Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
ОҚО, Төлеби ауданы, Әл-Фараби жалпы орта білім беретін
мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Арзыкулова Перизат Нурлановна
Бұл күндері қоғамда қызу талқыланып жатқан негізгі мәселелердің бірі-латын әліпбиіне көшу. Бұл біздің болашағымыз болғандықтан қоғамның кез-келген азаматы әліпбиді ауыстыруға бейжай қарап отыра алмайды. Сондықтан, теледидарда, ғаламтор желілерінде, баспа беттерінде неше түрлі пікірлер айтылып жатыр. Әрине, бұл орынды.
Мен тіл маманы емеспін, сонда да латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Жалпы латын әліпбиіне көшу үлкен саяси мәні бар мәселе, мұның артықшылығы да бар, кемшілігі де бар. Артықшылығы туралы айтсақ, бұл заман талабы. Латын әліпбиіне көшу-қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне зор ықпалын тигізеді, оның мәртебесі көтеріледі, өйткені тіліміз басқа мемлекеттердің тілімен бір қатарда тұрады. Басқа мемлекеттермен қарым-қатынасымыз оңай болады.
Себебі, латын жазуы ағылшын тілі сияқты әлемге кең тараған. Бәріміз ғаламтор желісін пайдалануда бұл мәселемен кездесеміз, соған байланысты қиыншылықтар да пайда болады. Сондықтан латын әліпбиінің тиімділігі қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жол ашылады.
Екінші жағынан, бұл түркі әлемі мен Қазақстаннның бірігуі. Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты тағы да басқа елдердің жазуымен бір болғаны еліміз үшін тиімді. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасымызды, байланысымызды күшейтуіміз керек.
Сонымен қатар латын, әліпбиіне көшу-қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін аса маңызды.
