Сабақ тақырыбы: Ұлттық спорт ойындары
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Қызан селосы Ə.Жангелдин атындағы орта мектептің 2-ші санатты дене шынықтыру пəні мұғалімі Танашева Сағыныш Ақылбекқызы
Сабақ тақырыбы: Ұлттық спорт ойындары
Асық ату 
Асық ату — ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі.
Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.
Асық атудың жарысы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің және ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығымен бекітілген «Асық ойынының ережесі» бойынша өткізіледі.
Көкпар 
Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені салмағы 30-40 кг немесе 50-60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.
Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені қанжығаға байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге, атты екі аяққа көтеруге тиым салынады.
Көкпар ойыны арнайы көкпар үшін жабдықталған ұзындығы 200 метр, ені 80 метр, қазандық арасы 120 метр, орталықтан бастап «мәре салым» қазандыққа дейін 60 метр алаңда бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі. Ойын арнайы бекітілген көкпар ойынының ережесіне сай әрқайсысы 20 минуттық 2 кезеңде өткізіледі. Әр кезең аралығында 10 минуттік үзіліс болады. Ойында қарсыласының қазандығына ең көп салым салған команда жеңімпаз болып танылады.
Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт
Аударыспақ
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін қазақтың ұлттық спортының бір түрі. Бұл ойында екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады.
Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын.
Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Жарыс ережеге сәйкес 60, 70, 80, 90, +90 кг салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Аударыспақшыда қызыл және көк түсті белбеулері болуы қажет. Аударыспақ шеңберінің аумағы 30 метр. Белдесу уақыты 5 минут. Аударыспақшының ер тоқымында, жүгенінде, өмілдірік құйысқанында спортшыға зақым келтіретін үшкір заттар, темір әшекейлер, ер тоқымының алдыңғы, артқы қасында, үзеңгісінде дәнекерленген қосалқы бөлшектер болмауы тиіс.
Аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды.
Теңге ілу
Теңге ілу – ержігіт сайысына ұқсас қазақтың ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі. Желіп келе жатқан аттың үстіне отырып желісін баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз аталады. Теңге ілу алаңының ұзындығы 120 метр. Теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық 30 метр. Теңге саны 5-еу. Теңгелердің ара қашықтығы 10 метрден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп лақтырып тастауы керек. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына бөліп қортындысы шығарылады.
Бүркітші
Бүркітш: Көшпенді бабаларымыздың таным-түсінігінде бүркіт — батылдықтың, батырлықтың, еркіндіктің, рух биіктігінің символы. Еліміздің туындағы бүркіттің бейнесі азаттықттың, тәуелсіздіктің, тектіліктің, қайраттылықтың айбыны ретінде бейнеленген. Қазақ халқы бүркітті киелі құс санаған. «Бүркіт бір сілкінсе мың пәле кетеді» деп есептейді және бүркіттің бір қауырсынын үзіп алып қасиетті зат санап биікке іліп қояды.
Тарихи деректерге қарағанда бүркітті қолға үйретіп, аңшылыққа пайдаланғанына 3 мың жыл болыпты. Италиян жихангері Марко Полоның естелігінде, Құбылай ханның саятшылыққа пайдаланған 500 бүркіті және басқа да құстарының болғандығы жазлылады. Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітшісі болғандығы туралы деректер бар. Орта Азия хандарының да бүркіт ұстап, құсбегілердің қызметін пайдаланғанды белгілі.
Қазақ халқы құсбегілікке: бүркіт, қаршыға, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтайды пайдаланған. Қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шора туралы «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деген сөз тараған. Қазір Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында «Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі» мен Республикалық құсбегілер мұражайы жұмыс істейді.
2004 жылы «Бүркітші» федерациясы құрылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына енді. Содан бері Күнтізбелік жоспарға сәйкес «Салбурын», «Саят», «Қансонар», «Бүркітшілердің Республикалық чемпионаты» жарыстары мен әр түрлі турнирлер өтіп келеді. Бұл жарыстарға 30-дан 90-ға дейін бүркіттер мен қаршығаларын алып саятшылар келеді. Атақты бүркітшілердің арасында Бүркіт жарысының спорт шебері Әбдірзақова Мақпал да бар. Барлық жарыстар құзырлы органдар бекіткен ережеге сәйкес өткізілуде. Қазақстан бүркітшілері шетел қалалары: Лондон, Дубайға сапар шегіп жарыстарына қатысты. Елімізде бүркітшілер қатары жылдан-жылға өсіп келеді.
«Құсбегілік»
- Жалпы ережелер:
1) «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар жұртшылықты қазақтың ұлттық ойындарына жататын осы жарыс түрімен ұдайы айналысуға тарту, сондай-ақ халық арасында осы спорт түрінің салауатты өмір салты принцптерін дәріптеу құралы ретінде кең насихаттау әрі жандыру , спортшылардың шеберлігін арттыру, өмірлік маңызы бар қолданбалы дағдылар мен жасөспірімдердің батылдық, епшілдік секілді жеке қасиеттерін жетілдіру мақсатында өткізіледі.
2) Жарысты өткізу ережелері мен олардың есебін жүргізу регламентпен әрбір жеке жағдайда белгіленеді, оны осы жарыстарда өткізетін ұйым әзірлейді.
3) Жарыс регламенті мынадай тараулардан тұрады:
- Мақсаттар мен міндеттер;
-
Өткізілетін орны мен уақыты;
-
Қатысатын ұйымдар мен жарысқа қатысушылар;
-
Жарыстың бағдарламасы;
-
Қаржы шығындары;
-
Өтінім беру мерзімі мен тәртібі.
4) Жарыс регламенті жарысқа қатысушыға шақырылған ұйымдарға мына мерзімде жолдануға тиіс.
- Дене шынықтыру және спорт ұжымдарының жарыстары үшін кемінде 2 ай бұрын;
Аудандық және қалалық жарыстар үшін кемінде 3 ай бұрын;
Облыстық жарыстар үшін кемінде 4 ай бұрын;
Республиклық және халықаралық жарыстар үшін кемінде 6 ай бұрын.
2. Жарысқа қатысушылар
1). Жарысқа арнайы өтінім тапсырған дәрігердің рұқсаты мен сақтандыру полисі бар құсбегі спортшылар қатыстырылады.
2). Жарысқа қатысушы құсбегі спотшылар:
- Жарыс ережелері мен регламентін білуге және орындауға;
Жеке басын растайтын құжаттары, дәрігерлік анықтамасы, сондай-ақ регламентте көзделген басқа да құжаттары болуға және олады жарыс өткізуші тұлғалардың бірінші талабы бойынша ұсынуға;
Барлық қатысушыларға, төрешілерге, жарыс өткізуші мен қызмет көрсетуші тұлғаларға, сондай- ақ көрермендерге қатысты сыпайы, биязы болуға;
Жарысқа белгіленген уақытта келуі қажет;
Төрешілердің нұсқауларын мүлтіксіз орындауға, белгіленген жұмыс тәртібін сақтауға, қатысушыларға белгіленген орында болуға міндетті.
3) Жарысқа қатысушы құсбегі спортшыларға берілетін құқықтар:
- Жаттығу орындауға қатысты шұғыл мәселелер бойынша тікелей төрешілерге, жарыс өткізуге байланысты қалған басқа жағдайларда өкілдеріне өтініш жасауға;
Жаттығуды осы мақсаттар үшін бөлінген орындарда төрешілер алқасы белгілеген уақыттарда жүргізуге құқылы.
4) Қатысушы құсбегі спортшыларға берілмейтін құқықтар:
- Төрешілердің жұмысына арасауға және төрешілік етуге бет-әлпетімен өзінің наразылығын белгілуге;
Төрешілерге қатысты қандай да болмасын дөрекілікке баруға тыйым салынады.
5) Кез-келген масштабтағы жарыстырға қатысушының өкілі тағайындалады, ол тәртіптің жай-күйі, оның мүшелерінің киім нысаны мен күн тәртібін сақтауы үшін жауап береді.
6) Жетекші
- Жарыс өткізілетін жерге келгеннен кейін спортшыларды мандат комиссиясына таныстыруға:
Қатысушы спортшылардың жарыс өткізілетін жерге уақытылы келуін қамтамасыз етуге, олардың осы ереже мен жарыс туралы ережені қатаң қадағалауға;
Төрешілер алқасының отырысына қатысуға, жеребе тартуға қатысуға өз спортшыларына төрешілер алқаптарының талаптары мен шешімдері, жарыс бағдарламасының немесе күн тәртібінің өзгергені туралы хабарлауға;
Спортшылары көрсеткен нәтижелерді білуге, олардың қорытындыларын уақытылы шығаруға;
Бас төрешілер алқасына сақтандыру полистері, дәрігерлік анықтама мен өтінімдерін табыс етуге;
Спортшыларды орналастыру мен тамақтандыруға, қамқорлық жасауға міндетті;
Төрешілерге олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өтініш жасауға міндетті;
Төрешілер алқасына өтініштер (наразылықтар) беруге құқылы.
7) Команда жетекшісі
- Төрешілердің шешімін бұзуға немесе олардың іс-қимылдарына араласуға;
Жарыс барысында спортшыларға жәрдем көрсетуге;
Жарыстың бас төрешісінің немесе оның орынбасарларының рұқсатынсыз жарыс өтіп жатқан немесе спортшылар орналасқан жерден кетуге тыйым салынады.
3. Құсбегі спортшыларға қойылатын талаптар
1) «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстарға әлемдік және Қазақстандағы құсбегілер федерацияларының командалары мен жекелеген спортшылар, шет елдердің командалары мен жеке спортшылары өздерінің ұйымдастыру алқасына тапсырған өтінімдеріне сай қатыстырылады.
2) Жарысқа қатысушы әрбір команда жеке спортшының тәжірибелі өкілінің болуы шарт.
3) Өтінімде мынадай деректер көрсетілуге тиіс: спортшының аты-жөні ,туған жылы, келген жері, жетістігі, құсына дәрігердің жарысқа қатысуға берген рұқсаты және сақтандыру полисі болмаса жарысқа қатыстырылмайды.
4. Жарыс өткізу орны мен тәртібі
1) «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар жарыс ұйымдастырушылардың байқауына қарай құс ұшыратын қырлы және аң жіберетін етегі арнайы таңдап алған жерде өткізіледі.
- алаңның кеңдігі 1000-1500 метрден кем болмауы тиіс;
құстың ұшуына кедергі келтіретін электр сымдары ,жасанды құрылыс заттары, тау, өзен, батпақ жерлер болмауы тиіс.
2) «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар бүркітшілер мен қаршыға тектес кіші құстар болып екі түрінен де ересектер арасында, жастар арасында және жас өспірімдер арасында өтеді.
3) Жарыс алдында жеребе тасталып, спортшыларға нөмер беріледі. Әр спортшы өзіне және құсына берілген нөмірімен жарысқа қатыстырылады.
4) Бүркітшілер жарысы : қолға шақыру, қоянға салу, кептерге салу бойынша өткізіледі.
5) Жеңімпаздар алған ұпайларына қарай анықталады.
Спортшыларға ұпай беру тәтрібі.
Бүркітшілер жарысы:
- Құсбегі спортшылардың киім үлгісі:
- ұлттық нақшта өрнектелген шалбар
ұлттық нақшта өрнектелген кеудеше шапан;
ұлттық нақшта өрнектелген бас киім;
биялай;
жем қалта
кездік
түтік;
тұғыр;
томаға;
балдақ;
жемаяқ;
балақбау;
Осы құрал жабдықтардың барлығы түгел болса 7 ұпай, ал әрбір кем болған құрал-жабдығы үшін 1 ұпайдан кемтіліп отырады.
2. Бүркіттің иесімен ара қатынасы, бүркіттің еркін ұшуы:
- Құс ұшпаса 0 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшып кетіп, иесіне келмесе 0 ұпай;
Құс айналып самғап иесінің қолына келіп қонса 7 ұпай;
құс басқа жерге бір рет қонып, шақырумен оралып келсе алған ұпайдан 1 ұпай шегеріледі;
Құс басқа жерге 2 рет қонып , шақырумен оралып келсе алған ұпайдан 2 ұпай шегеріледі;
Әр құсқа берілетін уақыт 3 минут.
3. Бүркітті қолға шақыру:
- 50 метрге дейінгі шеңберден 3 ұпай;
50 ден 75 метрге дейінгі шеңберден 5 ұпай;
75 тен 100 метрге дейінгі шеңберден 7 ұпай;
100 метрден жоғары 10 ұпай;
Құс ұшпаса 0 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшып кетіп , иесіне келмесе 0 ұпай;
құс басқа жерге қонып, шақырумен оралып келсе алған ұпайдан 1 ұпай шегеріледі;
4. Бүркітті шыршаға, қоянға түлкі немесе қарсаққа салу:
- құс шырғаға, аңға түссе жоғары 7 ұпай;
құс жерге бір қонып барып түссе 1 ұпай шегеріледі;
құс жерге екі қонып барып түссе 2 ұпай шегеріледі;
құс шырғаға, аңға түсуге әрекет жасап ұстай алмаса 1 ұпай;
құс басқа жаққа ұшып кетсе 0 ұпай.
5 . Қаршығаның иесімен ара қатынасы, құстың еркін ұшуы:
- Құс ұшпаса 0 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшып кетіп, иесіне келмесе 0 ұпай;
Құс айналып самғап иесінің қолына келіп қонса 7 ұпай;
құс басқа жерге бір рет қонып шақырумен оралып келсе алған ұпайдан 1 ұпай шегеріледі;
Құс басқа жерге 2 рет қонып , шақырумен оралып келсе алған ұпайдан 2 ұпай шегеріледі;
Әр құсқа берілетін уақыт 10 минут.
6. Қаршығаны қолға шақыру:
- 50 метрге дейінгі 3 ұпай;
50 ден 75 метрге дейінгі 5 ұпай;
75 тен 100 метрге дейінгі 7 ұпай;
-100 метрден жоғары 10 ұпай;
- Құс ұшпаса 0 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшып кетіп, иесіне келмесе 0 ұпай;
құс басқа жерге бір рет қонып шақырумен оралып келсе, алған ұпайдан 1 ұпай шегеріледі;
7. Қаршығаны қоянға салу:
- құс қоянға түссе жоғары 7 ұпай;
құс жерге бір қонып барып түссе 1 ұпай шегеріледі;
құс жерге бір қонып барып түссе 2 ұпай шегеріледі;
құс қоянға түсуге әрекет жасап, ұстай алмаса 1 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшып кетсе 0 ұпай.
8. Қаршығаны кептерге салу:
-құс кептерді бірден іліп алса жоғары 7 ұпай;
-құс кептерді бір жіберіп алып қайта ілсе, бір ұпай шегеріледі;
-құс кептерді 2 бір жіберіп алып қайта ілсе, 2 ұпай шегеріледі;
- құс кептерді ілуге әрекет жасап, ұстай алмаса 1 ұпай;
Құс басқа жаққа ұшпаса 0 ұпай;
9. Спортшыларға рұқсат етілмейтін әдістер:
- құстарын алмастыруға;
жарыстан 10 мин. кешігуге;
құсты иесінен басқа адам алып қашуға .
4.6 Спортшыларға саятшылық өнеріндегі рұқсат етілген барлық тәсілдерді қолдануға болады.
4.7 Төрешіден 2 рет ескерту алған спортшы үшінші рет ереже бұзса жеңілген болып есептеледі.
4.8 Егер спортшының құсы жарыс барысында жарақат алып, дәрігер құсқа жарысты жалғастыра алмайды деген шешім шығарса, құсы жараланған спортшы жеңіліс табады.
4.9 «Құсбегілік» өнері бойынша жарыстар ұйым біріншілік, қалалық біріншілік, облыстық біріншілік, республикалық біріншілік, халықаралық біріншілік болып өткізіледі.
4.10 Жарыстың қауіпсіздік шаралары ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен қамтамасыз етіледі.
Қыз қуу 
Қыз қуу — қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол Қазақстан Республикасы халықтарының арасында кеңінен тараған қазақтың ұлттық ат ойыны тобына жатады. Қыз қуу сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны. Ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткен. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымызға дейін қандай болса, қазірде сол күйінде қалды. Бағзы заманда жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айырылған. Бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жағынан одақтағы ұлт республикаларының мәдениетіне енген халықтық спорттардың қай-қайсысынан болса да кем түспейді.
Жарыс қыз қуу спортының ережесіне сай өткізіледі. Спортшылардың бас киімінен аяқ киіміне дейін ұлттық үлгіде қыз қуу спортына лайықты болуы тиіс. Қыз қуудың аты ұшқыр, жүйрік, сұлу болуы шарт.
Қыз қуу алаңының ұзындығы: 300 метр. Алаңға қыз бен жігіт шақыралады. Жігіт қыздан 10 метр кейін тұрып жарысқа қосылады. Жігіт қызды қуып жетсе, ережеге сай қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алуға тырысады. Ал қыз керісінше, қуғыншыдан қашып құтылып, сөреге бұрын жетуге әрекет жасайды.
Ал екінші кезеңде 10 метр алда тұрған жігітті қыз қуады, қуып жеткен жағдайда ережеге сай арнайы қыз қуу қамшысымен жігітті қамшылап, қуып жеткенінің белгісін көрсетеді. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының қуып жеткен уақытын арақашықтыққа бөліп қорытындысы шығарылады.
Қыз қууды қазіргі бағытымен келешекте де дамытудың үлкен спорттық маңызы бар. Ол өзінің маңызы жағынан жастарға дене тәрбиесін беруде бүгінгі талапқа толық сай келеді.
ҚЫЗ ҚУУ
1-бап. Мақсаттары
Қыз қуу бойынша жарысты ұйымдастыру ережесін еске ала отырып жасалған бұл жүйе мынадай жағдайларды назарда ұстайды.
— жарыстың практикалық және техникалық шарттарын айқындау және анықтау;
— жігіт пен қыздың қимыл мен әдіс-айлаға берілетін бағаны белгілеу;
— төрешілер алқасының міндетті қызметін белгілеу;
— топтастыру, жүйелеу әдістерін анықтау;
2-бап. Қолдану аясы
Бұл ережелерді Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері чемпионаттарында, жарыстарда және турнирлерде қолдану міндетті.
3-бап. Түсіндіру
Егер ұсынылған Ережені түсіндіру барысында екіұдай жағдай орын алса, ол баптардың анық-қанығын анықтап, дәлелдеу, мәселені баянды етуге тек ҚР Туризм және Спорт министрлігі Спорт комитетінің арнайы өкілі мамандарымен бірлесе отырып, толықтыруға өкілетті бола алады және бұл жерде баптардың қазақша түп нұсқасы ғана дұрыс деп саналады.
4-бап. Құрамы
Жарыста тағайындалған төрешілер тобына бас төреші, бас төрешінің орынбасары, бас хатшы, мандат комиссиясының төрағасы, алаң жетекшісі -1, алаңдағы төреші — 2, мәре төрешісі — 2, уақыт бақылаушы төрешісі — 2, медбике — 1 енеді. Төрешілер тобын жарыс кезінде алмастыруға үзілді-кесілді тыйым салынады. Тек қатты сырқаттанып қалуын дәрігерлік қорытынды айғақтаған жағдайда ғана төрешілерді ауыстыруға болады.
Төрешілердің ұлттық нақыштағы спорттық киімдері болуы шарт.
5-бап. Төрешілер
Төрешілер алаңда төрешілік ұйымдастырып, оның дұрыстығы үшін жауап береді.
Төреші қатысушылардың жеке басын растайтын құжаттармен сәйкестігін, олардың киімдерін тексеруге міндетті.
Төреші жабдықталған алаңның схемасы мен актісін жасап, оны бас төрешіге бекітуге табыс етеді. Жарыс басталар алдында алаңды тексеріп, таңбалайды.
Бас төреші төрешілерді, олар жарыс ережесін бұзатын болса міндеттерді атқарудан шеттетуге немесе жарыстан алып тастауға құқылы. Бұл туралы олар бас төрешіге немесе оның орынбасарының біріне дереу хабарлайды.
Секундомерші-төреші жарыс басталғанға дейін секундомершілердің және арнайы аппаратураның түзіктігін, дәлдігін және бірдей жұмыс істеуін тексеруге тиіс. «Есептелмейтін уақыт». Ойынның басталуы: секундомер Бас төрешінің рұқсатымен қосылады, алайда ойынның аяқталуын жауапты төреші секундомерші белгілейді.
Ақпаратшы-төреші қатысушыларды, көрермендерді, баспасөз, радио, теледидар өкілдерін жарыс ережелері, барысы, нәтижелері туралы білікті ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті және жарысты мүлтіксіз ұйымдастырып өткізуге жәрдемдесуге тиіс.
Ақпаратшы-төреші жарыс басталғанға дейін жарыстар туралы ережені, жарыс бағдарламасын зерделейді, команда қатысушыларын сипаттайтын деректерді дайындайды.
Ақпартшы-төреші бас хатшылардан ақпарат алу тәртібін белгілейді, оны жарыстың бас төрешісіне біріктіреді.
Республика чемпионаттары мен спартакиадаларында, халықаралық жарыстарда аға ақпаратшы-төреші тағайындалады, ол ақпаратшы-төреші мен дикторлардың жұмысына басшылық жасайды.
6-бап. Бас төреші
Бас төреші жарысқа басшылық жасайды және ережеге сәйкес өтуін қадағалайды.
Оның міндеттері:
— жарыстар өткізілетін орындардың, жабдықтар мен құралдардың әзірлігін, оларды жарамдылығын және осы ережеге сәйкестігін алдын-ала тексеруге;
— төрешілерді іріктеуге қатысуға, төрешілер бригадаларының жетекшілерін тағайындауға, осы бригадалардың құрамын белгілуге және олардың нұсқаулығын өткізуге;
— төрешілер алқасының жұмысына жетекшілік етуге;
— хатшылықтың бүкіл алдын-ала жұмысын (жеребеге өткізу және т.б) тексеруге, бекітуге;
— жарыс басталғанға дейін төрешілер алқасы мен жетекшінің ұйымдастыру кеңесін өткізуге, оларды жарыстар туралы ережемен таныстыруға және төрешілерді жұмыс учаскелері бойынша орналастыруға;
— келіп түскен наразылықтарды төрешілер алқасының қарауына енгізуге және шешім қабылдауға;
— жарыс аяқталғаннан кейін жарыс қорытындылары бекітілетін және төрешілер жұмысының бағасы жарияланатын төрешілер алқасының қорытынды отырысын өткізуге;
- жарыстың саланатты түрде ашылу, жабылу және жеңімпаздарды марапаттау тәртібін белгілеуге ;
жарыс аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірмей жарыстың есебі мен хаттамаларын жарыс өткізуші ұйымға табыстауға міндетті.
7- бап : Бас хатшы
Бас хатшының міндеттері:
— қатысушы ұйымдардың өтініштерін қабылдайды, жарыс хаттамаларын дайындайды, қатысушы командалардың жеребесін өткізеді, жеребенің негізінде жұптар құрайды, бас төреші бекіткеннен кейін қатысушылардың танысуы үшін хаттамалар іледі;
— хатшылықтың жұмысына басшылық жасайды, өткізуші ұйымнан кеңсе тауарларын, құралдарды марапаттау материалдарын және т.б алады;
— жарыс хаттамаларын өңдеуді жүргізеді, ұпайлар есебін жүргізеді және қорытынды шығарады;
— жарыс нәтижелері бойынша жалпы техникалық есеп жасайды және жарыстың басқа да материалдарымен бірге бас төрешіге табыс етеді;
— төрешілер жұмысының табелін жүргізеді, жарыс ережесі бойынша талап етілсе қатысушылар мен аттардың нөмірін береді;
— спортшылардың біліктік кітапшаларына, нәтижелерін, алған орындарын жазады, сондай-ақ қол жеткізген жеңістері туралы анықтамалар береді;
— төреші хатшылар бас хатшының басшылығымен жұмыс істейді. Олар жарыс өтіп жатқан жерден, ақпарат жинауға оны уақытылы өңдеуге және бас хатшыға табыс етуге міндетті.
8-бап. Дәрігерлік қызмет
Жарыс дәрігері жарыста жан-жақты медициналық, малдәрігерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Ол:
Жарыс өткізілетін жерде медициналық жәрдем пунктерінің жұмысын, санитарлық малдәрігерлік машиналардың болуын ұйымдастыруға және жарыс бағдарламасында белгіленген жер мен уақытқа медициналық қызметкерлердің уақытылы келуін қамтамасыз етуге;
Жарыстың бас төрешісіне медициналық және мал дәрігерлік қызметтердің жұмысқа даярлығы туралы хабарлауға;
— мандат комиссиясының жұмысына қатысуға командалардың өтініштерін, оларда дәрігерлік денетәрбиесі диспансерлерінің, малдәрігерлік пунктілердің жарысқа жіберілетіні туралы рұқсаттарның болуын қарауға;
— бас төрешілер алқасының отырыстарына қатысуға;
— қатысушы ауру немесе жарақаттану себебінен жарысты жалғастыра алмайтын жағдайда, белгіленген үлгідегі анықтама беріп жарыстың бас хатшысына осыны хабарлауға;
— жарыс аяталғаннан кейін бас төрешіге ауруларды, жарақаттарды (тегі бойынша командының атауын белгілеп) көрсете отырып жарысқа медициналық қызмет көрсету нәтижелері туралы есепті табыс етуге міндетті;
9- бап: Төрешілер құрамы
- Бас төреші — 1
- Бас төрешінің орынбасары -1
- Бас хатшы -1
- Мандат комиссиясының төрағасы -1
- Алаң жетекшісі -1
Алаңдағы төреші — 2
Мәре-төреші -2
- Уақыт бақылаушы төреші -2
- Медбике -1
Барлығы: 12 адам
10-бап. Жарысты өткізу ережесі
Жасы 16-ға толмаған ұл-қыздарға ата-анасының рұқсат қағазы (қол хат) және қатысатын облыстың спорт басқармасынан қосымша анықтама қағаз керек. Жарысқа қатысушылар арнайы дайындықтан өткен және атты толық меңгеретін дәрежеде болу керек.
Спортшылардың бас киімінен аяқ киіміне дейін ұлттық үлгіде қыз қуу спротына лайықты болуы тиіс. Қыз қуудың аты ұшқыр, жүйрік, сұлу болуы шарт. Қыз қуу алаңының ұзындығы — 300 метр, ені — 20 метр болуы тиіс.
Қыз қууға әр командадан 1 қыз, 1 жігіт қатыстырылады. Жарыс басталарда қыз жігіттен белгіленген сызықшада 10 метр алда тұрады. Осы сәттен қыздың қашып, 300 метр жердегі мәреге жеткендегі уақыты есептеледі. Егер жігіт қызға 150 метр жерде жетіп, қыздың сол жақ иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алса, жігітке 10 ұпай, 150 метрден кейін 5 ұпай беріледі. Жігіт қызға жете алмай қалған жағдайда жігітке 0 ұпа, қызға 5 ұпай беріледі.
Егер жігітке 150 метр жерден жетіп қамшысымен жігітті қамшылаған жағдайда қызға 10 ұпай, 100 метрден кейін 5 ұпай, жете алмаған жағдайда 0 ұпай беріледі. Әр командадан қыз бен жігіттің ұпайлары қосылып, көп ұпай жинаған 4 жұп жартылай финалға шығады. Осы топтың ең жоғарғы ұпай алған екі жұп ақтық кездесуге жолдама алып, 1 орын жеңімпаз және 2 орын жүлдегер анықталады, 3-4 орынға ұпай санымен белгіленеді. Егер командалардың ұпай сандары белгілі болған жағдайда, шауып өткен уақыты төмен команда ұтады.
Қазақша күрес 
Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың төбесіне тұтар құрметті адамына айналған. Қазақтың ұлы батыры Қажымұқан есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді.
Қазақ күресі бойынша бірінші ірі жарыс 1938 жылы ауыл шаруашылығы аймақтары арасындағы спартакиада аясында өткен. Сол сәттен бастап жарыс дәстүрлі түрде республика қалаларында тұрақты өткізіліп келеді.
2004 жылы Қазақтардың Берлиндегі Бүкіләлемдік Құрылтайында конференция болып, сонда Қазақ күресі бойынша халықаралық федерация ұйымдастырылды. Федерацияның президенті — Түкиев Серік Адамұлы.
2005 жылы Ресейде (Алтай өлкесі) «Қазақша күрес» күресі бойынша І Азия Чемпионаты өтті. 2005 жылы қарашада Астанада ҚР Президентінің жүлдесіне «Қазақша күрес» күресі бойынша ірі халықаралық турнир болды. Оған әлемнің 25 елінен 100-ден аса спортшы қатысты. Олардың қатарында Германия, Түркия, Голландия, Франция және басқалары бар. шілдесінде Монғолияда «Қазақша күрес» күресі бойынша ІІ Азия Чемпионаты өтті. 2011 жылы тамызда қазақша күрестен Қазақстан біріншілігі болып өтті.
Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері («Самбо»). Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.
Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күрес мерзімі ересектер үшін 10 минут, жас өспірімдер үшін 5 минут. Кейде жығылған адамды басып жатып, жауырынын жерге тигізу шарт емес. Бұл күрестің басты шарты — күшін, әдісін асырып, талассыз жығу. Кейде жыққан адам жығылған адамның басынан аттап «күш алу» деген байырғы жеңіс белгісін жасайды. Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың программаларына кіргізілген, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт таныған өнер.
Бәйге 
Қазақ халқының ұлттық спорт ойындарының бірден-бір көп тарағаны — бәйге мен аламан бәйге. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол — жарыс тек жазық жерлер мен ипподромдарда ғана өтіп қоймайды, спортшының өзі мен оның атына жоғары талап қойылатын ойлы-қырлы, жасанды, бөгесінді жерлерде де өткізіледі. Бір жағынан, бұлайша жарысты бұрын белгісіз, ойлы-қырлы жерлерде өткізу қазіргі заманғы ат спортының классикалық түріне жуықтайды. Бұл қазақстанның халықтары арасында спорттың классикалық түрлерін кеңінен таратуға өзінің пайдасын тигізетіні сөзсіз.
Әсіресе аламан бәйгенің спортшының тактикалың шеберлігін жетілдіруде маңызы орасан зор. Жарыста мықты да жылдам спортшылардың бәрі бірдей жеңе бермейді, мұнда кімде-кім жарысты жаттығу жағынан дұрыс құрып, жағдайды дұрыс бағалап, жарыстың барысында атының күшін тиімді пайдаланса сол ғана жеңіске ие болады.
Аламан бәйге ертеректе өте алыс қашықтыққа өткізілетін болған. Қазіргі уақытта аламан бәйге жарыс ережесі бойынша 25 шақырымдық қашықтықта өткізіледі. Жарысқа 7 мен 14 жас аралығындағы шабандоз балалар қатысады, дегенмен майталман жокейлердің қатысуларына да болады. Әдетте мұнда бәйгелер үшін жеңіл салмақты, тырмысқақ және амалшыл балалар таңдалып алынады.
Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа үйрететін ұлттық спорттың бағалы түрі болып табылады. Қазақстанда бұл сияқты тамаша спортты кеңінен таратуға барлық жағынан мүмкіншілік мол, республикамызда мініскер аттарды өсіретін арнаулы жылқы заводтары жұмыс істейді.
Жамбы ату
Қазақ халқының ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойынының бірі – жамбы ату жарысы. Ұланғайыр жерімізді батыр аталарымыздың сақтап қалуына себеп болған астындағы желдей ескен сәйгүлігі мен сенімді қаруы болған садағы. Бұл екі мұра, ұрпақтан –ұрпаққа жалғасып, бүгінгі еліміздің тәуелсіздік алған күніне де жетті. 70 жыл өмір сүрген Кеңес үкіметінің тұсында ұмыттырылған бұл ойынымызды Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы қайта жаңғырта бастады.
Ежелде жамбы атудың бірнеше түрлері болған. Солардың ішінде көп тараған түрі тай-тұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда, жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны спортшы ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Егер атының басын тежеп көздесе ұпай есептелмейді. Жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шаба жөнеледі. Шауып келе жатып сол қапталындағы жамбыны тұсынан өте бере садақпен нысанаға алып атады. Оғының дарығанына, дарымағанына қарамай сол шапқан бойы мәре сызығынан өтеді. Нысана бекітілген діңгектен құлап түссе оқ тиген болып есептеліп спортшыға ұпай есептеледі. Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35-45 метр шамасында болады. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады.
Жамбы атудың басқа: айқабақ, мылтықпен ату түрлері, немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрінде де болған. Бүгінгі таңда жамбы ату жарысы құзырлы органдардың бекіткен ережесі бойынша өткізіледі.
Тоғызқұмалақ 
Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыптасып орныққан спорт түрi, бұл – тоғызқұмалақ. Бұл спорт түрi – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнерi.
Жарыс командалық. Команда құрамы 2 ер, 2 әйел. Жарыс Қазақстан Спорт істері жөніндегі комитет бекіткен қолданыстағы жарыс ережелері бойынша өткізіледі. Команда жеребе тарту бойынша 2 кіші топқа бөлінеді. 1 орын алған команда өз кіші тобында финалдық топ құрып, 1- 2 орындар үшін ойнайды, 3-4 орын алғандар 5-8 орындарға және т.б. ойнайды. Кіші топтағы ойын нәтижелері финалда есепке алынады.
Топшалардағы және финалдағы ойындар айналу жүйесі бойынша бір айналымда өткізіледі. Жеңімпаз команда жиналған ұпай саны бойынша анықталады, жеңісі үшін – 2 ұпай, тепе-тең үшін – 1, жеңіліс үшін – 0 ұпай.



