МҰҒАЛІМДЕРДІ КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІҢ ТИІМДІ ТҮРІ – ӘДІСТЕМЕЛІК ДЕСАНТ
Үміт Амандыққызы Майбасова
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Қарағанды қаласы
Бүгінгі қазақстандық мектептің алдында әлемдік білім беру кеңістігіндегі секілді зерттеулер мен жаңалықтар ашудың ғасырына ену үшін білім беруге жаңа көзқарасты қалыптастыру, ойлау, оқыту, жұмыс істеу, шығармашылық және жалпы алғанда, өмір сүру әдіснамасын қайта қарау міндеті тұр. Сол себепті ХХІ ғасырда еліміздің болашағын алға қарай жетелеуші ұрпаққа білім беруді қамтамасыз ететін жалпы орта білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Мұның бір дәлелін ЭЫДҰ Бас хатшысының білім беру саясаты бойынша арнайы кеңесшісі, Білім беру және кәсіби дайындау басқармасы директорының міндетін атқарушы және (2014) Андреас Шлейхер: «Адамзатқа және қоғамға орасан зор проблема әкелетін жаһандану мен жаңғыртудың әсерінен айналадағы әлем түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Мектептер оқушыларды түрлі мәдениет өкілдерімен әріптестік қарым-қатынас жасауды, алуан түрлі идеяларды, көзқарастар мен құндылықтарды ескеруді, адамдар өздерінің алуан түрлілігіне қарамастан, технологиялардың көмегімен кеңістік пен уақыт кедергілерін жеңе отырып, бір-біріне сенім білдіруін және әріптестікте жұмыс істеуін қажет ететін әлемде, адамдардың өмірі ұлттық шекаралар аумағынан тыс мәселелерге байланысты болатын әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге дайындауы керек. Жиырма бірінші ғасырдың мектептері оқушыларды өмірде, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір алуандығының шынайылығын ұғына отырып, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға көмектесуі керек», деп өзінің жыл сайынғы есеп беру баяндамасында келтірді [1; 5].
Жоғарыдағы келтірілген тұжырым Қазақстанның білім беру саласына өзгеріс қажеттілігін анық көрсететіндіктен, білім мазмұнын жаңарту аясындағы іс-әрекеттер жүзеге асырылуда. Жаңартылған мазмұнда жұмыс істеудің өзіндік жетістіктерімен қиындықтарының қатар жүргені белгілі. Үш апта аралығындағы біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдер білім беру жүйесіндегі өзгерістерді түсініп, жаңашылдықты іс жүзіне енгізуге дайынбыз деп, өздерін бағамдағанымен, мазмұнды жаңарту аясындағы жаңа белестерді бағындыруда талай күш қажет екенін түйіндеп кетеді. Ал біз үшін бұл мәселемен мұғалімді жеке дара қалдыруға болмайтындығы анықталды. Сондықтан институт оқытушылары білім беру жүйесіндегі реформалардың оңтайлы нәтижесіне жетуде облыс мұғалімдеріне әдістемелік, кәсіби, психологиялық қолдау көрсетудің қажеттілігін ескеріп отыр. Курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 2017-2019 жылдарға арналған даму бағдарламасына, 2017 жылға арналған операциялық жұмыс жоспарына сәйкес филиал қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы орайда, «Өрлеу» БАҰО АҚ Қарағанды облысы бойынша педагог қызмектерлерінің біліктілігін арттыру институнының филиалы мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетудің жолдарын қарастырды. 2016 жылдан бері жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істеп жатқан бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету үшін «Болашақ» жобасы әзірленіп, Қарағанды облыстық білім басқармасының келісімі алынды. Десанттың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдерге іс-тәжірибелерінде курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету.
Негізі, әдістемелік десанттардың бастауы 2013 жылдан бері үшінші (базалық) деңгейдегі сертификатталған мұғалімдерге арналып, «Өрлеу» – аймақ педагогтарына» тақырыбындағы әдістемелік десантпен жүзеге асырылуда. Институттың деңгейлік бағдарламалар орталығы аймақтағы білім ұйымдарына десантқа шығумен қатар тиімді сабақты жоспарлау мен өткізу бойынша вебинарлар циклі өткізіді. Сертификатталған мұғалімдердің кәсіби деңгейін артыру және оқыту мен оқудың табысты тәжірибелерімен алмасуға ынталандыру мақсатында «Үздік орта мерзімді жоспар» атты қашықтықтан аймақтық сайыс ұйымдастырылды. Келесі жылы облыстық вебинарлар циклі «Сертификатталған мұғалімнің тәжірибесі: тиімді сабақ» тақырыбында жалғасын тапты.
Әдістемелік десанттар арқылы сәйкес мақсатты жұмыстар «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының үшінші (базалық) деңгейдің сертификатталған педагогтарымен жүргізілді. Облыстағы Жезқазған, Сатпаев, Балхаш қалалары, Ұлытау аудандарына «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы семинарлар циклінде «Өзін-өзі тану» пәнін кіріктіру арқылы балаларды рухани-адамгершілік тәрбиелеуге бағытталған «Үйрету үшін оқимыз» тақырыбында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Әдістемелік десант аясында сертификатталған мұғалімдердің сабақтарын бақылау, іс-тәжірибені дамытуға бағытталған мұғалім-тренер бетпе-бет кеңес беру, білім ұйымдары басшыларымен дөңгелек үстелдер жүргізілді. Әдістемелік десанттар қорытындылары бойынша мұғалімдерде анықталған кәсіби қиындықтарын жетілдіру бойынша ұсыныстар аудандық/қалалық білім бөлімдеріне жолданып отырды.
Сондай-ақ, осы жоба аясында Филиалдың жаңартылған білім бағдарламасы бойынша тренерлері білім бөлімдерімен бірлесіп 2016-2017 оқу жылдары Қарағанды облысының Абай, Ұлытау, Бұхар-жырау, Осакаров, Нұра, Жаңаарқа аудандары мен Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сатпаев,Шахтинск қалаларындағы жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істеп жатқан мұғалімеріне әдістемелік көмек үшін десантқа шықты. «Өрлеу – жаңартылған білім мазмұнымен» тақырыбындағы әдістемелік десанттың ақпараттық хаты және қосымшасында төмендегі үлгідегі бағдарламасы аудандық/қалалық білім бөлімдеріне жолданып отырды:
Кесте 1. Әдістемелік десант бағдарламасы
| мерзімі | іс-шара мазмұны |
| 00 – 00 | Білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу, әдістемелік десанттың мақсаты мен міндеттерімен келісім жасау. |
| 00 – 00 | Мұғалім іс-тәжірибесіне әдістемелік қолдау
Бірінші сынып мұғалімдерінің сабақтарына қатысу |
| 00 – 00 | Мұғалімдердің оқыту тәжірибесін тренерлердің нақты-жағдаяттық қадағалауы |
| 00 – 00 | Бетпе-бет кеңесу
Мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі қиындықты және табысты оқу мен оқытуды анықтау: мұғалімнің сабақ бойынша рефлексиясы, тренердің ұсынысы |
| 00 – 00 | Шеберлік сағат
Сабақты жоспарлау мен бағалау бойынша тренерлердің шеберлік сағаты (аймақтың білім бөлімінің сұраныстары бойынша тақырыптар өзгереді) |
| 00 – 00 | Рефлексия. |
Десанттың бағдарламасымен аймақ педагогтарын ақпараттандыруымыздың ең басты себебі, «тексеріс» деген үрейден арылту. Біздің миссия жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асыруда қиындықтарды анықтай отырып, көмек беру екенін ұғындыру
Жаңартылған білім бағдарламасының тренерлері 2016 жылдары облыстың 50-ге жуық 1-ші сынып мұалімдерінің сабақтарына қатысып, нәтижесінде мұғалімнің тәжірибесіндегі сұрақтары бойынша бетпе-бет кеңесу кезінде жұмыс жасады. Сабақтарды талдау нәтижесі жаңартылған білім бағдарламасының идеяларын іс-тәжірбиебесінде қолдану, мақсатқа және оқушылардың ерекшеліктеріне сәйкес әдістерді таңдау сабақта оқушылардың белсенділігін арттыруға, сыни ой лауларын дамытуға септігін тигізетінін көрсетті.
Десанттың жұмысы аймақтағы білім ұйымдарында сұранысқа ие болғандықтан 2017 жылы жалғасын тапты. «Көшпелі» әдістемелік десант, яғни, әдістемелік қолдау көрсету үшін тренерлер тобының жергілікті жерлерге шығып, семинарлар өткізулері өзіндік маңыздылыққа ие. Бастысы, жаңартылған білім мазмұнын жүзеге асырып отырған шынайы ортаны көре аламыз: мұғалімдердің құжаттарымен танысу, оқушыларының деңгейлері, мектептің материлдық-техникалық базасын көру. Екіншіден, мұғаліммен бетпе-бет кеңесу барысында іс-тәжірибесіндегі нақты мәселелерді айқындауға мүмкіндік туады: жеке отырғанда мұғалімдер еркін сөйлесе отырып, жұмысындағы қиындықтарды шешу жолдарын көре алады және осы тұрғыда тренер жедел көмек көрсете алады. Үшіншіден, мұғалімдердің айқындалған мәселелеріне байланысты институт тарапынан қолдау көрсетудің мүмкіндіктері қарастырылады.
Кеңес беру кездерде мұғалімдердің іс-тәжірибесінде кездесетін мәселелердің көпшілігі келесі сұрақтар аясында болды:
- күнтізбелік-тақырыптық жоспар құру;
- қысқа мерзімді сабақ жоспарларын әзірлеу,
- оқу мақсатын ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес анықтау;
- сабақтарда саралауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
- жоспарлау арқылы мақсатқа жету;
- сабақта қалыптастырушы бағалауды қолдану;
- оқушыларды оқу әрекетіне белсенді қатыстыру т.б.
Мұғалімдердің басым көпшілігінде кездескен мәселелердің аясында жаңартылған білім мазмұны бойынша тренерлер күтізбелік-тақырыптық жоспар құру, сәйкес оқу мақсаттарын анықтау, тапсырмаларды оқушыларға беруде саралаудың тиімді тәсілдерін жүзеге асыру дағдыларын жетілдіру бойынша семинар-тренингтер жүргізді. Әдістемелік десант нәтижесінде келесі жұмыс түрлері жүргізіледі:
- әдістемелік десантта сабақ көрсеткен мұғалімдерге алғыс хат табыстау;
- десантта көрсетілген ең үздік сабақтарды «Өрлеу» тиімді сабақ әдістемелік журналына жариялау;
- десантқа қатыстқан мұғалімдерді аймақтық, республикалық іс-шараларға қатысуға шақыру;
- жаңартылған білім мазмұны бойынша қолданбалы зерттеу жұмысына ақпарат қарастыру.
Әдістемелік десант аясында оқыту мен оқу үрдісіне жаңартылған білім мазмұнының жаңа тәсілдерін енгізудегі қиындықтарды айқындау бойынша сауаланамалар жүргізіледі. Сауалнамаларды талдау нәтижелері бойынша аймақ педагогтарының қажеттіліктері анықталып, алдағы институттың уақытағы жоспарлы іс-шаралары белгіленуде. Әдістемелік десанттар арқылы институттың даму бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асырумен қатар, Қзақстанымыздағы білім беру жүйесін жаңарту үрдістерінде мұғалімдерімізді қолдай отырып, кәсіби шеберліктерін шыңдауға қол ұшымызды тигізсек деген үміттеміз.
Әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілінде оқытатын мектептердің бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. – Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015. – 40 б.
