойланамыз ба? Өзіміз құлағын бұраған «үлкен механизмнің» ішіне үңіліп, мамандығымыздың тек қара домалақ баланың ғана емес, мемлекетіміздің өміріндегі маңызын байымдаймыз ба? Жаңарған мемлекет те, өзгерген қоғам да бүгінгі таңда біздің азаматтық және кәсіби тұлғамызға биік талап қойып, ұлы міндеттер жүктеп жатқан кезде, сол жүкті қыңқ етпей, нардай көтере аламыз ба?
Менің ойымша, бүгінгідей заманауи әлемдегі педагог қандай болу керек деп, шығарма жазғызып, ой толғандырудағы мемлекет тұтқан басты мақсат әр ұстаздың өзіне-өзі сын көзбен қарап, өзіне есеп беруі, осылайша таңдаған кәсібінің мән-мағынасын ой елегінен бір өткізуі болуы керек. Себебі шынтуайтына келгенде, бұл мамандықта кездейсоқ адамдарға орын жоқ. Құрылғының әр тетігін қалт жібермей, қадағалап отыратын, техник-инженерлер сияқты мұғалімдіктің де иесіне жүктер жауапкершілігі зор.
Ойлап көріңізші, шындығында да бар саналы ғұмырын шәкіртті оқытып-жеткізуге арнаған нағыз ұстаздың алдына келген әр балаға жұмсайтын күш-жігері, қажыр-қайраты, жан-жылуы мен сабыр-саламаты орасан көп! Оны математикалық өлшеммен кесіп-пішу де мүмкін емес. «Мектеп – екінші үй, ал ұстаз – екінші анаң» – деп айтатынымыз содан болар. Ата-ананың бота көзін жәудіретіп, қолынан жетектеп алып келген еркесін, жауқазындай жайқалтып, гүлдей жайнатып, өсіре білетін құнарлы топырақ болу – әр ұстаздың өз қолында. Ұстаздықтың салиқалы жолын таңдаған адам өмірінің жартысын ұйқысыз түндерге, ерінбей еңбек қылса, жемісін көрер күндерге, тайбурылдай баптаған шәкіртін қосар аламан бәйгелерге, бозбала-бойжеткен болып толысқан шағында үлкен өмірге шығарып салар қимас сәттерге дайын болуы керек.
Әрбір үйдің бір еркесі жиылған сыныбыма кіргенде мен күн сайын өзіме бір сабақ алып шығамын. Өйткені бала көңілі өтірік пен жалғаннан ада, оларға ұстаз тарапынан айтылған бір жалаң сөз, бір қисық әрекет ақ қағазға жазылған сиядай жадында мәңгілік жазылып қалады. Сондықтан нағыз ұстазға өзін оқушының орнына қоя білу қасиеті тән. Өз басым үйретуден жалықпаған күндерімнің, дәптер тексеріп, ертеңгі болар сабақты тәптіштеп, кеш жатқан күндерімнің зая кетпегенін білемін. Себебі өзің оқытушы болғаннан кейін, өмір бойы оқушы болу пешенеңе жаратылғанын мұғалімнен артық білер жан жоқ шығар, сірә! Мүмкін, ұстаз ретіндегі менің бақытым да осы ма деймін кейде өз-өзіме. Тынымсыз ізденіс, жаңалыққа құмарлық, өмірдің ағымымен бірге жүріп, оқушыға білімнің тәтті бұлағынан таттырып, ауыздандыру – міне, заманауи педагог мақсаты. Мұғалім болу – ол тек мамандыққа қызмет ету емес, ол өз алдына бір өмірлік, азаматтық ұстаным.
Өмірімде әлі қанша қоңырау үнін еститінім, әлі қанша сабақ өткізетінім маған беймәлім бір дүние. Алайда жүрегім соғып, қолыма қалам ұстай алар қауқарым болғанша, ертеңгі сабағыма дайындалу, сарыауыз үрпек «балапандарыммен» асыға кездесу мен үшін қуаныш та, жұбаныш та болары хақ. Өйткені құнарлы топырақтан гүл бітетінін, ұлағатты ұстаздан ұлт болашағы өркендейтінін жақсы сезінемін. Ұлтымның, елімнің, туған Отанымның болашағын тәрбиелеу, еңбегіммен еліме қызмет қылу – істердің ең ұлы да мәртебелісі деп ойлаймын. Төменгідей жүрегімнен шыққан жыр шумақтарында мамандығымның мәні мен мағынасын мен былайша айтуға тырыстым:
Көп ізденіп, жұрт білмейтін сырды ұғу,
Шәкірттермен бір мұңаю, бір күлу.
Ұстаздық бұл – шырын жию, гүл жию,
Ұстаздық бұл – саналарға нұр құю.
Ұстаз жолы – қиындықты жеңгенге,
Ұстаз жолы – өз күшіне сенгенге.
Тек шыдамды мақсатына жетеді,
Жол жоқ мұнда жалқау, қорқақ, менменге…
