«Шахмұрат Құлыбеков – Ырғыздан шыққан алғашқы ағартушы, ұстаз
Ақтөбе қаласы, Үш тілде оқытатын № 21 орта мектеп-гимназиясы
Секция: Қазақстан тарихы
Тақырыбы: «Шахмұрат Құлыбеков – Ырғызан шыққан алғашқы ағартушы, ұстаз
Орындаған: Абдрахимова Дильназ 7 «а» сынып
Ғылыми жетекшісі: Сарсенбаева Саулет Жамаладиновна, тарих пәні мұғалімі
Ғылыми кеңесшісі: Шәмші Бауыржан Исаұлы. Ақтөбе қаласы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі
М А З М Ұ Н Ы
КІРІСПЕ …………………………………………………………………..…..….
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»- «Туған жер» бағдарламасы
- АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ XIX ҒАСЫРДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ДАМУЫ
- Ақтөбе өңіріндегі алғашқы мектептер
- Мектептер жаңа сатыда
2. ШАХМҰРАТ ҚҰЛЫБЕКОВТЫҢ ӨМІРБАЯНЫ
2.1 Шахмұрат Құлыбековтың отбасы
2.2 Шахмұраттың Орынбор мектебіндегі оқуы
3.ЫРҒЫЗДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ІСІНДЕГІ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ ЖӘНЕ ШАХМҰРАТҚҰЛЫБЕКОВ ТҰЛҒАСЫ
3.1 Ырғыз өңірінен ашылған мектеп
3.2 Шахмұрат атамыз кеше, бүгін, ертең
…
ҚОРЫТЫНДЫ ……………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ………………………………………………….
КІРІСПЕ
«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі». – Н.Назарбаев.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасымыздың мақаласы мені терең ойға қалдырды, әсіресе «Туған жер» бағдарламасы зор әсер қалдырды. Мен де туған жерімді сүйемін, аялаймын, тарихына, табиғатына сүйіспеншілікпен қараймын. Мені әркез туған өлкемнің тарихы қызықтырады, кімдер өмір сүрген, қандай оқиғаларды басынан өткізген, танымал тұлғалардың ерекше танымға толы ғибратты өмір жолдары толғандырады.
«Қазақстандағы 100 есім жаңа есім» жобасымен таныса отыра, ойға қалдым, «Ақтөбе өңірінен 100 жаңа есім» жобасы жасалса, қандай тұлғаларды қосуға болады екен деген сауал қызықтырып, мені ізденіске итермеледі. Мен туған жерімнің тарихынан саналы, ғибратты ғұмыр кешкен, еліне аянбай қызмет еткен, әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосқан, ең алғашқы… деген тұлғаларды іздей бастадым. Өлкемізге танымал тарихшы, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай ағаймен хабарласып, осы сұрақ төңірегінде сұхбаттастық. Бекарыстан ағай осы сұхбат барысында Шахмұрат Құлыбеков деген есімді атады. Мен Шахмұрат Құлыбеков есімін бұрын естімеппін, зерттеуге бел будым, себебі ағай мені елең еткізген, қызықтырған деректі айтты, ол Шахмұрат атаның Ы.Алтынсаринмен бірге Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітіргені, Ақтөбе өңірінде алғаш ашылған мектепте ұстаз болуы.
Шахмұрат Құлыбеков – өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген аса қажырлы қоғам қайраткері. Шахмұрат Құлыбеков қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында із қалдырған тұлға. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Ақтөбе өңірінде тұңғыш қазақ мектебін ашып, балаларды оқуға шақырды. Сөйтіп, ұлы ағартушы — ұстаз халқымызды білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бойыңдағы бар күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, соған бүкіл саналы өмірін арнады.
Жұмыстың өзектілігі: Шахмұрат Құлыбеков – ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде қазақ балаларын оқуға шақырудан тынбаған, сол арқылы қазақ балаларының надандық қамытын киюіне жол бермеген бірден-бір тұлға болып қала бермек. Сондықтан, Шахмұрат атамыздың ісін жалғастыратын, арманын орындайтын біздер үшін осы жолдан өту үлкен құрмет және зор міндет.
Жұмыстың мақсаты: халқын қалтқысыз сүйген, сол кездегі аянышты халіне күйінген, болашағына зор үміт артқан Шахмұрат атамыздың өміріне, шығармашылық жолына және ғылыми жетістікеріне шолу жасау және қазіргі уақыттағы қазақ жастары үшін Шахмұрат Құлыбеков қалдырған ағартушылық үлгісі өзекті болып табылатынын көрсету.
Жұмыстың міндеттері: қойылған мақсаттан шыға отырып, келесідей міндеттер қойылды және шешілді:
- Шахмұрат Құлыбековтың шыққан тегі мен қызметін қарастыру;
- ғылыми зерттеу салаларын анықтау;
- аудармаларын зерттеу;
- қазіргі уақыттағы Шахмұрат Құлыбековтың еңбектерінің рөлі мен маңыздылығын көрсету.
- Шахмұрат Құлыбековтың есімін қайта жаңғырту мақсатында Ақтөбеде немесе туған өлкесі Ырғызда мектепке, көшеге есімін беру,
Күтілетін нәтиже:
● Шахмұрат Құлыбеков есімі жаңғырады, жас буынға жеткізіледі
● Шахмұрат Құлыбеков өмір жолы әрі қарай да зерттеле береді
● Шахмұрат Құлыбеков туралы кітап шығару
1 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ XIX ҒАСЫРДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІҢ ДАМУЫ
- Ақтөбе өңіріндегі алғашқы мектептер
Керуен жолының үстінде жатқан Қарақамыс, Көкжар елі көршілер ісіне қанық еді. Кезінде, Темір уезі Орал облысына қарады. 1833ж. Жəңгір хан ордасындағы жəрмеңкеден көршілер тыс қалмады. Бару-келу, алыс-беріс ұлғайды, 1841ж Жəңгір ханның тілегіне сай ашылған Орда мектебі туралы хабар айналаға тез тарады. Ауыл ауқаттыларының арқасы күжірейіп, мешіт-медреселермен қатар мектеп арқылы да оқу, сауат ашу ісімен айналыса бастады. Отырықшылар-ауылдық мектептерде, жаз жайлау деп көшіп қонғандар – көшпелі ауыл мектептерінде оқуға кірісті.Жаңалық Патшалық Ресейдің қытығына тиді. Əйтсе де оқу мəселесін қолдады. Бірақ өз мақсат-мүддесіне қарай бұрды. Онысы – отарлық иелікті нығайту болатын. Жəне осы ниетке қызмет ететін шенеуніктерді қазақтар арасынан дайындауды көздеді. 1844ж. мектеп ашу ісіне бет бұрды. Бірақ ел, жұрттың өтінішіне шыдамай Орынборда қазақ балалары үшін «Погранкомиссия» жанынан əзер дегенде 1850 ж.мектеп ашқан болатын. Онысын 1869ж. жауып тастады. Əлгі мектепті оқып бітірген 48 қазақ баласының бірі – Ы.Алтынсарин еді.
- Мектептер жаңа сатыда
Патша үкіметі «түземдерді» оқыту, сауатын ашу ісін басқаруды жəне 1860ж. Торғайда қазақ балалары үшін мектеп ашуды Ы.Алтынсаринге міндеттеді. Патша үкіметінің қазақ арасындағы оқу ісін əрі итеріп, бері қыңырлығына, тежеуіне қарамай бұл іске ол тікелей араласты. Тыңнан жол салу оңай болмады, десе де 1864ж (8 қаңтар) құрамында 14 оқушысы бар Ырғыз бастауыш мектебін ашады. Орынборда өзімен бірге оқыған Шахмурад Құлыбеков мұнда алғашқы мұғалім болады. Бірақ бұл бастауыш мектеп 1869ж жабылып қалады, себебі 1868 ж «Дала өлкесін» басқарудың жаңа реформасы – оқу ісін жаңа арнаға – отарлау саясатын жүзеге асыру жолына бағыттады. 1879 ж. Ы.Алтынсарин Торғай облысы бойынша мектептер инспекторы болып тағайындалады да, сол бойда оқу ісін қайта жандардырады. 1879 ж. Ырғызда училище ашады. Григорьев пен Спиридоновты мұғалім етіп белгілейді. 1881 ж. Ақтөбеде (ілкіде Бөртеде болған, мұғалімі – Мазохин) мектеп ашады.
Сол жылдардағы оқушылар саны:
Жылдар Ырғыз Ақтөбе
1880 53(23прих) —
1881 53(28прих) 30
1882 50(26прих) 37(12прих)
1883 50(26прих) 25(10прих)[1]
Ал 1887ж Қарабұтақта (болыстық) мұғалімдері: Меркурьев, Истлеуов; Ырғызда орыс-қазақ училищесін ашады. Бұл кезде Ақтөбе маңында Қазірет ауылында (1876) мектеп үйі салынып, жергілікті балалар оқу бастаған. 1890 жылдары Темір уезінде 4 мектеп болған: Жиренқопа, Қалмаққырған, Ойыл, Темір. Мұнда 270 оқушы оқыған. Мұғалімдері: Е.Врачев, Қошқарбаев, Жұлдызов, Н.Шабанов, А.Романов. 1887 жылы 15 қыркүйекте Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі ашылып, онда 17 қыз қабылданады. Бір жылдан кейін осы мектеп жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат үйі ашылады. Интернаттағы оқып жатырған қазақ қыздарына сол кездегі Ырғыз қаласының зиялылары ерекше қамқорлықпен қарайды. Әсіресе Сұлтан Әлмұхамбет Сердалин мен уез бастығының әйелі Гайжевская қазақ қыздарының тілді меңгеруіне, сабақ үлгеріміне, киім-кешегіне, өзге ұлттармен етене жақын араласуына көп көмек еткен. Бұл ел қамқоршыларының ұлт санасын оятып, ұлт интеллигентін қалыптастыру барысындағы игі істерінің бір парасы ғана.
Сөйтіп 1893-1905ж. Ақтөбе, Ырғыз уездері өңірінде 14 ауылдық мектеп ашылды.
2. ШАХМҰРАТ ҚҰЛЫБЕКОВТЫҢ ӨМІРБАЯНЫ
2.1 Шахмұрат Құлыбековтың отбасы
Шахмұрат (кейбір деректер бойынша Самырат)Құлыбеков (шамамен 1837-1838жылдарда дүниеге келген)- ағартушы, өз заманының ілгері басқан қайраткері, мектептердің ашылуына себепкер болған адам.
Шахмұрат атамыздың ұрпағының деректері бойынша:
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 2014 жылғы наурыздың 17-сі күнгі нөмірінде Мейірхан Әттиевтің «Тұңғыш мектеп» деген мақаласы жарияланды. Бұл материалда облыстағы тұңғыш мектептің ашылуына ұйытқы болған Шахмұрат Құлыбеков туралы жазылған. Мен Шахмұрат Құлыбековтің ұрпағымын. Өзім естіген бірлі-жарым деректерді келтіргенді жөн көрдім.
2009 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Құмкешу ауылына бардым. Онда құдам, белгілі оюшы, қолөнер шебері Шөптібай Байділдиннің үйінде бір ақсақалмен бірге қонақта болдым. Ол кісі әңгіме арасында Құлыбек ата туралы аз-кем дерек білетінін айтты. Құлыбек атамыз Қостанай өңіріндегі беделді, ауқатты адамдардың бірі болыпты. Патшадан шен алған. Жезқазған облысындағы Сарысу өзенінің бойында үлкен қорым бар. Сондағы ең үлкен сағана Құлыбек атамыздікі екен. Мұндай зираттарды бұрынғының қазақтары киелі деп есептеген.
Менде әкемнен жазып алған Құлыбектен тарайтын ұрпақтардың шежіресі бар. Естуімше Құлыбектің 9 баласы болған. Қостанай облысы Аманкелді ауданында 5 баласының ұрпақтары болуы керек. Қалған төртеуі 1863 жылы Ырғыз уезіне Шахмұратпен бірге ағалары Баймағанбет, Баймұрат, інісі Жүсіп көшіп келген. Олар Ырғыздан 12 шақырым қашықтықтағы Қалалыкөл қыстағынан шығысқа қарай 6-7 шақырым жерде Шахмұрат көлі деген жайлауды қоныстанған. Қазір сол көл жиегінде аталарымыздың үлкен қорымы жатыр. Қорымның басына барып аталарымның рухына құран бағыштағанымда арабша жазылған бірнеше белгі тасты көрдім.
Шежіреші марқұм Мұханбетқали атамыздың айтуынша, Шахмұрат атамыз ұзын бойлы, денелі, ақ шашын артына қайырған сақалды кісі болыпты.
Білуімше, Шахмұрат атамыздың Жақып деген жалғыз баласы болыпты. Ол кісі жырау болған екен. Жақып атамыз 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына кетіп, қайтып оралмаған. Жақыптан Күләш, Күләй деген екі қыз қалған. Күләш апай Шалқарда тұрған. Ал Күләй апай Әйтеке би ауданының Басқұдық ауылындағы Жанкүшік деген кісімен отау құрған. Ол кісі 1958 жылы қайтыс болды. Күләй апамыз өле-өлгенінше әкем Жаппар, шешем Ралішпен сыйласып, төркінім деп қатынасты. Жездеміз Жанкүшік те жақсы адам болды. Олардың Кеңпейіл, Рая деген ұрпақтары Басқұдық ауылында тұрады.
Мақалада көрсетілген Әбдірахман Құлыбеков – Шахмұрат атамыздың ағасы Баймағанбеттің баласы. Шахмұраттың ағасы Баймұраттың балалары – Абдолла мен Сақтағанның ұрпақтары Алматы облысында тұрады. Ал ағасы Баймағанбет пен інісі Жүсіптің ұрпақтарының дені Ақтөбе облысында тұрады.
Мен Марат Ысқақов – Баймағанбеттің шөбересімін. Қырық жылдан астам уақыт бойы ұстаздық еңбек еттім. Әйтеке би ауданы Басқұдық селолық округіндегі Мамыт орталау мектебінде, Басқұдық орта мектебінде директор болдым. «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымының, ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып, 2013 жылдан бері зейнет демалысына шықтым. Қазір Ақтөбе қаласында тұрамын. Шахмұрат атамның халыққа сіңірген еңбегіне құрметпен қарап және әруағына басымды иіп кіші немеремнің атын Шахмұрат деп қойдым.
Облыстық «Ақтөбе» газетінде жарық көрген Мейірхан Әттиевтің «Тұңғыш мектеп» мақаласындағы ұсынысты қолдаймын. Шахмұрат Құлыбековтің есімін облыс орталығындағы мектептердің біріне берген дұрыс.
2.2 Шахмұраттың Орынбор мектебіндегі оқуы
Қазақ жастарына орысша білім, тәрбие беруде 1850-1869 жылдары жұмыс істеген Орынбор Шекаралық комиссиясы жанынан ашылған қазақ мектеп-интернаты ерекше рөл атқарды.
Шекаралық комиссия Кіші жүздегі сұлтандар мен дистанциялық бастықтары жанында іс жүргізе алатын, сонымен қатар тек қазақтар ғана тағайындалатын қызмет орындарында жұмыс істеуге қабілетті қызметкерлер даярлау үшін 1844 жылы 14 маусымда арнаулы ереже қабылдайды. Дегенмен, түрлі себептермен мектеп 1850 жылы 22 тамызда ашылады. 7 жылдық мектеп 19 жыл жұмыс істеді. Бастапқы жылы онда 20 шәкірт оқыды. Оларға 3 мұғалім сабақ берді. 1859 жылы 40 бала тәрбиеленді. Ал мұғалімдердің саны 9-ға жетті.
1862 жылы мектептің оқу мерзімі 6 жыл болып қысқартылды. 1869 жылы мектеп жабылып қалды.
Орынбор қазақ мектебін 19 жыл ішінде 48 жас бітіріп шықты. Олардың кейбіреулері Шекаралық комиссияның өзіне жұмысқа қалдырылды. Бірқатары өз еліне барып, жергілікті әкімшілік-басқару аппаратында еңбек етті. Кейбірі 1860 жылдары Қазақстанда жаңадан ашылған мектептерде сабақ берді. Мысалы, осы мектептің алғашқы түлегі Нұрым Мұңсызбаев Тройцкіде ашылған қазақ мектебінде дәріс берді.
1859 жылы Шекаралық комиссияның төрағасы В.Григорьев генерал-губернаторға 4 бекіністе мектеп ашу қажеттігін айтып, оның толық жобасын ұсынады. Генерал-губернатор 1862 жылы мектеп үйі салынып болуын күтпей-ақ, алғашқы 2 бекіністе жеке үйлерде бала оқыта беру керектігін айтып, облыстық басқармаға ұсыныс жасайды. Сөйтіп, облыс басшылары Орынбор бекінісіне (Торғай) — Ыбырай Алтынсаринді, Орал бекінісіне (Ырғыз) — Шахмұрат Құлыбековті оқытушылыққа бекітеді. Екеуіне де басқарманың аударма қызметі қоса тапсырылады.
1864 жылы 8 қаңтарда Орынбор бекінісінде мектеп құрылысы аяқталып, оқу салтанатты түрде ашылады. Осыған байланысты ат жарысы ұйымдастырылып, халыққа қонақасы беріледі. Мектепке 13 (кейбір деректе — 14) бала қабылданады.
Облыстық басқарма 1864-1865 оқу жылының қорытындысында бағдарламаны жақсы меңгерген үздік оқушыларға кітаптар сыйлайды.
Орынбор мектебін кейінірек бітірген жастардан Байқадам Орынбаев, Ізтілеу Жақсыбаев, С.Нұрмұханбетовтер де мектептерде қызмет істеді. Сонымен қатар бұл мектепті 1857 жылы бітірген, еңбек жолын Орынбор Шекара комиссиясының кеңесінен бастаған Мірғали Бақтияров қазақ халының рухани мұраларын зерттеп жүрген орыс ғалымдарына көп көмегін тигізіп, игілікті іс тындырды.
Қазақ халқының оқу-білімін дамытуға үлкен үлес қосқан осы оқу орнының ғимаратында қазір №3 негізгі жалпы білім беру мектебі орналасқан.
Орынбор Шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балалары оқитын мектепке басшылық жасау жөніндегі нұскаудың бірінші, екінші параграфтарында оқушылардың қазақ сұлтандары, би, старшындары мен карапайым отбасынан шыққандарының барлығы үкімет қарауына беріліп, мектепке тәрбиеленушілер қабылдау екі жыл сайын 22 тамызда жүргізілуі керектігі жазылған [1, 7 п.].
Нұсқаудың үшінші параграфында ордалықтар балаларын мектепке орналастыру үшін билеуші сұлтан мен Орынбор Шекаралық комиссиясына өтініш берулері тиіс екендігі көрсетілсе, төртінші параграфында мұсылмандық ғибадатты атқарушыны Орынбор рухани мұсылмандар жиналысы таңдап, шекаралық комиссия ұсынысымен Орынбор әскери губернаторы бекітуі тиістігі, бесінші параграфында сабақ беретін мұғалімдерді орыс және татар тілдерін, көркем жазу мен арифметиканы жетік меңгерген Орынбор Неплюев кадет корпусы оқытушылары мен осы оқу орнында білім алғандар арасынан, немесе Қазан университетін бітірушілер қатарынан таңдап, оларды Орынбор әскери губернаторы рұқсатымен бекіту керектігі көрсетілген[1, 7 қ.п.]. Сондай-ақ гимнастика сабағын өткізу де жоспарланып, оған мұғалім Неплюев кадет корпусынан шақыртылыпты [2. 216 б.].
Орынбор шекаралық комиссиясының жанындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп туралы ережеде (14 маусым, 1844) мынадай пәндер оқытылуы керектігі көрсетілген: Мұхаммед заңдары, орыс тілі, оқу, таза жазу мен грамматика; Арифметика және есеп шотта санау тәсілі; татар тілі, іс жүргізу тәртібі және орыс тілі мен татар тілінде іс қағаздарын жазу.
Татар тілінен колледж хатшысы Бекчурин, орыс тілі мен арифметикадан титулярлық кеңесші Костромитинов, Мұхаммед заңынан Орынбор мешітінің ахуны Мусин сабақ берген. Дүйсенбі, сейсенбі күндері сабақ 9ºº-де басталып, сағат төртте, сәрсенбі, бейсенбіде сабақ сағат 9ºº-де басталып, 11ºº-де аяқталған. Сенбі, жексенбі күндері сабақ 9ºº-де басталып, сағат төртте аяқталған. [1, 9 – 9 қ.п.; 10 п.].
Аптасына өтетін 20 сабақтың сегізі орыс тілінде, алтауы татар тілінде жүргізілген.
Қазақ тілі атымен жоқ. Бұдан ХІХ ғасырдың 50-80 жылдарында қазақ даласында татар тілінің іс-қағаздар тілі болғанын, қазақ тіліне мән берілмегенін аңғару қиын емес. Бұл тілін ұмыттырып, дінінен тайдыру, ділінен айыру, сөйтіп шоқындыру айла-тәсілі еді.
Мектептің ашылу салтанаты жайында А.В.Васильев «Торғай облысындағы халық ағарту ісі және оның қазіргі күйі туралы очеркінде»: «Шекара комиссиясы жанындағы мектеп 1850 жылдың 22 авгусы күні салтанатты түрде ашылды, оған қырғыздардың барлық игі жақсылары, оқушылардың ата-аналары мен өзге туған-туысқандары қатысты, олардың бәріне мектепте қонақ асы берілді, сол қонақ асыға Орынбор қаласының барлық білікті адамдары қатысты, – деп жазды, – 23 күні қырғыздарға арналып, қаланың сыртында, халықтық мереке өткізілді, онда ат жарыс, күрес, жаяу жарыс өткізілді, қонақ асы берілді; түнге қарай фейерверк жағылды, оған дала тұрғындары таң-тамаша болып қарады»
Бақылаушылар жалақысы – 400 сом; орыс тілі, көркем жазу, арифметика мұғалімінің жалақысы – 250 сом; татар тілі мұғалімінің жалақысы – 250 Мұхаммед заңдарынан оқытушы ахунның жалақысы – 100 сом; екі унтер – офицер әрқайсысы 80 сомнан 160 сом алып отырған. Барлық жалақы мөлшері жылына күміс 1110 сомды құрады. Тәрбиеленушілерді қамтамасыз ету үшін: тамаққа әрқайсысына 36 сомнан бөлгенде 1080 сом, киімге әрқайсысына 25 сомнан 750 сомды құрады. Барлығы – 1830 рубль. Жылу мен жарыққа, қызметкерлер жалдауға және басқа да шығындарға – 1000 сом. Штатқа бөлінген жалақының жалпы көлемі: 3940 сом болды [4].
1859 жылдан бастап мектепте орыс тарихы, математика, жалпы және орыс географиясы мен геометрияны оқыту енгізілді. Оқу құралдары Халық ағарту министрлігі тарапынан қамтамасыз етіліп отырды. Бірақ сонымен бірге оқу орнының жарғысы бойынша мұғалімдер губерния туралы, оған қоса егін шаруашлығы жайлы мәліметтерді қосып, тарихи, метеорологиялық, топографиялық және статистикалық жазбалар жүргізуге міндеттенді.
Оқуға Орынбор өлкесінен 30 оқушы қабылданды. Олардың аты-жөні, неше жаста, кімдердің балалары екендігі Орынбор шекаралық комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп туралы ережеде таблица жасалынып берілген: Ибраһим Алтынсарин – жасы он бірде, әскери старшина Балғожа Жаңбыршиннің немересі, Едіге Айтоқин жасы он екіде, дистанциялық басшы Айтоқаның ұлы, Тілеу-Мұхаммед Саматов – жасы он екіде, Самат Әбілғазы Сұлтанның, Жүсіп Құлқаев – жасы он екіде, Құлықай Жәнібеков Сұлтанның (қайтыс болған), Смайыл Хисамутдинов – жасы он үште, құрметті қазақ Хисамутдин Байгиловтің, Ихсан Хисамутдинов – жасы он екіде, құрметті қазақ Хисамутдин Байгиловтің, Жақып Аманкелдин – жасы он екіде, би Мұңсызбай Сағыровтың, Қалиолла Құнанов – жасы он бірде, жергілікті басшы Құнан Тілеубердиннің, Момын Байдасов – жасы он екіде, Сегізбай Асқартов – жасы он бірде, Жолмұхамед Байжанов – жасы он екіде, Қалжан Қаржасов – жасы он екіде, Шахмұрат Құлыбеков – жасы он үште, Смағұл Битазов – жасы он бірде, Шаймұрат Көшербаев – жасы он үште, Аманжол Ұзақбаев – жасы он бірде, Құдабай Көпбергенов – жасы он төртте, Жұмағұл Жамбаев – жасы он екіде, қарапайым қазақтардың балалары. Бекболат Күнгірбаев – жасы он бірде, Тілеубай Жамантаев бидің туысы, Сүлеймен Мұхамедғалиев – жасы он бірде, Орданың батыс бөлігінің билеуші – сұлтаны әскери старшын Мұхамедғали Тяукиннің, Сағиткерей және Әділкерей Күсепқалиевтер – жастары он төртте, Хурунжи Сұлтан Күсепқали Ормановтың, Өтебай Бердалин – жасы он төртте, Сұлтан Бердалы Сариевтің, Қаншуақ Байтоқов – жасы он бірде, би Байтоқ Айбасовтың, Аймұхамбет Шолақов – жасы он екіде, жергілікті басшы Шолақ Айбасовтың балалары [1, 1 – 4, 7 п.].
Бұл тізімдеме 26 оқушының аты-жөні бар. Ал қабылданғандар саны – 30 шамасы үш бала сәл кейін қосылған тәрізді. Өйткені олардың аты-жөні мектеп бітіргендердің ішінде бар. Олар – Тоқтамыс Қосуақов, Айтмұхамед Дербісов және Мырзағали Бахтияров.
Мектепте 1857 жылы 20 қазақ баласы оқып шықса, солардың бесеуі – Шахмұрат Құлыбеков (Ақтөбенің Ырғыз ауданынан), Тоқтамыс Қосуақов (Ақтөбенің Темір ауданынан), Нұрым Мұңсызбаев (Қостанайдан), Ибраһим Алтынсарин (Қостанайдан), Шаһмұрат Көшербаев (Қостанайдан) үздік бітірген. Бұл бес балаға да 1858 жылы 8 қазанда Орынбор жеке корпусы бұйрығымен Муафик – Хорунжий лауазымы берілген (Хорунжий – әскери шен. Оған зауряд қосылса, әскери емес, билеуші).
Қалған он бес оқушы: Аймұхаммед Дербісов (Қостанайдан), Халиолла Қожанов (Қостанайдан), Мерғали Бахтияров (Оралдан), Момын Байдосов (Қостанайдан), Әділгерей Күсенғалиев (Оралдан), Ханшуақ Байтоқов (Оралдан), Сақыпкерей Күсенғалиев (Оралдан), Сегізбай Ақсартов (Қайдан екені жазылмаған), Қалжан Қаржасов (Қостанайдан), Құдабай Көпбергенов (Қостанайдан), Едіге Айтоқин (Қостанайдан), Тілеумағанбет Саматов (Ақтөбеден), Өтебай Бердалин (Оралдан), Сүлеймен Мұхамедғалиев (Оралдан), Жолмұхаммед Байжанов (Қостанайдан) [5].
Мектепті бітіруге тиіс 20 бала болса, олардың 8-і келесі жылға қалдырылады.
Орынборға Ыбыраймен бірге Жанбайұлы Жұмағұл, Байдосұлы Момын, Амангелдіұлы Жақып, Айтоқаұлы Едіге, Байжанұлы Жолмұқанбет, Мұңсызбайұлы Нұрым, Ақсартұлы Сегізбай, Қаржасұлы Құлжан, Көпбергенұлы Құдабай, Көшербайұлы Шамұрат барады.
1859 жылы бұрынғы Шекара комиссиясы Орынбор облыстық басқармасы делініп өзгертіледі. Осы басқарма жанындағы мектеп оқушыларының саны қырыққа, 1863 жылы елуге жеткізіледі. Мектеп 1868 жылы 2 желтоқсанда жабылады. 19 жылда 48 бала бітіріп шығыпты.
1888 жылдан 1901 жылға дейін Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаятының газеті» қазақтардың ұлттық саясатын оятатын дерек көздері басылуы себепті, бұл құбылыстан сескенген профессор Ильминскийдің ұсынысы бойынша жабылып қалған еді» [М.Мырзахметұлы], сол сияқты бұл мектептің жабылу себебін де түсінуге болады.
Төрт бала Орынбор Шекара комиссиясында қызметке қалдырылады да, көбісі дистанция бастықтарына хат-қағаз жүргізуші болып тағайындалады. 1857 жылы үздік оқыған – Ыбырай Алтынсарин, Нұрым Мұңсызбаев пен Шахмұрат Құлыбеков жаңадан сахарада ашылған мектептерге сабақ беруге жіберіледі. Ыбырай Орынбор бекінісіне (Торғайға), Шахмұрат Орал бекінісіне (Ырғызға), Нұрымның қайда жіберілгені белгісіз. Ильминский Ыбырай жайындағы естелігінде үшеуінен басқа тағы бір адамның мұғалімдікке жіберілгенін айтады, бірақ аты- жөнін атамайды.
Жолмұқанбет Байжанов оқуды бітірген соң 1862 жылы қыркүйекте Орынбор – Самарск генерал-губернаторының шешімімен Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмәш етіп жіберіледі. жасы 25 те. Бұрынғы Звернноголовск бекінісінің маңайындағы өртті сөндіріп, ерлік танытқаны үшін Орынбор және Самарск генерал-губернаторының қолынан шұғадан тігіліп, алтын жалатылған кафтан алады [6, 277 б.].Бибісара Мұстафина деген татар қызына үйленеді [7].
Х.Байтоқов 1857 жылы 14 қазанда 8 қазақ дистанциясының екінші жартысының бастығына хат-қағаз жүргізуші қызметіне жіберіледі. 1862 жылы 12 сәуірде 8 қазақ дистанциясының бірінші жартысының бастығы болып тағайындалады. 1864 жылдың 2 шілдесінде Орынбор-Самарск губернаторының тілмашы, 1864 жылдың 20 шілдесінде Орынбор жеке корпусының №201 –бұйрығымен үздік қызмет үшін зауряд-хорунжий шені беріледі [6, 278-279 б.б. ].Осы кітапта «Ө.Бердалин төре тұқымынан, жасы жиырмада. Ата-анасымен бірге тұрады. Шыңғырлау өзені бойын жайлайды, қыста зотон корпусының қарсы бетін қыстайды. Орыс және татар тілдерін біледі, 17 шілде, 1857 жылы Орынбор Шекара комиссиясы жанындағы қазақ балаларына арналған мектепті бітірген. 8928 номерлі куәлігі бар» [6, 268 б.] ,-делінеді.
А.Шолақов «Табын руының Абыз бөлімінен, жазда Шаңғырлау өзені бойын жайлап, қыс Елек қаласы маңында болады, ата-анасының жанында, жасы 22-де, орыс және татар тілдерін біледі. Орынбор шекарасы жанындағы қазақтарға арналған мектепте тәрбиеленген, үйленген, бір қызы бар», – деп жазылыпты.
Аймұхамед Шолақов – даланың Батыс жағы билеушісінің көмекшісі зауряд-хорунжиий Шолақ Айбасовтың ұлы. 1873 жылы қазақ альфавитін жасау үшін комиссия құрылғанда оны жасауға Ы.Алтынсаринмен бірге ұсынылған Ержан Шолақовтың інісі. Ал, полковник Мұхамедғали Таукиннің ұлы Сүлеймен Мұхамедғалиев аталған мектепті тәмәмдағаннан кейін Орынбордағы Неплюев әскери училищесін бітірген
Шахмұрат Құлыбеков – Қазіргі Ақтөбе облысы аймағында бірінші рет 1864 жылдың 25 қазанында Ырғызда бастауыш мектеп ашылып, сонда бірнеше жыл мұғалім болған. Мектепте 14 бала оқыған. Мектепте сабақ беруге жағдайы келмегендіктен Шекара комиссиясына тілмаш болып орналасыпты.
Тоқтамыс Қосуақовты оқуды бітірген жылы 28 қазанда Орынбор облыстық 57 қазақ дистанциясына хат-қағаз жүргізуші етіп жібереді. Сол 1857 жылы 12 желтоқсанда облыс басқармасында практикадан өтіп келіп 1858 жылы 8 қазанда зауряд-харунжий шеніне жоғарлатылады. 1860 жылы 57-қазақ дистанциясының бастығы болып, 1862 жылы 1-мамырда он бірінші дистанцияның бастығы қызметіне ауыстырылады [8].
«…Тоқтамыс Қосуақовқа бір қақтығыста орыс әскерінің оғы өндіршегінен тиіп содан қаза болыпты, басқаларының қандай қызметте болғандары белгісіз» [9, 120-121 бб.].
Торғай облысының ауылдары мен қалаларында мектеп ашуға Ыбырай Алтынсарин қаржы жинағанда 4 адамның бірі болып Құлыбековтің 100 сом ақша бергені айтылады.
1887 жылы 15 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының орталығында бір кластық әйелдер училищесі ашылып, оған алғаш 17 қыз қабылданыпты. 1888 жылы училище жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат ашылған. «Бұл училищеге Қостанай, Торғай, Ақтөбе уездері қазақтарының қыздары да келіп оқыған. Осы училищенің ашылуына Ы.Алтынсарин бастаған қазақ зиялылары атсалысқан. Олардың арасында Әлмұхамед Сейдалин, Шахмұрат Құлыбеков рухани қолдап, қаражаттай да демеушілік көрсетіп отырған» [10].
1859 жылдың қысында Н. Ильминский қазақтың атақты жырауы Марабай Құлжабайұлынан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп шығарғаны белгілі. Марабайдың айтуымен жырды татар әрпімен қағазға түсірген осы Ш.Құлыбеков екен. Бұл жайында Н.И.Ильминский Ы.Алтынсарин жайындағы естелігінде былайша сыр шертеді: «1859 жылдың қысында батыс жақтағы Марабай (суырып салма, шешен) жайында естіп, В.В. Григорьевтен Орынборға шақыруын өтіндім. Бірақ жайлы пәтер, қазынаның тегін күтіміне қарамастан дала ақыны өзін бұл жерде тордағы құстай сезініп, қаладан кеткенше асықты. Марабайдың айтуымен Құлыбеков татар әріпімен «Ер Тарғын» жырын әрең дегенде жазып үлгірді». Бұл айтылғандардан біз Шахмұрат Құлыбековтің де Ыбырай сияқты қазақ балаларының оқып, білім алуына жағдай жасағанын, мұғалім болғанын, мектептерге үнемі жанашырлық жасап, өз қалтасынан қаржы-қаражат беріп отырғанын, сауаттылығын байқаймыз.
3.ЫРҒЫЗДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ІСІНДЕГІ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ ЖӘНЕ ШАХМҰРАТҚҰЛЫБЕКОВ ТҰЛҒАСЫ
3.1 Ырғыз өңірінен ашылған мектеп
1862 жылы Орынбор қазақ мектебінің алғашқы түлектері Ыбырай Алтынсарин —Торғайға, Шахмұрат Құлыбеков — Ырғызға оқытушылыққа бекітілген. Шахмұрат Құлыбеков 1863 жылы Ырғызға мектеп ашу мақсатымен келген. Ол да Ыбырай сияқты бастапқыда балаларды үйде оқыта бастайды. Оның ұйытқы болуымен 1864 жылы қазанның 25-і күні бастауыш қазақ мектебі салтанатты түрде ашылады. Үлкен жиынға қазақ ауылдарының халқы мен бекіністің барлық шенділері қатысқан. Мектептің ашылу құрметіне ұлттық ойындар өткізіледі.
Білім шаңырағына дәулетті отбасылардың 13-15 баласы қабылданады.
Мектеп өзінің тарихи міндетін адал атқарып, өңірдегі халық ағарту ісіне жол салды.
Өкінішке қарай, әлі күнге дейін қазақ зиялыларының алғашқы легінің өкілі Ш.Құлыбековтің қызметіне лайықты баға берілмей келеді. Шахмұрат Құлыбеков есімі «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында жоқ. «Ақтөбе» энциклопедиясында да ол бір жерде ғана аталады. Оның өзінде «Патша үкіметі «түземдерді» оқыту, сауатын ашу ісін басқаруды және 1860 жылы Торғайда қазақ балалары үшін мектеп ашуды Ы.Алтынсаринге міндеттеді. Патша үкіметінің қазақ арасындағы оқу ісін әрі итеріп, бері жыққан әрекетіне, тежеуіне қарамай бұл іске ол тікелей араласты. Тыңнан жол салу оңай болмады десе де 1864 ж.
(8 қаңтар) құрамында 14 оқушысы бар Ырғыз бастауыш мектебін ашады. Орынборда өзімен бірге оқыған Шахмурад Құлыбеков мұнда алғашқы мұғалім болады» деп қате мәлімет береді. Біріншіден, Ырғызда мектеп ашу ісі Шахмұрат Құлыбековке тапсырылған. Ол бұл міндетті абыроймен атқарды. Екіншіден, қаңтардың 8-і Торғайдағы мектептің ашылған күні болатын.
Шахмұрат туралы алғаш рет ырғыздық өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің 1996 жылы жарық көрген «Ырғыз» кітабында жазылды. Ш.Құлыбековтің дүниеге келген және өмірден өткен уақыты әзірге белгісіз. Ағартушының өмір жолы мен қызметі туралы жобамен ғана айтуға болады.
Ырғыздағы білім шаңырақтары
Ырғыздағы бастауыш мектеп 1879 жылы жабылып, Ресей халық ағарту министрінің жарлығымен орыс-қырғыз (қазақ) училищесі болып қайта құрылды. 1887 жылы 15 қыркүйекте екінші оқу орны — Ырғыз қалалық бір кластық қыздар училищесі жұмыс істеді. Оған 17 қыз бала оқуға қабылданды. Бір жылдан кейін осы оқу орнының жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат бой көтерді.
Айта кету керек, Ыбырай Алтынсарин ұсынысымен қыздар мектебі 1891 жылы — Торғайда, 1896 жылы — Ақтөбеде ашылды. Сөйтіп, Ырғыз өңірі ілім-білім мен өркениет игіліктеріне өзгелерден ертерек қол жеткізді.
1915 жылы Ырғыз өңірінде қалалық екі орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс-қазақ училищесі, селолық екі кластық орыс училищесі, қалалық екі кластық орыс-қазақ мектебі, селолық бір кластық орыс-қазақ мектебі, 35 ауыл мектебі, медресе (оның жанынан бір орыс класы жұмыс істеген), кешкі мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Ырғыз қаласындағы 5 оқу орнында 1432 бала білім алған. Ырғыздың қалалық екі кластық орыс-қазақ училищесінің жанынан етік тігетін кәсіптік бөлім ашылған.
Шалғайдағы Ырғызда осы білім шаңырақтарының ашылуына қазақтың тұңғыш педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин белсене араласты. Ыбырай Алтынсариннің өтінішімен Ырғыз қаласындағы оқу орындарында Тимофеев, Григорьев, Спиридонов, Сахарова, Царегородцев, Васильева сынды білімді, тәжірибелі мұғалімдер еңбек еткен. Осы білім ошақтарынан халыққа адал қызмет еткен бірнеше азаматтар тәрбиеленіп шықты. Бөлебай Сарбатыров, Мұхамед-Рахым Сәтбаев, Медіресін Тереков, Жәнет Сүгірбаев, Мұса Дайрабаев, Алман Әзірмәмбетов, Ахмет Тұңғашин, Әбіш Тойбазаров, Төлепберген Хасанов, Таран Беркінбаев, Сержан Шонанов, Төлепберген Серғалиев, Нұркен Оразымбетов, Ахметжан Кәдіров, Теңізбай Баймурзин, Әли Сәрсенбин, т.б. зиялылар кейін Ресейдің және шетелдердің жоғары оқу орындарын бітіріп, халық шаруашылығының түрлі салаларында абыройлы еңбек етті. Ахмет пен Мұхамедияр Тұңғашиндерге Варшава университетінің мал дәрігері бөлімін үздік оқығаны үшін Орынбор губернаторы Лобачевскийдің бұйрығымен арнаулы стипендия тағайындалған. Төлепберген Серғалиев Петербургтегі Александр І атындағы темір жол инженерлерін даярлайтын институтты аяқтап, өз мамандығы бойынша ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Училище түлегі Бөлекбай Сарбатыров өзі оқып шыққан оқу орнында көп жыл ұстаз болса, Теңізбай Баймурзин Қазақстанның әскери комиссары қызметін атқарды.
Алаштың ардақты ұлдары Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Бәймен Алманов, Тел Жаманмұрыновтар Ыбырай мен Шахмұраттардың ұйытқы болуымен ашылған мектептерде білім алған.
Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін де Ырғызда білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ауданда қазір 22 мектеп бар. Тұрғындардың сұранысына байланысты 2002-2003 оқу жылдарынан бері М.Төлегенов, Ө.Қанахин, Т.Жаманмұрынов аттарындағы және Шеңбертал, Темірастау негізгі мектептері орта мектеп мәртебесін иеленді. 2003 жылы Нұра ауылында 360 орындық Т.Жүргенов атындағы орта мектеп еңсе тіктеді. Аталған білім шаңырағының жанында 40 орындық интернат та бой көтерді. 2006 жылы Ырғыз ауылында 400 орындық қазақ мектебі пайдалануға берілді. 2007 жылы Ырғыз негізгі мектебі орта мектеп атанды. Арада 2 жыл өткен соң осы орта мектептің негізінде Ырғыз гимназиясы ашылды. 2010 жылы Аманкөл ауылында Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектеп заман талабына сай бой көтерген ғимаратқа көшті. Ал былтыр екі мектеп еңсе көтерді. Құйылыс пен Құтикөл ауылдарында әрқайсысы 150 орындық жаңа мектептер салынды. Осы жылы аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір Жайсаңбай ауылындағы Ө.Қанахин атындағы орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша биыл пайдалануға беріледі.
Шахмұрат туралы алғаш рет ырғыздық өлкетанушы Сейілхан Оразымбетовтің 1996 жылы жарық көрген «Ырғыз» кітабында жазылды. Ш.Құлыбековтің дүниеге келген және өмірден өткен уақыты әзірге белгісіз. Ағартушының өмір жолы мен қызметі туралы жобамен ғана айтуға болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
- Ақтөбе энциклопедиясы. ЖШС «Отандастар – Полиграфия» баспаханасы. Ақтөбе, 2001ж.
- «Ақтөбе» газеті 27.03.2014ж.
- Қазақстан энциклопедиясы, 2004




