ХХІ ғасыр мұғалімі қандай болу керек
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылы
«Ушинский атындағы орта мектеп» КММ
химия пәні мұғалімі Байғабыл Ғайни
«Маған айтсаң – мен ұмытып қаламын,
маған көрсет – есте сақтаймын,
өзіме жасап көруге бер, мен үйренемін»
Ежелгі қытай даналығы
Өзінің 17 жылын артқа тастап, ХХІ ғасыр зымырап өтіп барады. Әр жыл өз жаңалығын, өзінің технологиясын бірге әкелуде. Бұл орайда білім беруде көш қалып жатқан жоқ. Жаңа әдістер, жаңа буын оқулықтары тағысы тағы заман талабымен бірге енуде. Осындай білімдегі жаңалықтардың атқосшысы – мұғалім.
Мұғалім – бұл тек балаға жаңа білім ғана беретін тұлға емес, болашақ пен бүгінгінің сабақтасы. Онсыз болашаққа ұмтылу да мүмкін емес. Әр мамандықтың өзінің ерекшелігі бар. Бірақ, барлық мұғалімге ортақ бір нәрсе: қарапайымдылық, әлемді жаңа жағынан таныту, шәкірттеріне сену, тың идеялар үшін жұмыс жасау, өз қатесін мойындай білу.
Мұғалім – жаңа заманға бәрінен бұрын бейімделетін маман. Заман талабына сай білім беруде, тез өзгеруде. Тіпті кеше ғана қол жетпестей болған ғаламтор, онлайн сабақтар, вертуальды зертхана т.б, бүгін шындыққа айналған. Әрбір педагог заманға сай осы ағымдармен бірге жүзеді. Шет елдерде ғана оқу үрдісіне енген топпен оқыту, оқушының өзін-өзі бағалауы тек баспалар мен жаңалықтардан еститін ақпарат емес, барлық педагогтің өз сабағында қолданатын тәсіліне де айналғаны қашан? Бұл жаңалық біздің мектептің ұстаздары үшін де өз уақытымен қоданылған тәсіл. Мен бір орында тұра беретін, ескілікті ұстанған ұстаздар қатарына жатпаймын. Менің сабаққа келуім күнделікті іздену, оқулықтарды парақтау, жаңалықты енгізуден басталады. Мен өз маманымның шебері болуға ұмтылатын ұстазбын. Шеберлікке жетудің бір жолы – жаңа педагогикалық идеяларды игерумен басталады деп түсінемін. Мен 65 жыл тарихы бар қасиетті мекен Ушинский атындағы орта мектеп мұғалімдерімен бірге жұмыс жасайтыныма қуанамын. Өйткені, мұнда мені түсінетін оқушылар, маған сенім артып, мені бағалайтын, кәсіби шеберлікке баулитын әріптестерім бар. Сан ұрпақты ұядан ұшырған қасиетті мекен мектепте ұстаз болу аса жауапкершілікті жұмыс. Себебі, қазіргі оқушылардың түсінігінше, барлығын ғаламтордан үйренуге болады. Міне, осы түсініктің қате екенін, ғаламтордағы түрлі жаңалықтар мен одан алған білім тек үстіртін шолу екенін жеткеншек ұрпаққа жеткізу мұғалімнің жауапкершілігінде. Жаңа заман жастары алған білімін практикамен ұштастыра алмайды. Мұның бәрін жастарға үйрету ХХІ ғасыр мұғалімінің еншісінде. ХХІ ғасыр мұғалімі оқушыға тек дайын білімді ғана бермей, оқушының өзінің ізденуіне жетелеуі тиіс. Олай дейтінім, Жапон ғалымдарының зерттеуінше, адам өзі оқып- үйренгенде, білімнің 90 % -ін меңгереді екен. Осы орайда өз бетінше білім алып, өз бетінше ізденуге жетелеуді де оқушыға үйретуі керек. Алғаш деңгейлік курстарды оқып келген мұғалімдер коучингтер өткізгенде қызыға тыңдап, сабақтарда әдіс-тәсілдерін қолданғым келетін. Бірақ, барлық терминдер мен тәсілдерді дұрыс білмеген соң, жатырқай қарағанымды мойындаймын. Ал, қазір «Блум таксономиясы» , «Алты қалпақ», «Фишбоун» т.б терминдер мен әдіс-тәсілдер мен үшін жат ұғым емес. Бұлар күнделікті сабақта қолданатын әдіс-тәсілдерім.
Алған білімді практикамен ұштастыру арқылы ғана білім шыңына бір қадам жақындайды. Жаңа педагогикалық технологияларда осыны меңзейді. Олай дейтінім, топпен оқыту кезінде бір оқушы екінші оқушыға түсіндіру кезінде өзі де материалды қоса меңгереді. Топпен оқытып, алған білімдерін постерге түсіріп, қорғау кезінде оқушы бойында көшбасшылық пен шешендік өнердің пайда бола бастағанын да байқаймын. Бұл тәсіл оқушыны жауапкершілік пен ұйымшылдыққа да тәрбиелейді. Олай дейтінім, топпен оқыту кезінде «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» стратегиясын қолданады. Алғаш тәжірибемде топпен оқытуды қолданғанда оқушылар мен үшін сабақтың қалай өткенін анықтайтын индикатор сияқты болды. Сабақ аяқталысымен олардың қызығушылығын сезген кезде жеңілде ыңғайлы тәсілді тапқанымды сездім. Рефлексия кезінде оқушы бойынан шаттану мен пәнге деген қызығушылықты байқаймын.
Атақты педагог Я.А. Каменский былай деген еді: «Келер ғасырдың қандай болуы, сол ғасырда тәрбиеленген ұрпақтарға байланысты». Міне, сондықтан біз заманға сай ұрпақ тәрбиелеп жатқан аса жауапты маман иесіміз. Педагогика өте нәзік зергерлік өнермен тең. Ал, ұстаздық ету ол – ыстық металдардан білім құймасын жасайтын шебер іспеттес. Әрбір ұстаздың мақсаты сол ыстық цехта «тұтану» емес, «лаулап жану». Осы мақсатқа жету үшін тек топпен оқытып қана қоймай, интерактивті тақта мен электронды оқулықтарды қолдану оқушының өз бетінше ізденуіне мүмкіндік туғызады. Ежелгі грек философы Ксенофонт «Ештеңе ұнамайтын адам ешқашан, ештеңе үйрене алмайды» деген. Дәл осы қағиданы ұмытпаған ұстаз ғана биік жетістіктерге жете алады. Мен 17 жылдық еңбек өтілімде аңғарғаным – мұғалім тек қолға алған дипломмен шектелмейді. Ол адам тағдырына жауап беретін қасиетті мамандық иесі екеніне көзім жетті.
«Әлем тез өзгереді. Ал білім беру уақыттың құрсауында болады. Ол – өткен уақыт пен қазіргі уақыттың ұштастырушысы» , – деп Гордон Драйден текке айтпаған.
Мектеп – білімнің көзі екені белгілі. Біреулер үшін ол қызыққа толы, ал кейбіреулер үшін көңілсіз. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Менің түсінігімше, қазіргі заман мектебі әртүрлі пікірлі адамдарды бір мәмілеге келтіретін орын. Осындай ауызбіршілікке әкелетін де жаңа білім технологиялары. Атап айтсақ, оқушының пікірін тыңдап, оқушыны білім алушы ретінде ғана қарамай, ұжымдас ретінде қарау, оның мектепке, білімге деген оң көзқарасын қалыптастыратыны сөзсіз.
