konkurs042018

ОҚУШЫ ҚҰЗЫРЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИ ЯЛАРДЫ ТИІМДІ ҚОЛДАНУ

Батыс Қазақстан облысы. Бөрлі ауданы, Ақсу мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі

АБДРАХМАНОВА АРДАК НУРПЕРЗЕНТОВНА

Бүгінгі күнде білім беруде оқушының жеке және кәсіби дамуын қамтамасыз ететін тұлғаға бағдарланған тәсіл кеңінен қолданылып жүр. Жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың тұжырымдамасы баланы жан-жақты дамытумен бірге, жеке және жас ерекшеліктеріне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейім, даму мүмкіндігін айқындауды қарастырады.

Жеке тұлғаға бағдарланған оқытуда түйінді мәселені шешу бағыты шығармашылық сипатқа ие бола отырып, жаңа білімді іздену арқылы тәжірибеде қолдана білуге ықпал етеді, мұндағы басты міндет — баланың жалпы және өзіне ғана тән қабілеттерін, даму мүмкіндігі мен білім, білік, дағдыларын қалыптастыру және қолдану. Бала оқу үрдісінде субъектіге айнала отырып, қабілеті мен қажеттілігіне байланысты қарқынмен дамуға мүмкіндік алады. Мұғалім оқыту мен тәрбиелеу ісін ұйымдастырушы ғана емес, балаға серік, дос, сырлас, кеңесші қызметін де атқарады.

Нәтижесінде жеке тұлғаның өзіндік пікірі, қоршаған ортаға құрметпен қарау көзқарасы қалыптасып, таным қабілеті ашылады, оқушының түйінді компетенттіліктерінің қалыптасу деңгейі анықталады. Мұндай тәсіл қазіргі кезде жалпы орта білім беруді жетілдірудің негізіне компетенттік тәсілді алуды ұсынып жүрген әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің ұлттық білім беру жүйесінде қолданылып жүр.

Енді осы компетенттілік тәсілдің білім сапасын арттырудағы маңызы неде деген мәселеге келсек, «Competent» сөзі французша «заңға сай», латынша «сай болу», «қабілетті», «талап қою», «жарамды», ағылшынша «қабілеті» деген мағынаны білдіреді. Ал психологиялық сөздіктерде бұл ұғымға қатысты «компетенттілік- жеке тұлғаның қоршаған ортадағы адамдармен тиімді қарым-қатынас жасай алу қабілеті» деген түсінік берілген. Шетелдік әдебиеттерде «құзырлылық» «терең білім», «тапсырманы талапқа сай орындау қабілеті» деген мағынада ашылады.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, құзырлылық ұғымына мынадай анықтама беруге болады: Құзырлылық деп оқушының алған білім мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір тәжірибелік және теориялық мәселелерді шешу үшін қолдана алу қабілеттілігін айтады. Ал құзырлылықтың қабілеттері болып оқудың және өздігінен білім алудың нәтижесінде қалыптасатын және адамның әлеуметтік ұтқырлылығын анықтайтын, білім мен тәжірибеге, құндылықтар мен бейімділіктерге негізделген жалпы қабілеттер болып табылады.

Оқушының құзырлылығын қалыптастыру – бүгінгі білім беру саласының өзекті мәселерінің бірі. Ал білімнің құзырлылық ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше. Әрекетке негізделген технологиялық оқыту танымдық белсенділігі жоғары, өмірде әртүрлі мәселерден хабардар, кез келген тапсырманы орындауға қабілетті, қолынан іс келетін (құзырлы) азаматтарды қалыптастырады. «Адамға балық берсең бір күн, ал балық аулауды үйретсең өмір бойы тоқ болады»- деп шығыс даналығында айтылғандай өмірден өз орнын таба алатындай белсенді, өз ісіне мығым, білімді де білікті жеке тұлға қалыптастыруымыз қажет. Бұл тұрғыда мұғалімнің басты міндеті – оқушыны білімге, өз бетінше ізденіске және шығармашылық жұмысқа баулу.

Өз пәнін шынайы сүйген ұстаз бүгінгі күн талабына сай өзі де шеберліктің шыңынан көрінуі тиіс. Бұл тұрғыда ұстаздың қаруы – озық педагогикалық технологиялар. Соның бірі — «Сын тұрғысынан ойлау». Қандай технологияны қолданса да, әр мұғалім өзі сол технологияны жете түсініп, жан-жүрегімен ұғынып, ой елегінен өткізіп, тиімді әдіс-тәсілдерін сараптап, саралай қолданса, білім нәтижелі болмақ.

Білім беру барысында оқушы құзырлығын қалыптастыруда сын тұрғысынан ойлау технологиясының сабағыма тиімді стратегияларын қолдана отырып, қызықты өткізуге тырыстым. Әсіресе, бұл стратегиялар әдебиет сабағында өте тиімді.

Әдебиет – адам жанының тәрбиешісі. Әдебиетті оқыта отырып, шығармашылық әрекет тәжірибесі қалыптасқан, таным мәдениеті мен интеллектуалдық әлеуеті жоғары, ұлттық мәдениетті бойына сіңірген, өзін-өзі үнемі дамытуға қабілетті, белсенді жеке тұлғаны тәрбиелейміз.

Біліммен тойған, бірақ оны қолдана алмайтын оқушы жүзе алмайтын фаршталған балықты елестетеді”-дейді Александр Минц. Ал Бернард Шоу былай түйіндейді : «Білімге апаратын сара жол -бұл іс-әрекет” Ендеше, оқушыға алған білімін өмірде қолдана алатындай жол көрсетуіміз қажет. Мен оқушы тыңдаушы емес, өз бетімен үйренуші, өз ой-пікірі бар жеке тұлға ретінде қалыптастыртырудағы сын тұрғысынан ойлау технологиясымен өткізген іс-тәжірибеммен бөліспекпін.

  • Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — сабақта оқушылардың қызығушылығын арттыра отырып, өз ойын еркін жеткізіп және зерттей білуге талпындыру.
  • Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — ой қозғай отырып, оқушының өз ойымен бірге өзгелердің ойына сыни қарап, естіген, білгенін талдап, салыстырып, реттеп, сұрыптап, жүйелеп, білмегенін өзі зерттеп, дәлелдеп, тұжырым жасау, өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасау.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясының кезеңдері: қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс

Қызығушылықты ояту

Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді саралап, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Сондықтан да, сабақ қарастырылғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталып, осы арқылы ойды қозғату, ояту, ми қыртысына тітіркенгіш арқылы әсер ету жүзеге асады.

Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады. Мен осы кезеңде өз тәжірибемде «Болжау», «Топтау», «Түртіп алу», «Ой қозғау» әдістерін қолданамын. Сөзіме дәлелдемелер келтіре кетейін.

7-cыныпта Абай Құнанбаевтың “Он жетінші қара сөз” тақырыбында “Абай туралы мен не білдім?” деген сұраққа Абай туралы бұрыннын білетіндерін жазып, өткенді еске түсіріп, білімдерін жинақтады. Содан соң, С. Торайғыровтың: .

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе!

Адамдықты көздесең,

Жаттап тоқы көңілге! деген өлең шумағы оқылып, «Осы өлеңнің жаңа тақырыпқа қандай қатысы бар деп ойлайсыңдар?» деген сауал тасталып, оқушылар жаңа сабақта ұлы Абайдың адамдық қасиеттер туралы асыл сөзін оқитындықтары туралы болжауларын ортаға салып, жаңа тақырып жайлы өздері анықтады. Ахмет Иасауидың “Диуани хикмет” (“Даналық кітабы”) тақырыбында оқушылар «Даналық деген сөзді оқығанда қандай ой келеді?» деген сауалға жауап бере отырып, жаңа тақырыптың мазмұнын өз беттерімен аша білді. Ал ББҮ кестесінің алғашқы екі бөлігін толтыру арқылы тақырыпқа қызығушылық оянып, белсенділіктері артты. Сәкен Сейфуллиннің “Ақсақ киік” өлеңін өткен кезде, оқушыларғы «Ақын. Сұлулық, әсемдік. Кең дала. Жаралы ақбөкен. Қатыгез мерген» деген сөздерді бере отырып, шағын мәтін құрау тапсырдым . Сонда оқушылар мынандай мәтін құрады: «Ақын жүрегі нәзік. Ол тек сұлулықты, әсемдікті сүйеді. Ал ол оны туған дала табиғатынан іздейді. Сондай мақсатпен кең жазира далаға саяхатқа шыққан ақын жаралы ақбөкенді кездестірді. оны қатыгез мерген атқан екен. Ақын қатты қайғырды.» Міне, алғашқы бөлімнен-ақ шығармашылыққа қадам жасалды.

Нәтижесінде:

  • оқушы тақырыптың не туралы болатындығына болжау жасайды;
  • сол арқылы қызығушылық артады;
  • білетіндері мен білгісі келетіндіктерін айта саралайды;
  • сабаққа белсенді түрде қатысады.

Мағынаны тану

Үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Материалдарды зерттейді, талдайды, өз бетімен жауап табуға тырысады. Бұл кезеңде «Түйін сөз», «Талдау», «Әдеби үйірмелер» сияқты әдістерін сабақ мазмұнына сай тиімді қолданамын. Дәлел ретінде, 8-сыныпта оқушылар Төлеген Айбергеновтың «Аруана — бауыр дүние «өлеңінің әр шумағын оқи отырып, онда айтылған ойды бір ауыз сөзбен түйіндеді. Төлен Әбдіковтың «Қонақтар» шығармасын талдағанда «Әдеби үйірмелер» әдісін қолдандым. Баяндап беруші топ әңгіме мазмұнын өз көзқарастары тұрғысынан өте нанымды баяндаса, зерттеушілер тобы басты кейіпкер Сапабектің ата-ананы қадірлеу, олардың алдындағы парызын түсінбеу салдарын өз дәлелдерін келтіре отырып талдап , оның адами келбетіне, мінез болмысына зерттеу жасады. Сұрақтар құрастырушы топ әңгіме мазмұнын ашатындай жуан-жіңішке сұрақтар құрастырды. Сілтемелер табушы топ әңгіменің тақырыбын, руханилығын танытатын нақыл сөздер, афоризмдерді тауып, түйіндей білді. Бейнелеуші-суретші топ әңгіме кейіпкерлері Томаның, Жеңісбектің, Ерғабыл қарттың бейнелерін ауызша суреттеп берді. Соңында дәнекер топ ата-ана алдындағы жауапсыздық, көбейіп бара жатқан қарттар үйі туралы айта келе бүгінгі өмірмен сәтті байланыс жасады.

Нәтиже:

  • берілген тақырып мазмұнын өз бетімен оқып үйренеді;
  • өзіндік ой тұрғысында талдайды,
  • жаңаны білуге деген құштарлық оянып, зерттейді,
  • шынайы өмірге сын көзбен қарауға үйренеді,
  • өзінше болжам жасайды, салыстырады, айырмашылығын табуға тырысады;
  • оқиғаның себеп-салдарын анықтауға ұмтылады, сол үшін жан-жақты ізденеді.

Ой толғаныс.

Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді.

Бұл кезеңдегі тиімді әдістер: “Екі жақты күнделік”, «РАФТ», «Т кестесі», «Дискуссиялық карта», «Ой қорыту» .

Абай Құнанбаевтың “Он жетінші қара сөз”

Мәтіннен үзінді Менің пікірім
Жүректе көп қазына бар, бәрі – жақсы,

Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.

Біз «өз жүрегіңе үңіл» деген тіркесті жиі естиміз. Иә, шынында да, адам жүрегінде махаббат, мейірім бар. Ақылдың албырттығына, қайраттың қаттылығына ермей, тек соған бағынуымыз керек. (Диана)
Жүректе айна болмаса,

Сөз болмайды өзгесі.

Жүрегі таза, әділетті, жаны сұлу адам ешқашан жамандыққа бармайды деп ойлаймын.Өз ісіне сынмен қарай білмеген адамның жүрегі таза болмайды. жаман мен жақсыны айыра алатындай жүрегіңде айна болуы қажет деп есептеймін. (Инаргүл)
Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Жүрегіңдегі сезіміңді жеткізе алатындай қайрат пен жігер де қажет. ал егер ақылды бола тұрып жүрегі таза болмаса, жамандықтан дер кезінде бойын жиып ала білетіндей қажыр-қайраты болмаса, ол адамды хайуанға теңемеске амалың жоқ. (Ақнұр)

Дискуссиялық карта. «Өмірде жақсы адам болу оңай ма?» деген сұраққа оқушылар «ия» және «жоқ» деген жауаптарға үш-үштен дәлелдемелерін келтіріп, өз көзқарастарын қорғады.

  • өз пікірін қысылмай, ашық айтуға үйренеді;
  • бір-бірінің пікірін тыңдап, өз пікірімен салыстырады;
  • өздерінің бұрынғы қалыптасқан ойларына сын көзбен қарайды;
  • әр нәрсенің екі жағы болатындығын біліп, өзіне керегін қабылдауға бағытталады;
  • шығармашылықпен жұмыс істейді;
  • адами болмыстары қалыптасады;
  • сыни ойлау арқылы шындалған ойлауға жетеді.

Қорыта айтқанда, оқушының құзырлылығын қалыптастыруда сын тұрғысынан ойлау әдістері ең тиімді деп есептеймін. Өмірдің сан тарау жолында өз жолын адаспай таба білетін, өзіндік пікірі қалыптасқан жеке тұлға қалыптасады.

Әдебиеттер:

  1. Жалпы білім беретін мектептің сыныптарына арналған қазақ әдебиеті әдістемелік нұсқаулығы.

  2. С. Мирсеитова «Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқу ретінде»

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.