Анамдай болған алтын енем
Бердиярова Райхан Әбтіханқызы,
Некрасов атындағы № 9 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Түркістан қаласы.
Жас кезім. Жасым 22-де болатын. 1984 жылы Шымкент педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірдім. Отырар ауданындағы С.Ерубаев атындағы сегіз жылдық мектепке жұмысқа орналастым. Бір айдан соң Темір ауылында тұратын Пірмановтар (Садық, Фатима) отбасына, саңғыл әулетіне келін болып түстім. Өз отбасыңда бой жетіп, бөтен үйдің босағасын аттағанда қандай күйде боласың… Әрине, мен ешқандай сезімде болған жоқпын.
Себебі келген жерім қарапайым отбасы болды. Бір үйде енем, қайнағам. қайным, күйеуім және мен тұрамыз. Күндегі тіршілік. Азанда кетемін кешке келемін. Тамағым дайын. Мен көрші ауылдағы Бердияров Әбтіхан (Қарғалы ауылы) мен Ырыстының ерке қызы болып өстім. Тамақ істеу, үй жинау, тігіс тігу менің қолымнан келген емес. Бәрін апам істейтін. Ол туралы Ілеске (қүйеуім) айтқан болатынмын. Мейлі, ешнәрсе етпейді тек үйге барсаң болды,- деді. Біз бір-бірімізді танымаймыз.Мені алып қашқан. Руымды да білмеген. Сөйтіп мен ешнәрсе ойлаған жоқпын. Енем салмақты, сабырлы, ақылды, реңді келген кісі.Амал жоқ үй тірлігіне араласа бастадым. Азанда тұрсам шай қайнатып, сүтті пісіріп, дастарқанның үстін толтырып жайнатып қояды. Шайға келіңдер,- деп бізді күтіп отырады. Енем екеуміз ананы-мынаны айтып отыра береміз. Сыр жасыру деген жоқ. Не кигім келеді соны киемін, баратын жеріме барамын.Ай сайын айлығымды әкеп беремін. Өзіме жүріп тұратын ақша алып қаламын. Қайын енем -туған анам сияқты. Мен жұмысқа кетемін.Одан қалса баратын тойымыз бар.Таңғы сағат 5-те келеміз. Сөйтіп күндер, жылдар өте берді. Дүниеге Дана, Рауан, Дина, Орынбасар,Сандуғаш атты ұл-қыздар келді. Суға шомылдырады, бесік тербетеді, тамақ істейді және жұмысқа барады.Сонымен бірге келіннің де Абылай, Ақбота. Абай деген ұл-қыздары бар. Соның бәріне қабағын шытпай қарайды. Ақбота мен Динаны яғни екі бесікті күндіз-түні бірге тербетеді. Сонда да бізге бір ауыз артық сөз айтпайды. Қазір сол кездерімді ойласам ұяламын.
Осындай енені көрдіңіздер ме? Айтқаныма сенбейтін де шығарсыздар. Осындай отбасына келін болып түскеніме қуанамын.Сөйтсе Ілес айтады “Менің апам алтын ғой, Каден апама(енемнің абысыны) келін болсаң сені бір күнде тұрғызбай қуып жібереді,- дейді.Мен құдайға шүкір деймін. Енем де жұмыс істейді. Сол кезде тамақты мен істеймін. Жұмыстан келсем ет асып кетіпті. Қамыр илеп жайып саламын. Енеме тамақты беріп жібердім. Ертесіне сол тамақ қайтып келді. Сөйтсем қамыры өте қалың жайылған екен.Ендігіде қамырды жұқа етіп жай жарай ма,- деді. Апа, жарайды,- дедім. Бір күні үйге Қожа апа(енемнің келіні) келді. Ол кезде енем пешке нан жауып жатыр еді. Нанды сатып жемейсің бе?- деді. Нан жауып үйренер, әлі жас қой,-деді енем. Немене нан жаба алмай Ленинградтан келіп пе едің,-деді маған. Келсем де, келмесем де, жаба алмаймын-дедім.Күндер зулап өте берді. Бір күні азанда ерте жұмысқа кетіп бара жатсам, Қожа апа сыртта табаға нан жауып жатыр екен.Апа нан жауып жатырсыз ба,- дедім. Үйде Фарида жоқ еді нан жаба алмаймын дегені. Немене Ленинградтан келіп пе едіңіз,-дедім. Жоқ деп жауап берді. Мен риза болып кете бердім.Тағы бір қызық оқиға болды.Нан ашыта аласың ба- деді енем. Жоқ ашытып көрген емеспін,- дедім. Қасыма келіп отырып, қалай ашыту керектігін айтып отырды. Мен нан ашыттым. Нан ашыды. Енді далаға көң дайында- деді.Ол кезде үлкен абысын ( Гүлбазар ) бар еді.Сұрап едім екі табаны астына қой, үстіне көң қала да май құй,-деді. Мен айтқанын істедім.Бір кезде енем нан жабудың қамына кірісті. Райхан таба қайда,- деді. Апа, таба астында болған,- дедім. Ары іздеді, бері іздеді таба жоқ. Мен қасында тұрмын. Сонда таба қайда кетті…Таба еріп кетіпті. Енем келіні Қожа апаның үйіне барып, екі табасын әкеліп 8 таба нан жапты.Енем бір ауыз сөз айтқан жоқ. Сол кезде енем маған ренжіді ме екен. Міне, менің енем осындай алтын адам болған. Бір үйде 3 келін тұрдық. Бірімізді-бірімізге жамандап әңгіме айтқан жан емес. Үлкен абысын (Гүлбазар) ерте еншісін алып кетті. Ал Гүлмира (келінім) екеуміз 6 жыл бірге тұрдық. Гүлмира дүниеге 2 ұл, 1 қыз әкелді. Енем бізді 40 күнге дейін тары көже мен тәтті тамақ істеп орнымнан тұрғызбай жақсы күтеді. Ұрысқан емеспіз. Тамақ қай кезде дайын болады сол кезде ішеміз. Неге дайын емес деп ұрысса болады ғой. Айта берсем әңгіме таусылмайды. Бір күні енем Сарыағашқа демалуға кетті. Артынан бардық. Таба нан жаптым. Ет асып, қамыр істеп апардық. Сол кездегі енемнің қуанғаны сонша, наның тәтті болыпты, қамырың одан да тәтті,- деді Мен қуанып қалдым. Анамдай болған енем 97 жасқа келіп қайтыс болды. Дүниеге 10 ұл-қыз әкелген. 3 баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, ұл-қыздарынан 20 немере, шөпшек сүйді. Қайын бикелерім Феруза, Пернеш, Мария, Назира бәрі де ашық жарқын, ақкөңіл, мақтауға лайықты жандар. Ал жезделерім Артықбай, Қоңырат, Нартай сыйлы, салмақты, сабырлы, адамгершілігі мол жандар. Жезделерімізбен, қайнағаларымызбен қол беріп амандасамын.Мен қайынбикелерім мен жезделерімді, қайнағам мен қайнымды, абысын мен келінімді мақтан етемін. Қазіргі таңда ене мен келін арасында осындай байланыс бар ма? Міне, осы сұрақ мені мазалайды. Есітіп те, көріп те жүрмін. Көбінесе келіндерді кінәлап жатады. Неге? Ол да біреудің әлпештеп, аялап өсірген қызы ғой. Өз отбасында 18-20 жыл бірге тұрып, бір күнде танымайтын отбасына келін болып ақ босағаны аттау оңай емес. Әр отбасының өз тәртібі, ұстанымы бар. Сол тәрбиеге үйрену үшін біраз уақытты қажет етеді. Жас келіннің пікірімен де санасу керек керек қой. Міне сонда ғана жастардың шаңырағы шайқалмайды деп ойлаймын. Жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады деген мақал бар емес пе? Менің еркелігімді көтерген,жақсы тәрбие берген мейірімді, ақылды енеме айтар алғысым шексіз. Мен сіздің алтын ене болғаныңызды айтып жүремін. Мен сізді мақтан етемін. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын,- деймін.
