“Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”
"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру"
Баяндама
Шығыс Қазақстан облысы
Ұлан ауданы
Таврия ауылы
«Таврия орта мектебі»КММ
Токпаева Асфира Какеновна
Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі
2017-2018 о.ж.
"Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру"
Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын зер сала оқып шықтым. Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын – қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңданыстан бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Әсіресе, көптен күтіп жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, Тіл білімі институтына үлкен жауапкершілік артып отыр. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық керек.
Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұзтаздар қауымы қосатын үлес –жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.
«Жалғандық жарға жығады» дейді қазақ даналығы. Біз – бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке бағдарлады. Бұл – қалыпты өмірді қауіпті өмірге айналдырмаудың және нақты жаңғырудың қамы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз еліміздің даму бағыты өрілген өзекті мақала екені даусыз.
