Тумабаева Асель Илебайевна
Оқытудың педагогикалық ерекшеліктері
Оқыту – мақсатты процесс. Оқытудың басты мақсаты, әдіс тәсілдері мазмұны мен міндеттері қоғам талабынан туындап, ұдайы өсіп жаңарады.
Оқытудың міндеті – оқушыны айнала қоршаған ортамен (табиғат, қоғам) және адам дамуының негізгі заңдылықтарымен қаруландыру. Оқушы дүние танудан бұрын ғылымда белгілі болған, зерттеліп дәлелденген жаңалықтарды, заңдылықтар мен тұжырымдарды әрі қарай дамыта түседі.
Оқытуда ғылым негіздерін оқып үйренудің өзі, ғылым тарихымен, оның әдістерімен танысу, ұлы ғалымдардың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алады.
Оқыту — даму негізі. Педагогикалық үдеріс өзіне тән негізгі екі белгіні: организмнің өзіңдік дамуына жүйелі түрдегі көмек және жеке бастың жан-жақты жетілуін түйістіреді.
Баланың өзіндік дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі – өзара қарым-қатынас жасау іс-әрекеті. Сөйтіп, оқыту үдерісі – мұғалімнің баламен үнемі рухани қарым-қатынаста, ынтымақтастық жағдайда болуын қажет етеді. Оқыту үдерісінде бала тек мұғалімнің әсерін қабылдаушы ғана емес, оның оқу іс-қимылы мен өзінің психикалық процестерін басқару, ұйымдастыра білуі (іс-әрекетін білуі, бағалауы, өзін-өзі басқаруы) оқытудағы субъекті екенін айқындайды. Оқыту үдерісінде бала логикалық ойлау болмысының жалпы тәсілдерін қолдануға және дербес шығармашылық әрекет жасауға дағдыланады. Бұдан шығатын қорытынды: оқыту — баланың рухани жағынан жетілуін қамтамасыз етеді,оқыту — бала дамуының алғы шарты. Демек, оқыту мен дамудың арасында тығыз байланыс туындап отырады.
Оқыту – екі жақты үдеріс. Оқыту оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекетінен тұратын күрделі процесс. Өйткені, оқыту — мұғалімнің білім берудегі негізгі іс-әрекеті болса, оқу – баланың өзінің танымдық, практикалық әрекеті. Сөйтіп, оқушының таным әрекеті мұғалімнің басшылығы арқасында ғана жүзеге асады.
Оқыту — жоспарлы үдеріс. Мұғалім оқушылардың жалпы рухани дамуын жүйелі қамтамасыз етуі үшін оқыту процесін жоспарланған, ұйымдастырылған түрде жүзеге асырады. Оқушы білімді қысқартылған, педагогикалық тұрғыдан өзгертілген жолмен мұғалімнің арнайы жазылған оқу құралдарының көмегіне сүйене отыра меңгереді.
Сөйтіп, оқыту процесі оқушылардың жас ерекшеліктерінің сәйкестігін ескере отырып, таным қызметінің формасы мен әдістерін соған орай өзгертіп отырады.
Оқыту – бұл күрделі үдеріс. Ол тұлғаға білім беру, тәрбиелеу және ақыл-ойы мен шығармашылық қабілетін, демек біліктілігі мен дағдысын дамыту негізінде жүзеге асырылады. Мұның мәнісі, жеке түлғаға біртұтас (комплексті) ықпал жасауды көздейді. Осы негізде, оқыту үдерісінің бірінші қызметі — оқушыларға білім беру.
Білім беру, біріншіден, ғылым негіздеріне сай оқушыларды нақты фактілермен, қағида және түсініктермен, заңдылықтармен қаруландыруды қамтамасыз етсе, екіншіден солардың негізінде, айналасындағы әртүрлі құбылыстарға олардың ғылыми көзқарасын қалыптастыру.
Екінші қызметі – тәрбиелеу. Оқыту барысында оқушыларды теориялық білімдер жүйесімен қаруландырып, жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырып дамыту. Сонымен бірге оқыту барысында тәрбиенің мақсат, міндеттері және мазмұны мен тәсілдері анықталады. Оқытуда тәрбие мен оқытудың байланысы біржақты қарастырылмайды, керісінше біртұтастық ұстанымға негізделіп, бірлікте қолданылады. Демек, тұлғаға білім бере отырып, оны тәрбиелейміз, тәрбиелей отыра білім береміз. Сөйтіп, тәрбие үдерісі дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оқытудың барысына қолайлы ықпал етеді, соның негізінде тұлғаның танымдық қызметі мен оқуға деген қызығушылығы артады.
Үшінші қызметі — дамыту. Оқыту барысында оқушыларға білім беру, оларды тәрбиелеу негізінде тұлғаның ақыл-ойы, сана-сезімі, шығармашылық қабілеті т.б. көптеген тұлғалық қасиеттерінің дамуына, біліктіліктері шыңдалып қабілеттерінің артуына оң әсер етеді. Демек, тұлға жан-жақты қалыптасып дамиды (байқағыштығы, ойы, есі, қиялы секілді психикалық процестері де қарастырылады).
Даму қызметінің ерекшелігі сол, ол өз алдына жеке өмір сүрмейді, керісінше, оқытудың білім беру мен тәрбиелеу қызметінің жалғасы боп есептеледі. Сондықтан, дамудың қарқынды, жан-жақты әрі, терең болуы білім беру мен тәрбиенің қандай дәрежеде іске асырылуына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды, оқытудың білім беру мен тәрбиелеу қызметінің негізі болып саналса, даму өз алдына олардың қызметінің нәтижелі болуына қолайлы ықпал етеді.
Дидактикада "Дамыта оқыту" процесі 1960 жылдардан басталды. Осы негізде Л.В.Занков, Н.А.Менчинская, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов, М.А.Данилов, М.Н. Скаткин еңбектерінде, оның жолдарын шешу үшін әр түрлі ұстанымдарды ұсынды. Солардың ішінде Л.В.Занковтың оқу үдерісі арқылы білім беруді қарқынды, ұйымдастыру, оқушылардың оқуды саналы меңгеруін қамтамасыз ету ережесі ұсынылды.
Бұл дамуда тек ойды қалыптастырумен ғана емес, ол тұлғаның дамуына да оңтайлы әсер етеді.

