«МЕН ЕСІРТКІ ЖАЙЫНДА АЙТЫП БЕРЕ АЛАМЫН»
Қызылорда қаласы №268 орта мектебінің
6 «А» сынып оқушысы Ерсін Айбек
Жетекшісі: Сүлейменова Гүлдана Сұлтановна
Мен осы күні 6 сынып оқушысымын. Мені күнделікті сабағымнан кейін спорттық ойындар қызықтырады. Өзім волейбол, футбол ойындарын ұнатамын. Осы спарт түрлерінен үйірмелерге қатысып, денсаулығымды шынықтырып жүрмін. Отбасында анам, мектепте апайым айтып жүргендей, жат әдеттерден аулақ болуға тырысамын. Ол үшін әдеби кітаптарды көп оқимын. Бұл кезде бізге маскүнемдік, шылымқорлық, нашақорлық деген деген сөздер газет, теледидар арқылы ғана таныс. Сол ақпараттарды оқи отырып, ол адамдардың өмірлері қиындыққа толы болатынын білемін. Қазіргі уақытта балалардың көпшілігі ұялы телефон немесе компьютер арқылы интернетті пайдаланады. Әрине, интернеттен көптеген қажетті мәліметтерді тауып алуға болады. Бірақ оған қоса жағымсыз ақпараттар да жеткілікті. Сондықтан интернеттен ақпарат іздегенде өте абай болуымыз керек. Өйткені ішімдікке, нашақорлыққа қатысты жас балалардың санасын улайтын деректер болуы мүмкін.
Осы жасымызда бізге кез-келген ақпарат қызықты болып көрінеді. Сондықтан кейбір ақпараттың зиянды екенін байқамай қалып жатамыз. Ал шылым шегу, максүнемдік, нашақорлық сияқты зиянды әрекеттер жайлы түрлі ақпараттарды көргенде, адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін түсінеміз. Өзіміз күнделікті жаңалықтардардан көріп, біліп отырғандай, соңғы кезде өмірде осындай жағдайлар көптеп орын алуда.
Психолог мамандардың айтуынша, бұған отбасындағы психологиялық жағдайдың шиеленісуі, ата-ананың ұрыс-керісі, маскүнемдігі сияқты жайсыздықтар әсер етіп, балалардың үйінен қашып, түрлі топтарға үйір болуына ықпал етеді екен. Сонымен бірге, отбасындағы тәрбиенің аздығы, ата-анасының немесе туыстарының ішімдікке үйір болуы да баланың өз ойымен тұйықталып, сырттағы адамдардың ықпалына еріп кетуіне жол береді.
Балалар алғашында темекіні, ішімдікті жай ойнап, ермек ретінде қабылдайды, алайда кейін біртіндеп оған деген тәуелділік туындайтынын білмейді. Ал нашақорлық – адам ағзасын өте тез уландыратын, аса қауіпті дерт. Әсіресе, оның жас адамның ағзасына әсері өте күшті. Сондықтан олар есірткіні бір рет пайдаланғаннан кейін тәуелді болып қалуы мүмкін. Жалпы ақпараттарға назар аударсақ, қазір елімізде 15 пен 25 жас аралығындағы жастардың наша қабылдайтыны өте өкінішті әрі қорқынышты.
Дәрігерлердің пікіріне зер салсақ, есірткі заттарды ішуге әбден дағдыланған сырқат адамдар ашушаң болып, көпшілікпен тіл табыса алмайды. Жұрттан бөлек, жасырын жүргенді қалайды. Есірткіге бой алдырған адамның аңғару, ойлау қабілеті нашарлап, бос сандырақтайды, бос күлетін болады. Содан соң дел-сал болып, оны бірнеше сағатқа шейін ұйқы басады.
Нашақордың есіл-дерті қайдан да болса да есірткі заттарды тауып ішуде болады. Ең қатерлісі – ол есірткіге ақша табу үшін түрлі әрекеттерге баруы мүмкін. Тіпті жақын адамына күш көрсетіп, оны тонаудан да тайынбайды.
Бұл күнде ер балалар ғана емес, қыздардың да темекі тартатыны, арақ ішетіні, есірткіге берілетіні бұл дерттің кең таралып бара жатқанының белгісі. Нашақорлықтың адам ағзасына тигізетін зияны өте қауіпті. Тіпті кей жағдайда адам өліп кетуі де мүмкін. Тірі болғанының өзінде оның өмірінің мәнісі болмайды.
Қорыта айтқанда, шылым шегу, ішімдік ішу, нашақорлық адам денсаулығына көп зиянын тигізумен қатар, барлық арман-мақсаты іске аспай қалады. Сөйтіп өмірде адасады. Ал осы аталған қатерлі дерттен сақтану үшін не істеуіміз керек? Ол үшін бос уақытымызды тиімді пайдаланып, әдеби кітаптар оқуымыз қажет. Спортпен шұғылданып, өнерге талпынуымыз керек деп ойлаймын. Бәрі адамның өзіне байланысты. Өз өмірімізге өзіміз жауапты болайық, жас достар!
