КОНКУРС

Отбасы-ұлттық құндылықтың қайнар көзі

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Бірлік ауылы

М.Мирманова атындағы ЖББОМ.

Бастауыш сынып мұғалімі Жумаханова Данагуль Жасулановна

Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Отбасы – қоғамның маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Сол қасиетті шаңырақтың сүттей ұйыған татулығы, шаттығы мен бақытының ұйытқысы – әйел-ана екені даусыз. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Әлбетте, бірақ тірегі әйел, негізі- ер адам. Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі.

«Үйлену оңай – үй болу қиын» дейді халық. Отбасының іргетасы ер азамат пен әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен құралады. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Отбасы ата мен баланың, келін мен ененің және басқа да отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құрылады. Отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуға тиіс. Отбасын құрғанда Адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіреді. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті.

Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінеді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері де басты назарда. Тәрбиенің басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. «Еңбегі қаттының еңбегі тәтті», «Еңбек – өмірдің тұтқасы, тіршіліктің көзі», « Еңбек түбі –береке», «Үнемшілдік – сараңдық емес», «Ескі киімді баптағаның, жаңа киімді сақтағаның», «Сараң дүниенің малын жиса да тоймайды» деген аталы сөздер бекер айтылмаса керек. Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. «Қызды қырық үйден тыю» керек деп, бойжеткендердің ибалы, арлы болып өсуіне аса мән берген. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу тағы сол сияқты істерге бірге ертіп жүрген.

Сондай-ақ, қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың, қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым-қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше қымбат үлгісі іспетті. Осы үлгіні жалғауда, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыруда біздің мектептің жасап жатқан жұмысы көңіл қуантады. Ата-аналар сабақтан қалмай қатынасып, тәрбие сағаттарында «отбасы, отбасы құндылықтары», «еңбек- түбі зейнет», «жақсылық-жан қуаты», «ас атасы-нан» және достықтың қажеттілігі туралы өз ойларымен бөлісіп, ұлттық менталитетімізді қалыптастыруға біршама үлестерін қосып жүр.

Негізі біздің М.Мирманов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ата-аналары өз міндеттерін жақсы түсінген,заман көшінен қалмайтын, жауапкершілік қасиеттері басым, ұлттық құндылықтар мен рухани дамуға көп көңіл бөлетін тұлғалар. Мектепте болатын түрлі шараларға ата-анасы ғана емес, кейде бүкіл жанұясымен,яғни ата-әжесімен де келіп қатынасып жатады. Былтырғы Наурызда ата-аналар балаларға ұмыт қалған салт – дәстүрлерді көрсету үшін, үйлерінен қозы-лаққа дейін көтеріп әкелді. Сыныпқа берілген тапсырманы тек оқушылар ғана емес, ата-аналар да үлкен шеберлікпен алып шыға білді. Биылғы Наурызда да ұмытылып қалған мысалы: «қазан шегелеу», «босаға майлар», «шөміш қағу», «бастаңғы» сынды салт-дәстүрлерге арналған көріністер қойылды. Мектептегі қыздар мен ұлдар жиындарында да ата-аналар көптеп қатысады. Бала тәрбиесінде ата-ана мен мен мұғалімнің бірлесе жүргізген жұмысының нәтижелі болары сөзсіз.

Бүгінгі өркениетке қарыштап қадам басқан заманда кешегі құндылық пен рухани тәрбиенің орны ойсырап қалмаса екен деген ізгі тілек, жанашыр көңіл басым ата-анада.

Добавить комментарий

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.