Абай өлеңдеріндегі сатира тілі

Жамбыл облысы Шу ауданы Бөлтірік ауылы
Ә.Молдағұлова атындағы шағын орталықты орта мектебінің
І санатты қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі
Құрманбекова Камшат Әділханқызы

…Мал жияды мақтаныш білдірмекке,
Көзге шұқып,малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке Абай.

Абайдың прогресшіл Россияның ықпалымен дүние тануы, өмірге тұрақты көзқарасының қалыптасуы оның көптеген сатиралық шығармалар жазып,сатирик ақынның дәрежесіне көтерілуіне мүмкіндік берді.Ақын өткір сөзі мен ащы тілін озбырлыққа,екіжүзділікке, опасыздық пен надандыққа, мылжыңдық пен жалғандыққа бағыттады. «Сатирик болу үшін озат идеяға негізделген тұрақты көзқарас болу керек. Мұндай көзқарас болмаса құнды еш нәрсе, әсіресе сатира жанрында, жаза алмайсың; егер өз көзқарасыңда,дүниетануыңда солқылдақ болсаң, онда сатира не мүлдем өтірік, не күлкі,не түсініксіз бірдеме ғана болады»,-деп жазады орыстың ұлы жазушысы Салтыков-Щедрин.

Абай Чернышевский, Щедриннен көп үйренді,олардың озық идеясы негізінде өзінің ағартушы-демократтық көзқарасын тыянақты түрде қалыптастырды.

Абай сатирасында саяси сарыннан гөрі моралистік сарын басым болды.

Абайдың көздегені-қазақ халқын ағарту, өнер-білімге қолын жеткізу, оны мәдениетті елге айналдыру жолы болды.Сондықтан ақын күрес ашқан қоғамдық кесепаттар-надандық,алауыздық,еріншектік,білімсіздік,ынсапсыздық,шенқұмарлық сияқты кемшіліктер болды.

Ең алғаш молданы сынап «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңін жазды.

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңлі бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі.

Алдымен надандық мұнда молданың өз басында екенін көреміз:

Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі.

Абайдың ақындық жолы бір үзілістен тұратынын біз білеміз.Сол жылдары ақынның бізге шашырап жеткен үш-төрт мысқыл-әзіл өлеңдері бар.Олар: «Шәріпке» (1870 ж), «Абралыға» (1876 ж), «Жақсылыққа» (1880 ж), «Кең жайлау» (1880 ж). Бұлардың ішінде өзінің замандасы, өзі шешен, әзілқой Абралыға арнаған өлеңінде:

Қира әтін оқытып,

Көріп едім шатылды.

Ниет қыла білмейді,

Не қылады нәпілді?- деп,намазды оқығанда қирағатын дұрыс оқи білмейтінін мысқылдайды.

Ақынның «Қартайдық,қайғы ойладық,ұйқы сергек» өлеңі1886 жылы жазылған. Өлеңде ел ортасына бүлік салып жүрген тынымсыз атқамінерлерді ең алғаш рет сынға алып, бөліп шығара бастайды:

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім меңгермек!

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттен қор боп өзіне сөз келтірмек.

Осы өлеңнің егіз сыңарындай жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» шығармасы болды. Алғашқы өлеңінде Абай болыстықтың өзі қорлық, иттікке апратын жол деп, одан қашу керек десе, мына өлеңінде атқамінер тобын айқын және ащы тілмен шенеп, әйгілеп көрсетеді:

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір

Өз үйінде шертиген паңы құрсын,-

деумен атқамінер ортасын «жүзі күйгір» деп, жиренішті топ етіп көрсетеді.Осындай көріністі Абай «Қайран елім, қазағым…» өлеңінде «Бас басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп шенеп өтеді.

1886 жылғы сыншылдық-қоғамшылдық өлеңдерінің қатарында «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ » өлеңі бар.Мұнда да өзі көрген кемшілікті, мінді мінездерді үлкен турашылдықпен қатты сынап, шенеп айтатын ақын көрінеді. Ендігі сынайтыны ел ішіндегі жалқаулар тобы.

Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Олардың ойында жоқ малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

Өзінде жерге мал жоқ,істер әрекет, еңбек жоқ, ішерге ас та жоқ,бірақ осындай бейнетсіз күн кешіп жүрген қазақ даласындағы жалқауларды Абай сөз қыла бастады. Үстем таптың өкілдері арамтамақ болса, олардың дағдылы қалпы.Ал, жоқшылықта жүргендердің жалқаулығы – ақынды анық қамқорлық оймен ыза қылғандай болады. Бұл топтың өкіліне Абай «көзіңді сатпа, теріңді сат» деп ақыл айтады. Еңбек туралы көп үгіт жүргізеді.

1887 жылы жазылған «Сабырсыз,арсыз, еріншек», «Көжекбайға» өлеңдері ел ішіндегі жағымсыз әрекеттерге арналған.1892 жылы жазылған «Бойы бұлғаң»өлеңінде ел ішіндегі құнсыздарды шенейді.

Сөз қыдыртқан,

Жұрт құтыртқан,

Антын, арын саудалап,

Бұтты-шатты

Үй санатты,

Байдан атты алмалап.

1893 жылы «Ал сенейік, сенейік» өлеңін айрықша атап өтуіміз керек. Мұнда да ел ішіндегі жағымсыз топты жалтармастан әшкерелеп береді. «Сенейін, сенейін» деп сөз бастап отырып, кекету мен әжуәнің ең ащы зәрін халық үшін ең қатерлі жауға жұмсайды.

Шалма ораған сопының

Ішін арам демейін,-

деген жолдар кекесіннің ең бір өтімді түріне айналған.

…Өткен өмір көрген түс

Неғылғанда бір болар,

Деп нанып ем,- маған нан,

Не таптым мен нанғаннан?,-

деп зілді сұрақ береді де, тағы да ызалы сынға жол ашады.

1894 жылы жазған «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» өлеңінде тағы бір шебер сатира туғызады.Бұл өлең елді билеп жүрген жуан, бұзықтарға жасаған шабуылды өзгеше өткір,

мысқыл мазаққа айналдырады. Пәле басылармен ақын сырласып отырған, ақыл қосып отырған кісі боп сөйлейді:

Жат елге жадағайда сөйле шәркез,

Тар жерде тайпалудан танба әркез.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,

Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез,-деп сорақы мінездерді ашуға жаңа жол тапқандай болады.Абайдың өзі жауыққан топты сыншылдық соққысына ұшыратуда шебер қолданған сатираның бірі осы өлең болып қалыптасады.

Қазақ әдебиетінде Абай жасаған болыстың типі – ерекше зор, ерекше мәнділікпен жасалған бейне.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Осы үзіндінің өзі-ақ болыстың бейнесін көз алдыңа елестетеді.Ақын шығармаларының ішінде «Болыс болдым,мінекей» өлеңі кейіпкердің ішкі жан дүниесін мейлінше терең ашып беретін психологиялық шығарма.Орыстың сатириктері Гоголь мен Щедрин жағымсыз типтерді жасау үшін психолгиялық анализге ерекше мән береді.Щедриннің айтуынша жағымсыз адамның сөзі мен ісі бір жерден шықпайды, егер оған өзінің ойын толық жария етуге мүмкіндік берсең-ол мүлдем басқа адам болып шығады.Абай осы принципті қолдана отырып, болыстың өзіне сөз береді:

Сияз бар десе жүрегім,

Орнықпайды суылдап.

Сыртқыларға сыр бермей

Құр күлемін жымыңдап,- деп бишаралығын көрсетсе,-

Оңашада оязға

Мақтамаймын елімді.

Өз еліме айтамын:

«Бергенім жоқ» деп «белімді»,-

деп екіжүзділігін ашып көрсетеді.Болысқа жағымсыз әрекетін айтқызу-ақынның дәл басып тапқан шебер әдісі.

Қорыта айтқанда, Абай қазақ әдебиетінде талай типтің үлгісін жасаған ұлы ақын.Щедрин: «Сатира үшін бірден бір өнімді өріс-халықтың өмірі.Сатирик осы өмірдің неғұрлым тереңіне сүңги берген сайын оның міндеті соғұрлым айқындала түседі, еңбегінің мәні соғұрлым айқын көріне түседі» дейді. Т.Кәкішевтің пікірінше қазақтың ұлы ақыныАбай бұл принципті де қалтқысыз жүзеге асырды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.А.Құнанбаев Шығармаларының толық жинағы А.1954 ж.

2.Х.Сүйіншәлиев Қазақ әдебиетінің тарихы А.1997ж.

3.Қазақ совет энциклопедиясы,1972ж.

Ответить

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Больше на

Оформите подписку, чтобы продолжить чтение и получить доступ к полному архиву.

Читать дальше