Тлеуова Гулнар Нурекешовна
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы Ордабай бастауыш мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі Тлеуова Гулнар Нурекешовна
Тақырыбы: Ахмет тағылымы /ашық тәрбие сағаты/
Мақсаты: қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени , тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға-Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу.
Көрнекілік: Ахмет Байтұрсынұлының портреті, кітап көрмесі, ақынның қанатты сөздері.
Тәрбие сағатының өту барысы:І. Кіріспе: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз Ахмет Байтұрсынұлының 80 жылдығына арналады.. Ахмет Байтұрсынұлы…Осы бір есім елге таныс болғалы «Мен-қазақпын» деген азаматтың бір селт етпейтіні жоқ та шығар. Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ әліпбиінің реформаторы, қазақ филологиясы мен өнертанушының негізін салушы ғалым, таза қазақ емлесімен шыққан газет «Қазақтың» (1919-1918 ж.) тұрақты редакторы, көрнекті ақын, аудармашы, публицист-журналист, ірі қоғам қайраткері, ағартушы-ұстаз, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы… Ахмет Байтұрсынұлы-қазақ ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А:В.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын да білген.
ІІ. Негізгі бөлім:Ақынның өмір жолы: Реферат Жанғазықызы Ж. Қазбек Қ.
Ақынның өлеңдері оқылады:1. Жұбату,.Шымшық пен көгершін, Достыма хат
Бір басында сан-салалы өнер тоғысқан тілегей-теңіз энцикло-педиялық білім иесі, қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа бастаудан асқан бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі.
Ақынның өлеңдері оқылады:Анама хат,Туысыма
Бір ақын айтқан екен «Адам баласының дүниеде шашатын жемісі-мәңгілік мейірімді қызмет» деп. Міне сол ақын айтқан адамдық диқаншысы-Ахмет байтұрсынұлы еді…
«Балалар құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан
Тіліне зер аслыңдар бұрынғының» демекші, ендігі кезекті оқушыларға берелік.
Ақын өлеңдері оқылады: Қазақ салты,Егіннің бастары.
Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,
Кейіне жарамаса , кейіне жарар.
Қайсысы ықыласын салып тыңдар,
Жаратпай қайсібірі теріс қарар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар.
-Сонау қылышынан қан тамған қаһарлы жылдары жазықсыз мыңдаған адамдар «Халық жауы» деген жаламен айыпталып, жер аударылып кетті. Кейбір деректерге қарағанда 6 млн. адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 900 мыңдайы атылған. Сондағы 25 мыңға жуық қазақтың ішінде бес арысымыз Жүсіпбек Аймауытұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы болған еді. …Адам өмірінде болатын аумалы-төкпелі уақыт қайғысымен де, қуанышымен де ерекше айқындалатын болса керек. Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр толқындарынан, қайғы-қасірет сілкіністерден, тар жол тайғақ кешулерден өткен еді…
Репрессия құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлының тағдырынан сахналық көрініске кезек берейік.
Ахмет: Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қашқаны…
Хош сау бол, Қарқаралы, жуылмаған,
Айдай бер қалса адамның қуылмаған.
Мен өлсем де өлемін жөнімменен,
Тәннен басқа не алар ем өлім менен?!
Өлген күні апарып тығары-көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер,көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын,
Ел-бір күншіл, менікі-ертеңгі үшін.
Ақын өлеңдері оқылады : Өгіз бен бақа,Оқуға шақыру
-Ахаң-еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі-соңынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң Мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы деп санайды. Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны-«Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды. Әрине, Ахмет тағылымын бір сәтте оқып білуге болмайды. Оны жылдар бойы оқып үйренуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы-баршасы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған. Ахмет өмірі мен шығармашылығы келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек. Ахмет рухына тағзым ете отырып, бүгінгі тәрбие сағатын Тілек, батам өлеңімен аяқтаймыз.
ІІІ.Қорытынды: Ән тыңдау: А.Байтұрсынұлының өз орындауындағы /архив/
