Жүсіп Баласағұни
Жүсіп Баласағұни
Теміртау қаласы
№9 мектеп-лицейі
бастауыш сынып мұғалімі Хавдолда Ардах
Эссе
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни – ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері. Өмірі туралы мәліметтер аз сақталған. Жүсіптің әкесі де ақын, өнерпаз кісі болған. Хан сарайында өлең айтып, күй шерткен. Кейін ол бұл іске баласын да тартып, Жүсіп әкесімен бірге хан сарайында қызмет еткен. Замандастары мен өзінен кейінгі ұрпақтарға дарынды ақын ғана емес, ғалым ретінде де танымал болған. Философия, математика, медицина, астрономия ,астрология, өнертану, әдебиеттану, тіл білімі, т.б. ғылым салаларының дамуына зор үлес қосқан.
Ж. Баласағұнның есімін әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында өшпестей етіп жазып қалдырған оның «Құтты білік» дастаны. Бұл еңбегін зайырлық жыл санауымыздың 1070 жылы жазып бітіріп, оны «хандардың ханы», Қарахандар мемлекетінің сол кездегі билеушісі Сатұқ Қара Бұғра ханға тарту етеді. Бұған қоса оның арғы тегіне арнап «Хұсайынның қасіреті» деген күй шығарады. Хан оның бұл еңбегін жоғары бағалап, өз жарлығымен Жүсіп Баласағұнға «Хас Хажиб» («бас уәзір» немесе «ұлы кеңесші») деген лауазым берген. Жүсіп Баласағұнның аты-жөніне «Хас Хажибтың» тіркелуінің мәнісі осында.
Дастан оқырманына құт-берекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы “өзіңді сақтау”, “өзіңді ұмытпау” қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен руханилықты жетілдіруге бағытталған. Ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның ойынша, өкініштің ең ауыры өлшеулі өмірде дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетіп, діл тазалығын сақтай алмаудан туады, сондықтан адам өзінің адамгершілік қасиетімен бірге өмірдің өткіншілігін де ұмытпауы қажет. Бұл жалған дүниені ақыл тезіне салып түзетуге болатынына да сенген ғұлама әлемдік үйлесімділік негізінде әділетті адамзат қоғамын құруды армандады. «Құтты білік»-тің негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен рухани кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, мықты, құтты ету. Ел басқарған әкімдерді күншілдік, ашкөздік, сауық – сайранға құштарлық, қатыгездік, кекшілдік сияқты жаман қылықтардан сақтандырады. Осы орайда рухани-адамгершілік білімнің маңыздылығы жайында ұлы қазақ классиктері де айтып кеткен.Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы ғалымдарға «Ар-ұждан» ілімін әзірлеп, оны барлық білім беру ұйымдарында міндетті пән ретінде енгізу жөнінде ұсыныс айтқан. Бүгінгі таңда Шәкәрім Құдайбердіұлының арманы жүзеге асты деуге болады, себебі, Қазақстанның барлық жалпы білім беретін мектептерінде өткізілетін өзін-өзі тану сабақтары – ар ұждан сабақтары болып табылады.
Ойшыл ғалымның айтуынша, егер адамда ізгілікке қарсы тұратын белгілерді жеңетін күш жоқ болса, онда ұнамды сапалар жойылады. Бұл құндылықтар мен олардың қарама – қарсылықтарының халықтық түсіндірмесі мыналар:
- біріншісі – ақыл, оны ашулану, өшігу күңгірттендіреді;
- екіншісі – достық, оны күншілдік бұзады;
- үшіншісі – ұят, оны тойымсыздық, ашкөздік жояды;
- төртіншісі – жақсы тәрбие; оған нашар орта әсер етуі мүмкін;
- бесіншісі – бақыт, ал оны қызғаншақтық бүлдіреді.
"Тіл өнерінің қасиет-сипаты мен пайда зияны" айтылатын тарауын да егжей – тегжейлі қозғалған. Халықтық тәрбие дәстүрлерін жетік білгені Баласағұнға мінез – құлық ережелерін жүйелеуге жәрдемдесті.
Дастанда «Тіл туралы» айтқан қағидаларының тәлімдік-тағылымдық, ғибраттық мәні ерекше. «Тіл адамның даңқын асырады», «Адам ол арқылы бақыт табады», «Тіл адамға жапа да шектіреді», «Абайламаса, басынан да айырады», «Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа», «Көп сөйлеме. Сабыр қып, әр сөзіңді салмақтай айт», «Он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш», «Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз, кісі көркі – жүз, жүздің көркі – көз!».
Бұдан біз Өзін-өзі тану рухани адамгершілік білімінің ұраны деп айтуға болатын ой, сөз, іс үшеуінің үйлесімділігін байқауға болады.
Идеясы жағынан дастан ізгілікке рухынилыққа үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық тағылымдық туынды. Онда жеке адамның өзін қоғамда, үй ішінде қалай ұстай білу керектігінен бастап, хандар мен бектердің өз қарамағындағы әрбір қоғамдық топтарға қалауға тиіс екендігі жөнінде көптеген мәселелер қамтылады.
Адам баласын ғасырлар бойы толғандырып келген рухани адамгершілік біліміміздің тамыры терең, діңі түзу болса берер жемісі де мол әрі тәтті болары сөзсіз.
