Перспектива заңдылығы
Орал қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы №10 жоббм
Дарғожиева Лаззат Қанатқызы технология пәні мұғалімі
Сабақтың тақырыбы: Перспектива заңдылығы.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға бейнелеу өнерінің негізгі заңдылықтарының бірі – перспектива заңдылығының ережелерімен таныстыру. Перспектива заңдылықтары арқылы қоршаған ортаны, табиғатты танып білуі;
Дамытушылық:Білімдерін кеңейту, дүниетанымды қалыптастыру, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эмоциялық сезімдерін, танымдық күштерін, ой-өрісін, қиялын, оқуға, өнерге қызығушылықтарын дамыту; эстетикалық талғамдары мен қажеттіліктеріне қарай бейнелеу іс- әрекетіне машықтандыру;
Тәрбиелік: Туған ел табиғаты, оның сұлулығы мен көркемдігін бағалауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдісі: шығармашылық жұмыс, топтастыру, талдау, іздендіру
Көрнекілігі: Перспективалық көрініс суреттері, сызбалар, слайдтар т.б.
Пән аралық байланыс: Сызу, дүниетану.
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылармен сәлемдесу,оқушының сабаққа қатысуын және дайындығын тексеру.Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру:
Сенімділік жаттығуы:Мақсаты:Оқушыларды сенімділікке үйрету. Шарты:Оқушыларға бос ақ парақ таратылады.Сол парақты қаламсаппен теңдей екіге бөліп белгілейді. Ол бөліктерді 1,2 деп белгілеп бірінші бөлікке өздерінің жағымды қасиеттерін, екінші бөлікке жағымсыз қасиеттерін жазуы керек.Содан соң ол қағазды екіге бөледі. Жағымды қасиеттерін өздеріне қалдырып,жағымсыз қасиеттерін қатты мыжып, қоқыс жәшігіне салады.
Шаттық шеңберін құру.
Сыныптағы оқушыларды төрт топқа бөлемін.
Бейнелеу өнеріндегі негізгі түстер атауымен атаймын, олар –
1 топ – көк түс 2 топ – қызыл түс
3 топ – сары түс 4 топ- жасыл түс
Қораптан карточкалар алынып, әрбір топтың жетекшісі сұрақтарды өздері таңдап алып, тобымен бipre дайындалады. Қай топ дайын болса, сол топ жауап береді. Дайындалуға 2 – 3 минут уақыт беріледі. Әр топ 2 сұрақтан алады
1.Симметрия дегеніміз не?
2.Көкжиек сызығы дегеніміз не?
3.Бейнелеу өнерінің жанрларын атап бер?
- Табиғат деген не? -Бізді қоршаған орта
- Акварель қандай бояу. -Суға тез еритін
- Гуашь қандай бояу. -Суға жақсы езіліп қою жағылатын
- Жылы түстерді ата. -Сары, жасыл, қызыл
- Суық түстерді ата. көк, күлгін, сұр. т.б.
ІІІ.Сабақтың мақсатын қою. –Балалар , бүгін біз бейнелеу өнеріндегі негізгі заңдылықтардың бірі –перспектива заңдылығымен танысамыз.
ІV.Жаңа білім беру. Презентациялық слайдтар көмегімен түсіндіру.
Перспектива – бір шаршы кенепте немесе қағаздың бетіне КЕҢІСТІКТІ қалай бейнелеу керектігі туралы ілім.
Перспектива латынның «perspicere» – «тасадағыны көре білу» деген сөзінен шыққан. Перспективаның заңдары өте көп, соның ең басты екеуін суретшілер қалайда білуге тиісті.
- Зат бізден неғұрлым алыс тұрса , ол соғұрлым кішкентай болып көрінеді.
- Параллель сызықтар бізден алыстаған сайын арасы жақындап, көкжиекте бір нүктеге тоғысып тынады.
Перспектива заңдылығын алғаш ашқандардың бірі – қайта өрлеу дәуіріндегі атақты итальян сәулетшісі және суретшісі Брунеллески.
Перспектива 2 түрге бөлінеді : Сызықтық перспектива және ауа перспективасы
Сызыктық перспективаның заңдылықтары Белгілі бір бұрышпен көкжиек сызығына карай бағытталған параллель сызықтар бір нүктеге барып қосылады.Параллель сызықтардың қосу нүктесі әр уақытта көкжиек сызығында жатады. Көкжиек сызығына жуықтаған сайын параллель сызықтардың ара қашықтығы бір-біріне жақындай түседі. Көрушіден алыстаған сайын тіке сызықтардың ара қашықтык өлшемдері кішірейе түседі. Мысалы: телеграф бағаналарының көкжиек сызығынан төмен орналаскан сызықтары төменнен жоғары карай бағытталса, көкжиек сызығынан жоғары орналасқан сызықтар жоғарыдан төмен қарай бағытталады,бәрі көкжиек сызығында түйіседі
Сызықтық перспективаны бейнелеу ережелері:
Бақылаушыдан алыста тұрған заттардың өлшемдері әрдайым кіші болып бейнеленеді.Конус, цилиндр формасы геометриялық заттар бойындағы шеңберлер перспектива заңдылығы бойынша овал болып бейнеленеді.
Ауа перспективасы
Егер ашық теңізге шығып, көкжиекке көз салсаңдар , заттар бізден алыстаған сайын жарығырақ, бозғылтырақ бола түскенін байқайсыңдар.
Көз ұшындағы орман да алыс тау шоқыларындай көгілдір тартады. Өйткені, біздің жанарымыз бен алыстағы нысананың арасында тығыз ауа қабаты жатыр. Әлгі заттардың өңін жұмсартып, түсін өзгертіп тұрған да сол. Оны бірінші боп байқап, өз шығармасында бейнелеген – итальян суретшісі Леонардо да Винчи
Ауа перспективасының бейнелеу ережелері
Затты кеңістікте бейнелеу үшін жақындағы заттар анық, ал алыстағы заттар солғын бейнелеуі қажет.
Алыстағы тұрған жарық түсті заттар өз түсінен қараңғылау, ал қараңғылау заттар сәл жарық болып бейнелеуі тиіс.
Жақындағы заттар көлемді болып бейнеленсе, алыстағы заттар жазықтау болып бейнеленеді.
Есте сақта! (Дәптермен жұмыс) Сызықтық перспективасына мысалдар
Көкжиек сызығы – суретшінің көз деңгейін білдіретін өлшем.
Көру нүктесі – сурет салушының затты бақылайтын орны немесе нүктесі.
Шығу нүктесі – өзара параллель түзулердің алыстаған сайын бір – біріне жақындап, көкжиек сызығында барып қосылатын нүктесі.
Көру деңгейі – суретшінің көз деңгейін білдіретін ойша алынған жазықтық.
Оқушылар тақтада жазылған сөздерді есте сақтап қағаз паракшаларына жазады.
Машықтық кезең. Қара қарындаш, оқулық, А3 пішімі,бояу карындаштар
Берілген тапсырмалар бойынша топтар тапсырмалар нобайын салады.
1-топ. Табиғат көрінісі
2-топ. Бөлме көрінісі (интерер)
3-топ Темір жол мен электр бағандары
4-топ Қала көшелері
. Салынған суреттерді перспективаның қай түріне жататының , сурет салыну жолдарын түсіндіріп өтеді.
V. Жаңа сабақты түсінгенін тексеру. Сұрақ –жауап әдісі.
-Ауа перспективасы дегенімізді қалай түсінесің?
-Сызықтық перспективада сызықтар қай нүктеде тоғысады?
-Көкжиек сызығы дегеніміз не?
-Көру нүктесін қалай орналастыруға болады?
-Шығу нүктесін қай тұстан аламыз?
-Ауа перспективасының бейнелеу ережесінде не айтылған?
Сабақты қорытындылау.
Реферат:Әбілхан Қастеев өмірбаяны және шығармалары.
Бағалау:Топтарды және жекелей оқушыларды қолпаштау сөздерімен бағалау.
Топ басшысы өз топ мүшелерінде белсенді болған оқушыларды атап өтеді.
Рефлексия “Екі жұлдыз,бір тілек” . Оқушыларға стикерлер тарату.Стикерлерге сабақ туралы, түсінгендері жайлы өз ойларын білдіреді.
VІІ. Сабақты қорытындылау. –Балалар, бүгін біз перспектива заңдылығын меңгердік деп ойлаймыз.
VІІ.Бармақпен бағалау.сабаққа белсенді атсалысқан , суретті сауатты салған оқушыларға жақсы бағалар қойып шығамыз.
Үйге тапсырма: Күнделікті табиғат көріністерінен перспектива заңдылығы байқала ма , соны анықтап келу.
