«Түбі адам болатын бала» Б.Соқпақбаевтың “Мені ң атым Қожа” шығармасының негізінде
Қызылорда облысы Қазалы ауданы
Әйтеке би кенті Аудандық оқушылар Үйі
“Драма” үйірмесінің жетекшісі Сариева Шынар Сарықызы
Сабақтың тақырыбы: «Түбі адам болатын бала» Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” шығармасының негізінде.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:
*Оқушыларға мәтіннің мазмұнын баяндай отырып, мәтіндегі негізгі ойды, идеяны ұғындыру;
*“Менің атым Қожа фильмі туралы” материалдармен таныстыру;
Дамытушылық:
*Жазушы шығармалары арқылы әр оқушыны өзіндік ой – қиялына ерік бере отырып, өзінше ой түюге баулу;
*Мәтінмен жұмыс істеу, көркем шығармаға әдеби талдау дағдыларын дамыту;
*Ғылыми жұмысқа бейімдеу, ізденуге талпындыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік:
*Қожа бейнесі арқылы, оқушыларды адамгершілікке, мәдениеттілікке, әдебиетті сүюге, үлгі-өнеге алуға шақыру; *Жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Шығармашылық сабақ
Сабақтың типі: Бекіту сабағы
Сабақтың әдісі: Жүйелеу, талдау, қайталау
Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, слайд арқылы кесте, тірек сызба, суреттер, веен диаграммасы.
Сабақтың өтілу жоспары:
1. Болжау стратегиясы(Мынау кім?)
2. Шығармашылық тапсырма
3. Шеберлік шыңы
4. Ой тастау
5. Өз-өзіңе есеп бер.
6.Қорытынды,бағалау.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
а)Оқушыларды түгендеу;
ә)Оқушы мен сыныптың сабаққа дайындығын бақылау;
б)Оқушыларды сабаққа психологиялық дайындау, ойларын бір ортаға топтау мақсатында ой тастау;
2. Үй тапсырмасын сұрау (тараулар бойынша мазмұндату)
Автор, тақырып аясында сұрақтар мен тапсырмалар беру:
- Бердібек Сокпақбаев кім? Ол қандай жазушы?
“… Алыстан арбалап материал тасымаймын, архивтің шаңын жұтпаймын. Жақыннан өз басымнан кешкенді, өзім байқап-түйгендерімді, өз айналамды дорбалап жинаймын. Бір сөзбен айтсам, өзін жазатын жазушымын. Мінез-құлық жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсайды.” -
Жазушының қандай шығармалары бар?
– «Менің атым Қожа» («Өзім туралы повесть»), «Жекпе-жек», Қайдасың, Гаухар?», «Өлгендер қайтып келмейді», «Аяжан», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион», «Алыстағы ауылда» т.б.
- «Менің атым Қожа» фильмі туралы не білесіңдер?
Менің атым Қожа
Жанр: комедия, жанұялық
Мемлекет : Қазақстан
Шыққан жылы: 1963
Режиссер: Абдолла Қарсақбаев
Әңгіме авторы: Бердібек Сокпақбаев
Сценарий: Б. Сокпақбаев, Н.Зелеранский
Сазгер: Нұрғиса Тілендиев
Кейіпкерлерді сомдаған:
Қожа – Н.Сегізбаев
Сұлтан – М.Көкенов
Жанар – Г.Құрабаева
Жантас – Е Құрмашев
Миллат- (Қожаның шешесі) – Б.Римова
Рахманов – Қ.Қожабеков
Майқанова – Р.Мұхамедиярова
Қожаның әжесі – З.Құрманбаева
Фильм туралы: Барлық мектепке аты шулы “сотқар” Қожа, бар ынтасын салып, жақсы болуға тырысады. Әкесінен жетім қалған Қожаберген, үйлеріне келіп жүретін, Қаратайдан шешесін қызғанады. Досы Сұлтан екеуі неше түрлі қызық оқиғаларды бастарынан кешіп, көрермендерді талай рет қуантады. Ауылда беделі жоғары болған Қадырдың баласы, Қожа, әкесінің абыройын “шелектеп” төктім деп уайымдайды. Дегенмен, Қожа – ашық мінезді, арам пиғылы жоқ, ақкөңіл бала.
Үй тапсырмасын пысықтау мақсатында суреттермен жұмыс жасату
Бұл сурет туралы не білесің?
Кейіпкерлер туралы әңгімеле
Бұл сәтте қандай жағдай болып еді?
3. Жаңа сабақты меңгерту
Балалар, сендер «Менің атым Қожа» фильмін көрдіңдер ғой, иә. Ендеше, мен сендерге жаңа сабақтың тақырыбын анықтау мақсатында бүгінгі өтілетін тараудан үзінділер айта отырып ой тастайын.
«Мен өзімнің он үш жыл өмірімнің ішіндегі ең бір қатыгез күнді бастан кештім».
– Қожа бұл сәтті қашан бастан кешіріп еді?
– Қожаның тәртіпсіздік қылықтарын, әсіресе соңғы жасаған ағаттығын , яғни Майқанованың сөмкесіне бақа әкеп салған әрекетін талқылау мақсатында болып жатқан педкеңесте.
– Дұрыс, айтасыңдар. Қожа қанша тәртіпсіздік істесе де, мұғалімдер оны кешіріп келген еді, иә. Осы жолғы кеңес ұзаққа созылды. Осы кезде Қожа өз мәселесінің шешілу қорытындысы, талқылану процесі жайлы өзінше ой қорытып отырды. Кеңес те аяқталды. «Мен туралы не деп жатыр?» екен деп дегбірі қашқан Қожа бұл кезде қайда отыр еді?
– Мектеп терезесінің тұсында тұрған теректің үстінде отыр еді.
…Педкеңес аяқталды, жұрт тарай бастады. Ахметов пен Майқанова оқшауланып, Қожа тұрған теректің түбінен өтіп бара жатып не дейді?
– «Түбінде адам болатын бала»
– Өте дұрыс. Біз жаңа сабақтың мазмұнын бірлесе айта отырып, тақырыпты да анықтап алдық.
– Өздерің көрген кино соңында осы сөзден Қожа қорытынды шығара ма?
– Иә, қорытынды шығарғаны соншалық, ол өзіне құпия кеңес өткізіп, онда өз жасаған қателіктері, оны түзету және болдырмау үшін не жасау керектігі туралы қаулы шығарады.
Сонымен, балалар, біз Бердібек Сокпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесімен танысып шықтық. Енді сабақты қаншалықты меңгергенімізді байқау үшін өтілген барлық тараулар бойынша бірнеше тапсырмалар орындап көрейік.
Мынау кім?
1. Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап – сыпсыңдағыш кім? (Жантас)
2. Мен оқулық емес, қант аламын. Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз. (С. Майқанова)
3. Біз екеуміз таныс шығармыз деймін? (С. Майқанова)
4. Мүмкін орныңа барып айтатын шығарсың? (С.Майқанова)
5. Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. (Мектеп күзетшісі Сәйбек қарт)
6. Келесі сабаққа қайыссың бақа ұстап әкелесіңдер? (Зоология пәнінің мұғалімі Оспанов)
7. “Сен оқуды тастасаң, маған ілесіп тастады деп екеуімізді бірдей қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың.Сонда маған шапағатың тиер.” (Сұлтан)
Шығармашылық тапсырма(оқушылар алдарындағы плакаттарға Қожаның жағымды немесе жағымсыз образ екендігі туралы дәлелдер келтіре отырып ой қорытады)
1-топ: Қожаның жағымды жақтары туралы
Өз ісіне есеп бере алады
Жағымсыз іс-әрекеттерін жөндеуге талаптанады
Өз-өзін тәрбиелейді
Үлкенді сыйлайды т.б
2-топ:Қожаның жағымсыз жақтары туралы
Тәртіпсіз
Аңқау
Өтірікші
Сотқар т.б
Шеберлік шыңы(Оқушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, рөлге енеді.)
1 – топ
- Бұл кім?
Мен ғой, ата.
Менің кім?
Мен, Қожамын.
Мұнда неғып отырсың?
Педсоветке келдім.
Онда сенің не шаруаң бар?
Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
Мәселе? Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
Директор етеміз дейді.
Онда тіптен жақсы. Жалақың көп болады. Әй, Қожа. Сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгіл, одан үлкені боласың. Бірақ оған тарпағансың.
Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. Қалай дейсің ғой. Міне, былай: мен оның бір күрең атын сазға батырып,өлтіріп қойғанмын. Ал ол аттың құнын сұраған да жоқ. Ал сен… сен ғана емес-ау, қазіргі осы оқып жүрген балалар, көбің ақымақсың,Неге дейсің ғой. Ақымақ емей, немене, тәртіпті жүр, оқуыңды жақсы оқы, адам бол десе, сендер соның бәрін керісінше істейсіңдер.
2 – топ:
- Ал сөйле, батырым.
Неге шақырдың, Қожатай?
Шақырғам жоқ, ары барыңыз.
Дауыстағандай болдың ғой?
Сізге емес… жайша. Мұнда құпия кеңес өтіп жатыр. Бөгет жасамаңыз.
Кеңесі несі?
Кеңес дегеннің не екенін түсінбейсіз бе? Жиылыс, жиылыс өтіп жатыр.
Әкем-ау, мынау не айтады? Жиылысы несі? Столды айнаның алдына неге қойдың?
Ту, жарықтық-ай, өзіңізге тиісті емес нәрседе не шаруаңыз бар. Мен құпия кеңес өткізіп жатырмын. Өзім, өзім туралы мәселе қарап жатырмын. Сізге қатынасуға болмайды.
Қожатай, шыбыным… сен… бисмилла деші. Бисмилла деші, шыбыным… Түнде де ұйықтап жатып, жиылыс ашық, талқылаймын деп, бірдеңелерді айтып шығып едің, шошымалданып жүрсің ғой деймін. Бисмилла деші..
Бисмилла! Бисмилла! Бисмилла! Болды ма? Жоқ, тағы айтайын ба?
Шыбыным… жалғыздан жалғыз отырып та адам жиналыс өткізе ме екен? Түн болса, сарылып көп оқисың. Осы сенің ұйқың қанбай жүр ғой деймін?
Айналайын әжетай, барыңызшы. Бөгет жасамаңызшы.
Ой тастау:
Қалай ойлайсыздар, Қожаның әдепті жолға түсуіне не себепкер? Анасын аяуы ма, Сәйбек қарт, Оспановтар айтқан естеліктер ме, Майқанованың педкеңестен шығып бара жатып айтқан сөзі ме?
Өз-өзіңе есеп бер!
Үй тапсырмасын беру:
“Менің қиялымдағы Қожа…” немесе “Мен режиссер болсам…”тақырыптарының біріне эссе жазып келу
Бағалау
Қорытынды
